Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының мемлекеттiк сырттан қарыз алу және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сыртқы заемдары бойынша мемлекеттiк сыртқы борыштарды басқару саласындағы қызметiн үйлестiрудiң тәртiбi туралы ереженi, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерiн берудiң тәртiбi мен шарттарын және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар, мемлекеттiк сыртқы заемдар мен мемлекеттiк емес сыртқы заемдарды тiркеудiң тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1997 жылғы 21 қыркүйек N 1366. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2001.06.14. N 819 қаулысымен. ~P010819

Күшін жойған

      "Сырттан қарыз алу және сыртқы борышты басқару туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 10 сәуiрдегi Заңын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      Қоса берiлiп отырған:
      Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының мемлекеттiк сырттан қарыз алу және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң сыртқы заемдары бойынша мемлекеттiк сыртқы борыштарды басқару саласындағы қызметiн үйлестiрудiң тәртiбi туралы ереже;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерiн берудiң

 

тәртiбi мен шарттары;

     Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк

сыртқы заемдар мен мемлекеттiк емес сыртқы заемдарды тiркеудiң

тәртiбi туралы ереже бекiтiлсiн.


     Қазақстан Республикасы

      Премьер-Министрiнiң

      бiрiншi орынбасары

                                       Қазақстан Республикасы

                                             Үкiметiнiң

                                       1997 жылғы 21 қыркүйектегi

                                        N 1366 қаулысымен

                                            Бекiтiлген


       Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының

          мемлекеттiк сырттан қарыз алу және Қазақстан

         Республикасы Үкiметiнiң сыртқы заемдары бойынша

          мемлекеттiк сыртқы борышты басқару саласындағы

               қызметiн үйлестiрудiң тәртiбi туралы

                             ЕРЕЖЕ



 
       Осы Ереже "Сырттан қарыз алу және сыртқы борышты басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрлендi.
 
                          I. Жалпы ережелер
 
      1. Осы Ереже республиканың орталық атқарушы органдарының мемлекеттiк сырттан қарыз алу және Қазақстан Республикасының сыртқы борышы, сондай-ақ мемлекет кепiлдiк берген сыртқы борыш саласындағы қызметiн үйлестiрудiң тәртiбiн айқындайды.
      2. Қазақстан Республикасының сыртқы борышын басқару шеңберiнде басқару объектiлерi:
      мемлекеттiк сыртқы борыш;
      мемлекет кепiлдiк берген сыртқы борыш;
      жалпы сыртқы борыш болып табылады.
      3. Мемлекеттiк сыртқы борыш Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан сырттан қарыз алуы және алынған сыртқы заемдарды өтеуi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қабылдаған басқа да сыртқы борыштық мiндеттемелердi мемлекеттiк сыртқы борышқа белгiленген тәртiппен жатқызу процесi кезiнде қалыптасады.
      Сыртқы борышты басқару - уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың ұтымды сырттан қарыз алуды қамтамасыз ету және болашақта макроэкономикалық қиындықтарды және мемлекеттiң төлем балансы проблемаларын болдырмау мақсатында сыртқы қарыздарға қызмет көрсетудiң құнын оңтайландыру жөнiндегi қызметi ретiнде қаралады.
      Мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген сыртқы борыштың мониторингiн және басқаруын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi iске асырады.
      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң мемлекеттiк борышын қалыптастыратын заемдарды тартуды, пайдалануды және өтеудi Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес өзi iске асырады.
      5. Сыртқы борышты басқару мынадай негiзгi кезеңдер мен рәсiмдердi қамтиды:
      қарыз алу қажеттiлiгiн, қарыз алу көздерi мен қаржылық құралдарды айқындау, өлшемдер мен шектеулердi белгiлеу, дамудың макроэкономикалық үлгiлерiн құру, қарыз алу бағдарламасын сценарийлiк жобалау мен қабылдау;
      келiссөздердi, заем шарттары мен олардың экономика, бюджет және мемлекеттiң төлем балансы үшiн салдарын бағалауды, оларға қол қоюды, бекiтудi, тiркеудi қоса алғанда, қарыз алу рәсiмдерi;
      жекелеген заемдардың қызмет көрсету көздерi мен ерекшелiктерiн есепке ала отырып, негiзгi борышты өтеу және заемдарға қызмет көрсету рәсiмдерi;
      қарыз алу шарттарының және олардың өзгеруiнiң, игерiлуi мен өтелуiнiң және заемдарға қызмет көрсетуiнiң мониторингi;
      несиелiк процент ставкаларының, валюта бағамдарының, қаржы рыногы құралдары табыстылығының және қарыз алу мен борышты басқаруға байланысты басқа да капитал рыноктарындағы ақпараттардың мониторингi;
      төлем балансының, мемлекеттiң төлем қабiлетiнiң есебi, оларды бағалау және талдау;
      республикалық бюджеттi, төлем балансын арнаулы қаржылық құралдармен валюта бағамдарының, проценттiк ставкалардың қолайсыз өзгеруiнен қорғау;
      берешектердi қайта құру;
      халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара қарым-қатынас.
      Сыртқы борышты тиiмдi басқару қазiргi заманғы ақпараттық технологияларға және оның мониторингi мен талдауын компьютерлендiруге негiзделедi.
      6. Қазақстан Республикасының сырттан қарыз алу және сыртқы борышты басқару рәсiмдерiн орындау кезiнде республиканың орталық атқарушы органдарының қызметiн үйлестiру сыртқы заемдарды тарту, пайдалану, өтеу және оларға қызмет көрсету процестерiнiң барлық кезеңдерiнде, сондай-ақ тиiстi компьютерлiк технологиялар жасау және пайдалану кезiнде көзделедi.
 
