1. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi ұсынған
Халықты жұмыспен қамтудың 1995 жылға арналған бағдарламасы (қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн. 2. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп оны жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң мемлекеттiк қорының қаражаты есебiнен қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, Бағдарламаның орындалуын ұйымдастыратын болсын. Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң бiрiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 13 маусымдағы N 830 қаулысымен Бекiтiлген Халықты жұмыспен қамтудың 1995 жылға арналған бағдарламасы
Осы Бағдарлама еңбек нарығындағы шиеленiстi бәсеңдетуге, жұмысын жоғалтқан азаматтардың құқығы мен әлеуметтiк кепiлдiгiн қамтамасыз етуге, жұмыссыздарды әлеуметтiк қорғауға және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған. Бағдарламаның параметрлерi республиканың экономикалық дамуын болжауға қарай айқындалған.
1. 1994 жылғы еңбек нарығындағы жағдай
Республикада қалыптасқан экономикалық жағдай еңбек нарығындағы жағдайдың шиеленiсуiне алып келдi. Өндiрiстiң мәжбүрлiкпен тоқтауының саны өстi. Ай сайын 900-ге жуық кәсiпорындар мен ұйымдар толық немесе iшiнара тоқтайды, 200-ге дейiнгi кәсiпорындар толық емес жұмыс уақыты режимiне көшiрiледi. Мәжбүрлiкпен демалыста жүрген қызметкерлердiң саны 180-200 мың адамға жеттi. Iшiнара жұмыссыздық жеңiл, тамақ өнеркәсiбiнiң, көлiктiң, ауыл шаруашылығының және құрылыстың орта және ұсақ кәсiпорындарында, сондай-ақ түстi және қара металлургияның, кен өндiрушi және химия өнеркәсiбiнiң, машина жасаудың жекелеген iрi кәсiпорындарында көрiнiс бередi, бұларда қызметкерлердiң 40-тан 60 процентке дейiнгiсi қосымша демалысты пайдаланады немесе толық емес жұмыс аптасына көшiрiледi. Ұзақ уақыт бойы жұмыстан шығарылу қаупiнде жүрген қызметкерлердiң саны - 1994 жылғы еңбек нарығының сипатты белгiлерiнiң бiрi. Жұмыс күшiне сұраным қысқарды, жаңа жұмыс орнын енгiзу олардың кетуiн өтей алмады.
Халықты жұмыспен қамтудың қысқаруы мемлекеттiк секторда неғұрлым көбiрек орын алды. Бұл орайда үлесi еңбек ресурстарының 21 процентiн құрайтын, үй шаруашылығымен шұғылданатын еңбекке қабiлеттi жастағы халықтың саны артты.
Көлемi 90 мың адамнан асып кеткен қызметкерлердi босату жалғастырылады. 80 проценттен астамы мемлекеттiк сектордың кәсiпорындары мен ұйымдарынан босатылады. Семей, Батыс Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында босату интенсивтi жүргiзiледi.
Азаматтарды еңбекке орналастыру күрделене түстi. Өткен жылы жұмыс iздеумен жұмыспен қамту қызметiне келген 258 мың адамның 93,5 мыңын еңбекке орналастырудың сәтi түстi.
Жұмыссыздар арасындағы үлесi тиiсiнше 60 және 45 проценттi құрайтын әйелдер мен жастарға жұмысты жоғалтудың қаупi неғұрлым көбiрек төндi.
Арнаулы және жоғары оқу орындарының түлектерiн еңбекке орналастырудың мүмкiндiгi шектеледi. Еңбекке қабiлеттi барлық халық негiзiнен бiр-екi кәсiпорындарға ғана қамтылатын моноэкономикалық құрылымдағы қалалар мен жұмысшы поселкелерiне жұмыспен қамтуға қолдау көрсету күрделiрек болды.
1994 жылы жұмыссыздардың саны 113 мың адамды құрады, олардың 59 процентi жұмыссыздық жөнiнде жәрдемақы алды, 12 процентi кәсiптiк даярлыққа және қайта оқытуға жiберiледi, 4 процентi қоғамдық жұмыстарға қатысты.
2. 1995 жылғы еңбек нарығын болжау
Экономикалық өзгерiстердi 1995 жылы одан әрi тереңдету мен дамыту жұмыссыздықтың әлеуметтiк салдарын жұмсартуға бағытталған шараларды әзiрлеу мен жүзеге асыруды талап етедi.
