Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі сот тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының Қаулысы 1999 жылғы 9 шілде N 8

Қолданыстағы
      Есі кіресілі-шығасылы адамдарға, сондай-ақ маскүнемдіктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емделуді қажет ететін адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қылмыстық істерді және медициналық сипаттағы шараларды қолдануды тоқтату, өзгерту және мерзімін ұзарту туралы ұсыныстарды қарау жөніндегі сот тәжірибесін талқылай келе, осы санаттағы істерді қарау барысындағы кемшіліктерді жою және заңды біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етеді:
      1. Соттардың назары есі кіресілі-шығасылы күйінде қоғамға аса қауіпті әрекет жасаған адамдарға немесе қылмыс жасағаннан кейін психикасы бұзылған адамдарға немесе қылмыс жасап, психиатриялық жәрдем қажет ететін немесе маскүнемдіктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емделуді қажет ететін адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын дұрыс қолдану олардың емделіп кетуіне немесе денсаулықтарының жақсаруына әсер ететініне, сондай-ақ осындай адамдардың қылмыстық заң бойынша жауапкершілік көздейтін әрекеттерді қайта жасауының алдын алуға ықпал ететініне аударылсын.
      2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді және оларды қолданудың мерзімін ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы мәселелерді қараған кезде осы санаттағы істерді жүргізудің ерекшеліктерін көздейтін ҚК-тің 88-96-баптарымен және ҚІЖК-нің 54-тарауының баптарымен реттелетіні түсіндірілсін. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданумен байланысты медициналық жәрдем көрсетудiң негiздерi мен тәртiбi Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Z970096_ "Психиатриялық жәрдем және оны көрсеткен кезде азаматтардың құқықтарына берiлетiн кепiлдiктер туралы" Заңы бойынша реттеледi.
      3. Соттар адамның өзiнiң әрекеттерiнiң нақты сипатын және қоғамдық қауiптiлiгiн түсiнуге және оларды басқаруға кедергi жасайтын психикалық сырқаты өздiгiнен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн негiз бола алмайтынын ескеруi тиiс. Осыған байланысты әр iс бойынша қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттердiң жасалуы дәлелденгенiн, оны жасаған кезде адамның есi кiресiлi-шығасылы күйде болғанын тексеру қажет. Сонымен бiрге, адамның психикалық сырқатына байланысты өзi үшiн немесе басқа адамдар үшiн қауiптiлiгiн немесе басқа да елеулi зиян келтiруi мүмкiндiгiн растайтын нақты фактiлер анықталуы тиiс.
      Адамның психикалық сырқатының сипаты және ауырлығы оның осыған байланысты өзiне және басқа адамдарға қатысты зорлықшыл әрекеттер, өзге де қоғамға қауiптi әрекеттер (мүлiктi ұрлау, өртеу, жою немесе басқа тәсiлдермен бұзу және т.б.) жасауға бейiмділiгi, сондай-ақ қоғамға қауiптi ниетiн жүзеге асыру мүмкіндiгiне баға беретiн аурудың күй-жағдайы - оның өзi үшiн немесе басқа адамдар үшiн қауiптiлiгiн дәлелдейдi.
      4. ҚIЖК-нiң 241-бабының талаптарына сәйкес әр қылмыстық iс бойынша, егер қылмыстық iс қозғалған немесе қылмыстық iзге түсу жүргiзiлген адамға қатысты психикалық жай-күйiне күмән келтiретiн мән-жайлар анықталса, мiндеттi түрде сот-психиатриялық сараптама тағайындалуы қажет. Бұндай жағдайларға, атап айтқанда, сезiктiнiң, айыпталушының отбасында психикалық аурумен ауыратын туысқандарының болуы туралы, оның ақыл-ойы жетiспейтiндер үшiн арналған мекемеде оқуы туралы, бұрын зақым алғаны туралы, психиатриялық емханаларда тiркелуi немесе емделуi туралы, бұрын психикалық сырқатына байланысты қылмыстық жауапкершiлiктен немесе жазадан босатылуы туралы және т.б. мәлiметтер жатады. Сот-психиатриялық сараптаманы тағайындау туралы қаулыда сараптамашылардың шешуiне адамның бұрын психикалық сырқатының болғанын, қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған кезде психикалық сырқатының дәрежесi мен сипатын анықтайтын, адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған кезде есiнiң кiресiлi-шығасылы болғанын, сезiктiнiң, айыпталушының қылмыс жасағаннан кейiн алдын ала тергеу барысында немесе сот үкiмi бойынша қылмыстық жазаны өтеген кездегi психикалық мiнез-құлқын белгiлейтiн мәселелердi қойған жөн. Сараптамашылардың алдына адамның анықталған ауруына байланысты оның өзi үшiн және басқа адамдар үшiн қауiптi болуы туралы, басқа да маңызды зиян келтiруi мүмкiндiгi туралы, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын және оның қай түрін қолдануды талап ететіні туралы, сондай-ақ психикалық сырқатының сипаты мен ауырлық дәрежесiн ескере отырып, оның түсiнiктер беруге, өтiнiштер мәлiмдеуге, дәлелдемелер келтiруге және ҚIЖК-нiң 511-бабының 1-бөлiгiнде көрсетілген басқада әрекеттерді жасауға мүмкіндігі туралы мәселелерді қойған жөн.
