Мониторинг және тауар нарықтарының дамуын басқару тәртiбiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1996 жылғы 31 қазан N 1323

Қолданыстағы
      Қажеттi ақпараттар алу мен тауар нарықтарының дамуын басқару мәселелерiнде министрлiктер мен ведомстволардың өзара iс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Қоса берiлiп отырған Мониторинг пен тауар нарықтарының дамуын басқару тәртiбi бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi, Сыртқы iстер министрлiгi, Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Өнеркәсiп және сауда министрлiгi, Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлiгi, Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгi, мемлекеттiк акционерлiк компаниялары Мониторинг және тауар нарықтарының дамуын басқару тәртiбiне сәйкес мониторинг және тауар нарықтарының дамуын басқару жүйесiн құру мен оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз етсiн.
      Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi әлемдiк

тауар нарықтарының мониторингiне Елшiлiктердiң қатысуын қамтамасыз
етсiн.
     3. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi, Өнеркәсiп
және сауда министрлiгi Қазақстанда тауар нарықтарының конъюнктурасы
жөнiнде мамандандырылған шаруашылық есептегi ұйымдарды құрудың
мақсатқа сәйкестiгi туралы дәлелдi ұсыныс енгiзсiн.

     Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрiнiң
      бiрiншi орынбасары 
     
                                      Қазақстан Республикасы
                                            Үкiметiнiң
                                      1996 жылғы 31 қазандағы
                                        N 1323 қаулысымен
                                             Бекiтiлген

         Мониторинг және тауар нарықтарының дамуын басқару
                             ТӘРТIБI

           1. Жалпы ережелер мен түсiнiктер

     1. Осы Тәртiп мониторинг жүргiзу және тауар нарықтарының дамуын
басқару жөнiндегi жұмыс мазмұнын айқындайды.


      2. Тауар нарығы дегенiмiз - саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтiк және басқа да факторлардың кең ауқымын қамтитын тауарларды өндiруге және өткiзуге ықпал ететiн тауар-ақша қатынастарының жүйесi. Тауар нарығы: тұтынушылық және өнеркәсiптiк болып бөлiнедi.
      3. Тауар нарықтарының мониторингi дегенiмiз - елдегi және шетелдердегi өнеркәсiптiк және тұтынушылық тауар нарықтары туралы мәлiметтердi жүйелi түрде жинау және талдау.
      4. Тауар нарықтарының мониторингi тиiмдi экономикалық саясат жасау мен тауар нарықтарының дамуын басқару үшiн қажеттi ақпарат алу мақсатында жүзеге асырылады.
      5. Тауар нарықтарын басқару дегенiмiз - мақсатты бағдарламалар, салықтар, кедендiк тарифтер, тарифтерi емес шаралар, жәрдемақылар, несиелер, кепiлдiктер, ақпараттық-маркетингтiк қамтамасыз етулер арқылы валюталық-қаржылық, құрылымдық-инвестициялық, бағалық, монополияға қарсы, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, аймақтық және өнеркәсiптiк саясат арқылы iске асырылатын тауар нарықтарының дамуын мемлекеттiк реттеу.