             II. Мемлекеттiк сырттан қарыз алу және борыш
 
      7. Мемлекеттiк қарыз алу Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жыл сайын қабылданатын Қарыз алу бағдарламасына сәйкес iске асырылады.
      Қарыз алуға қажеттiлiктi, қарыз алу көздерi мен құралдарын айқындау кезiнде басқару органдарының қызметiн үйлестiруге Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Экономика және сауда министрлiгiмен бiрлесе отырып және Ұлттық Банктiң келiсуiмен алдағы 10 жылдық кезеңге арналған қарыз алу бағдарламасының жобасын әзiрлеу жолымен қол жеткiзiледi.
      Қарыз алу бағдарламасының жобасын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi инвестициялық жобаларды республикалық бюджет қаражаты есебiнен қаржыландыру үшiн Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлiгi, сондай-ақ қаржы-валюталық көрсеткiштердiң есебiнен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұсынған бюджет саясатын есепке ала отырып әзiрлейдi. Қарыз алу бағдарламасының жобасын әзiрлеу кезiнде елiмiздiң төлем балансын қолдау үшiн қажет болған кезде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң жоспарланған сырттан қарыз алуы есепке алынады.
      8. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi сол жылға қабылданған Қарыз алу бағдарламасын есепке ала отырып, кезектi жылға арналған бюджеттiң жобасын әзiрлейдi. Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлiгi бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын жобаларды iрiктеудi және қарауды iске асырады, шетелдiк несие берушiлермен алдын-ала жүргiзiлетiн келiссөздерге қатысады. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi өзiне жүктелген Қазақстан Республикасының атынан қарыз алушының мiндеттерi мен құқықтарына сәйкес келiссөздер жүргiзедi, заемға қызмет көрсету үшiн агент-банктердi таңдап алады, заемдар тарту бойынша басқа да қажеттi iс-әрекеттер жасайды.
      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi тиiстi несие және өзге де келiсiмдердi, заемдарды тiркеудi, бюджет арқылы заемдар берудi және қызмет көрсетудi ресiмдеу мен iске асыру арқылы түпкiлiктi қарыз алушылардың заем ресурстарын алуының, пайдалануының, оларға қызмет көрсетуiнiң және (егер көзделген болса) қайтаруының белгiленген рәсiмдерiн республиканың орталық атқарушы органдарының орындауын үйлестiредi және бақылайды.
      9. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi мемлекеттiк сырттан қарыз алу процесiнiң мониторингiн, мемлекеттiк сыртқы борышқа қызмет көрсетудi, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және екiншi деңгейдегi банктердiң сыртқы заемдарын меңгеру, өтеу және қызмет көрсету жөнiндегi тоқсан сайынғы ақпарат негiзiнде оған қорытынды баға берудi iске асырады.
      Бұл ретте мемлекеттiк сыртқы борышты басқару процесiнiң қатысушылары республиканың орталық атқарушы органдарының өзара қарым-қатынастары ақпараттық өзара iс-әрекеттер жөнiндегi екiжақты келiсiмдермен және тұрақты статистикалық және жедел есептiлiктiң қолданылып жүрген нысандарымен айқындалады.
      10. Борышты басқарудың құрамдас бөлiгi ретiндегi валюталық қатердi және проценттiк ставкалар қатерiн басқару, сондай-ақ қажет болған жағдайда мемлекеттiк сыртқы борышты өзiнiң ерекшелiгiне байланысты қайта құру жөнiндегi шараларды жүргiзу мәселелерiн Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi мен Ұлттық Банкiнiң бөлiмшелерi пысықтайды және олар Қарыз алу бағдарламасын әзiрлеу немесе өзгерту шеңберiнде ескерiледi.
      11. Мемлекеттiк сыртқы борышты басқару мәселелерi бойынша халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара қарым-қатынасты үйлестiрудi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бұл ұйымдарға республикалық басқару органдары ұсынатын орталықсыздандырылған ақпараттар ағынын орталықтандыру және бақылау жолымен, сондай-ақ олармен өткiзiлетiн кездесулердi, келiссөздердi және басқа да шараларды ұйымдастыру немесе оларға мiндеттi түрде қатысу арқылы iске асырады.
      12. Ақпараттық технология және мемлекеттiк борышты басқаруды компьютерлендiру саласындағы үйлестiру оларды құру, олардың жұмыс iстеуi және дамуы кезеңдерiнде жүзеге асырылады және мыналарды көздейдi:
      а) басқару процесiне қатысушылардың ақпараттық технологиясын жасау iске асырылатын ұйымдастырушылық-өкiмдiк, әдiстемелiк, ақпараттық-технологиялық және ведомствоаралық нұсқаулық құжаттарды республиканың орталық атқарушы органдарының және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнiң бiрлесiп әзiрлеуi, өзара келiсуi, қажет болғанда оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бекiтуi;
      б) мемлекеттiк сыртқы борышты басқару процесiне қатысушы ұйымдар үшiн компьютерлiк технологиялар мен жүйелердi құру. Басқарудың ведомстволық компьютерлiк жүйелерiн құру және дамыту кезiнде үйлестiру бұл жүйелерде басқа ведомстволар мен ұйымдардың ақпараттық сұраныстарын есепке алу жолымен iске асырылады. Бұл саладағы үйлестiрудiң негiзгi тәсiлдерi министрлiктер мен комитеттер арасындағы екiжақты байланыстар, хат алысу, келiсiмдер болып табылады. Мұндай жүйелердi техникалық және бағдарламалық қамтамасыз ету ерекшелiктерiн ескере отырып, республиканың орталық атқарушы органдарының қызметiн ұйымдастырушылық және ақпараттық-техникалық деңгейде үйлестiру мамандарының және қамтамасыз етудiң осы түрлерi бойынша мамандандырылған ұйымдардың жұмысын үйлестiрумен толықтырылады;
      в) мемлекеттiк сыртқы қарызды басқару процесiне қатысушы ұйымдардың компьютерлiк технологиясын деректердi өңдеу мен берудiң бiрыңғай техникалық және бағдарламалық-технологиялық құралдарын енгiзу, ведомстволық басқару жүйелерiн ақпараттық түйiстiрудiң режимдерiн, әдiстерi мен құралдарын келiсу мен құру жолымен өзара байланысты республикалық жүйеге кiрiктiру. Бұл ретте үйлестiрудiң негiзгi нысандары жұмыс жетекшiлерiнiң басқаруды компьютерлендiру (жобалардың менеджерлерi), бiрлескен жұмыстар мен шаралардың бағдарламаларын қалыптастыру, оларды орындау кезiндегi ауытқушылықтарды есепке алу, талдау және реттеу жөнiндегi жұмыс бабындағы тұрақты байланыстары болып табылады.
 