      Қылмыстық iсте адамның iшiмдiк, есiрткi, психотроптық немесе өзге де есеңгiрететiн заттарды жүйелi түрде қолдануы туралы мәлiметтер болған жағдайда қылмыстық процестi жүргiзушi органдар осындай адамдарға куәландыру туралы қаулы шығарып, iске осы адам маскүнемдiктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан мәжбүрлеу түрде емдеудi қажет ететiнi және оған қарсылық жоқ екенi туралы медициналық комиссияның қорытындысы қоса тiркеуге тиiс.
      5. Бiр әрекетке қатысты адамның есi кiресiлi-шығасылы екендiгiн тану басқа әрекетке қатысты есiнiң дұрыс болуы мүмкiндiгін жоққа шығармайтыны түсiндiрiлсiн. Осыған орай, бұрын есi кiресiлi-шығасылы болып танылған және қылмыстық жауапкершiлiктен босатылған адам қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекет жасаған жағдайда, жаңадан жасаған әрекетiнiң әр эпизодына қатысты оның есiнiң дұрыс екенiн немесе кiресiлi-шығасылы болғанын анықтау мақсатында сот-психиатриялық сараптама тағайындалуы және өткiзiлуi тиiс. Қажет болған жағдайда стационарлық сот-психиатриялық сараптама, сондай-ақ психолого-психиатриялық сараптама өткiзудi тағайындаған жөн.
      6. Қылмыстық процестi жүргiзетiн органдар ҚIЖК-нiң 14, 247-баптарына сәйкес күзетпен ұсталған сезiктiнi, айыпталушыны сот-психиатриялық сараптама жүргiзуге медициналық мекемеге мәжбүрлеп орналастыру үшiн бұл туралы тергеушiнiң қаулысы керек екендiгiн, ал күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық сараптама жүргiзуге медициналық мекемеге орналастыру үшiн оның келiсiмi, олай болмаған жағдайда сот қаулысы керек екендiгiн ескергенi жөн.
      7. Қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған сәтте адамның есi кiресiлi-шығасылы болғандығы туралы немесе қылмыс жасағаннан кейiн психикалық сырқат пайда болғаны туралы сот-психиатриялық сараптамасын алған кезде, тергеушi, қылмыстық iс жүргiзу заңының алдын ала тергеу өндiрiсiнiң тәртiбiн реттейтiн жалпы нормаларынан басқа, ҚIЖК-нiң 505-514-баптарының талаптарын тез арада орындауы тиiс: iстi бөлек өндiрiске шығару мәселесiн шешу, бұлтартпау шарасын бұзу және қажет болған жағдайда қауiпсiздiк шарасын қолдану, қорғаушы мен заңды өкiлiн, егер бұрын басқа негiздер бойынша iске қатыспаса, iске қатыстыру. Қылмыстық жауапкершiлiкке тартылған адамдардың басқаларына қатысты iс аудандық немесе оған теңестiрiлген соттың қарастылығына жататын жағдайларда, есi кiресiлi-шығасылы адамға қатысты iс мiндеттi түрде бөлек өндiрiске шығарылады.