            2. Тауар нарықтарының мониторинг жүйесi

      6. Аса маңызды тауар нарықтарының мониторинг жүйесiне өндiрiстiк дамуын, сұраным мен ұсынысты, экспорт пен импортты, экспорттаушы және импорттаушы елдерде бағаның қалыптасуы мен бағалар деңгейiн салыстыруды, сату мен сатып алу шарттарын, iшкi және сыртқы нарықтардағы бәсеке қабiлеттiгiн, кедендiк қорғаудың пәрмендiлiгi деңгейiн, халықаралық сауда саясаты мен мемлекеттiк реттеу шараларын, жетекшi өндiрушi және экспорттаушы елдердiң өндiрiске жәрдем беруi мен тауарлардың экспортын қоса алғанда, осы нарықтарда қалыптасқан экономикалық жағдайларды байқау мен зерттеу кешенi жатады.
      7. Мониторинг Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң 1996 жылғы 8 сәуiрдегi N 153 өкiмiмен бекiтiлген аса маңызды тауар нарықтарының тiзбесi бойынша жүзеге асырылады.
      Экономикалық жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Экономминi Ұлттық статистика агенттiгiмен және мүдделi министрлiктермен, ведомстволармен келiсе отырып, оған өзгертулер мен толықтырулар енгiзедi.
      8. Тауар нарықтарының мониторингi әлемдiк және iшкi нарықтар мониторингiнен тұрады.
      9. Әлемдiк тауар нарықтарының мониторингi:
      өндiрiстiң дамуын, экспортты, импортты, қорларды, бағаларды қоса алғанда, аса маңызды халықаралық тауар нарықтары жөнiнде ақпараттар жинау мен зерттеудi;
      белгiлi бiр тауар нарығы жөнiнде және тұтас алғанда даму бағыты мен болжамына талдау жасауды;
      дамыған елдердiң нарықтық жағдайын зерттеудi;
      өндiрушi, экспорттаушы және импорттаушы жетекшi елдердiң тауар нарықтарына қатысты мемлекеттiк саясатын зерттеудi;
      тауар өндiрушiлердi қорғау жөнiндегi шараларды, өндiргiш күштерiн орналастыруда мемлекеттiң араласуы деңгейiн зерделеудi;
      әлемдiк тауар өндiрушiлерi үшiн мүмкiндiктер туралы қорытындылар дайындауды қамтиды.
      10. Әлемдiк тауар нарықтарының мониторингiн Өнеркәсiпсаудаминi, Сыртқыiсминi, Экономминi әзiрлеген және бекiткен Әдiстемелiкке сәйкес, осы Ереженiң 9-тармағында белгiленген тiзбе бойынша мәлiметтердi ұдайы әзiрлеудi жүзеге асырады және оларды Экономминiне тапсыруды қамтамасыз етедi.
      Экономминi әлемдiк тауар нарықтарының мониторингi үшiн қажеттi ақпараттар алудың қосымша арналарын қамтамасыз ету мақсатында оларды халықаралық ақпараттық ұйымдармен бiрге тапсыру туралы келiсiм жасайды, осы жұмысқа Сауда-өнеркәсiп палатасын, тауар биржаларын тартады.
      11. Iшкi тауар нарықтарының мониторингiне:
      Қазақстандағы өндiрiс, экспорт, импорт, өнiмдердiң аса маңызды түрлерiнiң қорлары мен тұтыну туралы ақпараттар жинау;
      белгiлi бiр тауар нарығы жөнiнде және тұтас алғанда даму бағыты мен болжамына талдау жасау;
      тауар нарықтарының сыйымдылығына, бағаны түзеу мен iшкi және сыртқы нарықтарда отандық тауарлардың бәсекеге қабiлеттiлiгiне талдау жасау;
      дамудың болашағы, инвестициялар туралы мәлiметтер;
      тауар қозғалысының арналарын зерделеу;
      тауар нарықтарының жұмыс iстеуiнiң экономикалық жағдайларын, iшкi заңдық, үкiметтiк және ведомстволық нормативтiк актiлерiн, кедендiк қорғаудың пәрмендiлiгi деңгейiн зерттеу жатады.
      12. Аса маңызды iшкi тауар нарықтарының мониторингiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң 1996 жылғы 17 қыркүйектегi N 440 өкiмiмен бекiтiлген Аса маңызды өнiмдер түрлерi нарықтарының жағдайы туралы талдау материалдарын дайындау жөнiндегi әдiстемелiк ұсыныстарына сәйкес, Экономминi, Ұлттық статистика агенттiгi, Бағамеммонсаясатком, салалық министрлiктер мен ведомстволар тауар өндiрушi кәсiпорындармен бiрлесе отырып жүзеге асырады.
      13. Республиканың мемлекеттiк органдары жүзеге асыратын әлемдiк және iшкi тауар нарықтары мониторингiнiң ақпараты негiзiнен қызмет бабында қолданылады, бiрақ қажет болған жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауы, сондай-ақ мүдделi тұлғалар мен ұйымдарға коммерциялық негiзде берiлуi мүмкiн.