              III. Мемлекет кепiлдiк берген сыртқы борыш
 
      13. Мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы заемдарды тарту мен пайдалану тиiстi жылға арналып қабылданған Қарыз алу бағдарламасына, сондай-ақ Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасына сәйкес жүргiзiледi.
      14. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгiн берумен байланысты несиелiк келiсiмдер мен басқа да құжаттарды әзiрлеуге, сараптауға, тiркеуге және iске асыруға қатысты шараларды өткiзудi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жүзеге асырады.
      15. Мемлекет кепiлдiк берген сыртқы борышты өтеу мен оған қызмет көрсету кезеңiнде кепiлдiк берушiнiң (Үкiметтiң Қаржы министрлiгi арқылы) мiндеттемелерiн iске асыруға байланысты шараларды үйлестiрудi қарыз алушылар үшiн төлем жасау, алым, ақпаратты талдау және қажеттi құжаттарды, қарыз алушылармен, қызмет көрсетушi банктермен республиканың орталық атқарушы органдарымен жұмыс бабындағы келiсiм-шарттарды ресiмдеу рәсiмдерiн бюджеттi атқару шеңберiнде орындау арқылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi iске асырады.
      16. Мемлекет кепiлдiк берген сыртқы борышты басқару процесiндегi республиканың орталық атқарушы органдарының iс-әрекетiн үйлестiруге байланысты барлық мәселелер мемлекеттiк сыртқы борышты басқару процесiмен бiрге кешендi түрде шешiледi.
 
           IV. Мемлекет кепiлдiк бермеген мемлекеттiк емес
                             сыртқы борыш
 
      17. Қолданылып жүрген заңдарға сәйкес мемлекет кепiлдiк бермеген мемлекеттiк емес қарыз алуды Қазақстан Республикасының резиденттерi дербес iске асырады.
      18. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мемлекеттiк емес қарыз алу мен борыштың есебiн жүргiзу мақсатында Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң мемлекеттiң кепiлдiгi жоқ сыртқы заемдарын тiркейдi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi әзiрлеген Капиталдың қозғалысына байланысты валюталық операцияларды тiркеу тәртiбi туралы ережеге сәйкес бұл қаражаттар қозғалысының және бұл заемдарға қызмет көрсетудiң мониторингiн жүргiзедi.
      Шетел несиелерiн тартатын және оларға қызмет көрсететiн уәкiлеттi банктер және шетел несиелерiн тартатын заемшылар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне тоқсан сайын статистикалық есептiлiктiң белгiленген нысандары бойынша мәлiметтер ұсынып отырады.
 
                        V. Жалпы сыртқы борыш
 
      19. Қазақстан Республикасының жалпы сыртқы борышын бағалауды және оның төлем жасау балансын әзiрлеудi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi құрастыратын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттiк борышы туралы және екiншi деңгейдегi банктер мен заемшылар ұсынатын мемлекеттiк емес борыштар туралы деректердiң негiзiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi iске асырады.
      Төлем балансы мен жалпы сыртқы борыштың болжамын айқындау үшiн

 

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан

Республикасының Ұлттық Банкiне кепiлдiк берiлген заемдардың негiзгi

сипаттамасын (несие алушы, заемшы, қолданылу мерзiмi, несие сомасы

және т.б.) көрсете отырып берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер туралы

ақпаратты тоқсан сайын ұсынады.

     Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен Қаржы министрлiгiнiң

бұл саладағы қызметiн үйлестiру екiжақты келiсiмдер негiзiнде жүзеге

асырылады.


