Қазақстан Республикасы Экономика Министрлiгi жанынан Экономикалық зерттеулер институтын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1996 жылғы 9 қаңтар N 32

Қолданыстағы
      Реформаларды жүргiзу тиiмдiлiгiне кешендi талдау жасау, оларды iске асыру салдарларына баға беру, экономикалық өсудi тұрақтандыру стратегиясы мен тактикасын әзiрлеу, экономиканың нарықтық қайта құрылуының ғылыми-әдiстемелiгiн қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ бюджеттiк ұйымдар қызметкерлерiнiң санын қысқарту туралы бұрын қабылданған шешiмдердi орындай отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi Қаулы Етедi:
      1. Қазақстан Республикасы Экономика Министрлiгiнiң Қазақстан Республикасы Экономика министрлiгi жанынан Экономикалық зерттеулер институтын құру туралы ұсынысы қабылдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi жанындағы Экономикалық зерттеулер институты үшiн ғылыми қызметiнiң төмендегi негiзгi бағыттары белгiленсiн:
      рынокты қалыптастырудың және дамытудың теориялық, әдiстемелiк және тәжiрибелiк проблемаларын зерттеу;
      ақша-несиелiк, бюджеттiк, құрылымдық, инвестициялық, сыртқы экономикалық, әлеуметтiк және аймақтық саясат проблемаларын зерттеу;
      салааралық, аймақаралық және мемлекетаралық әлеуметтiк-экономиканың проблемаларын шешу жөнiндегi ұсыныстар дайындау;
      республикадағы әлеуметтiк-экономикалық жағдайға конъюнктуралық талдау жүргiзу;
      әлеуметтiк-экономикалық дамудың қысқа мерзiмдi, орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi болжамдарын әзiрлеу және өндiргiш күштердi орналастыру, халық шаруашылығының макроэкономикалық үйлесiмдi дамуының стратегиялық бағыттарын ғылыми негiздеу және жетiлдiру;
      талдау және болжамдау бойынша жұмыстар мен есептеулердiң осы заманғы ақпараттық технологиясын қолдана отырып, ұйымдастыру және орындау.
      3. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының қызметкерлерiнiң шектеулi штаттық саны 200 адам болып белгiленсiн.
      4. Мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген қаржылар, шаруашылық шарттары бойынша жұмыстар орындағаны үшiн тапсырыс берушiлердiң қаржылары, консалтингтiк және басқа да ғылыми сипаттағы қызмет көрсетулердi жүзеге асырудан түскен қаржылар, институттың меншiктi қаржылары Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың негiзгi көздерi болып табылады.
      5. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi жанындағы Экономика және нарықтық қатынастарын ғылыми-зерттеу институты 1996 жылдың 20 наурызынан бастап таратылсын.
      Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi жанындағы Экономикалық зерттеулер институты Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi жанындағы Экономика және нарықтық қатынастарын ғылыми-зерттеу институтының құқықтық иегерi болып саналсын.
      6. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi:
      Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi жанындағы Экономика және нарықтық қатынастарын ғылыми-зерттеу институтын тарату жөнiндегi жұмысты ұйымдастырсын;
      екi айлық мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi жанындағы Экономикалық зерттеулер институты туралы Ереженi әзiрлесiн және бекiтсiн;
      ведомстволық нормативтiк актiлердi осы қаулыға сәйкес келтiрсiн.
      7. 1996 жылдың 20 наурызынан бастап:
      "Қазақ КСР-нiң Экономика жөнiндегi мемлекеттiк комитетi жанындағы Экономика және нарықтық қатынастарын ғылыми-зерттеу институтын құру туралы" Қазақ КСР Министрлер Кабинетiнiң 1991 жылғы 12 маусымдағы N 372 қаулысының;
      "Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi жанындағы есептеу орталығы бар Қазақ ғылыми-техникалық және конъюнктуралық коммерциялық ақпарат ғылыми-зерттеу институтын Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi жанындағы

Қазақ мемлекеттiк ғылыми-техникалық ақпарат ғылыми-зерттеу институты
етiп қайта құру туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң
1993 жылғы 30 сәуiрдегi N 336 қаулысының 3-тармағының (Қазақстан
Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., N 14, 173-бап) күшi жойылған деп
танылсын.
     8. Осы қаулы жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

     Қазақстан Республикасының
        Премьер-Министрi