Парақорлық үшін жауапкершілік жөніндегі заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумы 1995 жылғы 22 желтоқсан N 9 Қаулысы

Қолданыстағы

      Парақорлық үшін жауапкершілік туралы қолданылып жүрген заңды бірегей және дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы Қаулы етеді: 

      1. Заң бойынша пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке лауазымды міндетті тұрақты немесе уақытша атқаратын қызметкерлер жатқызылатыны түсіндірілсін. Лауазымды адам ұғымы ҚК-тің 307-бабына N 1 ескертуде берілген.<*> 
      Пара берушінің мүддесін орындау үшін тиісті әрекет ету өкілеттігі жоқ лауазымды адамдар пара үшін өзінің лауазымдылық жағдайында басқа лауазымды адамдардың осындай әрекет жасауына шара қолданса, ондай адамдар да осы қылмыстың субъектісі ретінде танылуы керек. 
      ЕСКЕРТУ. 1-тармақ өзгерді және толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.12.20. N 20 қаулысымен.  P99020S_  

      2. Паралық нәрсе болып ақша, бағалы қағаздар, материалдық байлықтар, сондай-ақ тегін көрсетілген ақылы қызметтер, мүлікке құқық беретін жеңілдіктер (құрылыс, жөндеу жұмыстарын жүргізу; санаторийлық немесе туристік жолдамаларды, жол билеттерін алып беру; жеңілдік жағдайындағы қарыз немесе несие алуға жәрдемдесу және т.б.) саналады. 

      3. Парақорлық туралы істерді қарау кезінде лауазымды адамның пара берушінің мүддесіне сай қандай әрекеттерді орындағаны немесе орындамағаны үшін пара алғандығын әрдайым анықтау қажет. Мұндайда лауазымды адамның параны қашан алғанына, яки әрекет немесе әрекетсіздік жасағанына дейін, ия кейін, сондай-ақ параның алдын ала келісілген-келісілмеген, пара берушінің мүддесі үшін қандай да әрекеттің орындалған-орындалмағанына қатыссыз жауапкершілікке тартылатынын ескеру керек. 
      Лауазымды адамның өзіне бағынышты немесе бақылауындағы адамдардан қызмет бабында қорғаштағаны немесе кемшіліктеріне көзжұмбайлық жасағаны үшін, оның құзыретіне енетін мәселелерді сәтті шешуі үшін ақша немесе басқа құнды нәрселерді алуы, пара алу деп бағалануы тиіс. 
      Құнды нәрселерді алудың немесе қызмет көрсетудің шарттары арнайы келісілмеген, бірақ қылмысқа қатысушылар параны берушінің мүддесін қанағаттандыру мақсатында табыс еткенін түсінген жағдайда да айыпты адамдардың әрекеттері пара беру және пара алу деп дәрежеленуге жатады. 

      4. Мемлекеттік, қоғамдық немесе жеке ұйымдар үшін қайсыбір артықшылықтарды алу үшін пара берушінің әрекеті пара беру ретінде, ал негіз болған жағдайда, басқа қылмыстардың жиынтығы бойынша (ұрлық, қызмет бабын пайдалану және т.б.) сараланады. 
      Мемлекеттік, қоғамдық немесе жеке кәсіпорындардың, мекемелердің немесе ұйымдардың басшылары қызметі бойынша бағынышты адамдарға басқа лауазымды адамға пара беру жолымен ойлаған әрекетке немесе әрекетсіздікке жетуге тапсырма берсе, ондай адамдар пара беруші ретінде жауапқа тартылады. Пара үшін ойлаған әрекеттерді орындауға келісімге келген және параны табыс еткен қызметкер параны беруге қатысушы ретінде жауапқа тартылуы тиіс. Егер аталған адам жүктелген істің сипатын біле тұрып, тек параны апарып берсе, оның әрекеті парақорлыққа делдал ретінде сараланады. 

      5. Парақорлыққа делдал болу пара берушінің немесе пара алушының тапсырмасымен әрекет ете отырып, тікелей паралық нәрсені беретін адам екенін ескеріп, парақорлыққа делдал болуды параны беру мен алудан даралай білу керек. Мұндайда парақорлыққа делдал болған адамды айыпты деп тану үшін оның пара берушіден немесе пара алушыдан сыйақы алған-алмағанының маңызы жоқ. 
      Параны беруді немесе алуды ұйымдастырып, бұған біреуді итермелеген немесе параны алуға, беруге көмектесуші болған әрі бір мезгілде делдал міндетін атқарған лауазымды немесе басқа адам параны беруге немесе алуға қатысқаны үшін жауапқа тартылады. Мұндайда қатысушының әрекетін саралау жөніндегі мәселе оның пиғылына, пара берушінің немесе пара алушының қайсысының мүддесі үшін, кімнің жағында болғанына қарай шешілуі тиіс. Мұндай жағдайда оның әрекетін парақорлыққа делдал болу үшін жауапкершілік белгіленген бап бойынша қосымша саралаудың қажеті жоқ. 

      6. Егер тиісті қылмысты бірлесіп жасауға алдын ала келіскен екі немесе одан көп лауазымды адам қатысса, онда параны алдын ала келісім бойынша бір топ адам алды деп есептелінеді. Мұндайда параны ең болмағанда бір лауазымды адамның алған сәтінен бастап қылмыс жасалынады деп есептеледі және бұл жерде пара берушінің параны алуға бірнеше лауазымды адамның қатысқандығын білген-білмегенінің қажеті жоқ. 
      Бір топ адамның алдын ала келісімі бойынша алынған параның мөлшері алынған бағалы заттардың немесе көрсетілген қызметтің жалпы құны бойынша анықталады, ал негізсіз иемденген бағалы заттарды мемлекет есебіне қайтару кезінде әрбір пара алушының ақшалай немесе материалдық пайдасының мөлшері тұрғысынан есептеледі. 
      Бір лауазымды адам екінші бір лауазымды адаммен алдын ала келіспестен пара алып, пара берушінің мүддесі үшін оның бір бөлігін соңғыға берсе, параны бергені және алғаны үшін жасаған қылмысының жиынтығы бойынша жауапқа тартылады. 
      Лауазымды емес кісімен келісіп пара алған лауазымды адамның әрекеті бір топ адамның алдын ала келісіп пара алғаны ретінде бағаланбайды. 

      7. Жауапқа тарту мерзімі өтіп кетпеген жағдайда параны алу, беру немесе парақорлыққа делдал болу қылмыстары кемі екі рет жасалынса, онда аталған қылмыстар әлденеше рет жасалған деп есептелінеді. 
      Егер әрбір пара берушінің мүддесі үшін жеке-жеке әрекет жасалып, бірнеше адамнан бір мезгілде пара алынса, онда пара әлденеше рет алынды деп саралануы керек. 
      Пара берушінің қажет еткен нәтижесін қамтамасыз ететін орындағаны немесе орындамағаны үшін параны әлденеше рет беру немесе алу, сол сияқты өзара алдын ала келісіп, қылмыс жасаған лауазымды адамдар тобына пара беру немесе аталған жағдайларда делдал болу, бірнеше рет жасалған қылмыс ретінде қаралмайды. 
      Егер әр пара берушінің мүддесі үшін пара алушы жекелеген әрекеттер жасаса (жасамаса), немесе пара берушінің мүддесі үшін әр лауазымды адам жекеленген әрекет етсе және бұл жағдайлар делдал болған адамға белгілі болған жағдайда, ондай адамның бір мезгілде бірнеше пара берушінің бір лауазымды адамға пара берушіден бірнеше лауазымды адамның пара алу кезіндегі делдалдық әрекеттері әлденеше рет парақорлыққа делдал болу деп есептеледі. 

      8. Лауазымды адамның пара берушінің заңды мүддесіне залал келтіретін әрекеттер істелетінін айтып қорқыту әрекетін жасап пара талап етуі немесе соңғыны өзінің құқықтық мүдделеріне тиетін зиянды зардаптарды болдырмау мақсатында пара беруге мәжбүр болу жағдайына жеткізу параны қорқытып алу болып табылады. 

      9. Пара мөлшерін белгілеу үшін пара заттары қолданылып жүрген бағалардың немесе көрсетілген қызметке төленетін тарифтердің негізінде ақшалай құнға иеленуге тиіс. Егер ірі мөлшердегі заңсыз сыйақы бөліп-бөліп алынса, бірақ бұл әрекет жалғасы бір қылмыстың жеке көріністері болып табылса, істелінген әрекет ірі мөлшерде алынған пара ретінде саралануы тиіс. Ірі мөлшердегі пара ұғымы ҚК-тің 311-бабына N 1 ескертуде берілген.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.12.20. N 20 қаулысымен.  P99020S_  

 
      10. Лауазымды адамның оған қызметі бойынша берілген құқық пен өкілеттікті парақорлыққа делдал болу кезінде пайдалануы өзінің қызмет бабын пайдаланып парақорлыққа делдал болу болып табылады. 
      Егер парақорлыққа делдал болу айыпкердің қызмет бабымен байланысты болмаса, немесе ол лауазымды адам болмаса, парақорлыққа делдал болу қызмет бабын пайдалана отырып жасалынды деп танылмайды. 

      11. Егер пара толығымен немесе жартылай пара алушының ырқына байланысты емес себептермен алынбай қалса, оның әрекетін алдын ала келісілген параны алуға оқталу деп саралау керек. Лауазымды адам ұсынылған параны алудан бас тартқан жағдайда пара берушінің әрекетін пара беруге оқталғандық, ал делдал адамның әрекетін делдал болуға оқталғандық деп саралаған жөн. 
      Лауазымды адамға пара түрінде берілген ақша жалған немесе бір бөлігі қолдан жасалған ақша таңбалары болған жағдайларда пара алушының әрекетін параны келісілген мөлшерде алуға оқталғандық ретінде саралау керек. 
      Құқық қорғау органдарына дайындалып жатқан қылмыс жөнінде мәлім болғанына қарамастан егер лауазымды адам параны іс жүзінде алса, онда мұндай адамның әрекетін пара алды деп есептеу керек. 

      12. ҚК-тің 307-ші бабына N 2 ескертудегі көрсетілген тұлғалар жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар болып танылады. <*> 
       ЕСКЕРТУ. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.12.20. N 20 қаулысымен.  P99020S_  

      13. Парақорлық үшін бұрын сотталған деп, ол туралы пара алғаны немесе бергені, сондай-ақ парақорлыққа делдал болғаны туралы заңды күшіне енген үкім шыққан, аталған қылмысы үшін заңда белгіленген тәртіппен сотталғандығынан арылмаған не сотталғандығы жойылмаған адамды айтады. Мұны осылай саралау үшін бұрын адамның параны алуға, беруге немесе парақорлыққа делдал болуға оқталғаны, ия болмаса аталған қылмыстарға қатысқаны үшін сотталғандығының маңызы жоқ. 
      14.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 14-тармақ алынып тасталды - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.12.20. N 20 қаулысымен.  P99020S_  

 
      15. Қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің жоғарылығын сипаттайтын саралау белгілері (қорқытып алу, параның көп мөлшері, пара алушының жауапты лауазымға ие екендігі) параны алуға қатысушылардың да айыбына тағылуы тиіс, егер олар бұл жағдайларды қылмысқа қатысқан кезде саналы түрде білсе.<*> 
      Осымен қатар қылмысқа қатысушылардың әрекетін саралау кезінде басқа қатысушылардың жеке басын сипаттайтын жайлар (параны бірнеше рет алғаны, бергені, парақорлыққа делдал болғаны, парақорлық үшін сотталғандығы) есепке алынбауы керек. 
      ЕСКЕРТУ. 14-тармақ алынып тасталды - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.12.20. N 20 қаулысымен.  P99020S_  

      16. Егер адам пара берушіден ақша немесе басқа құнды заттарды лауазымды адамға пара ретінде беру үшін алып, бірақ апарып беру оның ойында болмай өзі пайдаланса, оның жасаған әрекеті алаяқтық ретінде саралануы тиіс. Егер бұл адам құнды нәрселерді иелену мақсатымен пара берушіні пара беруге итермелесе, онда оның әрекеті алаяқтықпен бірге қосымша, пара беруге итермелеген арандатушылық болып, ал мұндай жағдайда пара берушінің әрекеті пара беруге оқталғандық болып саралануы тиіс. Бұл жағдайда нақты пара берілетін лауазымды адамның аты аталған-аталмағандығының маңызы жоқ. 

      17. Параны бергені және алғаны үшін жауапкершілік парақорлықпен байланысты болса өз алдына жеке қылмыс құрамын құратын басқа әрекеттер үшін (қызмет бабын пайдалану, бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысу және т.б.), бір мезгілде қылмыстық жауапқа тартудың жоққа шығарылмайтыны түсіндірілсін. Мұндай жағдайда жасалған әрекеттер қылмыс жиынтығы бойынша саралануы қажет. 
      Егер делдал адам пара берушінің паралық нәрсені ұрлап алатынын алдын ала білсе және оны пара алушыға апарып беруге келіссе, онда әрекеттері парақорлыққа делдал болу және ұрлыққа қатысқан деп сараланады. 

      18. Пара берушіні қылмыстық жауаптан босататын жәйт-милицияға, прокурорға, сотқа немесе басқа мемлекеттік органға пара бергені туралы ауызша немесе жазбаша арызы, сол сәтте, қандай себепті басшылыққа алғанына қарамастан, бұл қадам ерікті болуы тиіс. 
      Жасалған қылмыс жөнінде ерікті түрде арыз берілген жағдайда қылмысты жауаптан тек пара берушілер емес, оған қатысушылар да босатылады. 

      19. Параны қорқытып алған себептен немесе параны беруі туралы ерікті түрде арыз жазғаны бойынша пара берушілерді қылмысты жауаптан босату бұл адамдардың әрекеттерінде қылмыс құрамының жоқ екенін білдірмейді, сондықтан олар жәбірленуші болып саналмайды және пара түрінде берілген құнды заттарды қайтарып беру туралы талап қоюға құқы жоқ. 
      Параны қорқытып алу орын алған жағдайда және пара беруші параны бергенге дейін ол туралы құқық қорғау органдарына хабарласа, паралық нәрсе оның иесіне қайтарылуға жатады. 
      Айғақ заттар болып танылған пара ретінде алынған ақша мен басқа құнды заттар мемлекет кірісіне жатқызылады. 
      Егер параға берген нәрсе табылмаса, онда негізсіз иемделген нәрселер ретіндегі оның құны азаматтық заңға сәйкес мемлекет есебіне өндіріледі. 

      20. Пара алу және пара беруді заңсыз сыйақы алу және қызметкерді сатып алушылықтан айыруды шешкен кезде, параны алу субъектісінің лауазымды адам болатынын ескерген жөн. Ал заңсыз сыйақы алу субъектісіне мемлекеттік, кооперативтік, жекеше немесе басқа мекеменің, кәсіпорынның, ұйымның лауазымға ие адамы болып танылмайтын қызметкері жатады. 
      Параның коммерциялық сатып алушылық ұғымынан айырмашылығы - коммерциялық сатып алушылық субъектісі болып коммерциялық немесе өзге де ұйымда басқару міндеттерін атқаратын адам табылады.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 20-тармақ жаңа азатжолымен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.12.20. N 20 қаулысымен.  P99020S_  

 
      20-1. Парақорлық бойынша істерде техникалық құралдардың көмегімен дәлелдер жинауда (бейне, аудио жазбалар, параға берілетін заттарды арнайы бояғыштармен өңдеу т.б.) заң талаптарынан ауытқуға жол берілу фактілерін ескере отырып, бұндай тәсілдермен дәлелдер жинауда соттар қылмыстық қудалау органдарының ҚІЖК-нің қалыптарын сақтауын мұқият тексеріп, оларды іске дәлел ретінде жатқызу жөнінде мәселені шешуі керек.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 20-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.12.20. N 20 қаулысымен.  P99020S_  

 
      20-2. Парақорлық үшін жаза тағайындауда соттар бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының түсініктемелерін басшылыққа алулары керек, сонымен бірге, жаза тағайындауда жазаның тым жұмсақтығына немесе тым қатаңдығына жол бермей, жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесін ескерген жөн.<*> 
     ЕСКЕРТУ. 20-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 1999.12.20. N 20 қаулысымен.   P99020S_   

      21. Осы қаулының қабылдануына байланысты: 
      Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының 1982-жылғы 20-желтоқсандағы N 8 "СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1977-жылғы 23-қыркүйектегі N 16 "Парақорлық туралы істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы" қаулысын республика соттарының орындауы туралы" қаулыларының күші жойылады деп танылсын.
      СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1990-жылғы 30-наурыздағы N 3 "Парақорлық туралы істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы" қаулысы қолданылмайды деп танылсын.