                                       Қазақстан Республикасы

                                             Үкiметiнiң

                                       1997 жылғы 21 қыркүйектегi

                                        N 1366 қаулысымен

                                             Бекiтiлген


          Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерiн

                      берудiң тәртiбi мен шарттары


                         I. Жалпы ережелер



 
       1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерiн берудiң тәртiбi мен шарттары "Сырттан қарыз алу және сыртқы борышты басқару туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 10 сәуiрдегi Заңына сәйкес әзiрленген және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерiн беру, тiркеу және есепке алу процесiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарының құзыретiн және олардың өзара iс-қимылының тәртiбiн айқындайды.
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң заемшы өзi қайтаруға тиiстi соманы белгiленген мерзiмде төлемеген жағдайдағы берешектi толық немесе iшiнара өтеу туралы несие берушiнiң алдындағы мiндеттемесi.
      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгiн Қазақстан Республикасының Үкiметi шетелдiк несие берушiге белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi арқылы бередi.
      4. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң құрамында бекiтiлген лимиттiң шегiнде берiледi.
 
              II. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк
                         кепiлдiгiнiң нысаны
 
      5. Мемлекеттiк кепiлдiк Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнiң мемлекеттiк кепiлдiк беру туралы шетелдiк несие берушiмен жасасқан шарттың (кепiлдiк шартының), Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң жазбаша хабарламасының (кепiлдiк мiндеттемесiнiң) нысанында болады.
      6. Жазбаша хабарлама берiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi арнаулы бланкiлерде және уағдаласушы тараптар қабылдаған тiлде ресiмделедi.
      7. Кепiлдiк шартына, кепiлдiк мiндеттемесiне Қазақстан Республикасының Қаржы министрi не оның мiндетiн атқарушы адам қол қояды.
 
              III. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк
                          кепiлдiгiнiң мазмұны
 
      8. Кепiлдiк мiндеттеменiң сыртқы парағында құжаттың атауы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы, нөмiрi, ресiмдеу күнi мен бiрнеше параққа орналасуы мүмкiн кепiлдiк мәтiнi болуға тиiс.
      Кепiлдiк мiндеттеменiң соңғы парағында мәтiннiң тиянақтау бөлiгi, Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң қолы болуға тиiс.
      9. Кепiлдiк шарт пен кепiлдiк мiндеттемеде мыналар көрсетiлуге тиiс:
      инвестициялық жобаның Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгiмен сыртқы заемдарды тарату есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тiзбесiне енгiзiлуiне негiз болған Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi берiлетiн жалпы сома;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi берiлетiн мерзiм;
      заемшының Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар сыртқы заем жөнiндегi негiзгi мiндеттемесiнiң мазмұны.
      10. Кепiлдiк шарт пен кепiлдiк мiндеттемеде 9-тармақта көрсетiлген жағдайлар болмаған кезде:
      Қазақстан Республикасы мемлекеттiк кепiлдiгiнiң жалпы сомасы түпкiлiктi заем алушының сыртқы заем жөнiндегi берешегiнiң жалпы сомасына тең болады;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi борышкердiң несиелiк келiсiмiнiң шарттарына сәйкес сыртқы заем жөнiндегi барлық мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз етедi;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi сыртқы заем шарты бойынша мiндеттемелер орындалғанда аяқталады деп есептеледi.
      11. Кепiлдiк шарт пен кепiлдiк мiндеттемеде инвестициялық жобаның Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгiмен сыртқы заемдар тарту есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобаның тiзбесiне енгiзiлуiне негiз болған Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысына сiлтеме болмаса, не оларға 7-тармақты бұза отырып уәкiлдiгi жоқ тұлға қол қойса, мемлекеттiк шарттың күшi жоқ деп саналады.
 
