Бұзақылық туралы істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы

Қаулы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумы 1995 жылғы 21 шілде N 5 (Қазақстан Республикасы (Қазақ КСР) Жоғарғы Соты Пленумы қаулыларының жинағы, 1997 ж., 1 том, 124 бет)

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы қылмыстық жазалануға жататын және ұсақ бұзақылық туралы iстер жөніндегi сот тәжiрибесiн талқылай келiп, соттардың осындай құқық бұзушылық үшiн жауапкершілік жөнiндегi қолданылып отырған заңдарды негiзiнен дұрыс қолданатындығын атап көрсетедi. 
      Сонымен бiрге соттардың қызметiнде аталған санаттағы iстердi қарауда әлi де қателiктер мен олқылықтар кездеседi. Кейбiр соттар алдын ала тергеудің сапасына тиiстi талап қоймайды, бұл олар бойынша заңсыз және негiзсiз үкiмдер шығаруға әкеп соқтыруда. Қылмыстық iстер сотта қаралған кезiнде айыпкерге тағылған әрбiр айып бойынша жан-жақты және толық зерттеу және қылмысқа қатысушылардың бәрiн анықтау қамтамасыз етiлмейдi. 
      Осы қылмыстарды саралауда бұзақылықты басқа қылмыстардан дұрыс шектеудiң елеулi қиындықтарына байланысты қателiктер аз жiберiлмейдi. Жаза тағайындауда жасалған қылмыстың барлық жай-жапсарын және айыптының жеке басының мәлiметтерiн ескере отырып, әр айыптыға өзiндiк жолмен қарау жөнiндегi, өзiндiк заң талаптарын соттар барлық кезде орындай бермейдi. 
      Кейбiр судьялар ұсақ бұзақылық жөнiндегi iстердi қарай отырып, жасалған әрекетке құқылық тұрғыдан баға беруде қателiктер жiбередi, осының салдарынан қылмысы тұрғысынан жазаланатын бұзақылықты немесе басқа қылмыстарды жасаған адамдар әкiмшілік жауапкершілiкке тартылады. Көпшілік бұзақылық әрекеттердiң мас болу жағдайында жасалатынына қарамастан соттар бұл жағдайды айыпкердiң жауапкершiлігін ауырлататын жәйт деп есептеу мәселелерiн әр кезде талқылай бермейдi. Соттардың осы санаттағы iстердi қарау кезiнде қылмыстың жасалуына жағдай тудырған себептер мен жағдайларды және тиiстi шаралар қабылдауды талап ету жөнiндегi өзiне заңмен жүктелген мiндеттердi орындамайды. 
      Кассациялық және қадағалау инстанциясындағы соттар халық соттарының бұзақылық туралы iстердi қарау кезiнде жiберген қателiктерi мен заң бұзушылығын әр кезде уақтылы анықтай бермейдi. 
      Заңның бiркелкi дұрыс қолдануын, бұрын қабылданған қаулылардың жүйеленуiн қамтамасыз ету мақсатында және соттарға, бұзақылық туралы қолданылып отырған Заңның өзгеруiнен туындаған мәселелер бойынша түсiнiк беру қажеттiлiгiне байланысты Жоғарғы Соттың Пленумы 
      Қаулы етеді: 
      1. Бұзақылықтың қоғамдық тәртiпке, азаматтардың тыныштығына зардабын тигiзетiн, кей кезде басқа, одан гөрi ауыр қылмысқа итермелейтiн қауiптi құқық бұзушылық болып қалып отырғанына соттардың назары аударылсын. 
      Мұндайда бұзақылықтың қоғамдық тәртiптi, адамгершiлiк қалыпты өрескел бұзатын, көбiне себепсiз немесе болар-болмас себептi пайдаланып қоғамды барынша сыйламаушылықта көрiнетiн айыптының тәртiбi қоғамдық тәртiпке ашық қарсыласуымен, өзiн айналасындағыларға қарсы қоюымен, өзiнiң оған немқұрайды қарым-қатынасымен әдейi жасалатын әрекет екенін ескеру керек. 
      2. Бұзақылықты ҚК-тiң 200-бабының 1-бөлiгi бойынша саралағанда айыпты деп тану жөнiндегi қаулыда, айыптау қорытындысы мен үкiмде айыптының қандай нақты әрекетi қай саралау белгiлерi бойынша ерекше арсыздыққа немесе айрықша қатыгездікке жататыны мiндеттi түрде көрсетiлуi керек. Мұндайда iстi қосымша тергеуге жіберместен үкiмде тергеу органдары тақпаған бұзақылықты саралау белгiлерiн көрсетуге жол берiлмейдi. 
