Қазақстан Республикасы аймақтық саясатының тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 1996 жылғы 9 қыркүйек N 1097. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001.12.07. N 1598 қаулысымен. ~P011598

Күшін жойған
      Мемлекеттiк аймақтық саясатты ғылыми және әдiстемелiк негiздеу және оның барлық мемлекеттiк басқару деңгейiнде келiсiлген түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы аймақтық саясатының Тұжырымдамасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдары, ғылыми-зерттеу және жобалау институттары өз қызметiнде Тұжырымдаманың негiзгi ережелерiн басшылыққа алсын және оларды Қазақстан

Республикасы Президентi мен Үкiметiнiң тиiстi заңдық, нормативтiк
актiлерiн, шешiмдерiнiң жобаларын және басқа да аймақтық даму мен
өндiрiстiк күштердi орналастыру мәселелерiне қатысты құжаттарды
әзiрлеген кезде ескеретiн болсын.

     Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрi 
     
                                       Қазақстан Республикасы
                                           Үкiметiнiң
                                     1996 жылғы 9 қыркүйектегi
                                         N 1097 қаулысымен
                                            МАҚҰЛДАНҒАН

            Қазақстан Республикасы аймақтық саясатының
                          ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ 



      1. Қазақстан аймақтарының әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейлерiнiң айырмашылығы шынайы болып табылады, ол әлемнiң кез келген елiне тән. Алайда нарыққа көшу кезiнде аймақтық шаруашылықты ұйымдастыру тепе-теңдiгiнiң терең бұзылуына, сондай-ақ қалыптасқан шаруашылық байланыстарының үзiлуiне орай бұл айырмашылықтар бұрынғыдан да күшейе түстi. Бастапқы мүмкiндiктердi ескере отырып нарыққа көшу процесiн басқару тетiгiнiң жетiлмегендiгi мен жекелеген аймақтар тобының оған дайындығының дәрежесi бүтiндей алғанда республиканың экономикасын реформалауды айтарлықтай баяулатты. Қалыпсыздық пен нарықтық реформаларды мемлекеттiк және аймақтық басқару құрылымдарында тiгiнен және көлденеңiнен келiспеушiлiк реформалардың бiрыңғай мемлекеттiк саясатын мақсатты бағытта жүзеге асыруға мүмкiндiк бермейдi.
      2. Қалыптасып отырған жағдайларда аймақтар дағдарыстан шығуда әдеттегiдей ұтымдылықтан алшақ өз жолын таңдайды. Бұл жағдайда стратегиялық мiндеттердi шешу көбiнесе аймақтық басқару органдарының қамту ауқымына iлiнбейдi, ал жалпы мемлекеттiк деңгейде шешiм қабылданар кезде аймақтық ерекшелiктер әрдайым тиiстi мәнiнде бағалана бермейдi.
      3. Сонымен бiрге, экономиканы басқарудың аймақтық деңгейi нарықтық қайта құруларға ең бiр дайындықсыз болып шықты. Басқарудың билiктiк-әкiмшiлiк жүйесi жағдайларында кез-келген аумақтардың экономикасы одақтық, республикалық, салалық органдар басқаратын жекелеген аймақтарға бөлшектендi және аймақтың экономикасын тұтастай басқару болмады.
      4. Трансформациялық процестер мен шаруашылық жүргiзудiң жаңа шарттарымен қоса нарықтық қатынастарды қалыптастырудың аймақтық ерекшелiктерiне байланысты қосымша проблемалар пайда болды. Бұның бәрi мемлекеттiң оны дамытудың жаңа кезеңiне негiзделген аймақтық саясатын жасаудың және оны жүзеге асырудың қажеттiгiн аңғартады.

             I. Бастапқы алғышарттар

      5. Елдiң экономикасын реформалау мен дамытудың жаңа кезеңiнде қолайлы аймақтық факторларды жан-жақты пайдалану мен жағымсыздарының iс-әрекетiн шектеу, реформа барысында облыстар мен аудандардың әлеуметтiк-экономикалық жай-күйiнiң ерекшелiктерiн ескерудiң маңызды мәнi бар.
      6. Аймақтық экономиканы реформалау процестерi мен оның шаруашылық жүргiзудiң нарықтық жүйесiне бейiмделуi бiрыңғай өрiстемеуде. Аймақтардың әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейi бойынша саралануы тереңдей түсуде. Халықтың тұрмысының деңгейi мен сапасы бойынша аймақтардың арасындағы айырмашылық өсiп келедi. Кiрiстiң бiр жанға шаққанда ең жоғарғы және ең төменгi деңгейiнiң арасындағы алшақтықтың құлашы қала тұрғындары бойынша 1:3,3, село бойынша - 1:4 құрайды. Облыстық қиықта бұл көрсеткiштiң ауытқуы 1:3,6 құрайды. Республика бойынша қала халқының жан басына шаққандағы орташа ақшалай кiрiсi село тұрғындарына қарағанда 2,3 құрайды. Жұмыссыздық деңгейi мен экономикалық белсендi халықты еңбекке орналастырудың объективтi мүмкiндiктерi бойынша аймақтық айырмашылықтар айтарлықтай елеулi.
      7. Республиканың шағын және орташа қалалары мен жекелеген ауыл шаруашылығы аудандарының проблемалары шиеленiсiп келедi. Республикадағы 57 шағын және орташа қалалардан макроэкономикалық тұрақтандыру шарасы бойынша тек жекелеген қалалар ғана экономикалық дағдарыстан өз бетiмен шығуға қабiлеттi. Көптеген қалалардың экономикасы терең тоқырауда тұр және белсендi мемлекеттiк қолдауды қажет етедi.
      8. Республиканың артта қалған жекелеген аудандарының тұрғындары қиын жағдайда қалды. Егер реформаларға дейiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен 71 шалғай аудандардың жалпы санынан 30 аудан артта қалған ауыл шаруашылығы аудандарының қатарына жатқызылса, ендi проблемалы аудандардың қатарына iс жүзiнде барлық шалғайдағы аудандарды жатқызуға болады.
      9. Соңғы жылдары пайда болған проблемалар оған дейiнгi аймақтарда бұрын шешiлмей келген әртүрлi теңелiмсiздiктердiң үстiне келiп қосылды. Аймақтық проблемалардың өсiп келе жатқан жиынтықтарына, тұрғын халықтың тұрмыс деңгейi бойынша аймақтардың саралымдануының күшеюiне көбiнекей жүргiзiлiп отырған аймақтық саясаттың кемшiлiктерi, орталық және жергiлiктi басқару органдарының әлеуметтiк-экономикалық дамуды реттеу жөнiндегi функцияларының нақты ара жiгiнiң болмауы себепшi болуда.

