Көмiр өнеркәсiбi саласының жұмысын тұрақтандыру жөнiндегi қосымша шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1995 жылғы 24 қаңтар N 74. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998.05.13. N 431 қаулысымен. ~P980431

Күшін жойған

      Көмiр өнеркәсiбi саласының жұмысын тұрақтандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi, Өнеркәсiп және сауда министрлiгi Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгiмен бiрлесiп алынған көмiр, пайдаланған электр және жылу энергиясына байланысты берешектерiн өтеу үшiн Қарағанды металлургия комбинаты мен Ермак ферроқорытпа заводына өздерi өндiрген өнiмнiң кепiлдiгi бойынша республиканың коммерциялық банктерiнен тиiсiнше 650 (алты жүз елу) млн. теңге және 850 (сегiз жүз елу) млн. теңге сомасында кредит алуына жәрдем көрсетсiн. 
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi "Қарағандыкөмiр" мемлекеттiк холдинг компаниясы мен "Екiбастұзкөмiр" мемлекеттiк акционерлiк қоғамның бюджет төлемдерi, республикаiшiлiк өзара есеп айырысулар бойынша және еңбекақы төлеу үшiн алған кредиттер бойынша, сондай-ақ 1993-1994 жылдар үшiн соларға есептелетiн проценттер бойынша (1994 жылдың 10 мамырындағы жай-күйi бойынша) тиiсiнше 1569 (бiр миллиард бес жүз алпыс тоғыз) млн. теңге және 1398 (бiр миллиард үш жүз тоқсан сегiз) млн. теңге сомасындағы берешектерiн өтеу мерзiмiн 1996 жылдың 1 сәуiрiне дейiн ұзартсын.<*> 
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚРМК нiң 1996.02.07. 
               N 168 қаулысымен.  P960168_  

      3. "Қарағандыкөмiр" мемлекеттiк холдинг компаниясы мен "Екiбастұзкөмiр" мемлекеттiк акционерлiк қоғамның 1994 жылғы мамыр мен желтоқсан айларының арасындағы тиiсiнше 1540 (бiр миллиард бес жүз қырық) млн. теңге және 1774 (бiр миллиард жетi жүз жетпiс төрт) млн. теңге сомадағы бұдан бұрын төлеу мерзiмi ұзартылған бюджетке беретiн қарыздарын мемлекеттiк резервке көмiр беру есебiнен өтеу туралы ұсынысы қабылдансын. 
      Жоғарыда аталған бюджетке төлем сомалары 1994 жылғы қызметтiң қорытындылауы бойынша бюджетке төлем жөнiндегi қайта есептеудiң нәтижесiнен алынған және республикалық бюджеттiң табысына төленетiн сомаларға түзету енгiзуге жатады деп белгiленсiн.<*> 
      "Қарағанды көмiр" мемлекеттiк холдинг компаниясы мен "Екiбастұзкөмiр " мемлекеттiк акционерлiк қоғамы тиiстi салық органдарымен бiрлесiп, қайта есептеудi ескере отырып, республикалық бюджетке төлеуге жататын төлемде бойынша салыстырып, тексеру актiн түзетiн болсын және оны 1995 жылғы 20 сәуiрге дейiн Қазақстан Республикасының Қажы министрлiгiне табыс етсiн.<*> 
      "Қарағандыкөмiр" мемлекеттiк холдинг компаниясы мен "Екiбастұзкөмiр" мемлекеттiк акционерлiк компаниясы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнiң келiсуi бойынша үш күн мерзiмде мемлекеттiк резервке бағасы мен мөлшерi көрсетiлiп айларға бөлiнген көмiр өткiзудiң кестесiн дайындап, бекiтсiн. 
      1994 жылдың мамыр мен желтоқсан айының арасындағы бюджетке төленетiн төлемдер бойынша қарызды өтеу есебiне көмiр беру 1995 жылдың 1 шiлдесiнен бастап 1996 жылдың 1 шiлдесiне дейiн жүзеге асырылады деп белгiленсiн. 
      Ескерту. 3-тармақ екiншi және үшiншi абзацтармен 
               толықтырылды - ҚРМК-нiң 1995.03.28. N 343 
               қаулысымен. 
      4. "Қарағандыкөмiр" мемлекеттiк холдинг компаниясы мен "Екiбастұзкөмiр" мемлекеттiк акционерлiк компаниясының көрсетiлген жеңiлдiк есебiнен "Северная", "Майқұдық", "Дубовская" және "Степная" шахталарының өндiрiсiн жабу жөнiндегi негiзгi жұмыстарды 1995 жылы аяқтауды және "Северная" кенiшi өндiрiсiн кезең-кезеңiмен тоқтатуды қамтамасыз ету туралы ұсынысы келiсiлсiн. 
      5. Қазақстан Республикасының Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгi басқа мүдделi министрлiктермен және ведомстволармен бiрлесiп 1995 жылы республиканың энергетикалық көмiрге сұранысын биылғы жылдың 1 ақпанына дейiн анықтасын. 
      6. "Қарағандыкөмiр" мемлекеттiк холдинг компаниясы мен "Екiбастұзкөмiр" мемлекеттiк акционерлiк қоғамның 1995 жылы республикадағы төлем қабiлетi бар тұтынушылардың көмiр өнiмiне деген сұранысын қанағаттандыратындығы және тәсiлдемелердiң өзгеруiн есепке алып, көмiр өндiрудiң өзiндiк құнын 1994 жылдың деңгейiнiң салыстырмалы бағалары бойынша 3-4 процентке төмендететiндiгi туралы мiндеттемелерi назарға алынсын. 
      7. Қазақстан Республикасының Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгi, Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, Өнеркәсiп және сауда министрлiгi, Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлiгi, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi комитетi басқа мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың қатысуымен үстiмiздегi жылдың 1 ақпанына дейiн баға мен тарифтердi тұрақтандыру, сондай-ақ өзара қарыздарды қысқарту бойынша бiрлескен iс-қимылдар туралы 1995 жылға арналған бас келiсiмдi әзiрлесiн. 
      8. "Темiр жол көлiгiмен жүктердi тасымалдағаны және басқа да көрсеткен қызмет түрлерi үшiн дер уақытында ақы төлемеуiне байланысты кәсiпорындар мен мекемелердiң жауапкершiлiгi туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 14 сәуiрдегi N 306 қаулысының 1-тармағын өзгерту мақсатында, 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап көмiр өндiретiн кәсiпорындарға көмiр тасымалдауға төлейтiн төлемдерiн уақытында төлемегендерi үшiн өсiмнiң мөлшерi әрбiр кешiктiрiлген күн үшiн төлем сомасының екiден 0,5 процентiне дейiн төмендетiлсiн. 
      9. Осы қаулының 2 және 3-тармақтары мемлекеттiк резервке көмiр тапсырудың кестесi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен келiсiлген соң ғана күшiне енедi деп белгiленсiн. 
 
        Қазақстан Республикасының 
           Премьер-министрi