Еңбек нарығы жұмыспен қамту саласындағы көзделген үрдiстердi ескере отырып, мынадай факторлардың:
құрылымдық қайта құрудың;
банкрот кәсiпорындарға арнаулы шаралар қолданудың;
экономиканы тұрақтандыру мен инфляцияны төмендетуге бағытталған қаржы-кредит саясатының;
әлеуметтiк салада аймақтық еңбек нарығының шиеленiсуiн бәсеңдетуге әсерiн тигiзетiн нысаналылық саясатының;
көшi-қонның ықпалымен қалыптастырылатын болады.
Экономикадағы құрылымдық өзгерiстердi ескере отырып, 1995 жылы жұмыспен қамтудың саны 6,7 млн. адамға дейiн қысқарады. Жұмыс iстейтiндер санының қысқаруы iс жүзiнде барлық салаларда, соның iшiнде өнеркәсiпте, құрылыста, көлiкте және байланыста күтiледi.
Шығынмен жұмыс iстейтiн кәсiпорындарда жұмысқа қамтылғандардың саны жалпы жұмыс iстейтiндердiң 10 процентiне жетуi мүмкiн. Кәсiпорынның жабылуына немесе қайта құрылуына байланысты азаматтардың жұмысты жоғалту қаупi күшейедi.
Босатылатын қызметкерлердiң саны, ең алдымен өнеркәсiпте құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында 150-200 мың адамды құрауы мүмкiн.
Елеусiз болып келген жұмыссыздық барған сайын ашық бола бастайды. Iшiнара жұмыссыздық 700-800 мың адам шегiнде бағаланады.
Жұмыс күшiне сұраным азаяды. Жұмыс күшiн ұсыну өседi. Жұмыс iздеушi азаматтардың саны 1 800 мың адамнан асады. Мектептер, кәсiптiк-техникалық училищелер, техникумдар, жоғары оқу орындары түлектерiн еңбекке орналастыру қиындайды. 600 мыңға дейiнгi жастар еңбек нарығына қамтылуы мүмкiн. Жұмыспен қамту жөнiндегi мемлекеттiк қызметке 400 мыңнан астам адам өтiнiш жасайды деп күтiлуде. Тiркелген жұмыссыздардың саны 220 мың адамға жетедi.
Еңбек нарығындағы шиеленiстiң дәрежесi жөнiнен аумақтарда екi топ ерекшеленедi: Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Семей, Атырау облыстарында еңбек күшiнiң артықтығы басым болса, облыстардың келесi тобында - Шығыс Қазақстанда, Батыс Қазақстанда, Солтүстiк Қазақстанда шиеленiс өндiрiстегi маманданудан және жекелеген салалардағы дағдарыстық құбылыстардан туындайды. Атырау, Семей облыстарындағы жұмыссыздықтың ауқымы республикадағы орташа деңгейден 3-4 есе асып түседi деп күтiлуде.
Жұмыссыздықтың жаңа ерекшелiктерге ие болуы да мүмкiн. Жұмыстан босатылғандардың мөлшерi мен бос орындардың саны арасындағы сәйкессiздiк салдарынан бiрқатар аймақтарда жұмыссыздық созылмалы сипат алуы мүмкiн.
Мұндай жағдайда жұмыссыздық жөнiндегi жәрдемақы төлеудiң мерзiмi өседi, ұзақ уақыт жұмыссыз жүргендердiң үлесi 25-30 проценттi құрайды, мұның өзi жұмыссыздарға қолдау көрсету шығынының өсуiне алып келедi.
Жұмыссыздықтың болжам жасалып отырған деңгейi, экономикадағы мүмкiндiктердiң шектеулiлiгi, әлеуметтiк саясат жүргiзуде аймақтық аспектiнiң күшеюi жұмыспен қамту саясатының басымдығын және бағытын нақтылауды талап етедi.