      8. Қылмыстық процесс жүргiзетiн органдардың назары мынаған аударылсын: қоғамға қауiптi әрекеттердi есi кiресiлi-шығасылы күйде жасаған адамдарға немесе қылмыс жасағаннан кейiн психикасы бұзылған адамдарға ҚIЖК-нiң 140-бабында көрсетiлген бұлтартпау шараларын қолдануға жол берiлмейдi. Бұндай адамдарға қажет болған жағдайда ҚIЖК-нiң 507-бабының 2-бөлiгiнде көзделген қауiпсiздiк шаралары қолданылуы мүмкiн, атап айтқанда: денсаулық сақтау органдарын хабарландыра отырып, ауруды туыстарының, қамқоршыларының, қорғаншыларының қарауына беру психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық мекемеге орналастыру. Iс бойынша анықталған, есi кiресілi-шығасылы адамның өзiне немесе өзге де адамдарға қауiптiлiгiн немесе басқа да маңызды зиян келтiруi мүмкiндiгiн дәлелдейтiн мәлiметтер қауiпсiздiк шараларын және оның түрiн қолдануға негiз болады.
      9. Қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз ету қажет жағдайларда адамдарды орналастыратын арнаулы медициналық мекемелерге: жалпы түрдегi психиатриялық стационар, арнайы психиатриялық стационар, күшейтiлген бақылау түрiндегi арнайы психиатриялық стационарлар жатады. Прокурор немесе сот ҚIЖК-нiң 14-бап 2-бөлiгiнде, 247-бап 2-бөлiгiнде, 509-бап 2-бөлiгiнде көрсетiлген талаптарды сақтай отырып, қауiпсiздiк шараларын қолдануға байланысты арнаулы медициналық мекемеге ерiксiз түрде орналастыру туралы негiзделген қаулы шығаруы керек.
      10. Егер алдын ала тергеу барысында кiресiлi-шығасылы күйде қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған адамға оның психикалық сырқатпен ауыратындығы фактiсi анықтағанға дейiн бұлтартпау шарасының қамауға алу түрi қолданылып, ол тергеу аяқталғаннан кейiн жойылмаса, онда iстi өз өндiрiсiне қабылдаған прокурордың немесе соттың қаулысы бойынша дереу бұзылып, қауiпсiздiк шарасы қолданылған кезде адам психиатриялық көмек көрсететiн тиiстi медициналық мекемеге ауыстырылуы немесе бiреудiң қарауына тапсырылуы керек.
      Қауiпсiздiк шараларын қолдануға байланысты ауруды бiреудiң қарауына тапсыруды немесе арнаулы медициналық мекемеге орналастыруды жүзеге асыру тергеушiнiң, прокурордың немесе соттың жасаған хаттамасы, қаулысы ретiнде рәсiмделуi керек. Арнаулы медициналық мекемедегi адамды сараптама жасау үшiн немесе сот мәжiлiсiне немесе ерiксiз түрде ем алатын жерге әкелу ауру тапсырылған мекемемен келiсе отырып, iшкi iстер органдарына жүктеледi.
      11. Сот психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша адам өзiнiң iс жүргiзудегi құқықтарын жүзеге асыру мүмкiндiгiн жоғалтпаған жағдайда, қылмыстық процестi жүргiзетiн органдар ҚIЖК-нiң 511-бабының 2-бөлiгiнiң талаптарына сәйкес ондай адамға iс жүргiзудегi құқықтарын түсiндiруi және оларды жазбаша түрде беруi тиiс.
      12. ҚIЖК-нiң 513-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстер бойынша қорғаушының қатысуы мiндеттi болып табылады. Қорғаушының iске қатысуы, егер ол бұрын ҚIЖК-нiң 68, 70, 71, 486-баптарында көрсетiлген өзге негiздер бойынша iске араласпаса, адамның есi кiресiлi-шығасылылығы немесе психикасының бұзылуы фактiсi анықталған кезден бастап жүзеге асырылуы тиiс.
      13. ҚIЖК-нiң 7-бабының 24-тармағына сәйкес есi кiресiлi-шығасылы адамдарды немесе қылмыс жасағаннан кейiн психикасы бұзылғандардың ата-анасы, асырап алушылары, асырап алынғандары, бiрге туған және бiрге тумаған аға-iнілерi, апа-сiңлілерi, атасы, әжесi, немерелерi заңды өкiлдерi болып танылуы мүмкiн. Егер жақын туысқандары болмаған жағдайда, қорғаушы немесе қылмыстық процесс жүргiзушi органның қатысуға рұқсатымен iс бойынша басқа адамдардың заңды мүддесiн қорғауға құқылы адам оның заңды өкiлi бола алады.