             2. Мемлекеттiң аймақтық саясаты: мәнi, мақсаты,
                мiндеттерi, принциптерi

      10. Аймақтық саясат - мемлекеттiң елдi тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамытудың стратегиялық мақсаттары мен мiндеттерiне жету үшiн тiршiлiк әрекетi мен шаруашылық жүргiзудiң аймақтық факторларын тиiмдi пайдалануға бағытталған жалпы саясатының құрамдас бөлiгi болып табылады.
      11. Қазақстан Республикасы аймақтық саясатының мақсаты халықтың тiршiлiк әрекетi үшiн салыстырмалы бiрдей мүмкiндiктер құру мен еңбектi аймақтық ұтымды бөлудiң және аймақтық өзiн-өзi басқаруды дамыту принциптерiн қалыптастырудың негiзiнде әрбiр аймақтың ресурстық-өндiрiстiк мүмкiндiгiн тиiмдi пайдаланудан тұрады.
      12. Аймақтық саясаттың мақсаттарына жету бiрқатар мiндеттердi кезең-кезеңмен шешудi қажет етедi.
      Бiрiншi кезеңде (1996-1997 жылдар) аймақтық саясатты жасау және оны жүзеге асыру үшiн алғышарт құру болжамдалады. Оларға:
      аймақтардың салыстырмалы шаруашылықтық дербестiгiн қамтамасыз етушi саяси, экономикалық, экологиялық және құқықтық сипаттағы шаралар кешенiн әзiрлеу;
      мемлекеттiң макроэкономикалық саясатының жалпы стратегиялық ережелерiне сәйкес аймақтық басымдықтарды айқындау;
      Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында экономикалық белсендiлiктi мемлекеттiк ынталандыру арқылы жекелеген аудандарды сұрыпталған мемлекеттiк қолдауды үйлестiру жатады.
      Екiншi кезеңде (1998-2000 жылдар) елдi экономикалық дамытудың жалпы стратегиясы шеңберiнде аймақтық дамытудың бiрiншi кезектi мiндеттерiн жүзеге асыру:
      институциалдық және нарықтық инфрақұрылымдардың, аймақтық және жалпыреспубликалық тауарлар, еңбек және капитал нарықтарының қалыптасуы мен оның дамуы;
      оларды экономикалық дағдарыстан шығару мен әлеуметтiк-экономикалық дамытуды жеделдету мақсатында шағын және орташа қалалардың шаруашылығын қолдау және қайта құрылымдау;
      артта қалған ауылдар мен селоларды қайта өрлету үшiн материалдық негiздер құру болжамдалады.
      Үшiншi кезеңде (2001-2010 жылдар) республика экономикасының жандануы мен өсуi жағдайларында мiндеттердiң неғұрлым кең спекторын шешу үшiн мүмкiндiк пайда болады. Оларға:
      экономиканың ұтымды кеңiстiктi құрылымдарын қалыптастыру, өндiрiстiң аймақтық ұйымдарын жетiлдiру және аймақаралық инфрақұрылымдарды қалыптастыру;
      өндiрiстiк кешендi ресурстық-мақсаттық теңгерудi қамтамасыз ету, экологиялық-экономикалық тепе-теңдiктi сақтау (қалпына келтiру), аумақтардың әлеуметтiк-экономикалық, ғылыми-техникалық және табиғи ресурстарын неғұрлым тиiмдi пайдалану;
      аймақтар бойынша халықтың тұрмысының деңгейi мен сапасындағы айырмашылықтарды теңестiру, аймақтардағы, әсiресе әлсiз дамыған, экономиканың және әлеуметтiк салалардың тоқыраулық жай-күйiн жеңiп шығу жатады.
      Аймақтық саясатты iс жүзiнде жүзеге асыру мынадай принциптерге:
      бүтiндей алғандағы мемлекеттiң және оның нақты аумақтардағы шаруашылық кешендерiнiң барлық элементтерiнiң тиiмдi дамуын қамтамасыз етушi жекелеген аймақтары мүдделерiнiң ұтымды үйлесуiне;
      аймақаралық және мемлекетаралық байланыстар жүйесiн қалыптастыру және аймақтардың iс-әрекетiнiң мемлекеттiң сыртқы саясаты мен сыртқы экономикалық қызметiнiң негiзгi принциптерiмен тиiстi экономикалық келiсiмдерi мен келiсiмге келулерiн жүзеге асыру кезiнде жалпымемлекеттiк мүдделердiң басымдығын қамтамасыз етуге;
      шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң еңбектi аймақ аралық тиiмдi бөлу мен өндiрiстi интеграциялаудың негiзiндегi тиiмдi өзара iс-қимылына;
      аймақтардағы өндiрiс процестерiн оларды әлеуметтiк-экономикалық дамытудың бастапқы деңгейiне және нарықтық қатынастар жағдайларында функцияландырудың объективтi мүмкiндiктерiне сәйкес реттеудiң сараламалы қадамына;
      аймақтардың аумақтарды әлеуметтiк-экономикалық дамыту міндеттерiн шешудегi, экономиканы реформалаудың әлеуметтiк зардаптарын жұмсартудағы, сондай-ақ мақсат үшiн қажеттi қаржылық және өндiрiстiк ресурстарды қалыптастыру мен жұмылдырудағы экономикалық дербестiгiне;
      аймақтардың экономикалық дербестiгiнiң басымдықты, артта қалған және қолайсыз аудандар мен аумақтарды мемлекеттiк қолдау жүйесiмен ұтымды үйлесуiне, халықты тұратын жерiне қарамастан әлеуметтiк нормативтермен және кепiлдiктермен қамтамасыз етуге;
      аймақтық органдардың халықтың тұрмысының деңгейi мен сапасы, минералдық-шикiзаттық, жер, су және басқа да ресурстарын ұтымды пайдалану, өсiмдiктер мен хайуанаттар әлемiн қалпына келтiру үшiн жауапкершiлiгiне негiзделедi.