3. Жұмыспен қамтылмаған халыққа қолдау көрсету
бағыттары
Жекелеген кәсiпорындардың банкротқа ұшырауы, қызметкерлердiң
нақты босатылуы, еңбек нарығындағы бәсекеге қабiлетсiз халықтың жiгiне жұмыс iздеудiң күрделенуi болмай қоймайды. Сондықтан Жұмыспен қамту жөнiндегi мемлекеттiк қызмет олардың белсендi еңбекке тезiрек оралуына жұмыс орнын iрiктеу, оқыту және қайта даярлау, сондай-ақ конверсияланған кәсiпорындардың босатылған қызметкерлерiн қайта даярлауға жәрдем көрсету арқылы ықпал ететiн болады. Есеп бойынша Жұмыспен қамту жөнiндегi мемлекеттiк қызмет 400 мыңнан астам адамға қолдау көрсетедi. Еңбекке орналастыруға жәрдемдесу Еңбекке орналастыруға жәрдемдесу Жұмыспен қамту жөнiндегi мемлекеттiк қызмет ұсынған мынадай қызмет көрсетулердi қамтиды: еңбекке қамтудың мүмкiндiктерi туралы халыққа хабарлау; қолайлы жұмыс орындарын iрiктеу; жұмыс берушiнiң сұранымы бойынша қызметкерлердi iрiктеу; вакансияның және мамандардың жәрмеңкесiн өткiзу; жұмыс iздеуде қиындыққа тап болған азаматтарға консультация беру;
еңбек нарығында мүмкiндiктерi шектеулi адамдардың жұмыспен қамтылуына, жұмыс орындарын квоталауды қоса алғанда жәрдем көрсету.
Жұмыспен қамту жөнiндегi мемлекеттiк қызметтiң қолдау көрсетуi барысында 120 мың адамға жұмыс берiлетiн болады.
Қоғамдық жұмыс
Жұмыс орнына сұранымның болжамдалып отырғандай көбеюi, тұрақты жұмыс беретiн вакансия саны едәуiр артады деп есептеуге негiз қаламайды. Сондықтан жұмыспен қамту жөнiндегi мемлекеттiк қызмет жұмыссыздарды қоғамдық жұмысқа уақытша қамтуға мүмкiндiк туғызады.
Қоғамдық жұмысты бiрiншi кезекте жұмыссыздар, зейнетақылық жасқа жақындағандар, бала тәрбиелеуге және отбасы мүшелерiн күтуге, бас бостандығынан айырылуына байланысты кәсiптiк қызметтен едәуiр уақыт қол үзiп қалғандықтан, еңбегiн қалпына келтiруге мұқтаж азаматтар, сондай-ақ еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн жұмыстан шығарылғандар алады. Олардың еңбегiн негiзiнен денсаулық-сақтауда, ауыл шаруашылығында, құрылыста және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта пайдалану көзделуде.
Қоғамдық жұмысқа 15 мыңға дейiн адам қамту көзделуде.
Кәсiпкерлiк және өзiн өзi қамту
Кәсiпкерлiктi дамыту мақсатында:
жеке iс ұйымдастыруды ниет еткен 10 мың жұмыссызға қолдау көрсету;
кәсiпкерлер ретiндегi қызметiнiң мүмкiндiктерiн ашу үшiн жұмыспен қамтылмаған халыққа және жұмыссыздарға консультация әрi кәсiптiк бағдар беру;
жұмыспен қамтылмаған халыққа және жұмыссыздарға кәсiпкерлiк негiздерiн оқыту;
оқытылған жұмыспен қамтылмаған халықты және жұмыссыздарды еңбекке орналастыру үшiн жұмыс орнын дайындау мақсатында бiрлескен кәсiпорын ұйымдастыруға жәрдемдесу;
экономикалық басымдыққа сәйкес белгiленген тәртiппен бекiтiлген жеке кәсiпкерлiктi дамытуға орталықтандырылған мемлекеттiк және шетелдiк кредит ресурстарын бөлу көзделедi.
Кәсiптiк оқу, кәсiптiк бағдар
Жұмыспен қамтылмаған азаматтар мен жұмыссыздарды, сондай-ақ жұмыстан шығу қаупi төнiп тұрған адамдарды кәсiптiк оқытудың, қайта оқытудың мiндетi кәсiптiк дағдыны, бiлiмдi дамыту жолымен олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабiлетiн арттыру және жаңа жұмыс орнын iздеудегi мүмкiндiктерiн ұлғайту болып табылады. Жұмыссыздарды кәсiптiк бағдарлау саласында азаматтардың жұмыспен қамтудың сапалы жұмыс күшiн қалыптастыруға бағдарланған тиiмдi нысанын таңдауға жәрдемдесуге айрықша назар аударылатын болады.