      IV. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерiн
                  берудiң рәсiмдерi мен шарттары
 
      12. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерiн беру Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң белгiлi бiр жоба жөнiндегi тиiстi қаулысының негiзiнде ғана және уәкiлеттi банктiң мiндеттемелерге қызмет көрсету және оларды қамтамасыз ету жөнiнде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен келiсiм жасасқаны, оған қарсы кепiлдiктердi қоса берген жағдайда жүзеге асырылады.
      13. Кепiлдiк шарт, егер онда өзгеше көзделмесе, оған тараптар қол қойған күннен бастап күшiне енедi.
      14. Кепiлдiк мiндеттеме ол берiлген күнiнен бастап күшiне енедi.
      15. Мемлекеттiк емес сыртқы заемдар бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгiн беру үшiн түпкiлiктi заемшыдан мемлекеттiк кепiлдiк сомасының 2%-i мөлшерiнде бiржолғы төлем алынады.
      16. Соңғы заемшыда немесе уәкiлеттi банкте берiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi үшiн бiржолғы төлемге қаражаты болмаған жағдайда және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң берiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi үшiн төлемнiң мерзiмiн ұзарту туралы тиiстi шешiмi болған кезде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi соңғы заемшымен тиiстi келiсiм жасауға құқылы.
      17. Егер Қазақстан Республикасының кепiлдiктерiнiң шарттарында өзгеше көзделмесе, мұндай кепiлдiк, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгiмен қамтамасыз етiлген сыртқы қарызды түпкiлiктi заемшы төлем жасау күнi келгенде толық немесе iшiнара өтемесе және несие берушi бұл талапты заемшының қанағаттандыруы үшiн ақылға қонымды барлық шараларды қабылдағаннан кейiн, шетелдiк несие берушiнiң талап етуi бойынша, төлем күнi келгеннен кейiн 30 күннен соң орындалуға тиiс.
      Түпкiлiктi заем алушының немесе уәкiлеттiк банктiң республикалық бюджетке мемлекеттiң ол үшiн кепiлдiк мiндеттемелерiн қамтамасыз етуге жұмсаған қаражатты қайтару жөнiндегi мiндеттемелердi шетелдiк несие берушiге мемлекеттiк кепiлдiктер бойынша төлемдер жасалған күннен бастап күшiне енедi. Қайтару Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мемлекеттiк емес сыртқы заемның қаражатын қайтарған күн белгiлеген бағамы бойынша ұлттық валюта - теңгемен жүзеге асырылады.
 
          V. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк кепiлдiгiнiң
                        күшiнде болу мерзiмi
 
      18. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгiнiң күшi сыртқы заем шарты бойынша мiндеттемелер орындалғанда тоқтатылады.
      19. Егер мемлекеттiк кепiлдiк берiлгеннен кейiнгi алты айдың iшiнде несие игерiлмесе және сыртқы заем туралы шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi шетелдiк несие берушiмен келiсе отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына кепiлдiктi жою туралы мәселенi енгiзуге құқылы.
      20. Мемлекеттiк кепiлдiктi жоққа шығару туралы шешiмдi

 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң ұсынысының негiзiнде

және Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң келiсуi бойынша

Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.

     Мемлекеттiк кепiлдiктiң жойылғаны туралы ақпарат шешiм

қабылданған күннен бастап он күннiң iшiнде шетелдiк несие берушiге

жiберiледi.

     Жойылған мемлекеттiк кепiлдiктердiң түпнұсқа даналары Қазақстан

Республикасының Қаржы министрлiгiне қайтарылуы тиiс.


                            VI. Бақылау


     21. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар сыртқы

заем шарты бойынша алынған қаражаттың пайдаланылуына Қазақстан

Республикасының Қаржы министрлiгi бақылау жасайды.