      Заңды өкiлдi iске қатыстыру - тергеушiнiң қаулысымен, олай болмаса, iстi өз өндiрiсiне алған прокурордың немесе соттың қаулысымен жүзеге асырылады.
      Заңды өкiлдi iске қатыстыру туралы мәселе iс жүргiзiлiп жатқан адамның есi кiресiлi-шығасылылығы немесе психикасының бұзылу фактiсi анықталған кезден бастап шешілу керек. Қылмыстық процесс жүргiзушi орган iске қатыстырылған заңды өкiлге ҚIЖК-нiң 512-бап 2-бөлiгiнде көрсетiлген құқықтарын түсiндiруге және бұл туралы хаттама жасауға (сот мәжiлiсi хаттамасына жазып қоюға) мiндеттi.
      14. Жақын туысқаны болып танылатын есi кiресiлі-шығасылы адамның заңды өкiлi өзiнiң келiсiмімен ғана және заңды өкiлi болып басқа заңда көрсетiлген жақын туысқаны танылғаннан кейiн заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаудың мән-жайлары туралы куәгер ретiнде жауап бере алады.
      15. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстер бойынша, жасалған әрекеттiң заңдылық бағасына қарамастан, мiндеттi түрде алдын ала тергеу жүргiзiлiп, оның барысында ҚIЖК-нiң 506-бабының 2-бөлiгiнде көрсетiлген мән-жайлар толық, жан-жақты және объективтi түрде зерттелуi тиiс.
      Қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған адам психикалық сырқатының сипатына және ауыру дәрежесiне қарай өзiне және басқа да адамдарға қауiп келтiрмейтiн болса, сондай-ақ өзге де маңызды зиян келтiру мүмкiндiгi болмаған жағдайларда, тергеушi ҚIЖК-нiң 37-бап 1-бөлiгiнiң 9-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша iс жөнiндегi сот iсiн қысқарту туралы ҚIЖК-нiң 269-бабының 5-9-бөлiктерi талаптарына сәйкес қаулы шығаруы тиiс. Басқа жағдайларда алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулы шығаруға және iспен бiрге тиiстi прокурорға жiберуi керек.
      16. Егер алдын ала тергеу барысында адамның қылмысты жасағаннан кейiн психикасының бұзылуы қылмыстық iзге түсудi жалғастыруға мүмкiндiк бермейтiнi анықталса, қылмыстық процестi жүргiзушi орган ҚIЖК-нiң 50 және 265-баптарының талаптарын сақтай отырып, iс жөнiндегi өндiрiстi тоқтатуы керек. Сонымен қатар, ауырып қалған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану қажет болса, тергеушi бұл туралы қаулы шығарып, мәселенi тексеру және шешу үшiн облыстық немесе оған теңестiрiлген сотқа жолдау үшiн iстi тиiстi прокурорға жiберуге мiндеттi.
      17. ҚIЖК-нiң 514-бабының 5-бөлiгiне сәйкес прокурор медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулысымен келiп түскен iстi қарап, онда ҚIЖК-нің 37 және 269-баптарында көрсетiлген негiздер болған жағдайда iстi қысқартуға, ал қажет болған жағдайда (мысалы, заңмен тыйым салынған әрекеттi жасағаны фактiсiн растайтын немесе терiске шығаратын мән-жайларды қосымша анықтау үшiн, iске қорғаушыны, заңды өкілдi қатыстыру үшiн, қауiпсiздiк шараларын қолдану үшiн, мүдделi адамдардың iспен танысу туралы өтiнiштерiн шешу үшiн және т.б.) қайта тергеуге жiберуге мiндеттi. Iстi қысқартуға немесе қосымша тергеу үшiн негiз болмаған жағдайда, прокурор аумақтық соттылық ережелерiн сақтай отырып, iстi облыстық немесе оған теңестiрiлген сотқа жiберуі тиiс. Прокурор қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттердi жасаған есi кiресiлi-шығасылы адамдарды немесе қылмыс жасағаннан кейiн психикасы бұзылған адамдарды сотқа тапсыру туралы қаулы шығармайды.
