Халықтың көшi-қоны мемлекеттiк бағдарламасын әзiрлеу туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1995 жылғы 11 қаңтардағы N 34

Қолданыстағы
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1994 жылғы 9 маусымда өткен сессиясының Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың баяндамасында айтылған мiндеттердi жүзеге асыру жөнiндегi шараларды орындау үшiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi әзiрлеген

халықтың көшi-қоны Мемлекеттiк бағдарламасының тұжырымдамасы
мақұлдансын (қоса берiлiп отыр).
     2. Халықтың көшi-қоны Мемлекеттiк бағдарламасын әзiрлеу үшiн
мына құрамда жұмыс тобы құрылсын:
     Соболев В.В.             - Қазақстан Республикасы 
                                Премьер-министрiнiң орынбасары
                                (төраға)
     Тiлеубердин А.А.         - Қазақстан Республикасының Экономика
                                министрi (төрағаның орынбасары)
     Крепак П.И.              - Қазақстан Республикасының Еңбек
                                министрi (төрағаның орынбасары)
     Әткешев Ж.С.             - Қазақстан Республикасы Ауыл
                                шаруашылығы министрiнiң орынбасары
     Ауанов М.Қ.              - Қазақстан Республикасы Қаржы 
                                министрiнiң бiрiншi орынбасары
     Базылов К.Б.             - Қазақстан Республикасы Көлiк және
                                коммуникациялар министрiнiң орынбасары
     Берешов С.Х.             - Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгi
                                еңбек және жұмыспен қамту проблемалары
                                жөнiндегi қазақ ғылыми зерттеу
                                институтының директоры
     Гизатов В.Х.             - Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер
                                министрiнiң орынбасары
     Дәуренбеков А.К.         - Қазақстан Республикасының Статистика
                                және талдау жөнiндегi мемлекеттiк
                                комитетi төрағасының орынбасары
     Есмұқанов Ғ.Е.           - Қазақстан Республикасы Еңбек 
                                министрiнiң орынбасары, Еңбек министрлiгi
                                жанындағы көшi-қон департаментiнiң
                                төрағасы
     Қошанов А.К.             - Қазақстан Республикасы ҰҒА-сы қоғамдық
                                ғылымдар бөлiмiнiң академик-хатшысы
     Нұрғалиева Е.Н.          - Қазақстан Республикасы Әдiлет 
                                министрiнiң орынбасары
     Сәрсеков Б.С.            - Қазақстан Республикасы Iшкi iстер
                                министрiнiң орынбасары
     Сизов А.П.               - Қазақстан Республикасының Жер
                                қатынастары және жерге орналастыру
                                жөнiндегi мемлекеттiк комитетi
                                төрағасының орынбасары 
     Шкляр В.В.               - Қазақстан Республикасы Қаржы 
                                министрлiгiнiң жанындағы Бас кеден
                                басқармасы бастығының орынбасары


      3. Жұмыс тобы тұжырымдаманың негiзiнде республиканың мүдделi министрлiктерiмен және ведомстволарымен келiсiлген халықтың көшi-қоны Мемлекеттiк бағдарламасының жобасын әзiрлеп, онда:
      көшi-қон процесiн реттеу және тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшiн iшкi және сыртқы көшi-қонды, экономикалық және қаржы ресурстарын тәртiпке келтiру;
      көшi-қон процесiн реттейтiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң

қолданылып жүрген заңдары мен нормативтi актiлерiнiң жобаларын
өзгерту, толықтыру жөнiнде ұсыныстар жасау шараларын қарастырып,
оны 1995 жылдың 1 сәуiрiнде Қазақстан Республикасының Министрлер
Кабинетiне ұсынсын.
     4. Жұмыстарды үйлестiру мен аталған қаулының орындалу 
барысында бақылау жасау Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгiне
жүктелсiн (Крепак П.И.).

