Республиканың сейсмикалық қауiптi аймақтарында қиратқыш жер сiлкiнiстерiнiң залалын төмендету жөнiндегi шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 1997 жылғы 26 тамыздағы N 1286

Жаңартылған

      "Табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауiптi аймақтарында болуы мүмкiн қиратқыш жер сiлкiнiсiнiң залалын төмендету, сейсмикалық қауiптiлiктi бағалау және жер сiлкiнiстерiн болжау жөнiндегi зерттеулердi дамыту, үйлер мен ғимараттарды, қосымша жарақтандыруды нығайту, авариялық-құтқару қызметтерi мен бөлiмшелерiн, халықты хабарландыру жүйелерiн даярлыққа келтiру, қажеттi материалдық-техникалық ресурстардың қорын құру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:

      1. Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясы:
      Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен келiсiм бойынша бiр ай мерзiм iшiнде сейсмикалық байқау, жер сiлкiнiстерiн болжау және олардан болған залалды бағалау жөнiндегi 1997-2002 жылдарға арналған мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаны қарасын және бекiтсiн, және оның Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясына iргелi зерттеулерге арналып бөлiнетiн республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен бiрiншi кезектi қаржыландырылуын қамтамасыз етсiн;
      Сейсмологиялық тәжiрибе-әдiстемелiк экспедицияның сейсмологиялық байқаулар жүргiзуi жөнiндегi жұмыстардың кешенiне арналған қажеттi қаржы-қаражатының толық көлемде бөлiнуiн қамтамасыз етсiн;
      Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлiгiнiң Құрылыс және сәулет-қала құрылысын бақылау агенттiгiмен бiрлесiп, жаңа деректердi ескере отырып, 1997 жылы Қазақстан Республикасының аумақтарын сейсмикалық аудандастыру картасын жасасын және басып шығарсын;
      1997 жылы мүдделi орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп көмiрсутегi шикiзатын қарқынды игеру аумақтарын сейсмикалық аудандастыру жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырсын.

      2. Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының әкiмдерi:
      үш ай мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен келiсiм бойынша көзделген шараларды қаржыландыру көздерiн айқындай отырып, халықты және аумақтарды қорғау, мүмкiн болатын қиратқыш жер сiлкiнiстерiнен залалдарды төмендету жөнiндегi мақсатты аумақтық бағдарламаларды қайта қарасын және бекiтсiн.
      Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясымен келiсiм бойынша 1997 жылы жер сiлкiнуi мүмкiн аудандарда сейсмологиялық байқаудың қосымша пункттерiн, оның iшiнде Алматы облысында - кемiнде 9 пункт, Шығыс Қазақстан облысында - кемiнде 4 пункт, Оңтүстiк Қазақстан және Жамбыл облыстарында әрбiр облыста кемiнде 2 пункт ұйымдастырсын және жабдықтасын;
      министрлiктермен және ведомстволармен, пәтер иелерiнiң кооперативтерiн қоса алғандағы меншiктiң барлық нысандарындағы кәсiпорындармен және ұйымдармен бiрлесiп 1997-1998 жылдары қажеттi қаржы қаражатын тарту жөнiнде қосымша шаралар қабылдасын және мектептердi, мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiн, ауруханаларды, емханаларды, барынша қауiптi объектiлердi, тыныс-тiршiлiк объектiлерiн, тұрғын үйлердi, адамдар көп болатын объектiлердi жер сiлкiнiсiне қарсы нығайтуға айрықша назар аудара отырып, сейсмикалық берiк емес үйлер мен ғимараттарды жер сiлкiнiсiне қарсы нығайту немесе бұзу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырсын.

      3. Табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайларды жоюды қоса алғанда, төтенше жағдайлар мен шараларды қаржыландыру үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервтiк қорынан 225 (екi жүз жиырма бес) млн. теңге сомасында:
      1) мемлекеттiк үйлер мен ғимараттарды жер сiлкiнiсiне қарсы күшейту жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге - 190 млн. теңге, олардан:
      Алматы қаласының әкiмiне - 64 (алпыс төрт) млн. теңге;
      Алматы облысының әкiмiне - 77 (жетпiс жетi) млн. теңге;
      Жамбыл облысының әкiмiне - 19 (он тоғыз) млн. теңге;
      Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмiне - 19 (он тоғыз) млн. теңге;
      А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығы үшiн Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiне - 11 (он бiр) млн. теңге;
      2) республикалық сейсмологиялық байқау және жер сiлкiнiсiн болжау жүйесiн дамыту мен қайта жарақтандыруға:
      Сейсмология институты үшiн Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясына - 35 (отыз бес) млн. теңге (олардан 31 (отыз бiр) млн. теңгенi жаңа болжамдық байқау станциялары мен пункттерiн құруға және олардың жұмыс iстеп тұрғандарын қайта жарақтандыруға және 4 (төрт) млн. теңгенi сейсмологиялық байқаулар мен жел сiлкiнiсiн болжаудың республикалық жүйесiнiң айрықша жұмыс режимiн жүргiзу кезiнде қосымша жалақы төлеудi қоса алғандағы жер сiлкiнiсiн болжау жөнiндегi қосымша байқауларды ұйымдастыруға және жүргiзуге байланысты еңбекақы төлеуге көздеп) бөлiнсiн.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Қаржы бақылау комитетi бөлiнген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылау жасауды қамтамасыз етсiн.