      18. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстердi қабылдау және оны қарауға тағайындау судьяның қаулысымен рәсiмделуi керек. Қаулының қорытынды бөлiгiнде iстi қараудың күнi мен орнынан басқа, егер оны тергеушi немесе прокурор бұзбаса, бұлтартпау шараларын бұзу туралы, қажет жағдайда қауiпсiздiк шараларын таңдау, өзгерту немесе бұзу туралы, сот iсiн жүргiзу тiлi туралы, сот талдауының жариялылығы туралы, азаматтық талап арызды қамтамасыз ету шаралары туралы, iсi келiп түскен адамның сот мәжiлiсiне қатысуы туралы, сот мәжiлiсiне жәбiрленушiлердi, куәларды, сарапшыларды шақыру туралы және iстiң дұрыс және заңды шешiлуiне маңызы бар басқа да мәселелер туралы шешiмдер көрсетiлуi керек.
      19. Соттар медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қылмыстық iстер, әрекеттiң заңдылық бағасына қарамастан, облыстық немесе оған теңестiрiлген сотқа қарастылы екенiн ескеруi керек. Егер аудандық немесе оған теңестiрiлген сот iстi негiзгi сот қарауы кезiнде сотталушының қылмыс жасаған кезде есi кiресiлi-шығасылы болғанын анықтаған болса, онда ол ҚIЖК-нiң 372-бабының 3-бөлiгiне сәйкес iстi облыстық сотқа ҚIЖК-нiң 515-бабында бекiтiлген тәртiп бойынша қарау үшiн тапсыру туралы қаулы шығаруға мiндеттi. Облыстық немесе оған теңестiрiлген сот iстi негiзгi қараған кезде сотталушының қоғамға қауiптi әрекеттi есi кiресiлi-шығасылы күйде жасағаны немесе оның психикасының сырқатын анықтаса және, осыған орай қорғаушының айып тағылған кезден бастап қатысқаны анықталса, онда осы сот мәжiлісiнде есi кiресiлi-шығасылы адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану немесе қолданудан бас тарту туралы қаулымен және осы iс бойынша қылмыстық жауапкершілiкке тартылған басқа адамға қатысты тиiстi шешiм шығарумен бiрге iстi маңызы бойынша бiр өндiрiсте қарауға рұқсат етiледi.
      Егер iс қылмыстық жауапкершiлiкке тартылған басқа адамдарға қатысты көлемдi болып, оның қаралуы көп уақыт алса, онда сот ҚIЖК-нiң 49-бабындағы талаптарды сақтай отырып, оның iшiндегi есi кiресiлi-шығасылы адамға қатысты материалды бөлек өндiрiске шығаруға құқылы.
      Егер iстi апелляция, кассация, қадағалау тәртiбiнде немесе жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қараған кезде әрекет жасаған кезде адамның есi кiресiлi-шығасылы болған немесе қылмыс жасағаннан кейiн, бiрақ бiрiншi сатыдағы шешiм қабылдағанға дейiн психикасы бұзылған және жаза тағайындауға мүмкiндiк жоқ деп санауға негiз беретiн мән-жайлар анықталса, онда iс бойынша шығарылған сот қаулылары бұзылуға және iс соттың жаңадан қарауына жiберілуге жатады.
      20. Iстiң дұрыс шешiлуiне маңызы бар, адамның қылмыстық заңда көрсетілген қоғамға қауiптi әрекеттердi жасағанын растайтын немесе терiске шығаратын дәлелдердi, сондай-ақ өзге де маңызды мән-жайларды мұқият тексеру керек екендiгiне соттардың назары аударылсын. Осы мақсатпен сот мәжілiсiне жәбiрленушілер мен куәгерлер шақырылуы керек, жазбаша дәлелдер жарияланып, қаралуы және заттай дәлелдер зерттелуi тиiс. Адамның есi кiресiлi-шығасылы екендiгi туралы мәселенi шешу, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану, мәжбүрлеу шараларының түрiн белгiлеу сот құзырына жатады. Сондықтан, психиатр-сараптамашылардың қорытындысына iстегi барлық материалдармен жиынтықта мұқият баға берiлуi керек. Егер сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы оның қысқаша жазылғанына, негiзсiздiлiгiне немесе басқа да себептерге байланысты дәлелдi болмаса, немесе онда сол санаттағы iстер бойынша анықталуға жататын мәселелердiң барлығы көрсетілмесе, соттар қосымша немесе қайта сараптамалар жүргiзудi тағайындауы керек.