      3. Ерекше арсыздықпен жасалған бұзақылық деп адамгершiлiктiң жалпы қабылданған қалыптарын көпе-көрiнеу жоққа шығару; мысалы, ұятсыздық, ауру адамды, өзiн-өзi қорғай алмайтын жағдайдағы адамдарды т.б. қорлау арқылы көрiнетiн бұзақылық әрекет екені соттарға түсiндiрiлсiн. 
      4. Ерекше қатыгездiк белгiлерi бар бұзақылық деп қоғамдық тәртiп бұзылған және көпе-көрiнеу көпшiлiктi құрметтемеген жағдайда, мысалы, жеке басты қорлаумен, қоғамдық тәртiптiң ұзақ және табанды бұзылуымен, мүлiктi құрту және бүлдiрумен, бұқаралық шараларды болдырмаумен, кәсiпорынның, мекеменiң немесе қоғамдық көлiктiң және т.б. қалыпты жұмысын уақытша тоқтатумен, денсаулықты қысқа мерзiмге бұзумен немесе еңбекке жарамдылықты болмашы жоғалтуға әкеп соқтырмайтын жеңiл дене жарақатын түсіруге әкеп соқтыратын әрекеттер саналуы мүмкін. 
      Дене жарақатының дәрежесi КСРО денсаулық сақтау Министрлігінің 1978 жылғы 11-желтоқсандағы N 1208 бұйрығымен бекiтiлген Ережелермен анықталады. 
      Ерекше қатыгездiк белгiлерi бойынша бұзақылық жасаған адамның әрекетi ҚК-тiң 200-бабының 1-бөлiгi бойынша тек өмiр мен денсаулыққа қауіпсіз күш көрсетiлгенде сараланады. Мұны денсаулықтың қысқа мерзiмдi бұзылуына немесе еңбек ету қабiлетiнiң болмашы ғана жоғалуына (Ереженiң 22-тармағы) ұласпаған денеге жеңiл жарақат түсiру деп түсiну керек. 
      5. Бұзақылық әрекет жасаған кезде  денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру ҚК  257-бабы  бірінші бөлігінің диспозициясымен қамтылады және әрекетті ҚК  105-бабы  бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
      Егер ҚК 257-бабының екінші бөлігінде және үшінші бөлігінде көрсетілген белгілерге жататын бұзақылық әрекеттер жасалған кезде  денсаулыққа қасақана жеңіл немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілсе, әрекеттер қылмыстық заңның аталған нормаларымен қамтылады және ҚК 105 және ҚК  104-баптары  бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
      Жәбірленушіні бұзақылық ниетпен қасақана өлтіру немесе денсаулығына зиян келтіру оның салдары мен зиянның ауырлығына байланысты тиісінше ҚК  96-бабы  екінші бөлігінің и) тармағы немесе ҚК  103-бабы  екінші бөлігінің ж) тармағы не ҚК 104-бабы екінші бөлігінің  д) тармағы бойынша сараланады. Мұндай жағдайда кінәлінің әрекеттерін ҚК 257-бабы бойынша қосымша саралауға тек ол жоғарыда көрсетілген қылмыстар құрамымен қамтылмайтын жеке дара бұзақылық құрамын құрайтын басқа әрекеттер жасаған кезде ғана болады.
      Бұзақылық ниетпен жәбірленушіні өлтіргенге немесе денсаулығына зиян келтіргенге дейін, сондай-ақ ол әрекеттерден кейін жасалған бұзақылық әрекеттер аталған әрекеттермен бір ниетпен байланысты болмаса, барлық жағдайларда дербес саралануға жатады.
       Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда -   Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 12  Нормативтік қаулысымен.
      6. Бұзақылық әрекеттерге тосқауыл қоймақ болған адамға жасалған бұзақылық әрекеттер, соның iшінде аталған адамға күштеп немесе қорқытумен жасалған бұзақылық әрекеттер ҚК-тiң 200-бабының диспозициясымен толық қамтылады, сондықтан ҚК-тiң басқа баптарымен оны қосымша саралаудың қажетi жоқ. Қосымша саралау айыптының күш қолдануы салдарынан бұдан басқа одан ауырырақ қылмыс жасағанда қолданылады. 
      7. Бұзақылық жасаған кезде атылатын қаруды, газ қаруын, пышақты, кастет және басқа суық қаруды әйтпесе денеге жарақат салу үшін арнайы жасалған басқа нәрселердi қолдану немесе қолдануға тырысушылық жағдайда ғана емес, сонымен бiрге аталған нәрселердi бұзақылық әрекеттер жасаған кезде қолданып, азаматтардың өмiрi мен денсаулығына анық қауіп төндiрген кездегi қылмыстық әрекеттерi де ҚК-тiң 200-бабының 2-бөлiгiмен саралау үшін негiз бола алады. 