             3. Аймақтық саясаттың бағыттары мен басымдылықтары

      13. Аймақтық саясаттың мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкес оның мынадай негiзгi бағыттары:
      аймақтар үшiн басымдықты кәсiпорындар мен өндiрiстерге қажеттi селективтi көмек көрсетудi, құрылымдық өнеркәсiптiк және инвестициялық саясатқа сәйкес кәсiпорындарды санациялау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
      өндiрiске қолдау көрсете және сыртқы және iшкi нарықтарда сұранысқа ие өнiмдердi шығаруды арттыру, аймақтардың экспорттық әлеуетiн дамыту;
      экономикалық болашағы жоқ өндiрiстi экологиялық бақылауды күшейту арқылы бiрте-бiрте тұйықтау;
      өнеркәсiптiң базалық салаларындағы iрi кәсiпорындарда капиталды шоғырландыру және өндiрiстiк қызметтi жандандыру мақсатында технологиялық өзара байланысты өндiрiстiң жаңа (аймақаралық) ұйымдастыру құрылымдарын қалыптастыру;
      халықтың жұмыспен қамтылуын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру, жергiлiктi нарықта тауарлар мен қызмет көрсетулердi ұсынуды арттыру мақсатында жеке кәсiпкерлiктi, әсiресе шағын және орташа бизнестi дамытуға қолдау көрсету;
      инвестрлердi, оның iшiнде тiкелей шетелдiк инвестицияларды ең алдымен материалдық өндiрiс саласы мен аймақтық инфрақұрылымға тарту үшiн қолайлы жағдайлар жасау;
      аймақтың қаржылық ресурстарын, институттық инвестрлер жүйесiн, жинақтауды жандандыруға қабiлеттi бюджеттен тыс көздердi қалыптастыру және оларды инвестицияларға тиiмдi айналдыру;
      генетикалық қорды, жабайы табиғаттың ландшафтық және көрiнiстiк әрқырлылығын сақтау бөлiнiп шығады.
      14. Мемлекеттiң аймақтық саясаты аймақтардың әртүрлi үлгiлерiнiң ерекшелiктерi ескерiлiп олардың әлеуетiн неғұрлым толық ашу мақсатында сараламалы түрде жүзеге асырылады.
      15. Республикалық аймақтық басымдықтарды айқындау үшiн оған сәйкес жаңа салық және бюджет саясатын қалыптастыру позициясы арқылы аймақтардың үш тобы бөлiнiп шығатын жалпы қабылданған үлгi нұсқа қолданылады:
      I топ - жан басына шаққанда орташа республикалық кiрiс деңгейiнен асатын аймақтар (Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар облыстар мен Алматы қаласы). Бұл аймақтарда салықтардың неғұрлым жоғары ставкасы белгiленуi тиiс.
      II топ - орташа республикалық көрсеткiшке жақын кiрiс деңгейi бар аймақтар (Атырау, Жезқазған, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан, Торғай облыстары), бұлар үшiн салықтық ставкалардың орташа деңгейi ұсынылады.
      III топ - жан басына шаққандағы орташа кiрiстiң ең төменгi деңгейiне тән аймақтар (Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Көкшетау, Семей, Талдықорған және Оңтүстiк Қазақстан облыстары). Бұлар преференциалдық жүйенiң потенциалдық субъектiлерiнiң тобын бiлдiретiн айрықша облыстар.
      Келтiрiлген үлгi нұсқаға сәйкес республиканың аумақтық дамуындағы басымдықтардың қатарына I және III топтардағы аймақтар кiредi. Аймақтарында негiзгi экономикалық және өнеркәсiптiк әлеует шоғырландырылған, жетекшiлер деп аталатын даму деңгейi жоғары аймақтарға республиканы экономикалық дағдарыстан шығару және оны одан әрi дамыту жөнiнде зор үмiттер жүктеледi.
      Аутсайдерлер деп аталатын, әлеуметтiк-экономикалық дамудың төменгi деңгейiндегi артта қалған облыстар - III топтағы аймақтар оларды мемлекеттiк қолдаудың қажеттiгiне қарай басты назарда болуға тиiс.
      Бұл үлгiлеу қаржылық қаражаттарды аймақаралық қайта бөлу қажеттiлiгi сақталып қалатын аумақтық саясатты жүзеге асырудың бiрiншi және екiншi кезеңiнде өзектi болады.
      Аймақтар топтарының құрамы аймақтық саясаттың жүзеге асырылуына қарай үнемi өзгерiп отыратын болады.
      16. Аймақiшiлiк басымдықтарды бөлiп көрсету және нарықтық процестердi жүзеге асыру тетiктерiн нақтылау мақсатында, соған сәйкес аймақтардың төрт тобы ерекшеленiп көрiнетiн, аймақтардың мамандандырылу принципi бойынша үлгiлеу пайдаланылады.
      Бiрiншi топ - стратегиялық сипаттағы минералдық ресурстардың бiрегей қоры және ғылыми-өндiрiстiк әлеуетiн үдемелi дамытуда жеткiлiктi дәрежеде жоғары серпiнi бар, республика экономикасын дүниежүзiлiк шаруашылыққа шапшаң қарқынмен шоғырландыруға мүмкiндiгi жететiн, бiрақ экономикалық және әлеуметтiк жағынан артта қалған ауылдары мен селолары бар, әрi олардың көпшiлігiнде елеулi экологиялық ахуал орын алған аймақтар.
      Бұл топтағы облыстарға мынадай проблемалар:
      көмiртектi және минералдық шикiзаттарды өндiру мен кешендi өңдеудiң жаңа технологияларын енгiзу базасында шикiзаттың стратегиялық түрлерiнiң (көмiртектерi, хромиттер, калий тұздары, алтын, күмiс, мыс, қорғасын, мырыш, фосфаттар, бораттар, никель, кобальт және басқалар) бай кен орындарын қарқынды игеру;