      Қажет болған жағдайда сараптаманы қайта жүргiзу тәуелсiз сараптамаға тапсырылуы мүмкiн (Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Сот сараптамасының орталығы негiзiнде ұйымдастырылған сот-психиатриялық сараптама, т.б.).
      21. Соттар ҚIЖК-нің 515-бабының 4-бөлiгiне сәйкес сот тергеуi прокурордың есi кiресiлi-шығасылы болып танылған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану қажеттiлiгi туралы дәлелдемелерiн баяндаудан басталатынын ескерсiн. Бұл орайда, прокурор ҚIЖК-нiң 506-бабында көрсетілген мән-жағдайларды растайтын, сондай-ақ аурудың өзi үшiн және өзге адамдарға қауiптiлiгiн дәлелдейтiн iстегi барлық дәлелдердi көрсетуi керек және олар дәлелденген жағдайда сотқа есi кiресiлi-шығасылы адамға ҚК-тiң 90-бабында көрсетілген медициналық мәжбүрлеу шараларының бiрiн қолдануды ұсынуы тиiс. Айыптау және қорғау тараптары iс бойынша жүргізiлген өндiрiстiң заңдылығын, ҚIЖК-нiң 506-бабында көрсетiлген мән-жайлардың дәлелденгендiгiн тексеруге қатысуға, ал ҚIЖК-нiң 364-бабында көрсетiлген тәртiпте өткiзiлетiн жарыссөз кезiнде сотқа сот тергеуiнде бекiтiлгендерге сәйкес шешiм шығаруды ұсынуға мiндеттi.
      22. ҚIЖК-нiң 516-бабына сәйкес iстi сотта талқылаған кезде: әрекеттiң болған-болмағанын; оған берiлген заңды бағаны; әрекеттi iсi қаралып отырған адам жасағанын; ол адам әрекеттi есi кiресiлi-шығасылы күйде жасады ма, жоқ әлде оны жасағаннан кейiн ауырып қалғанын; қылмыс жасағаннан кейiн ауырып қалған адамға жаза тағайындауға және оны орындауға бола ма; ауру өзi үшiн және басқа адамдарға қауiптi ме және өзге де елеулi зиян келтiруi мүмкiндiгi бар ма; бұндай адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануға бола ма және нақты қандайын анықтау керек екендiгi түсiндiрiлсiн. Сонымен қатар, сот азаматтық талап арыз қанағаттандырылуға жата ма және кiмнiң пайдасына, қандай мөлшерде, сондай-ақ егер азаматтық талап арыз берiлмесе, мүлiктiк зиян өтелуге жата ма; азаматтық талап арызды қамтамасыз ету немесе тәркiлеу үшiн қамауға алынған мүлiктi не iстеу керек; заттай дәлелдер туралы мәселелерiн анықтауға тиiс.
      23. Сот iстi сотта талқылаудың қорытындылары бойынша мына қаулылардың бiрiн шығаруға тиiс: ҚIЖК-нiң 37-бабының 1-бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша, егер iс бойынша өндiрiстi болдырмайтын мән-жайлар анықталса, iстi қысқарту туралы; адамды қылмыстық жауапкершiлiктен босату және оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының бiрiн қолдану туралы; адамды қылмыстық жазадан босату және оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының бiрiн қолдану туралы; iстi қысқарту және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданбау туралы; iстi қосымша тергеу жүргiзу үшiн қайтару туралы. Соттар ҚК-тiң 90-бабында көрсетiлген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының бiреуiн ғана және тек ҚК-тiң 83-бабының 1 және 2 бөлiгiнде көрсетілген мән-жайлар анықталған жағдайда қолдануға құқылы екенiне олардың назары аударылсын. Соттар медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын таңдаған кезде, ҚК-тiң 89-бабында көрсетiлген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының мақсатын басшылыққа алуы, жасалған әрекеттiң қоғамдық қауiптiлiгiн психикалық дерттiң деңгейi мен ауырлығын және осыған байланысты ол адамның өзге адамдарға және өзiне қауiптi болуын және қауiптiлiк деңгейiн немесе психикасының бұзылуына байланысты өзге де маңызды зиян келтiруi мүмкiндiгiн, сондай-ақ ол адамның емдеудi қажет ететiнiн ескеруi тиiс. Психикасы бұзылған адамның өзi үшiн және өзге де адамдар үшiн қауiптілiгiнiң деңгейi және оның басқа да маңызды зиян келтiруi мүмкiндiгi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрiн белгiлеу үшiн бiрiншi кезектi негiз болып табылады.
