Қазақстан Республикасында Мәдениет пен өнерді қолдау мемлекеттік қоры туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 31 желтоқсандағы N 1394 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 желтоқсандағы N 1226 Қаулысымен

Күшін жойған

       Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.12.23 N 1226 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасында Мәдениет пен өнерді қолдау мемлекеттік қоры туралы" 1998 жылғы 10 қыркүйектегі N 4059 U984059_ Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында Мәдениет пен өнерді қолдау мемлекеттік қоры туралы ереже бекітілсін (бұдан әрі-Қор).

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 1999 жылдан бастап жарғылық міндеттерін жүзеге асыру үшін Қорға мақсатты қаржы бөлуді көздесін.

      3. Алматы қаласының әкімі Қорға қызметін жүзеге асыру үшін қажетті, қызмет үй-жайын бөлсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
1998 жылғы 31 желтоқсандағы
N 1394 қаулысымен     
бекітілген         

Қазақстан Республикасында Мәдениет пен өнерді қолдаудың
Мемлекеттік қоры туралы
Ереже

      1. Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы Қазақстан Республикасында Мәдениет пен өнерді қолдаудың Мемлекеттік қоры (бұдан әрі - Қор), республика үшін маңызы бар мәдени акциялар мен іс шараларды өткізудің тиімділігін арттыру, мәдениет пен өнер саласында таланттар мен дарындарды қолдау жөніндегі шараларды жүзеге асырады.
      Қор мекеме нысанындағы, коммерциялық емес ұйым болып табылады.

      2. Қор өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының "Мәдениет туралы" Заңын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.

      3. Қор заңды тұлға болып табылады, дербес балансы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрі болады, банктерде шоттар ашуға құқығы болады.

      4. Қордың негізгі міндеттері:
      ұлттық өнер мен халық шығармашылығын қолдау мен дамытудың бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
      демалыс пен ойын-сауықтардың отандық индустриясын дамыту, осы сала үшін кадрлар даярлау мақсатында шетелдік инвестицияларды, шет елдердің және халықаралық ұйымдардың қаржылық және техникалық көмегін тартуға жәрдемдесу;
      қазақстандық мәдениеттің елдердің дүниежүзілік қоғамдастығына интеграциясын тереңдету мақсатында шетелдік әріптестермен тікелей байланыстарды жүзеге асыру; мәдениет пен өнер саласында еңбек рыногын дамытуға жәрдемдесу болып табылады.

      5. Қордың қаражаты: бюджеттерден аударымдардың; қазақстандық және шетелдік заңды және жеке тұлғалардың ерікті жарналары мен қайырымдылық құрмалдықтарының; Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да түсімдердің есебінен құралады.

      6. Қордың қаражаты: мәдениет және өнер саласында қызметтің жаңа нысандарын дамытуға қаржылық көмек көрсетуге; стипендиялар мен гранттар бөлу арқылы мәдениет пен өнер саласы үшін кадрларды даярлауды және оқытуды қаржыландыруға; республикалық та, жергілікті де деңгейлерде маңызды мәдени акциялар мен іс-шаралар өткізуді қаржыландыруға жұмсалады.

      7. Қор қызметінің басымдықты бағыттары: селолық жерлерде және экологиялық зілзала аймақтарында мәдениетті сақтауға және дамытуға ықпал ету; классикалық және дәстүрлі халық өнерін дамытуды қолдау; мәдениет пен өнер саласында таланттарды, дарындарды қолдау болып табылады.

      8. Қор мынадай функцияларды орындайды: аймақтық мәдени бағдарламаларды дамытуға және қолдауға бағытталған іс-шараларды іске асыруға қатысады; мәдениет пен өнер саласында халықаралық мәдени акциялар мен ынтымақтастыққа ұйытқы болады;
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің осы секілді қорларымен және мәдениет пен өнерді қолдау жөніндегі халықаралық қорлармен ынтымақтастықта болады;
      өз өкілеттігі мен функцияларының шеңберінде шығармашылық ұжымдар, сарапшылар кеңестерін құрады;
      халықаралық мәдени ынтымақтастық саласындағы қызметті жүзеге асырады;
      негізгі міндеттері мен функцияларын орындау үшін қызметтің қажетті және қолданылып жүрген заңдарға қайшы келмейтін өзге де түрлерін жүзеге асырады.

      9. Қордың басқару органы басқарма болып табылады.
      Мәдениет комитетінің төрағасы Қор басқармасының төрағасы болып табылады.
      Басқарманың құрамы мен мүшелерінің санын Қор басқармасы төрағасының ұсынуы бойынша Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі бекітеді.
      Қор басқармасының құрамына Қордың төрағасы, атқарушы директоры - басқарма төрағасының орынбасары, Мәдениет комитетінің шығармашылық одақтардың, халықаралық мәдениет институттарының және шығармашылық интеллигенцияның өкілдері кіреді.
      Басқарма Қордың қаражатын мәдениет пен өнерді дамытудың басымдықты бағыттарына салудың мөлшерлері туралы шешім қабылдайды, конкурстық негізде жобалар мен бағдарламаларды қарайды, атқарушы дирекцияның бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылау жасау жөніндегі есебін тыңдайды.
      Жобаларды ұсыну мен қараудың тәртібін Қордың басқармасы бекітеді.
      Қор басқармасы жобаларды қарау кезінде сараптамалық қорытындылардың нәтижелері мен күтіліп отырған нәтижелерді ескере отырып, осы Ереженің 7-тармағында белгіленген басымдықтарды негізге алады.
      Жобаларға сараптама жасауға мамандар мен сарапшылар, шығармашылық одақтар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері тартылады.
      Қордың ағымдағы жұмысын және оның қызметін жедел басқаруды атқарушы дирекция жүзеге асырады.
      Атқарушы дирекция туралы Ережені Қордың басқармасы бекітеді. Қордың атқарушы директорын Қордың төрағасы тағайындайды.
      Қордың атқарушы дирекциясының саны мен оны ұстауға арналған қаражаттың шекті мөлшерін Қордың басқармасы белгілейді.

      10. Қордың өз функцияларын жүзеге асыру үшін: міндеттері мен мақсаттарына сәйкес Қордың мүлкін жедел басқаруды жүзеге асыруға; Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер құруға және оларды таратуға; Қорға бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылау жасауға; мақсатсыз пайдаланылған жағдайда қаражат беруді және пайдалануды тоқтата тұруға және оны қайтару жөнінде шара қабылдауға құқығы бар.

      11. Қор Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен бухгалтерлік есеп жүргізуді және статистикалық және басқа да есептер береді. 12. Қорды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.