      әлемдiк қалыптарға жауап беретiн әрi отандық және шетелдiк инвесторлар үшiн инвестициялық қолайлы ахуалды айқындайтын (сыртқы халықаралық рынокқа шығуды қамтамасыз ететiн қонақ үйлердiң, офис ғимараттарының, халықаралық порттар мен айлақтардың, әуежайлардың, байланыс тораптарының, автомобиль жолдары мен темiр жол көлiктерi тораптарының құрылысы) жоғары дамыған өндiрiстiк, әлеуметтiк және нарықтық инфрақұрылымды жасау басымдыққа ие болып табылады.
      Екiншi топ - жоғары ғылыми-өндiрiстiк әлеуетi бар, ауыр индустрия салаларында мамандандырылуы айқын көрiнiс берген, жоғары технологиялық ғылымды көп қажет ететiн өндiрiстер құру үшiн жеткiлiктi дәрежеде экономикалық қолайлы шарттары бар, негiзiнен қаржылық ресурстармен өзiн-өзi қамтамасыз ете алатын аймақтар.
      Бұл аймақтардың экономикасын реформалаудың басым бағыттары:
      техника-технологиялық iлгерiлеу және экспорттық әлеуеттi, соның iшiнде шетел инвестицияларын тарту жолымен қалыптастырудың базасы ретiнде қолда бар iрi өндiрiстiк әлеуеттi одан әрi құрылымдық қайта жаңарту;
      жаңа, соның iшiнде қаржыландырудың сыртқы көздерiн және шетелдiк озық технологияларды пайдалану жолымен, технологиялар (электроника, ақпараттандыру, автомобиль жасау жабдықтары, жаңа композиттiк, өте таза, өткiзгiштiгi жоғары материалдар, лазерлiк технологияны дамыту, автоматтандырылған басқарудың құралдары мен жүйелерiн шығару) базасында жаңа ғылымды көп қажет ететiн өнiмдер, машиналар мен құрал-жабдықтар шығаруды ұйымдастыру;
      экономикалық қайта құрулардың қарқынын айқындайтын нарықтық инфрақұрылымдарды дамытуды тездету;
      олардың өндiрiсiнiң жандануы мен өсуiн қамтамасыз ететiн өнеркәсiптiң жетекшi салаларының iрi кәсiпорындарын басқарудың, соның iшiнде кәсiпорындарды шетелдiк және отандық фирмаларға "трастылық" басқаруға беру, шетелдiк консалтингтiк фирмалар мен мамандарды тарту жолымен, жаңа ұйымдық нысандарын құру; өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымдардың аумақтық ұйымдарының тиiмдi деңгейiн қалыптастыру, тұтыну рыногын теңдестiру жөнiндегi материалдық базаны жасау болуы керек.
      Үшiншi топ - елдiң азық-түлiктiк қорын қалыптастыруда жетекшi болып табылатын агроөнеркәсiптiк кешендер, аймақтар.
      Олардың әлеуметтiк-экономикалық дамуының басым бағыттары мыналар:
      ауыл шаруашылығы өндiрiсiн реформалау, меншiктiң әртүрлi нысандарын дамыту жөнiндегi бағытты жалғастыру;
      ауыл шаруашылығы өнiмдерi өндiрiсiн тиiмдi мамандандыруды жүзеге асыру;
      ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң жоғары сапасын және экспортын көбейтудi қамтамасыз ететiн жаңа технологиялар мен техникаларды енгiзу және өндiрiс процесiнде пайдалану. Алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы техникаларының лизинг жүйесiн құру;
      аймақтық АӨК қызметiнiң әртүрлi салаларын дамытуда сәйкессiздiктi жою;
      республиканың тұрақты азық-түлiктi кешенiн қалыптастыру мақсатында ауыл шаруашылығы шикiзаттарын өңдеу жөнiндегi шағын кәсiпорындар мен оны сақтау жөнiндегi қазiргi заманғы индустрияның кең желiсiн ұйымдастыру;
      қажеттi өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымдар құру, ауыл шаруашылығының және тұтыну рыногын теңдестiре дамыту мақсатында тұтыну заттарын өндiретiн өнеркәсiп салаларының материалдық-техникалық базаларын нығайту болып табылады. Бұл топтағы жұмыс қолы артылатын аймақтарда ауыл шаруашылығы шикiзаттарын өңдеу жөнiндегi шағын кәсiпорындармен қатар, жаңа жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамту проблемаларын жеңiлдету мақсатында шағын және орташа бизнестi дамытқан жөн.
      Төртiншi топ - айрықша-топырақты климатты, әлеуметтiк-экономикалық және техника-технологиялық жағдайдағы, экономикалық маневр жасау мүмкiндiгi қатаң шектеулi, шаруашылық құрылымның салалары тым ұтымсыз, сондай-ақ экологиялық дағдарысты аудандары бар тоқырап қалған аймақтар. Бұл аймақтарда қалыптасқан шаруашылық байланыстарының бұзылуы, экономикалық және әлеуметтiк дағдарыс шиеленiскен деңгейiне жеткен, олар одан өз күштерiмен шыға алмайды. Бұл үшiн мемлекеттiк реттеудiң байыпты шаралары қажет.
      Бұл топтағы аймақтарға мынадай проблемалар:
      экологиялық дағдарыстың тереңдеу процесiн болдырмау;
      жергiлiктi ресурстарды пайдалануды, осында тұратын халықтың тәжiрибесi мен дәстүрiн ескерiп шаруашылық кешенiн түбiрiмен қайта жаңғырту, жекелеген селолық аудандардағы ауыл шаруашылығы шикiзаттарын өнеркәсiптiк ұқсату жөнiндегi бастауыш буындарды құру;
      осында тұратын халықтың өмiр сүруiнiң деңгейi мен сапасын көтеру үшiн материалдық негiздер жасау жөнiндегi нақтылы шаралар қабылдау;
      қоршаған табиғи ортасы адамдардың денсаулығы үшiн аса қауiптi шағын және орташа қалалардың және басқа да елдi мекендердiң, селолық аудандардың, республиканың басқа аймақтарына қоныс аударғысы келетiн тұрғындарына қажеттi жағдайлар жасау;
      шетелдiк техникалық және гуманитарлық көмектi тарту және оны тиiмдi пайдалану.