      24. Сот қаулысы ҚIЖК-нiң 517-бабының талаптарына жауап беруi керек, онда iсi қаралып жатқан адамның жасаған әрекетiнiң сипаты, ол әрекет қылмыстық заңның қай нормасында көзделгенiн, әрекеттi осы адамның жасағанын растайтын дәлелдер баяндалуы керек. Сонымен бiрге, қаулыда адамның психикасы бұзылумен ауыратынының нақты дәлелдерi көрсетiлiп, бұл орайда адам әрекеттi есi кiресiлi-шығасылы кезде жасағаны жоқ әлде психикасы қылмыс жасағаннан кейiн бұзылғаны мiндеттi түрде көрсетiлуi керек.
      Егер сот адамның қылмыс жасаған кезде өзiнiң әрекеттерiне жауап бере алатыны және оларды басқара алатыны, ал психикасы қылмыс жасалғаннан кейiн бұзылған деп қорытынды жасаса, онда қаулыда мiндеттi түрде оның ауруы қылмыстық жаза тағайындауға және оны орындауға кедергi болатын-болмайтыны туралы нақты дәлелдер көрсетуге тиiс.
      Психикасының бұзылуына байланысты адамның қылмыстық жауапкершiлiктi өтей алмайтынын немесе қылмыстық жауапкершілiкке тартыла алмайтынын танығаннан кейiн сот өзiнiң қаулысында адамның өзi үшiн немесе өзге адамдар үшiн қауiптiлiгi туралы немесе өзге де маңызды зиян келтiруi мүмкiндiгi туралы тұжырымының себептерiн келтiруге мiндеттi.
      Маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлықтан ауыратын адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы осы адамдарға тағылған айып бойынша қабылданған сот үкiмiнде немесе өзге қорытынды шешiмiнде көрсетiледi. Ақтау үкiмi шығарылған кезде маскүнемдіктен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан мәжбүрлеп емдеу қолданылмайды.
      25. Қаулының қорытынды бөлiгiнде соттар қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi есi кiресiлi-шығасылы күйде жасаған адамды оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының бiрiн қолданып немесе қолданбай, қылмыстық жауапкершiлiктен босату туралы және қылмыстық iстi қысқарту туралы көрсетуi тиiс. Егер сотта адамның психикасы қылмыс жасағаннан кейiн бұзылғаны анықталса, сот қаулысының қорытынды бөлiгiнде ҚК-тiң 73-бабының 1-бөлiгiне сiлтеме жасай отырып, оған заңда көрсетiлген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының бiрiн қолданып немесе қолданбай, адамды жазаны өтеуден босату және ҚК-тiң 73-бабының 3-бөлiгiне сәйкес ондай адамдарға сауыққаннан кейiн ҚК-тiң 69 және 75-баптарында белгiленген ескiру мерзiмдерi шеңберiнде қылмыстық жауапкершілiкке тартылатындығын ескере отырып, iс жөнiндегi өндiрiстi тоқтата тұру туралы көрсетуге мiндеттi. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану мерзiмдерi сот қаулысында көрсетiлмейдi. Қаулыда ҚIЖК-нiң 48-тарауында баяндалған ережелер бойынша кассациялық тәртiпте iсi қаралған адамның қорғаушысы, заңды өкілi немесе жақын туысқаны, жәбiрленушi және оның өкiлi шағым бере алатыны, прокурордың наразылық келтiре алатыны көрсетiлуi керек. Iсi қаралған адамның жақын туысқаны, iс бойынша заңды өкiл болған-болмағанына және iске қатысқан-қатыспағанына қарамастан, кассациялық арыз беруге құқылы екенi түсiндiрiлсiн. Iсi қаралған адам, егер сараптама қорытындысы бойынша оның психикалық күйi iс жөнiндегi сот өндiрiсiне қатысуға рұқсат етсе, сот қаулысына шағымдануға құқылы. Өзге жағдайларда бұл адамдар, сондай-ақ азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдерi арыз бере алмайды.
      26. ҚК-тiң 88-бап 1-бөлiгiнiң "а", "б", "в" тармақтарында көрсетiлген негiздер бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот қаулыларын орындау психиатриялық стационарлар қарасты денсаулық сақтау органдарына және iшкі iстер органдарына жүктеледi. Маскүнемдiк, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан немесе психикасының бұзылуымен ауыратын, қылмыстық жазамен қатар мәжбүрлеп емдеу тағайындалған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды орындау тәртiбi ҚР Қылмыстық атқару кодексiмен анықталады.
