Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 31 желтоқсандағы N 1389 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 1999 жылғы 1 маусым N 673 Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2002.11.18. N 1219 қаулысымен.

Күшін жойған

      Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасын әзiрлеу және iске асыру жөнiндегі жұмысты үйлестiрудi одан әрi жетiлдiру мақсатында және мемлекеттiк басқару органдарының жұмысына қатысатын атауларды және функцияларды нақтылау қажеттiгiне байланысты Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. "Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасын әзiрлеудiң және iске асырудың ережесiн бекiту туралы Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1998 жылғы 31 желтоқсандағы N 1389 қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1998 ж., N 50, 476-құжат) мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:
      1) Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасын әзiрлеудiң және iске асырудың ережесi осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
     2) 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
     "3. Қазақстан Республикасының Экономикалық жоспарлау жөнiндегi агенттiгi Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасын әзiрлеудiң және iске асырудың мониторингi үшiн жауапты орган болып белгiленсiн.".
     3) аталған қаулымен құрылған Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасын қалыптастыру жөнiндегi комиссияның құрамындағы:    

     "Жандосов Ораз   - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң
     Әлиұлы             бiрiншi орынбасары, төраға;

     Бүркiтбаев Серiк - Қазақстан Республикасының Көлiк
     Мiнуарұлы          және коммуникация министрi;

     Солодченко Роман - Қазақстан Республикасы Энергетика,
     Владимирович       индустрия және сауда министрлiгi
                        Экономикалық жоспарлау жөніндегі
                        комитетінің төрағасы" деген жолдар

     мынадай редакцияда жазылсын:

     "Жандосов        - Қазақстан Республикасы Премьер- Министрінің
     Ораз Әлиұлы        орынбасары - Қаржы министрі, төраға;

     Бүркітбаев       - Қазақстан Республикасының Көлік,
     Серік Мінуарұлы    коммуникациялар және туризм министрі;

     Солодченко       - Қазақстан Республикасының
     Роман              Экономикалық жоспарлау жөніндегі
     Владимирович       агенттігінің төрағасы";

     Мемлекеттік инвестициялар бағдарламасын қалыптастыру жөніндегі комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы - Өтембаев Ержан Әбілқайырұлы (келісім бойынша) енгізілсін;
     Мыңбаев Сауат Мұхаметбайұлы аталған құрамнан шығарылсын.

     2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы     
Yкiметiнiң 1999 жылғы     
1 маусымдағы           
N 673 қаулысына         
қосымша              

Қазақстан Республикасы    
Үкiметiнiң 1999 жылғы     
31 желтоқсандағы        
N 1339 қаулысымен       
бекiтiлген           

Мемлекеттік инвестициялар бағдарламасын әзірлеу
және іске асыру ережесі

      Осы Ереже мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасының мақсатын, мiндеттерiн, құрылымын, оны әзiрлеу мен iске асырудың тәртiбiн белгiлейдi.

                       1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасы (бұдан әрi - МИБ) - Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн, мемлекеттiк және/немесе мемлекет тартатын, оның iшiнде мемлекет кепiлдiктерiмен тартылатын қаражатты экономиканың басым секторлары бойынша инвестициялау бағдарламасы.

      2. МИБ мақсаты - басым инвестициялық жобаларды және институционалдық даму жобаларын (техникалық көмек) iрiктеу және iске асыру жөнiндегi iс-шаралар кешенiн жүзеге асыру.

      3. Инвестициялық жобалар дегенiмiз негiзгi қаражаттарды құрумен (сатып алумен) байланысты жобалар.

      4. Институционалдық даму жобалары (техникалық көмек) дегенiмiз мынадай жобалар:
      1) инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеу;
      2) нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын дайындау;
      3) мемлекеттiк мекемелердi институционалдық нығайту;
      4) нарықтық институттарды қолдау.
      5. МИБ шешетiн мiндеттер:
      1) мемлекеттiң орта мерзiмдi инвестициялық басымдықтарын iске асыру;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтары, халықаралық қаржы ұйымдары және донор елдер үшiн мемлекеттiк инвестициялардың айқындығын қамтамасыз ету;
      3) инвестициялық жобаларды және институционалдық даму жобаларын (техникалық көмектi) iске асыруды әзiрлеу, бағалау, iрiктеу және олардың орындалуын бақылау жөнiнде жүйелі жұмысты ұйымдастыру.

      6. МИБ жобаларын қаржыландырудың көздерi республикалық бюджеттiң қаражаты, үкiмет кепiлдiктерiмен алынған сыртқы заемдар және мемлекет тартатын сыртқы гранттар болып табылады.

      7. МИБ үш жылдық бағдарлама болып табылады. МИБ бiрiншi жылының мемлекеттiк инвестициялар көлемi осы жылға бекiтiлген республикалық бюджеттiң тиiстi көрсеткiштерiне сәйкес келедi.
      Бұдан кейiнгi жылдарға арналған мемлекеттiк инвестициялардың көлемi болжамды болып табылады және тиiстi жылға арналған республикалық бюджет бекiтiлген кезде нақтыланады.

2. МИБ құрылымы

      8. МИБ талдау бөлiгiнен және жобалардың тiзбесiнен тұрады.