Мұндай қызмет көрсетуге 80 мың адамды қамту көзделiп отыр.
Жұмыспен қамту жөнiндегi мемлекеттiк қызмет қайта даярлау мен кәсiптiк оқыту үшiн 30 мың адамға мүмкiндiк туғызуды, кемiнде 50 мың адамға кәсiптiк консультация берудi жүзеге асыруды көздеп отыр.
Бұл мiндеттердi шешу үшiн:
бiлiм берудi басқару органдарымен бiрлесiп, аймақтық еңбек нарығының тұтынуына қарай жастарды кәсiптiк бiлiм беру мекемелерiнде даярлаудың көлемi мен бағдарын үйлестiру;
жұмыс күшiн даярлаудың еңбек нарығындағы талаптарына жауап беретiн дамыған оқу-өндiрiстiк базасы бар оқу-курстық жүйесiн қалыптастыруды жалғастыру;
мамандарды шетелдiк фирмалармен бiрлесiп құрылған кәсiпорындарда оқытудың мүмкiндiктерiн пайдалану;
жұмыссыздар мен жұмыспен қамтылмаған халықты кәсiптiк оқытуды жүзеге асыруда мемлекеттiк емес оқу орындарының қызметiн үйлестiру және практикалық көмек көрсету көзделуде.
Жұмыссыздық жөнiнде жәрдемақы төлеу және
жұмыссыздар мен олардың отбасы мүшелерiне
материалдық көмек
Жұмыссыздарды әлеуметтiк қорғау мақсатында жұмыс iздеу кезеңiнде жұмыссыздық жөнiнде жәрдемақы төлеу және материалдық көмек көрсету ұйымдастырылатын болады.
Жұмыссыздық жөнiндегi жәрдемақыны 175 мың жұмыссыздар, материалдық көмектi 22 мың адам алады деп күтiлуде.
Еңбек көшi-қонын реттеу
Көшi-қон саясаты бiлiктi жұмыс күшiне сұраныс пен ұсыныс арасындағы географиялық алшақтықты болдырмауға, еңбек нарығындағы шиеленiстi жұмсартуға жұмыс күшiн шетелде уақытша пайдалану есебiнен жәрдемдесуге бағытталған.
Шетелге уақытша жұмысқа баруға тiлек бiлдiрген Қазақстан азаматтарының саны жылына 10-нан 15 мыңға дейiнгi адамдарды құрайды.
Еңбек көшi-қонын реттеудiң шаралары болып:
iшкi еңбек нарығының мүддесiн ескере отырып, елдермен жасалған тиiстi келiсiм негiзiнде жұмыс күшiнiң иммиграциясы мен эмиграциясын реттеу;
иммиграциялық бақылауды ұйымдастыру айқындалған.
10 мыңдай жұмыссыздар еңбек нарығында неғұрлым қолайлы жағдайда не басқа жерге ерiктi түрде қоныс аудару жолымен республиканың өз iшiнде жұмысы мен тұратын жерiн ауыстыру мүмкiндiгiн пайдалана алады.
4. Жұмыспен қамту жөнiндегi мемлекеттiк
қызметтiң қызметi
Жұмыспен қамту жөнiндегi мемлекеттiк қызмет еңбек нарығындағы өзгерiске икемдi әрi уақтылы назар аударуды, еңбек нарығындағы жағдайды мұқият болжауды, жұмысты, соның iшiнде жұмыс күшiне көрiнiс берген сұранысты ұйымдастыру жөнiндегi жұмысты жетiлдiрудi, сондай-ақ еңбек қолы жетiмсiз, бiрақ экономикалық
дамуда перспективасы бар аймақтарда жұмыс күшiн қайта бөлудiң мүмкiндiктерiн зерделеудi және ұйымдастыруды өзiнiң алдына мiндет етiп қояды. 5. Бағдарламаны қаржымен қамтамасыз ету Бағдарламаны қаржыландыру Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң мемлекеттiк қорының қаражаты есебiнен Қор Басқармасы бекiткен шығын сметасына сәйкес жүзеге асырылады. 6. Бағдарламаны жүзеге асырудың шарты
Бағдарламаны жүзеге асыру - Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң мемлекеттiк қорының қаражаты жұмыс берушi шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң еңбекақы қорының 2 процентi мөлшерiндегi мiндеттi аударымы есебiнен жүйелi түрде молығады деп болжамдалып отыр.