             4. Аймақтық саясатты жүзеге асырудың әдiстерi мен
                               құралдары
      17. Аймақтардың әлеуметтiк-экономикалық дамуына мемлекеттiң реттеушiлiк ықпалы халықтың, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң тыныс-тiршiлiгiн құқықтық регламенттеу жүйесi және жалпы макроэкономикалық (бюджеттiк, салықтық, ақша-несиелiк), әлеуметтiк, экологиялық, құрылымдық-инвестициялық, сыртқы экономикалық саясатты жүзеге асыру институттық қайта құрулар жүргiзу арқылы жүзеге асырылады. Оларды әзiрлеу және практикалық жүзеге асыру кезiнде белгiленген (жүзеге асырылатын) шаралардың шоғырландырушы аумақтық әсерi және олардың мүдделерiне сәйкес аумақтық әлеуметтiк-экономикалық кешендi дамуы ескерiлуi керек.
      18. Аумақтық саясатты жүзеге асырудың экономикалық тетiгi аумақтың ерекшелiктерiн, олардың шешiлетiн стратегиялық және тактикалық мiндеттерiнiң сипатын ескеретiн икемдi, сараламалымды болуға тиiс. Бұл тура және жанама әдiстер мен тетiктердiң көмегiмен оның әртүрлi аспектiлерiне мемлекеттiк ықпалды ойластырады.
      Өнеркәсiптiң базалық салаларының өңдеуге мамандандырылған, минералдық ресурстардың стратегиялық маңызды түрлерi бар аймақтар үшiн, сондай-ақ әскери-өнеркәсiптiк кешеннiң кәсiпорындары дамыған жоғары ғылыми-өндiрiстiк әлеуеттi аймақтар үшiн мемлекеттiк реттеу әдiстерi бiрiншi кезекте аймақ экономикасының құрылымдық қайта құрылуына жәрдемдесуге және жағдай жасауға, соның iшiнде экспорттық бағдардағы өнiмдер мен конверсиялық салаларда халық тұтынатын тауарлар шығаруды арттыру мақсатында кәсiпорындарды техникалық қайта жарақтандыруға бағдарлануға тиiс. Бұл аумақтар үшiн сыртқы сауда саласындағы мемлекеттiк реттеу мәселелерi мен шетел инвестицияларын тарту, iрi кәсiпорындарды жекешелендiрудiң шарттарын айқындау, отандық және шетелдiк инвесторларды тартуда мемлекеттiң жәрдемi елеулi маңызға ие. Бұл аймақтарда құрылымдық қайта құруларды ынталандыратын фактор, басымдыққа ие салалар бойынша амортизациялық жеңiлдiктер жасау, сараламалық инвестициялық және салықтық несие беру болуы мүмкiн. Жеңiлдiктi салық жүйесiнiң көмегiмен бұл аймақтарға шетел инвестицияларын, бәрiнен бұрын қысқы мерзiмде әлемдiк деңгейге шыға алатын және барлық шаруашылықтың, сондай-ақ жалпы аумақтың инфрақұрылымының техникамен қайта жарақтануына белсене қатыса алатын салаларға тарту маңызды роль атқаратын болады.
      Елдiң азық-түлiк қорын қалыптастырушы аймақтардың тобы үшiн экономикалық тұтқалар мен ынталандырулар, бәрiнен бұрын халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру және ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеудi тереңдету, техникалық қызмет көрсету орталықтарын, көтерме азық-түлiктiк рыноктарды, сауда үйлерi мен биржаларды, маркетингтiк қызметтердi, лизингтiк компанияларды ұйымдастыру, меншiктiң әртүрлi нысанындағы кәсiпорындар мен ұйымдардың агроөнеркәсiптiк шоғырлануының жаңа тиiмдi нысандарын қалыптастыру үшiн шағын және орташа бизнестi дамытуға мүмкiндiк жасауы керек.
      Экологиялық апатты және артта қалған аймақтар, сондай-ақ тоқыраған шағын және орташа қалалар мен шалғайдағы аудандар үшiн мемлекеттiк реттеу әдiстерi бiрiншi кезекте экономиканы жандандыру мен халықты әлеуметтiк қолдау үшiн және экология мен әлеуметтiк-экономикалық дамуды жақсарту жөнiндегi айқындалған жобалар мен нысаналы кешендi бағдарламаларды жүзеге асыру, сондай-ақ шетелдiк техникалық және гуманитарлық көмектi тартуға жәрдемдесу үшiн оларға қажеттi көмек көрсетуге бағытталуға тиiс.
      19. Аймақтық саясатты жүзеге асырудың маңызды құралы:
      жалпы мемлекеттiк және аймақтық мүдделердiң өзара байланысы мен келiсiмiн, аймақтардағы өндiрiстiк-экономикалық, интеллектуалдық және экспорттық әлеуеттердiң нығаюы мен ұтымды пайдалануын қамтамасыз ететiн аймақтардың әлеуметтiк-экономикалық дамуының және Қазақстан Республикасының өндiрiстiк күштерiн ұзақ мерзiмдi перспективаға орналастырудың кешендi болжамы;
      елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының кешендi болжамда атап көрсетiлген кезеңдерi мен басымдықтарын жүзеге асыруға бағытталған жалпы мемлекеттiк, аймақтық және салалық деңгейлердегi индикативтiк жоспарлар жүйесi;
      iрi масштабы аймақаралық проблемаларды шешу жөнiндегi жалпы мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу және жүзеге асыру;
      нақтылы аймақтардың дамуының неғұрлым өткiр проблемаларын шешу жөнiндегi мақсатты бағдарламаларды, соның iшiнде экологиялық апатты аудандарды, тоқыраған шағын және орташа қалаларды мемлекеттiк қолдаудың және жекелеген селолық аудандарды дамытудың арнаулы бағдарламаларын жүзеге асыру;
      тиiстi аймақтың дамуын тездету, оның әлеуетiн барынша толық пайдалану, шетел инвесторларын, қазiргi заманғы технологияларды, шетелдiк ғылыми-техникалық және басқарушылық тәжiрибенi тарту, жақын және алыс шетелдермен экономикалық шоғырлану мақсатында тиiстi заңдылық, институттық және әдiстемелiк қамтамасыз етiлуiмен арнайы экономикалық аймақтар құру болып табылады.

