Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының қаражатын орталықтандыру мәселесiн жедел шешу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. "Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының қаржылары бойынша өзара есеп айырысу, есепке алу және жұмсау операцияларын жүргiзу тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 6 қазандағы N 1120 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 42, 455-құжат) бекiтiлген Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының қаржылары бойынша өзара есеп айырсу, есепке алу және жұмсау операцияларын жүргiзу тәртiбiне мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Жарна төлеушiлер Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына жарналарды аударуға арналған бiр төлем тапсырмасын қызмет көрсетушi банкке жалақы төлеу үшiн белгiленген мерзiмде, бiрақ келесi айдың 10-күнiнен кешiктiрмей мiндеттi түрде табыс етедi. Бұл орайда төлеушi облыс деңгейiндегi Қазақстан Республикасы мемлекеттiк Бюджеттiк банкiнiң облыстық басқармаларына (Алматы қалалық) еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау басқармаларына ашылған N 000829К00 жинау шотын көрсетедi, ал алушы ретiнде төлемшi тiркелген аудандық еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау бөлiмшесi мен осы ауданның еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау бөлiмiнiң салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн (СТН) көрсетуi керек.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Бюджеттiк банкiнiң облыстық басқармасы тиiстi (жинау) шотқа келiп түскен сақтандыру жарналарынан 70 процент мөлшерiнде күн сайынғы аударымды - облыстық (Алматы қалалық) еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау басқармасының қаражатты есептеу жөнiндегi шотына және Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Бюджеттiк банкiнде ашылған Қазақстан Республикасы Зейнетақы қорының N 000829708 МФО 19000501008 орталықтандырылған шотына 30 процент мөлшерiнде аударуды қамтамасыз етедi.
Жарналардың төленуiн бақылауды қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасы мемлекеттiк Бюджеттiк банкiнiң облыстық басқармалары аудандар бойынша қабылданған төлемдердiң тiзiлiмiн жасайды."
2. Мыналардың күшi жойылған деп танылсын:
"Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорымен есеп айырысу жөнiндегi елеулi кемшiлiктер мен қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1995 жылғы 5 қазандағы N 1306 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 32, 403-құжат) 3-тармағы;
"Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына қаржы жиналуын жақсарту және зейнетақылар мен жәрдемақылардың төленуiн қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1995 жылғы 28 қарашадағы N 1600 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 36, 467-құжат) 5-тармағы.
3. Осы қаулы 1997 жылдың 10 сәуiрiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi