Соттардың моральдық залалдың орнын толтыру жөніндегі заңды қолдануы туралы

Қаулы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумы 1995 жылғы 22 желтоқсан N 10. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001.06.21. N 3 қаулысымен. ~P01003s.

Күшін жойған

      Азаматтық құқықтық жауапкершіліктің жаңа түрі - моральдық залал келтіргені үшін жауапкершілік туралы заң актілерінің күшіне кіруіне орай сот тәжірибесінде туып отырған мәселелерге байланысты Пленум қаулы етеді:

      1. Моральдық залалдың орнын толтыру мәселелері әр кездерде күшіне енген бірқатар заң актілерімен реттелетініне соттардың назары аударылсын. Атап айтқанда: 1995 ж. 1 наурызда күшіне енген Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің Жалпы бөліміндегі 9, 141, 142, 143 және 352 баптары; 1993 ж. 30 қаңтарда Қазақстан Республикасының аумағында күшіне енген КСР Одағы мен республикалардың азаматтық заң Негізінің 19-тарауының нормалары; 1993 ж. 1 ақпанда күшіне енген "Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы" Заңның 14-бабы; 1992 ж. 1 қаңтарда күшіне енген "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" Заңның 18-бабы; 1991 ж. 1 тамызда күшіне енген "Баспасөз және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Заңның 42-бабы.

      Осыған байланысты туған дауды дұрыс және дер кезінде шешуді қамтамасыз ету мақсатында соттар әр іс бойынша екі жақтың өзара қарым-қатынасының сипатын және олар қандай құқықтық нормалармен реттелетінін, мұндай жағдайда моральдық залалдың орнын толтыру шарттары мен тәртібі көрсетілген заң актісі қашан күшіне енгенін, сондай-ақ моральдық залал тигізген әрекеттің қашан болғанын анықтап алуға тиіс.

      Соттар сонымен бірге жәбірленушіге жан немесе тән азабын тарттырған фактілердің немен расталатынын, олар қандай жағдайда және нендей әрекеттермен (әрекетсіздікпен) жасалғанын, залал тигізушінің жазығының мөлшерін, жәбірленушінің қандай жан немесе тән азабын шеккенін, оның өтеуін қандай сомада немесе басқа да материалдық түрде бағалайтынын және дауды нақты шешуге қатысты басқа да жағдайларды анықтап алуы қажет.

      2. Моральдық залал дегеніміз - заңды бұза отырып жәбірленушіге жасалған жан немесе тән азабы (қорлау, ашуландыру, ызаландыру, ұятқа қалдыру, торықтыру, тән азабы, кемсіту, қолайсыз жағдайға ұшырату т.б.) болып табылады.

      Азаматтың тумысынан немесе заңмен бекітілген рухани игілігі, мүліктік емес және мүліктік қақы (өмірі, денсаулығы, жеке басының абыройы, ішкі құпиясы, жеке меншігі мен үй-жайына қол сұқтырмау құқы т.б.) заңға қарсы әрекеттің (әрекетсіздіктің) объектілері болуы мүмкін.

      3. Азаматтық Кодекстің Жалпы бөлімінің 143-бабы 6-тармағына сәйкес, адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе қызмет беделіне кір келтіретін мәліметтер таратудан болған моральдық залал азаматқа ғана емес, заңды тұлғаға да өндіріліп берілуге тиістігін соттардың білгені жөн.

      4. Моральдық залалдың орнын толтыру мөлшерін анықтаған кезде, соттар жәбірленуші өзіне келтірілген рухани залалдың ауыр-жеңілдігін субъективті түрде қалай бағалайтынына, жәбірленуші тартқан жан және тән азабының шамасын айғақтайтын объективті деректерге де назар аударуға тиіс. Атап айтқанда, нұқсан келтірудің нысанасы болған игіліктің (өмірі, денсаулығы, ар-намысы мен абыройы, бас бостандығы, үй-жайына тиістірмеу құқы, аса бағалы заттар және т.б.) өмірлік мәні; заң бұзудың бар ауыртпалығы (жақын туыстарын өлтіру, мүгедектікке ұшыратқан тән жарақатын салу, бас бостандығынан айыру, жұмыссыз немесе үй-жайсыз қалдыру және т.б.); жәбірленушінің өмір-тұрмыс жағдайы (қызмет, отбасы, тұрмыс, материалдық жайы, жасы және басқалар); залал келтіруші мен жәбірленушінің айып дәрежесі, залал келтірушінің материалдық жағдайы, басқа да мән-жайлар.

      Осыған орай моральдық залалдың орнын толтыру мөлшерін мүліктік залалдың, зиян және басқа да материалдық талаптардың орнын толтыру туралы талап арызды қанағаттандырған мөлшермен шектеуге болмайды.

      5. Азаматтық Кодекстің (жалпы бөлім) 1-бабы 3-тармағына сәйкес отбасы, еңбек қатынастары мен табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастар тиісінше заңдармен реттелмейтін жағдайда, азаматтық заң қолданылады.

      Сондықтан да, мәселен, еңбек туралы заң актілерінде жан немесе тән азабы залалының орнын толтыру туралы тікелей нұсқаудың болмауы жәбірленушінің моральдық залалдың орнын толтыруға құқы жоқ деген ұғым тудырмайды. КСР Одағы мен республикалардың азаматтық заң Негіздерінің 131-бабы негізінде заңсыз жұмыстан шығарудан, басқа жұмысқа ауыстырудан, еңбек ақысын төлемеуден, еңбек жарақатынан, тән кәсіптік аурудан және тағы басқалардан қызметкердің шеккен жан және тән азабының орнын толтыруды жұмыс берушіге міндеттеуге соттардың қақысы бар.

      6. Егер залалдың орнын толтыруға құқық беретін заң актілері күшіне енгенге дейін жәбірленушіге моральдық залал келтірілсе, талапкердің талабы, соның ішінде бұл акті күшіне енгеннен соң да жан немесе тән азабын тартып жүрсе де, қанағаттандыруға жатпайды, өйткені залал келген кезде жауапкершіліктің мұндай түрі белгіленген, ал жалпы ережелер бойынша жауапкершілікті күшейтетін заңның күші кері жүрмейді (Конституцияның 77-бабы).

      Егер жауапкердің талапкерге жан немесе тән азабын тарттырған заңсыз әрекеттері (әрекетсіздіктері) жауапкершілік белгіленген заң күшіне енгенге дейін басталса және осы заң күшіне кіргеннен соң да жалғаса берсе, мұндай жағдайда моральдық залалдың орны толтырылуға тиіс.

      7. Соттың моральдық залалдың орнын толтыру жөніндегі талап арызды мүліктік зиянның орнын толтыру жөніндегі талап арызбен бірге де, жеке де қарауға қақысы бар, себебі қолданылып жүрген заң бойынша келтірілген моральдық залал үшін жауапкершілік мүліктік зиянға тікелей тәуелді емес, сондықтан ол мүліктік жауапкершілікпен қатар да, дербес те қолданыла береді.

      ҚІЖК-нің 28-бабына орай, жәбірленуші, яғни қылмыс салдарынан моральдық залал шеккен адам, қылмыстық іс жүргізу барысында моральдық залалды өтеу туралы азаматтық талап арыз беруге қақылы.

      8. "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" Заңның 18-бабына сәйкес, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңда көрсетілген азаматтың құқығын бұзу салдарынан келген моральдық залалдың орны айыбы анықталған жағдайда залал келтірушінің тарапынан сот белгілеген мөлшерде өндіріледі.

      Аталған заң нормалары бойынша моральдық залал нақты азаматқа өндірілетіні көрсетілгендіктен, ал "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" Заңның 23-бабы 4-бөлігінде тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарына тұтынушылардың белгісіз тобына қатысты моральдық залалдың орнын толтыру туралы талап арыз беру құқығы берілмегендіктен, сондықтан тұтынушылар қоғамы тұтынушылардың аты-жөнін, мекен-жайын көрсетпей моральдық залалды өндіру жөнінде талап арыз берген жағдайда, АІЖК-нің 126-бабының талаптары бұзылған деп танылып, АІЖК-нің 130-бабына сәйкес, ондай талап арыз қозғаусыз қалдырылады.

      9. Моральдық залалдың орнын толтыру материалдық емес игілік пен жеке мүліктік емес құқықты қорғаудың бір амалы болып табылады. Сондықтан да Азаматтық Кодекстің 187-бабы 1-тармағының (жалпы бөлім) талабы бойынша моральдық залалдың орнын толтыру талабына талап арыз беру мерзімдеріне қатысты тәртіп қолданылмайды.

      10. Бірнеше адамның бірлескен әрекеттерінен моральдық залал келтірілген жағдайда, жәбірленушінің моральдық залалдың орнын толтыруды залал келтірушінің бәрінен, сондай-ақ олардың әрқайсысынан жеке-жеке залалды толық немесе бір бөлігін талап етуіне қақысы бар (Қаз. КСР АК-нің 451-бабы, ҚРАК-нің 287-бабының 3-тармағы).

      11. КСР Одағы мен республикалардың азаматтық заң Негіздерінің 126-бабы 2-тармағына сәйкес, заңды тұлға немесе азамат өздерінің қызметкерлерінің еңбек (қызметтік, лауазымдық) міндеттерін орындау кезінде келтірген залалдарын төлейді. Заңның бұл көрсетілген ережесі моральдық залал келтірілген жағдайда да қолданылады.

      12. Талап арызды қабылдап алған және тән немесе жан азабының орнын толтыру туралы істі қараған кезде, заң бойынша моральдық залал ақшалай немесе басқадай материалдық түрде өндірілгеніне қарамастан мүліктік емес залал ретінде танылады. Осыған байланысты мұндай істер жөніндегі мемлекеттік баж салығы, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік баж салығы


      туралы" Заңның 3-бабы "е" тармақшасының негізінде, мүліктік емес сипаттағы

      талап арызды төлеу тәртібімен өндірілуге тиіс.

      Ондайда Заңда көрсетілген жағдайлар бойынша талапкер мемлекеттік баж

      салығын төлеуден босатылады (мәселен, "Тұтынушылардың құқығын қорғау

      туралы" Заңның 23-бабының 7-бөлігі).

      Оқығандар:

      Қасымбеков Б.А.

      Икебаева Ә.Ж.