Астық өнiмдерi жүйесiндегi акционерлiк қоғамдар акцияларының мемлекеттiк пакетiн сату туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 1995 жылғы 6 қарашадағы N 1450

Қолданыстағы
      Реформаларды жеделдету мен экономикалық дағдарыстан шығу жөнiндегi Үкiметтiң iс-қимыл бағдарламасына сәйкес нарықтық қатынастарды қалыптастыру, бәсекелестiктi дамыту және жекешелендiру процесiн тереңдету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетi:
      акционерлiк қоғамдардың астық пен астық өнiмдерiне аймақтық қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету үшiн облыстарға иеленуге, пайдалануға және басқаруға берiлген акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн 10 күн мерзiм iшiнде қайтып алсын;
      осы акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн 1995 жылдың 30 қарашасына дейiн қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сатуды ұйымдастыру үшiн Қазақстан Республикасының Жекешелендiру жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне берсiн, оның iшiнде акцияларды басқаруға алған шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге бiрiншi кезекте сатуды көздесiн.
      2. Мыналардың:
      "Астық өндiрудi нығайту және оны өткiзу рыногын кеңейту, облыстарды нанмен және басқа өңделген астық өнiмдерiмен өзiн-өзi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 15 қарашадағы N 1288 қаулысының 8-тармағының бiрiншi және үшiншi абзацтары, 9-тармағының бiрiншi және бесiншi абзацтарының;
      "Астық" мемлекеттiк акционерлiк компаниясын қайта ұйымдастыру мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 31 қаңтардағы N 105 қаулысының 2 және 3-тармақтарының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 4. 54-бап) күшi жойылған деп танылсын.
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-министрi