      8. Денеге жарақат салуға арнайы жабдықталған нәрселер деп айыптының осы мақсат үшiн алдын-ала немесе бұзақылық жасау кезiнде жабдықталған нәрселерiн, яғни алдын ала немесе белгiлi бiр өңдеуден өткiзiлмеген, айыптының арнайы дайындалған және сол мақсатпен өзiмен бiрге алып жүрген нәрселерiн де мойындау керек. 
      Қылмыс болған жерден алынған дене жарақатын салуға арнайы жабдықталмаған нәрселердi, оның iшiнде шаруашылық-тұрмыстық мақсаттағы заттарды қолдану немесе қолдануға тырысушылық әрекетi ҚК-тiң 200-бабының 2-бөлігімен саралау үшiн негiз бола алмайды. 
      Соттар газ қаруы жөнiндегi түсiнiктiң Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 27-қазандағы "Айналымдағы кейбiр қару түрлерiне мемлекеттiк бақылау туралы" Заңында айқындалғанын ескерту керек. 
      9. Соттар айыптының ойы мен ниетiне, ол жасаған әрекеттерінің себептерi мен мақсаттарына және мән-жайларына қатысты басқа да қылмыстардан бұзақылықты айыруды бiлгенi жөн. 
      От басында, пәтерде туған-туысқандарын, таныстарды балағаттау, ұру, денесiне жарақат түсiру және жеке бастың араздығынан, жәбiрленушінің терiс қылығынан болған осыған ұқсас әрекеттер жеке адамға қарсы қылмыс жасағаны үшiн жауапкершілік көрсетiлген ҚК-тiң баптарымен саралануы тиiс. Айыпты үшiн мұндай әрекеттер қоғамдық тәртiптi өрескел бұзумен ұласса оның өзі көпшiлiктi құрметтемеуден туса, оларды бұзақылық деп саралаған жөн. 
      Егер бұзақылық басқа да ауыр қылмыстармен бiрге жасалып, жағдайды ауырлату кезiнде мүлiк қасақана құртылса және бүлдiрiлсе, онда мұндай қылмыстарды жиынтық бойынша саралау керек. 
      10. Заңда көрсетiлген тәртiп бойынша бұрынғы сотталғандығы жойылмаған немесе одан арылмаған кезде сотталғандығы қайталанған бұзақылық деп есептеледi. ҚК-тiң 6-бабына сәйкес "бұзақылығы үшiн бұрын сотталған" белгiлерi бойынша ҚК-тің 200-бабының 2-бөлiгiмен 1993-жылғы 15-қазандағы Қазақстан Республикасы Заңымен алынып тасталған бұзақылық әрекеттерi үшiн бұрын сотталушылар жауапқа тартылмайды. 
      11. Бұзақылық егер оған екi және одан көп адам қатысса, ол топтасып жасалған деп танылады. 
      12. Адам әр кезде екi және одан да көп ҚК-тiң 200-бабының әртүрлi бөлiктерiнде көрсетiлген қылмыс жасаса, онда айыптының жасаған әр қылмысы жеке-жеке саралануы тиiс. 
      13. Әкiмшiлiк жауапкершілікке немесе көпшiлiк ықпалын қолдану шараларына соқтыратын айыптының ұсақ бұзақылығын яки болмашы түрде заң бұзушылығын, қылмыстық жауапкершілікке тартудан айыру үшiн, қылмыстық жазалануға тиiсті бұзақылық делiнетiн түсiнiктi соттардың еркiн ұғынбағаны жөн. Дене жарақатымен ұласпайтын бiрлi-жарым соққы қылмыстық жаза тағайындайтын бұзақылық құрамын құрмайды. 
      14. Ұсақ бұзақылық жөнiндегi iстердi дайындау мен қарау Әкiмшiлiк заң бұзушылық туралы Кодекстiң 269-277-баптарының талаптарына сай қатаң жүргiзiлуге тиiс. Ұсақ бұзақылық туралы iстердi қарағанда заңды бұзудың барлық мән-жайлары жан-жақты дәрежеленуге және анықталуға тиiс, аталған заң бұзушылықты жасамаған азаматты әкiмшілік жауапкершілікке заңсыз тартуға болмайтыны сияқты, керiсiнше қылмыстық жазалануға тиiстi әрекет белгiлерi бар адамдардың әрекеттерiн де дұрыс дәрежелеу қажет. 
      15. Жауаптылықты, жекелеу қағидасына сай соттар барлық жағдайда жасалған бұзақылықтың қоғамға қауiптегi сипаты мен дәрежесiн, айыптының жеке басын, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын iстің мән-жайын ескерiп жаза тағайындауға тиiс. 
      16. ҚК-тiң 40, 41-1 баптарын қолданып жаза тағайындағанда соттар жазаны өтеудiң тәртiбi мен шарттарын түсiндiрiп, сотталған адамның түзелуiне және қайта тәрбиеленуiне септiгiн тигiзетiн заңда көрсетiлген мiндеттердi оған жүктеу туралы мәселенi талқылауға, қажет болса, оны орындаудың мерзiмдерiн көрсетуге тиiс. 