      5. Қазақстан Республикасының Энергетика және табиғи ресурстар министрлiгi, Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясы мүдделi орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен, меншiк нысандарына қарамастан кәсiпорындармен және ұйымдармен бiрлесiп, 1997-1998 жылдардың iшiнде тиiстi бюджеттер мен шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң қаражаты есебiнен көмiрсутегi шикiзатының пайдаланылып отырған кен орындарына сейсмомониторинг жүйелерiн құруды және енгiзудi ұйымдастырсын.

      6. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне Талғар кешендi сейсмологиялық экспедициясы мен Николаев тереңдiктiк сейсмологиялық станцияның мемлекеттiк мүлкiн жедел басқару құқығы берiлсiн. Қазақстан Республикасы қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк пен активтердi басқару департаментi берудi бiр ай мерзiм iшiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырсын.

      7. Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлiгiнiң Құрылыс және сәулет-қала құрылысын бақылау агенттiгi:
      республиканың сейсмикалық қауiптi аймақтарында сейсмикалық берiк үйлер мен ғимараттардың құрылысын салу жөнiндегi нормалар мен ережелердiң сақталуына айрықша назар аудара отырып, жаңа объектiлер құрылысының сапасына тиiстi бақылау жасауды қамтамасыз етсiн;
      1997 жылы "Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауiптi аудандарында құрылыс салудың" жаңа құрылыс нормалары мен ережелерiн (ҚНжЕ) бекiтсiн;
      облыстардың және Алматы қаласының әкiмдерiмен бiрлесiп тектоникалық опырылымдар аймақтарында, сондай-ақ сырғыма, сел және көшкiн қаупi бар аумақтарда құрылыс салуға жол бермеу жөнiнде түпкiлiктi шаралар қабылдасын.

      8. Министрлiктердiң, ведомстволардың және ұйымдардың басшылары 2 айлық мерзiм iшiнде өз авариялық-құтқару құралымдары мен қызметтерiн қажеттi кадрлармен, мүлiкпен, жабдықтармен жеке қорғаныс құралдарымен, техникамен және құрал-саймандармен толықтыру жөнiнде шаралар қабылдасын, олардың тұрақты даярлығын қамтамасыз етсiн.

      9. Облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi хабарландыру және байланыс жүйелерiнiң тұрақты даярлығын қамтамасыз ету мақсатында:
      бiр айлық мерзiм iшiнде аудандарға дейiн қоса алғанда төтенше жағдайлар кезiнде байланысты ұйымдастырудың кестесiн әзiрлесiн және бекiтсiн және үш айлық мерзiм iшiнде облыстық және аудандық орталықтардың арасындағы тәулiк бойғы тұрақты радио байланысын қамтамасыз етсiн;
      1997 жылы хабарлау белгiлерi мен шұғыл ақпараттарды теле және радиохабарларын тарату компаниялары (меншiк нысандарына қарамастан) арқылы, сондай-ақ авариялық қызметтер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерi арқылы беру мәселелерiн пысықтасын;
      1997-1998 жылдардың iшiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында хабарландыру жүйесiн қайта жаңартуды аяқтасын;
      1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мен Төтенше жағдайлар жөнiндегi облыстық басқармалар жедел кезекшiсiнiң жұмыс орнынан хабарландыру желiлерiн автоматтандырылған арақашықтық басқаруды қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарды аяқтасын.

      10. Облыстар мен Алматы қаласының әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi, Денсаулық сақтау министрлiгi, Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясы, Энергетика және табиғи ресурстар министрлiгi, Қорғаныс министрлiгi, Экономика және сауда министрлiгi, Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, Экология және биоресурстар министрлiгi, Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк материалдық резервтер жөнiндегi комитетi, "Алаугаз" акционерлiк компаниясы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен келiсiм бойынша үш айлық мерзiм iшiнде төтенше жағдайлар жөнiндегi республикалық автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесiне барынша қауiптi төтенше жағдайлардың алдын алу жөнiндегi шаралар, азаматтық қорғаныс күштерi мен құралдары дайындығының жай-күйi, табиғи зiлзалалардың, авариялардың, апаттардың болу қаупi немесе пайда болуы туралы, төтенше жағдайлар болған аймақтардағы жедел ахуал мен олардың зардаптарын жоюдың барысы туралы компьютераралық байланыс бойынша тұрақты негiзде ақпараттар берудi қамтамасыз етсiн.