     Арнайы экономикалық аймақтар құрған кезде, сыртқы экономикалық
шоғырлану мен елдi тұтас реформалау үшiн жетекшi бола қалғанда,
арнайы экономикалық аймақ құрылуы мүмкiн аймақтың қажеттi
алғышарттары - тиiмдi көлiктiк-географиялық жағдайы, арзан жұмыс
күшiнiң елеулi ресурстары немесе экспорттық бағдар үшiн жеткiлiктi
шикiзат қоры болуы керек.

            5. Орталық және жергiлiктi басқару органдарының өзара
                               iс-қимылы

     20. Осы Тұжырымдама елдiң дамуын басқарудың орталықтандырылуы
мен орталықтандырылмауының тиiмдi үйлесуi, өкiлеттiктердiң көпшілiгiн
орталықтан аймақтық деңгейге кезең-кезеңмен беру және тиiсiнше
жергiлiктi өкiмет органдарының құқықтарын кеңейту мен олардың
аумақтарды теңдестiрiлген әлеуметтiк-экономикалық дамуын қамтамасыз
етудегi жауапкершiлiгiн арттыру талаптарынан туындап отыр.

            Орталық және жергiлiктi басқару органдарының реттеушi
                               қызметi

     21. Орталық басқару органдарының реттеушi аймақтық даму
саласындағы қызметi:


      аумақтық барлық шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң, орталық және жергiлiктi басқару органдарының жұмыс жасауының заңдық, құқықтық және нормативтiк негiздерiн әзiрлеумен;
      республика шаруашылығының келешектегi дамуының макроэкономикалық және салалық басымдықтарына сүйене отырып, аумақтық дамудың маңызды бағыттары мен сәйкестiгiн айқындаумен;
      тұратын жерлерiне қарамастан республиканың аумағындағы барлық халық үшiн белгiлi бiр ең төменгi өмiр сүру деңгейiне мемлекеттiк кепiлдiктердi қамтамасыз етумен;
      аймақаралық немесе жалпыреспубликалық сипатқа ие (Арал өңiрiн, Каспий жағалауы аймағын, Семей полигоны аймағын, артта қалған селолық аудандарды дамыту) аумақтық проблемаларды шешумен;
      бүтiндей алғанда республика экономикасы үшiн айрықша маңызды мәнi бар аумақтарды басымдықты дамытуды қамтамасыз етумен байланысты. Бұл ретте аймақтық дамуды реттеуге мемлекеттiң қатысуы бюджеттен қаржыландырылатын нысаналы кешендi бағдарламаларды; мультипликативтiк сипаты бар жекелеген құрылым құраушы инвестициялық жобаларды; жалпы-мемлекеттiк мұқтаждар және басқалар үшiн өнiмдер беруге тапсырыстарды орналастыруды жүзеге асырудан тұрады.
      22. Жергiлiктi басқару органдарының реттеушi қызметi:
      экологиялық аспектiлердi ескере отырып аумақтардың теңдестiрiлген әлеуметтiк-экономикалық дамуын;
      жергiлiктi шаруашылықты, халыққа әлеуметтiк-мәдени қызмет көрсетудi және оның әлеуметтiк қорғалуын ұйымдастыруды;
      табиғатты қорғауды, табиғатты, еңбек пен өзге де аймақтық ресурстарды ұтымды және тиiмдi пайдалануды;
      меншiктiң барлық нысандарын тең жағдайда пайдалана отырып кәсiпкерлiк қызметтi дамыту үшiн жағдайлар жасауды, шет ел инвесторларын тартуды;
      аймақтарды дамытудың индикативтiк жоспарлары мен ұзақ мерзiмдiк болжамдарға ұсыныстар әзiрлеудi;
      мақсатты бағдарламаларға, аймақтар үшiн маңызы бар жобаларды мемлекеттiк қолдау түрлерiне ұсыныстар жасауды қамтамасыз ететiн аймақтың белгiлi бiр құқықтарына негiзделедi.
      23. Аймақтық органдар тарапынан тiкелей реттеу қызметi муниципалдық меншiк кәсiпорындарына қатысты жүзеге асырылады. Iс-қимылды реттеушi аймақтық экономиканың басқа секторларының объектiлерiне реттеушi ықпал ету, қолда бар өкiлеттiктердiң шегiнде жанама реттеу шараларымен, сондай-ақ шарттық қатынастар жүйесi арқылы көрсетiледi.
      24. Орталық басқару органдары аймақтық саясатты жүзеге асыру кезiнде жергiлiктiлермен:
      аймақтарды республиканың экономикалық дамуы туралы, капиталды неғұрлым тиiмдi орналастыру, ТМД елдерiмен және алыс шет елдермен өзара қарым-қатынастарды дамыту тенденциялары, өнiмдердi өткiзу рыноктарының, конъюнктурасы туралы жоспарлы-болжамды ақпараттармен қамтамасыз ету;
      аймақтарға экономикалық саясат мақсаттарына сәйкес қаржы ресурстарын бөлу;
      аймақтардың мүдделері үшiн ғылыми-зерттеулер жүргiзуде және аймақтық проблемаларды шешу үшiн ғылым мен техниканың жетiстiктерiн енгiзуде көмек көрсету;
      әртүрлi мақсатты бағдарламалар мен құрылым құраушы инвестициялық жобалар жасау кезiнде аймақтардың талап-тiлектерiн ескеру жолдарымен белсендi өзара iс-қимыл жүргiзедi.