      27. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану және психиатриялық көмек көрсету жүктелген денсаулық сақтау органдары медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданған күннен бастап 6 ай өткеннен кейiн, ал одан кейiн жүйелi түрде 6 ай сайын ауруды куәландырып, қолданылған емдеудiң тәсiлдерiнiң және медициналық бақылаудың негiзiнде ҚК-тiң 93-бабына сәйкес сотқа медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды өзгерту, мерзiмiн ұзарту немесе тоқтату туралы негiзделген қорытынды ұсынуға мiндеттi. Адамды медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларды қолданудың мерзiмiн соттың жүйелi түрде ұзартуынсыз психиатриялық стационарда ұстау заңсыз болып табылады.
      28. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе мерзiмiн ұзарту қажеттiлiгi туралы қорытындыны сот мәжiлiсiне мiндеттi түрде қорғаушыны және прокурорды қатыстырып және ҚIЖК-нiң 519-бабының талаптарын сақтай отырып, үш судья құрамында облыстық немесе оған теңестiрілген (мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулыны бiрiншi шығарған немесе мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын медициналық мекеме тұрған жердегi) сот жүзеге асырады. Сот қызметiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды негiзсiз өзгерту, мерзiмiн ұзарту немесе тоқтату фактiлерi жойылуы тиiс. Соттар есi кiресiлi-шығасылы болып танылған адамның жасаған қылмысы ауыр немесе аса ауыр қылмыстарға жататын жағдайларға, оның медициналық мекемеде болу мерзiмiне және дәрiгерлiк қорытындыда көрсетiлген оның психикасындағы өзгерiстерге ерекше назар аударуы керек. Бұндай адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату немесе өзгерту өткiзiлген емдеуден кейiн немесе психикалық және тән күйiнiң өзгеруi салдарынан өзiне және өзге адамдар үшiн қауiптi болмайтынын дәлелдейтiн шынайы, даусыз мән-жағдайларға негiзделуi керек.
      Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату, өзгерту, мерзiмiн ұзарту туралы ұсынысты қарау нәтижесiнде шығарылған қаулыға ҚIЖК-нiң 518-бабында көрсетiлген адамдар наразылық келтiре алады.
      29. ҚIЖК-нiң 454-бабының 3-бөлiгiне сәйкес адамға айыптау үкiмiмен және қылмыстық жаза тағайындаумен қатар қолданылған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың мерзiмiн ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы мәселелердi сотталушының жазаны өтеп жатқан мекеменiң ұсынысы бойынша немесе сотталушының өзiнiң өтiнiшi бойынша сотталушының жазаны өтеу орны бойынша аудандық немесе оған теңестiрiлген сот шешетiнi соттарға түсiндiрiлсiн. ҚК-тiң 73-бабында көзделген негіздер бойынша адамды жазадан босатып, оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды өзгерту, тоқтату немесе мерзiмiн өзгерту туралы ұсыныстарды қарауды үш судья құрамында облыстық және оған теңестiрiлген сот жүзеге асырады. Егер мәжбүрлеп емдеу сот үкiмiнiң ҚК-тiң 88-бап 1-бөлiгiнiң "в" және "г" тармақтарында көзделген негiздер бойынша тағайындалса, медициналық

сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе мерзiмiн 
ұзарту туралы ұсыныстарды жаза өтелiп жатқан жердегi аудандық немесе оған 
теңестiрiлген сот қарайды.
     30. Осы қаулының қабылдануына байланысты КСРО Жоғарғы Сот Пленумының
1984 жылғы 26 сәуiрдегi "Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану,
өзгерту және тоқтату жөнiндегi сот тәжiрибесi туралы" N 4  

P84004S_

  қаулысы,
1985 жылғы 1 қарашадағы Пленум N 17 қаулысымен енгiзілген өзгерiстермен 
бiрге Қазақстан Республикасында қолданылмайды деп танылсын.
     
     Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Сотының Төрағасы
     
     Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Сотының судьясы,
     Пленум хатшысы
     
     Оқығандар:
          Қасымбеков Б.А. 
          Қобдалиева Н.М.