      11. Көлiк және коммуникациялар министрлiгi Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен бiрлесiп:
      екi айлық мерзiм iшiнде төтенше жағдайларда халықты тасымалдау мен көшiрудi ұйымдастыру жөнiндегi өзара iс-қимылдың жоспарларын, сондай-ақ зiлзала аймақтарына төтенше жағдайларды жою үшiн бөлiнген күштер мен қаражаттарды жеткiзудiң жоспарларын нақтыласын;
      1998 жылы бейбiт және соғыс уақытындағы төтенше жағдайларда Қазақстан Республикасының халқы мен мемлекеттiк басқару органдарын хабарландырудың республикалық және облысiшiлiк орталықтандырылған жүйелерiн жаңартудың жобаларын әзiрлесiн;
      қауiптi жүктермен жұмыс iстеу үшiн мамандар даярлау жөнiнде ұсыныс дайындасын және мемлекеттiк тапсырыстың құрамына кiргiзу үшiн Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлiгiне енгiзсiн.

      12. Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, министрлiктердiң, ведомстволардың, меншiк нысанына қарамастан кәсiпорындар мен ұйымдардың басшылары 1998 жылы барынша қауiптi объектiлер, оның iшiнде гидротехникалық құрылыстар орналасқан аудандарда хабарландырудың жергiлiктi жүйелерiнiң құрылысын аяқтауды қамтамасыз етсiн.

      13. Министрлiктер мен ведомстолар төтенше жағдайларды жою барысында азаматтық қорғаныс шараларын орындау, авариялық құтқару жұмыстарын жүргiзудi қамтамасыз ету мақсатында бiр ай мерзiм iшiнде азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың республикалық қызметтерiн нақтыласын және толық жинақтасын, тиiстi оқулар мен жаттығуларды тұрақты түрде жүргiзсiн. <*>
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.05. N 1237 қаулысымен .

      14. Қазақстан Республикасының Бiлiм және мәдениет министрлiгi:
      1997-1998 оқу жылынан бастап мектеп сабақтары мен балаларды мектеп жасына дейiнгi мекемелерде ұстауды сейсмикалық берiк емес үйлерден сейсмикалық берiк үйлерге көшiру жөнiндегi мәселелердi шешудi қамтамасыз етсiн, оқу орындары мен мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiнiң мемлекеттiк органдар жүйелерiн реформалау мен басқару аппаратын қысқартудың барысында босаған сейсмикалық берiк әкiмшiлiк үйлерiн пайдалануы мүмкiндiгiн қарасын;
      барлық үлгiдегi жалпы бiлiм беретiн мектептерде, кәсiптiк-техникалық мектептерде және арнаулы орта оқу орындарында қажеттi материалдық-техникалық базалар жасау және тиiстi педагогикалық кадрлармен жасақтау арқылы "Бастапқы әскери даярлық" курсы ("Тыныс-тiршiлiк қауiпсiздiгiнiң негiздерi" тарауы) бойынша жаңа бағдарлама енгiзудi жеделдетсiн;
      Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен келiсiм бойынша жоғары оқу орындарында "Сейсмикалық берiк құрылыс" және "Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою" мамандықтары бойынша студенттер даярлауды ұйымдастырсын.

      15. "Алматы қаласында, Алматы және Талдықорған облыстарында болуы мүмкiн жер сiлкiнiстерiнiң залалын азайту және олардың зардаптарын жою жөнiндегi қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 30 желтоқсандағы N 1490 қаулысының  4-6, 8, 12, 19, 32-тармақтарының күшi жойылған деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы       
Үкіметінің 1999 жылғы 20 тамыздағы 
N 1205 қаулысына қосымша     

Қазақстан Республикасы      
Үкіметінің 1997 жылғы       
26 тамыздағы N 1286        
қаулысына қосымша <*>      

      ЕСКЕРТУ. Қосымша жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999.08.20. N 1205 қаулысымен .

Қазақстан Республикасының министрліктері мен агенттіктеріндегі Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметтерінің
Тізбесі

      Қазақстан Республикасының           Азаматтық қорғаныс және
      министрліктері,                     төтенше жағдайлар қызметі
                                          агенттіктері

      Қазақстан Республикасының           Қоғамдық тәртіпті қорғау
      Ішкі істер министрлігі              қызметі

      Қазақстан Республикасының           Өртке қарсы қызмет
      Төтенше жағдайлар жөніндегі
      агенттігі

      Қазақстан Республикасының           Дәрігерлік қызмет
      Денсаулық сақтау, білім
      және спорт министрлігі    

      Қазақстан Республикасының            Ақпарат және хабарлау
      Мәдениет, ақпарат және               қызметі
      қоғамдық келісім министрлігі

      Қазақстан Республикасының            Сауда және тағам қызметі
      Энергетика, индустрия                Химиядан қорғау қызметі
      және сауда министрлігі               Инженерлік қызмет
                                           Энергетика қызметі
                                           Жанар-жағар май
                                           материалдары қызметі    

     Қазақстан Республикасының             Жануарлар мен
     Ауыл шаруашылығы                      өсімдіктерді қорғау
     министрлігі                           қызметі    

     Қазақстан Республикасының Көлік,      Хабарлау және байланыс
     коммуникациялар және                  қызметтері
     туризм министрлігі                    Көлік қызметі
                                           Жол және көпір қызметі
                                           (коммуналдық меншікке
                                           берілген жолдардан басқа)

     Қазақстан Республикасының             Радиациялық қорғау
     Ғылым және жоғары білім               қызметі
     министрлігі (Атом
     энергиясы агенттігі)