             Бюджет жүйелерi деңгейiмен өзара iс-қимылы

      25. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердi жасаған және атқарған кезде аймақтар аумағында қалыптасатын қаржы ресурстары жеткiлiксiз ескерiледi. Аймақтардың жиынтық қаржы тепе-теңдiгiн (мемлекеттiң жиынтық қаржы тепе-теңдiгiнiң құрамдас бөлiгi ретiнде) және оның бюджетпен үйлесiмдiлiгiн әзiрлеудiң объективтiк қажеттiлiгi пайда болады. Бұл аймақтардың кiрiстерi мен шығыстарын болжамдауға, өз ресурстарының шектi жол берiлетiн төменгi шекарасы және жергiлiктi бюджеттiң жалпы көлемiнде бекiтiлген кiрiстер сияқты нормативтер мен көрсеткiштерге бағдар жасап, салықтар мен кiрiстердi бюджеттер түрi бойынша бөлiп таратуға мүмкiндiк бередi. Шығыстар жөнiндегi жалпымемлекеттiк нормативтер мен коэффициенттердi мiндеттi түрде пайдаланудың қолданыста бар практикасын қайта қараған және ұзақ мерзiмдiк нормативтердiң (тек бiр реттеушi кiрiстi - жеке адамдардан алынатын табыс салығын ғана қалдырып, акциздер, заңды тұлғалардан алынатын табыс салығы, қосылған құнға салынатын салық бойынша) негiзiнде кiрiстердi бюджеттердiң арасында бөлуге көшудi бастаған жөн.
      26. Алдағы жылдардың жергiлiктi бюджеттерiн қалыптастыру, әлеуметтiк-мәдени мақсаттағы объектiлердi кәсiпорындардың иелiгiнен алып жергiлiктi өкiмет органдарының балансына берудiң, сондай-ақ құрылымдық қайта құрулардың жандануының және осы әлеуметтiк проблемаларға байланысты шешiмдердiң себебiнен қаражаттарды пайдаланудың жаңа баптары мен бағыттарының пайда болуына байланысты. Бұл жағдайларда аймақтарда тиiсiнше қаржылық қамтамасыз ету арқылы әлеуметтiк кепiлдiктер мен нормативтердi функцияландыру жүйесiне көшудiң қажеттiлiгi мен маңыздылығы күшейе түседi.
      27. Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң тиiмдi өзара iс-қимылы мынадай негiзгi бағыттар:
      реттелетiн салықтар санын қысқарту және жергiлiктi бюджеттердiң негiзгi бөлiгiн бекiтiлген салықтардың есебiнен қалыптастыру;
      республикалық және жергiлiктi бюджеттер арасында трансферттердi қайта ұйымдастыру, салықтар алдымен жергiлiктi жерден республикалық бюджеттiң кiрiсiне түсетiн, содан кейiн осы аймақтардың өзiне субвенция түрiнде қайтып оралатын практикадан бас тарту;
      орталықтандырылған көмектердiң аймақтарға атаулылығын қамтамасыз ету, оның мақсатты пайдаланылуын бақылаудың тетiктерiн әзiрлеу;
      жергiлiктi бюджетке орталықтандырылған қолдау көрсету нысандарын диверсификациялау, аймақтардың ерекшелiктерiн ескере отырып бiлiм беруге, денсаулық сақтауға, халықты әлеуметтiк қорғауға мақсатты субвенцияларды практикаға енгiзу;
      экономикалық жағынан артта қалған аймақтар, сондай-ақ дағдарысты шағын және орташа қалалар, шалғайдағы селолық аудандар, арнайы экономикалық аймақтар үшiн, оларды дамытуды жеделдету мақсатында айрықша салықтық, кедендiк және басқа режимдер жүргiзу;