            3. Тауар нарықтарының дамуын басқару

      14. Тауар нарықтарының дамуын басқару iшкi нарықта тауарларды еркiн өткiзудi қамтамасыз ету, шаруашылық жүргiзушi субъектiлер мен елiмiз халқының оларға деген төлем қабiлетiнiң сұранымын неғұрлым толық қанағаттандыру, отандық тауар өндiрудi дамыту және әлемдiк тауар нарықтарында еркiн сатуды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
      15. Осы аталған мақсаттарға сүйенiп, Қазақстан Республикасының атқарушы органдары төмендегi мiндеттердi шешудi қамтамасыз етедi немесе ықпал жасайды:
      жоғары тиiмдi, iшкi және әлемдiк нарықтарда бәсекеге қабiлеттi өндiрiстердi қалыптастырады;
      ұлттық тауарлық нарықтарды iшкi нарықтардың келеңсiз ықпалынан, арамза бәсекелестiктен қорғайды;
      экономиканы монополиясыздандырады және Қазақстанның нарықтарында бәсекелестiктi дамытады, тауар нарықтарында шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң үстемдiк жағдайын терiс пайдаланудан сақтандырады және болдырмайды, монополиялық құрылымдар құруға немесе сақтауға қарсы iс-қимыл жасайды;
      өндiрушiлер мен экспорттаушылардың баға саясатын үйлестiредi;
      iшкi тауар нарықтарының дамуында әкiмшiлiк-аймақтық кедергiлердi жояды;
      әлеуметтiк және экономикалық маңызы бар тауар өндiрудiң басымдылығын анықтайды және ынталандырады;
      елдiң экономикалық қауiпсiздiгiн, азық-түлiктiк және энергетикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi;
      отандық өнiмдердiң әлемдiк тауар нарықтарына өтуiн және жеткiзiлуiн тиімдiлiкпен реттеп отырады.
      16. Тауар нарықтарының дамуын, iшкi нарықты қорғауды мемлекеттiк басқару экономикалық реттеулер жүйесi мен әкiмшiлiк шаралар арқылы жүзеге асырылады, оған:
      мемлекеттiк мақсатты бағдарламаларды әзiрлеу мен жүзеге асыру;
      тауар нарықтарының дамуына болжау жасау;
      басым және әлеуметтiк маңызы бар өндiрiстердi дамыту үшiн орталықтандырылған инвестицияларды бағыттау және сыртқы заемдарды тарту;
      отандық тауар өндiрудiң дамуын ынталандыру және оның жеделдетiлген амортизация, жеңiлдетiлген салық салу мен басымдылықпен несие беру арқылы экспорттық әлеуетiн көтеру;
      сыртқы сауда қызметiн кедендiк-тарифтiк және тарифтiк емес реттеу;
      тауарларды импорттауға қатысты тергеулер жүргiзу және қорғау шараларын енгiзу;
      техникалық, фармакологиялық, санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық және экологиялық стандарттар мен талаптар, әкелiнетiн тауарлар сапасын бақылау;
      iшкi сауда ақпараты жүйесiн және ақпараттық-консультациялық қызметтердi құру арқылы республиканың шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiн ақпараттық қамтамасыз ету;
      экспорттық несиелердiң кепiлдiгi мен сақтандыру жүйесiнiң жұмыс жасауын қамтамасыз ету;
      тауарларды экспорттауды дамыту жөнiнде жарнама шаралары мен нарықтарын жүргiзу жатады.
      17. Қазақстанның тауар нарықтарының дамуын басқару республикалық және аймақтық мемлекеттiк органдар арқылы жүзеге асырылады, оларға төмендегi мiндеттер:
      iс-қимылды үйлестiру және бақылау, мемлекеттiк саясатты iске асыру, нарықта заңды және жеке тұлғалармен өзара iс-қимыл жасау;
      шетелдiк технологияларды, ноу-хауды, инвестицияларды тарту арқылы бәсекеге қабiлеттi өндiрiстi дамытуға ықпал жасау;
      осы Тәртiптiң 2-бөлiмiндегi 6-15-тармақтарына сәйкес тауар нарықтары бойынша ақпараттар жинау мен тарату;
      экспорттың тиiмдi жүйесiн арттыру мен қалыптастыру;
      елдiң өндiрушiлерi мен экспорттаушыларының әлемдiк нарықтағы мүдделерiн қорғау;
      қолда бар экономикалық жағдайларға зерттеу жүргiзу, тауар нарықтарын дамытуды басқару, Қазақстанның және оның шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiнiң экономикалық мүдделерiн қорғау жөнiнде халықаралық сауданың экономикалық саясатын жасау және Үкiметке ұсыныстар әзiрлеу, экспорттық ахуалды, экспорттық инфрақұрылымдарды, экспортты рәсiмдеудi ықшамдау мәселелерi бойынша Үкiметке ұсыныстар дайындау және консультация беру;
      ұлттық экспорттық дамудың бағдарламалары мен жоспарларын жасау және олардың орындалуын қамтамасыз ету;
      тауарлардың қозғалысы жөнiнде халықаралық, аймақтық және ұлттық ұйымдармен тұрақты байланыстарды жолға қою;
      өндiрушi-экспорттаушылардың тәуелсiз, мемлекеттiк емес, коммерциялық емес бiрлестiктерiн қалыптастыру және дамытуға ықпал жасау;
      шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге жаңа өнiмнiң маркетингi, жаңа нарықтарға шығуы, әлемдiк және iшкi нарықтарға баға беру бойынша шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге консалтингтiк және трейдингтiк қызмет көрсетулердi беру жөнiнде құрылымдар ұйымдастыру;
      сауда жәрмеңкелерiне, көрмелерге, сауда делегацияларымен кездесулерге экспорттаушылардың қатысуын ұйымдастыру және тарту;
      экспорт пен импортқа бақылау жасау, арамза бәсекелестiктi,

