Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнының өнiмiн бөлу туралы Түпкiлiктi Келiсiмдi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1998 жылғы 12 қаңтар N 5

Қолданыстағы
      1997 жылғы 18 қарашада Қазақстан Республикасының Үкiметi, "Қазақойл" ұлттық мұнай-газ компаниясы" жабық үлгiдегi акционерлiк қоғамы және Аджип Қарашығанақ Б.В., БГ Эксплорейшн энд Продакшн Лимитед, Тексако Интернэшнл Петролеум Компани, "Лукойл" мұнай компаниясы" акционерлiк қоғамы арасында Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнының өнiмiн бөлу туралы Түпкiлiктi Келiсiмнiң (бұдан әрi - Өнiм бөлу туралы келiсiм) жасалуына байланысты, сондай-ақ аталған Келiсiмнiң қағидаларын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. 1997 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкiметi, "Қазақойл" ұлттық мұнай-газ компаниясы" жабық үлгiдегi акционерлiк қоғамы және Аджип Қарашығанақ Б.В., БГ Эксплорейшн энд Продакшн Лимитед, Тексако Интернэшнл Петролеум Компани, "Лукойл" мұнай компаниясы" акционерлiк қоғамы, Аджип С.п.А., БГ п.л.к. және Тексако, Инк. арасындағы Өнiм бөлу туралы келiсiмнiң және Өзара кепiлдiктер туралы келiсiмнiң ережелерi бекiтiлсiн.
      2. Өнiм бөлу туралы келiсiмге қоса берiлген Игеру Жоспарының II кезеңiне сәйкес Мердiгердiң жұмыс бастауы бекiтiлсiн.
      3. Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдары мен лауазымды адамдарына Мердiгердiң және Уәкiлеттi органның өтiнiмi бойынша Өнiм бөлу туралы келiсiмге және Өзара кепiлдiктер туралы келiсiмге сәйкес олардың өз құқықтары мен мiндеттемелерiн жүзеге асыруына қажеттi барлық лицензиялар мен рұқсаттамаларды Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес беру тапсырылсын.
      4. "Қазақойл" ұлттық мұнай-газ компаниясы Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясына "Лира" объектiлерiн заңдарда белгiленген тәртiппен берсiн.
     Қазақстан Республикасының
       Премьер-Министрi