Қазақстан Республикасы Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң "Қазақстан инвестицияға жәрдемдесу орталығы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорнын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 1998 жылғы 8 мамырдағы N 417

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының экономикасына тiкелей, портфельдiк инвестицияларды және инвестицияның өзге де түрлерiн тартуға бағытталған қызметтi жүзеге асырудың қажеттiгiне байланысты Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы "Қазақстан инвестицияға жәрдемдесу қоры" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны (бұдан әрi - Кәсiпорын) құрылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi Кәсiпорынның уәкiлеттi органы, сондай-ақ кәсiпорынға қатысты мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң функцияларын жүзеге асыратын орган болып белгiленсiн.
      3. Кәсiпорынның негiзгi мiндетi қаржылық және Қазақстан Республикасының экономикасына тiкелей, портфельдiк инвестицияларды және инвестицияның өзге де түрлерiн тартуға байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыру болып белгiленсiн.
      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру департаментi заңдарда белгiленген тәртiппен Кәсiпорынның жарғылық қорына Алматы қаласы, Абылайхан даңғылы, 77 мекен-жайында орналасқан үйдi берсiн.
      5. Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi бiр ай мерзiм iшiнде Кәсiпорынның жарғысын бекiтсiн және заңдарда белгiленген тәртiппен оның тiркелуiн қамтамасыз етсiн.
      6. "Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790 P960790_ қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат) мынадай толықтыру енгiзiлсiн:
      аталған қаулымен бекiтiлген Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың тiзбесi мынадай мазмұндағы бөлiммен және реттiк нөмiрi 467-жолмен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi
      467. "Қазақстан инвестицияға жәрдемдесу орталығы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны (шаруашылық жүргiзу құқығында) Алматы қаласы".
 

     Қазақстан Республикасының

         Премьер-Министрi