саудадағы заңсыздықты болдырмау және сыртқы саудада қорғау шараларын
дайындау;
     шет елдерде сауда шаруаларын (сауда өкiлдiктерiн, сауда
үйлерiн, сауда агенттерiн, салалық офистердi, агенттiктердi, көрме
залдарын) қолданудың таралым жүйесiн құру;
     халықаралық тауарлық ұйымдарға және шикiзат тауарлары бойынша
зерттеу топтарына қатысу жүктеледi.
     18. Отандық тауар нарықтарын дамытудың индикаторлары ретiнде:
     өндiрiстiң, экспорт пен импорттың дамуы;
     сату мен сатып алу көлемi және құрылымының дамуы мен өнiмдердi
сатып алу;
     өнiмдердi өндiру бiрлiгiне кеткен шығындардың көлемi мен
құрылымының дамуы;
     iшкi және әлемдiк бағалардың, олардың ара қатынасының дамуы;
     нақты тауардың тұтынушылық қасиетiнiң артуы пайдаланылады.
     Аталған көрсеткiштер тауар нарықтарының дамуына баға беру мен
болжамдар жасау үшiн, оларға мемлекеттiк реттеу шараларын қолданудың
тиiмдiлiгiне талдау жасауға пайдаланылады.

        4. Мониторингтi және тауар нарықтарының дамуын
           басқаруды қамтамасыз етудегi министрлiктер
              мен ведомстволардың өзара iс-қимылы



      19. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi мониторингтi, оның методологиялық қамтамасыз етiлуiн ұйымдастыру жөнiндегi үйлестiрушi орган болып табылады.
      20. Экономминi мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен келiсiм әзiрлеудi iшкi және әлемдiк тауар нарықтарының мониторингi бойынша Әдiстемелiк ұсыныстар бекiтудi қамтамасыз етедi.
      21. Республиканың министрлiктерi мен ведомстволары Экономминi белгiлеген мерзiмде iшкi және әлемдiк тауар нарықтарының мониторингiне енгiзiлген ақпараттарды жинауды, оған талдау жасауды, олардың мемлекеттiк басқарылуы мен реттелуiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеудi Экономминiне мониторингтiң материалдары мен ұсыныстарын берудi қамтамасыз етедi.
      22. Экономминi нақты тауарлық нарықтар бойынша берiлген талдау жазбалары мен даму болжамын жинақтап қорытады, оларды Қазақстан Республикасының Үкiметiне, мүдделi министрлiктер мен ведомстволарға, облыстар мен қалалардың әкiмдерiне жолдайды, бұқаралық баспасөзде жариялайды.
      23. Тауар нарықтары мониторингiнiң неғұрлым өзектi материалдары мен экономикалық саясатқа түзетулер енгiзу, экономикалық реттеулер жүйесiн өзгерту мен толықтыру және тауарлық нарықтарға әкiмшiлiк ықпал жасау шаралары жөнiндегi тиiстi ұсыныстар тоқсан сайын Экономминi әзiрлейтiн елдiң әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындылары баяндамасына және осы мәселе жөнiндегi Қазақстан Республикасы Үкiметi қаулысының жобасына енгiзiледi.
      24. Экономминi қажет болған жағдайда мүдделi министрлiктердiң, ведомстволардың, ғылыми ұйымдар мен кәсiпорындардың бiлiктi мамандары iшiнен нақты тауар нарықтары бойынша жұмыс топтарын құрады.
      25. Мониторингтi ұйымдастыру және тауар нарықтарының дамуын басқару жөнiндегi жұмыс тобы тоқсан сайын министрлiктер мен ведомстволар дайындаған мәлiметтердi, баға берулердi қарайды, олардың тиiмдiлiгiн арттыру және жетiлдiру жөнiндегi шараларды жасайды және қабылдайды.