      республикалық және жергiлiктi бюджеттер арасындағы қаржы ағыстарының негiзгi бөлiгiне қатысты бюджетаралық қатынастарды реттеудiң нормативтiк-есептiлiк әдiстерiн қолдану;
      жоғары тұрған бюджеттерге реттеушi кiрiстерден аударудың тұрақты жылдық нормативтерiн белгiлеу бойынша қамтамасыз етiледi.

             6. Нормативтiк құқықтық және әдiстемелiк қамтамасыз ету

      28. Мемлекеттiк құрылыстың саяси, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiнде сапалы өзгерiстердi орнықтыратын Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына байланысты, елдi дамытудың жаңа кезеңiнде шаруашылық жүргiзудiң аймақтық факторлары ролiнiң күшеюiне байланысты аймақтарда жүргiзiлетiн экономикалық реформаларды заңмен қамтамасыз етудi жетiлдiру, қолданылып жүрген нормативтiк актiлердi қайта қарау және жаңасын жасау маңызды мәнге ие болды.
      29. Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерiнен:
      әкiмшiлiк-аумақтық бөлу туралы, жергiлiктi өзiн-өзi басқару, селолық және поселкелiк бюджеттердi қалыптастыру (заңмен бекiту), халықты жұмыспен қамту туралы, бiлiм беру, мемлекеттiк медициналық көмек және денсаулық сақтауды бюджеттiк қаржыландыру, табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану және қоршаған табиғи ортаны қорғау, табиғи биологиялық ресурстарды арнаулы пайдалану үшiн төленетiн төлемдер туралы заңдардың, орман және су кодекстерiн аймақтандыру мақсатында жаңа редакциясында қабылдаудың;
      жалпымемлекеттiк салықтарды республикалық және жергiлiктi бюджеттер арасында бөлудi, олардың әлеуметтiк-экономикалық жағдайын ескере отырып субвенцияларды, дотациялар мен субсидияларды аймақтарға берудi, өнеркәсiптiк-қаржылық топтар мен арнайы экономикалық аймақтар құруды және олардың жұмыс iстеуiн реттеушi құқықтық, нормативтiк актiлердiң; жолдарды салу мен жөндеудi қаржыландырудың тәртiбi мен көздерiнiң барын қайта қараудың және жаңаларын әзiрлеудiң;
      аймақтардың әлеуметтiк-экономикалық даму параметрлерiн, макроэкономикалық саясаттың тиiмдiлiгiн, нормативтiк ережелердiң орындалуын, қаржы құралдарын пайдалануды талдауға және бақылауға мүмкiндiк беретiн бастапқы есеп пен статистикалық есептiлiктiң, статистикалық көрсеткiштер жүйесiн қалыптастырудың әдiстемелiктерi мен әдiстерiн жетiлдiрудiң;
      аймақтандырудың жалпы әлемдiк процесi, басқаруды орталықтандырудың төмендеуi және аймақтардың құқықтары мен өкiлеттiгiнiң кеңеюi тенденцияларын ескере отырып аймақтық экономика жөнiнде iргелi және қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргiзудiң;
      республика аймақтары мен таяу және алыс шет елдер бойынша жаңа технологияларды, техникаларды және басқа жаңалықтарды енгiзу жөнiндегi ақпараттық жұмысты күшейтудiң орынды екендiгi туындайды.