Астана қаласының қала маңы аймағын белгілеу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 8 сәуірдегі N 381 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 16 қаңтардағы № 71 Қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.01.16 № 71 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

       Астана қаласының перспективалық дамуын ескере отырып қала маңы аумақтарын қарқынды игеруге жағдай жасау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған Астана қаласының қала маңы аймағының шекарасы бекітілсін.
      2. Қала маңы аймағының аумағында объектілердің құрылысын салу үшін жер учаскелерін таңдау, сондай-ақ жеке меншік құқығы мен жерді пайдалану құқығын беру заңдарда белгіленген тәртіппен жүргізіледі деп белгіленсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

     Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі

                                     Қазақстан Республикасы
                                     Үкіметінің
                                     1999 жылғы 8 сәуірдегі
                                     N 381 қаулысымен
                                           бекітілген

          Астана қаласының қала маңы аймағының шекаралары
                      Солтүстік шекарасы

      Астана қаласының қала маңы аймағының солтүстік шекарасы Максимов-Астана-Қостанай темір жолымен бірге, "Руденко және К" сенім серіктестігі N 6 бригадасының механикаландырылған қырманы селолық автомобиль сүрлеу жолының қиылысынан басталады және шығыс бағытта жоғары вольтты желінің бойымен Жайнақ поселкесінің шығыс шекарасына дейін, одан әрі солтүстік-шығыс бағытта Шортанды ауданының аумағы бойынша Целиноград "Плаксин және С" сенім серіктестігі пайдаланатын жердің оңтүстік шекарасына дейін, одан әрі оңтүстік-шығыс бағытта Целиноград ауданының аумағы бойынша Аршалы ауданындағы Шошқалыкөл көліне дейін, одан әрі оңтүстік бағытта жоғары вольтты желімен қиылысқанға дейін, одан әрі шығыс бағытта Шөптікөл және Шаңкөл көлдерінің оңтүстік жағалауларын бойлап Ақмола облысының Аршалы ауданы Николаев поселкесінің батыс шекарасына дейін өтеді.
 
                    Шығыс шекарасы
 
      Астана қаласының қала маңы аймағының шығыс шекарасы оңтүстік бағытта Николаев селосының батыс шекарасынан басталып, Тоқсары көлінің солтүстік жағалауына дейін, одан әрі оңтүстік-батыс бағытта "Родники" селосының батыс шекарасына дейін және одан әрі оңтүстік-батыс бағытта Ақмола облысының Аршалы ауданының Астана-Қарағанды автомобиль жолының қиылысына дейін жалғасады.
 
                    Оңтүстік шекарасы
 
      Астана қаласының қала маңы аймағының оңтүстік шекарасы Қарағанды- Астана трассасынан басталады және солтүстік-батыс бағытта Мичурин селосының батыс шекарасына дейін, одан әрі солтүстік-батыс бағытта Астана-Қарағанды автомобиль жолының бойымен Аршалы ауданы Мартынов селосының шығыс шекарасына дейін, одан әрі оңтүстік-батыс бағытта Таскөл және Майбалық көлдерінің оңтүстік жағалауының бойымен Тайтөбе шоқысына дейін, одан әрі оңтүстік бағытта Ақпансай өзенінің солтүстік жағалауымен қиылысқанға дейін және одан әрі оңтүстік-батыс бағытта Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Жалтырқақ шұратының ауданында Нұра өзенінің батыс жағалауымен қиылысқанға дейін өтеді.
 
                    Батыс шекарасы
 
      Астана қаласының қала маңы аймағының батыс шекарасы Жалтырқақ шұратының ауданында Нұра өзенінен басталады және солтүстік-батыс бағытта Романов, Преображен селолары батыс шекарасының бойымен Ағанас селосының шығыс шекарасына дейін, одан әрі солтүстік-батыс бағытта балық питомнигі оңтүстік-батыс шекарасының бойымен "Бекенов және К" сенім серіктестігі N 3 бригадасының аумағындағы Астана-Қорғалжын автомобиль жолымен қиылысқанға дейін, одан әрі солтүстік-шығыс бағытта Воздвижен селосының оңтүстік шекарасына дейін, одан әрі солтүстік-батыс бағытта Водзвижен-Жаңақұрылыс автомобиль жолының оңтүстік жағын бойлап Есіл өзенінің оңтүстік жағалауындағы сору станциясына дейін және одан әрі солтүстік бағытта Астана-Қостанай теміржолымен қиылысқанға дейін өтеді.