                                       Қазақстан Республикасы

                                             Үкiметiнiң

                                       1997 жылғы 21 қыркүйектегi

                                        N 1366 қаулысымен

                                               Бекiтiлген


          Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi

          бар мемлекеттiк сыртқы заемдар мен мемлекеттiк

          емес сыртқы заемдарды тiркеудiң тәртiбi туралы

                                ЕРЕЖЕ



 
       1. Осы Ереже "Сырттан қарыз алу және сыртқы борышты басқару туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 10 сәуiрдегi Заңына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк сыртқы заемдар мен мемлекеттiк емес сыртқы заемдарды тiркеу тәртiбiн айқындайды.
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар барлық мемлекеттiк сыртқы заемдар мен мемлекеттiк емес сыртқы заемдарды тiркеудi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жүзеге асырады.
      3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнде:
      шет мемлекеттермен, халықаралық қаржы ұйымдарымен, шетелдiк банктермен және басқа несие берушiлермен жасалған үкiметаралық келiсiмдерге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметiне және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне;
      Қазақстан Республикасының резиденттерi - екiншi деңгейдегi банктерге және ұйымдарға берiлген Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар барлық мемлекеттiк сыртқы заемдар мен мемлекеттiк емес сыртқы заемдар тiркеуге жатады.
      4. Мемлекеттiк сыртқы заемдарды тiркеу заем туралы келiсiмдi Қазақстан Республикасының Парламентi бекiткеннен кейiн 10 күн мерзiмде жүзеге асырылады.
      5. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар мемлекеттiк емес сыртқы заемдарды тiркеу үшiн несиелiк немесе заемдық келiсiмге қарыз алушы (Заемшы) ретiндегi ұйым тараптар келiсiмге қол қойған күннен бастап 10 күн мерзiм iшiнде осы келiсiмнiң түпнұсқасын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне тапсыруға мiндеттi.
      6. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiгi бар тiркелетiн мемлекеттiк сыртқы заемдарда және мемлекеттiк емес сыртқы заемдарға қызмет көрсетуге уәкiлдiк берiлген заемшы мен банк заем туралы тiркелген келiсiмге тараптар қол қойған сәттен бастап 10 күн мерзiм iшiнде құжаттардың пакетiн (өкiлдi құжаттар, келiсiм-шарттар, кепiлдiктер және қарсы кепiлдiктер, өтеу схемалары, төлем кестелерi және т.б.) тапсырады.
      7. Тiркеу заемшы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне

 

барлық қажеттi құжаттарды тапсырған күннен бастап 15 күн iшiнде

жүргiзiледi.

     8. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнде несиелiк

немесе заемдық келiсiмнiң және осы Ереженiң 6-тармағына сәйкес қоса

берiлетiн барлық басқа құжаттардың көшiрмелерi қалады.

     9. Заемшыға белгiленген нысандағы тiркеу куәлiгi берiледi (қоса

берiлiп отыр).

     10. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнде тiркелген

несиелiк немесе заемдық келiсiмге енгiзiлетiн кез келген өзгерiс

белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсiлуi

керек.


                                              Қосымша


          Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi

                       ТIРКЕУ КУӘЛIГI N

____________________қаласы  199__ж. "  "___________________________

Осы арқылы мыналар куәландырылады:

     а) заемшы ____________________________________________________

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне несие келiсiм тiркеуге

ұсынады

199_жылғы " " __________________________ N ____________келiсiм түрi

______________________(БНК, ЖНК)

Несие түрi ____________________________________Несие берушi________

___________(несие берушiнiң атауы,орналасқан жерi) ________________

Заемшы ____________________________________________________________

              (заемшының аты, тұрған жерi)

Қарыз сомасы _____________________ валюта атауы ___________________

Игеру кезеңi: _____________________________________________________

               басталу күнi - аяқталу күнi (қолданылу мерзiмi)

Өтеу кезеңi: ______________________________________________________

                басталу күнi - аяқталу күнi

Өтеу көздерi:

1. ________________________________________________________________

                    (өтеу көзiнiң атауы)

2. ________________________________________________________________

                    (өтеу көзiнiң атауы)

Жолай шығыстардың көздерi:

шығыстардың атауы _____________________ шығыс көзi_________________

шығыстардың атауы _____________________ шығыс көзi_________________

     б) бұл несие немесе заем келiсiмiне мынадай құжаттардың көшiрмесi

қоса берiледi:

____________________________________________________________________

   N |  Құжат түрi   |   Құжат нөмiрi      |  Ресiмделген күнi

____________________________________________________________________

     |               |                     |

____________________________________________________________________

     в) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi аталған несие

немесе заем келiсiмiн тiркедi және заемшыға оны iске асыруға

кiрiсуге рұқсат бередi.


         Қазақстан Республикасының

         Қаржы вице-министрi