      9. Талдау бөлiгi жалпы экономикалық ахуалды талдауды, мемлекеттiк инвестициялық саясаттың басымдықтарын, бұрынғы өткен жылдар үшiн МИБ-сының орындалуын талдауды, мемлекеттiк инвестициялау үшiн қаржылық мүмкiндiктердi талдауды, МИБ iске асыру жөнiндегi мемлекеттiк органдардың iс-қимыл жүйесiн, сондай-ақ оның құрамына кiретiн жобалардың жиынтығының аталған басымдықтарға сәйкестiгiн негiздеудi қамтиды.

      10. МИБ жобаларының тiзбелерi басым инвестициялық жобаларды және:
      1) қайтарымды негiзде (үкiмет кепiлдiктерiмен алынған сыртқы заемдар және республикалық бюджет несиелерi);
      2) қайтарымсыз негiзде (мемлекет тартатын сыртқы гранттар мен республикалық бюджеттiң қаражаты) қаржыландырылатын институционалдық даму жобаларын (техникалық көмектi) қамтиды.

3. МИБ әзiрлеудiң және бекiтудiң тәртiбi

      11. МИБ Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының индикативтiк жоспарының құрамдас бөлiктерiнiң бiрi ретiнде әзiрленедi.

      12. МИБ-сына енгiзу үшiн ұсынылатын жобаларды дайындаумен, iрiктеумен, сараптаумен байланысты iс-шараларды жүргiзудi орталық және жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары жүзеге асырады. Әдiстемелiк басшылықты, жобаларды iрiктеу жөнiндегi жұмыстарды үйлестiрудi, МИБ-сына енгiзу үшiн ұсынылатын жобаларға экономикалық бағалау жүргiзудi МИБ-сын әзiрлеу және iске асыру мониторингi үшiн жауапты уәкiлеттi орган (бұдан әрi - Уәкілеттi орган) жүзеге асырады.

      13. МИБ-сына енгiзу үшiн жобалардың деректер базасына енгiзу туралы ұсыныстарды Уәкiлеттi органның қарауына қабылдауы үшiн қажеттi шарттар ұсынылатын жобалардың "Қазақстан 2030" Стратегиясына, Қазақстан Республикасының тиiстi кезеңге арналған әлеуметтiк-экономикалық дамуының индикативтiк жоспарында келтiрiлген ағымдағы инвестициялық басымдықтарға және дамудың салалық бағдарламаларына сәйкес келуi болып табылады, сондай-ақ:
      1) инвестициялық жобалар үшiн:
      жобаның техникалық-экономикалық негiздемесінiң және жоба жөнiнде Уәкiлеттi органның талаптарына сәйкес құжаттаманың;
      тиiстi орталық атқарушы органның салалық қорытындысының;
      Қазақстан Республикасы Табиғат ресурстары және қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң экологиялық сараптау қорытындысының (заңдарда көзделген жағдайда);
      Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi Құрылыс iстерi жөнiндегi комитетiнiң "Жобаларды мемлекеттiк ведомстводан тыс сараптау (Мемсараптама)" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны қорытындысының (заңдарда көзделген жағдайда);
      2) институционалдық даму жобалары (техникалық көмек) үшін:
      жобаның экономикалық негiздемесiмен бiрге өтiнiмнiң және жобаны iске асыру жөнiндегi көмектiң нысаны мен көлемi, iске асыру мерзiмдерi, құрылымдық бөлiмшенiң бар-жоғы туралы ақпарат, жобаны iске асыру үшiн жауапты адам және жобаны аяқтау жөнiндегi болжамдық нәтижелер көрсетiлген жоба бойынша Уәкiлеттi органның талаптарына сәйкес құжаттаманың болуы керек.

      14. Уәкiлеттi орган жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшiн сарапшылар мен консультанттар тартуға және МИБ жасау жұмысында туындайтын жекелеген мәселелерді шешу үшiн ведомствоаралық жұмыс топтарын құру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқылы.

      15. МИБ жобаларының тiзбелерiн жасауда және өзгертуде келiсiлген көзқарастарды қамтамасыз ету үшiн МИБ жасау жөнiнде Комиссия (бұдан әрi - Комиссия) құрылады.

      16. Комиссияның дербес құрамын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      17. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) Уәкiлеттiк орган ұсынатын МИБ жобалары тiзбелерiнiң мемлекеттiк инвестициялар басымдықтарына сәйкестiгiне кешендi бағалау жүргiзедi;
      2) жобаларды МИБ-сына енгiзудің және әрбiр жоба бойынша қаржыландырудың ұсынылған нысандарының мақсаттылығын айқындайды;
      3) МИБ шеңберiнде қаржы қаражаттарын бөлу және қайта бөлу мәселелерi бойынша қорытындылар әзiрлейдi.

      18. МИБ жыл сайын республикалық бюджет бекiтiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қаулысымен жаңартылады және бекiтіледi.

4. Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасының
iске асырылуын бақылау

      19. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасына көмек көрсету бағдарламаларын нақты жобалармен толықтыру жөнiнде донорлармен және несие берушiлермен келiссөздер жүргiзедi, МИБ жобаларын iске асырудың нәтижесiнде мониторинг пен талдау жасауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының Yкiметiне ақпарат берiп тұрады.

      20. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi несие берушiлермен заем беру шарттарына қатысты келiссөздер жүргiзеді, заемдар бойынша шарттар дайындауды, республикалық бюджетте көзделген мөлшерлерде МИБ жобаларын қаржыландыруды, бөлінген және тартылған қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.