      17. Егер бұзақылықтан мүлiк жойылып немесе қираған, азаматтардың денесiне жарақат түскен, оның өзi еңбек қабiлетiнен уақытша айырылған болса, соттар ҚIЖК-нiң 100, 101, 103, 295-баптарын басшылыққа ала отырып, қылмыстан шеккен материалдық және моральдық зиянның орнын толтыру мәселесiн үкiмде шешуге мiндеттi. 
      18. Соттар бұзақылық әрекеттiң салдарынан жәбiрленушінің ауруханада емделiп жатқанын анықтап, оның емдеуiне жұмсалған қаржыны айыптыдан мемлекет кiрiсiне өндiруге мiндеттi. Мұндайда жәбiрленушінің тұрақты емделуiне жұмсалған қаржы ғана өндiрiлуге жатады, және ол емдеу мекемесiнiң тиiстi құжаттарымен расталуы тиiс. 
      19. Соттар кәмелетке толмағандардың бұзақылығы жөнiндегi iстерiне, оларға жаза тағайындалуына аса ықтияттылықпен қарағаны жөн. Мұндай iстердi қарағанда заңды бұзуға қатысы бар, олар жасаған мән-жайларды, баланың сотқарлығы сипатын бiлдiретiн әрекеттерi үшiн соттауға жол бермей, мұқият және жан-жақты зерттеу керек. 
      20. Бұзақылық туралы iсті қарағанда, бұзақылық жасауға септігін тигiзетiн себептер мен жағдайларды жан-жақты және толығынан анықтап алу, жұмыс кезiнде өндiрiсте және көпшілік орындарында мас болу фактiлерiне ерекше назар аудара отырып, оған жеке ұйғарымдар шығаруға құлақ асу керек. 
      21. Бұзақылық әрекеттер көп жағдайда маскүнемдiкпен жасалады, соттар мас күйiнде және есiрткiден мас болып бұзақылық жасаған адамдарға жаза тағайындағанда жауапкершіліктi ауырлататын мұндай мән-жайлар дерегiн тану туралы мәселенi талқылауы тиiс. ҚК-тiң 49-5-бабына сәйкес маскүнемдiк немесе есiрткіден емделуге жататын бұзақыларға медициналық сипаттағы күштеп емдеу шараларын қолдану туралы мәселе талқылануы тиiс. 
      22. Iстердi қарау кезiнде сот iсiн жүргiзу тiлi жөнiндегi заң талаптары қатаң сақталуы тиiс. Айыптының қорғану құқығының бұзылуына жол берiлмеу керек. 
      23. Кассациялық және қадағалау сатысындағы соттар бұзақылық iстердi қарау кездегi бiрiншi сатыдағы соттар жiберген қателіктерді дер кезiнде анықтап, түзететiн болсын. Осы қаулының қабылдауына байланысты: 
      Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының 1977-жылғы 29-қыркүйектегi "СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1977-жылғы 29-қыркүйектегi СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1972-жылғы 16-қазандағы "Бұзақылық туралы iстер жөнiндегi сот тәжiрибесi туралы" N 9 қаулысын Қазақ ССР соттарының орындауы туралы" N 5 Қаулысы; 
      Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының 1979-жылғы 18-маусымдағы "СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1972-жылғы 16-қазандағы "Бұзақылық туралы iстер жөнiндегi сот тәжiрибесi туралы" N 9 қаулысын Қазақ ССР соттарының орындауы туралы" Хаттама Қаулысы; 
      Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының 1983-жылғы 16-қазандағы "Бұзақылық туралы iстер жөнiндегi сот тәжiрибесi туралы" N 9 қаулысын республика соттарының орындауы туралы" N 14 Қаулысы; 
      Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының 1990-жылғы 6-шiлдедегі "СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1972-жылғы 16-қазандағы N 9 "Бұзақылық туралы iстер жөнiндегi сот тәжiрибесi туралы Қаулысын, оған 1977-жылғы 21-қыркүйектегі N 10, 1982 жылғы 7-шілдедегi N 3 және 1984-жылғы 26-сәуiрдегi N 7 қаулылары енгiзген түзетулерімен қоса, орындаудың барысы туралы" N 2 Қаулысымен күшiн жойды деп танылсын.
     СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1972-жылғы 16-қазандағы N 9 Қаулысы, Пленумының 1977-жылғы 21-қыркүйектегi N 10, 1982 жылғы 7-шiлдедегi N 3 және 1984-жылғы 26-сәуiрдегi N 7 қаулылары енгiзген түзетулерiмен қоса, күшiн жойды деп танылсын.