     Қазақстан Республикасының
         Премьер-министрi
  
                                        Қазақстан Республикасы             
                        
                                        Министрлер Кабинетiнiң
                                        1995 жылғы 11 қаңтардағы
                                          N 34 қаулысымен
                                             Мақұлданған

              Халық көшi-қоны Мемлекеттiк бағдарламасының
                         Тұжырымдамасы 



      Халықтың көшi-қон саласындағы қазiргi жағдайы, елдiң аумағында және одан тыс жақта көшi-қон легiнiң үдей түсуi, олардың саяси және әлеуметтiк-экономикалық себептерi мен салдарына жан-жақты баға берудi, сондай-ақ болып жатқан процестердi тәртiпке келтiру мен реттеу жөнiндегi шаралар мен тетiктер жүйесiн жасауды талап етедi.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң сессиясында (1994 ж., маусым) жасаған баяндамасында айтылған мiндеттердi негiзге алып, көшi-қон проблемасын шешудi халықтың көшi-қоны Мемлекеттiк бағдарламасының негiзiнде (бұдан әрi - Бағдарлама) қамтамасыз ету көзделiп отыр.
      Осы мақсатта Бағдарламаның тұжырымдамасы әзiрлендi. Ол мемлекеттiк көшi-қон саясатының жалпы нұсқасын, сондай-ақ мақсаттарын, мiндеттерiн, принциптi мазмұн-мәнi мен құрылымын айқындайды.

             1. Бағдарламаның мақсаты, мiндеттерi мен принциптерi

      Бағдарламаның басты мақсаты - мемлекеттiк көшi-қон саясатының басым бағыттарын негiздеу мен айқындау, халықтың iшкi және халықаралық (сыртқы) көшi-қонын тәртiпке келтiрудi қамтамасыз ету, көшi-қон легiн тұрақтандыру және реттеу үшiн құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру жағдайларын жасау жөнiндегi шаралар мен тетiктердi қалыптастыру.
      Бағдарлама мемлекеттiк-саяси және экономикалық жүйенi қайта құрудың өтпелi кезеңiнде республика мен оның экономикасына реформа жасау жалпы саясатының құрамдас бөлiгi болып табылады.
      Бағдарламаның негiзгi мiндеттерi мыналар болып саналады:
      а) iшкi-көш-қон бойынша:
      елдiң iшiндегi көшi-қон легiн (экономикалық және басқа да факторларды, еңбек нарығындағы аймақтық жағдайларды ескере отырып) халықтың аумақтарға тең бөлiнуiн қолдау мен ынталандыру арқылы реттеу, iшкi қоныс аударушыларға қоныстанған (келген) жерлерiнде қолайлы жағдайлар жасау;
      елдiң аумағында адамдардың амалсыз қоныс ауыстыру легiн күшейтетiн қолайсыз және терiс әлеуметтiк-экономикалық, экологиялық және басқа да факторлардың рөлiн төмендету;
      ә) көшiп келу бойынша:
      иммигрант репатрианттарды қабылдау мен орналастыруға қолайлы жағдайлар жасау, олардың елдiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайына белсендi түрде бейiмделуiн қамтамасыз ету;
      б) көшiп кету бойынша:
      көшiп кетудiң дәлелсiз жоғары деңгейiн тудыратын себептердi анықтау, талдау және ескеру негiзiнде Қазақстан азаматтарының көшiп кету процесiн тәртiпке келтiру.
      Қойылған мақсат пен мiндеттерге сәйкес мемлекеттiк көшi-қон саясаты мына негiзгi принциптердiң сақталуын қамтамасыз етуi тиiс;
      әрбiр адамның өзi тұратын жерi мен айналысатын iсiн еркiн таңдау құқын, кету еркiндiгi құқын құрметтеу;
      Қазақстанды әлеуметтiк-экономикалық дамыту және оны реформалауды жүргiзудiң жалпы бағытының ауқымында жүзеге асыру iсiнде стратегиялық мақсаттарға сәйкес келу;
      қазiргi әлеуметтiк-экономикалық жағдайына қатысты, өткен тарихы мен дәстүрлерi, даму перспективасы ескерiлген, республикаға қолдануға болатын көшi-қон жөнiндегi халықаралық нормалар мен стандарттарға, Халықаралық ұйымдардың ұсыныстарына сәйкес келу;
      әлеуметтiк-экономикалық және қоғамдық-саяси өзгерiстерге байланысты мейлiнше басым көшi-қон мен көшi-қон легiнiң бағыттарына негiзделген орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi iс-қимыл бағдарламаларының негiзiнде елдiң iшiндегi, сондай-ақ сыртындағы бей-берекет және тәртiпке түспеген процестердiң алдын алу;
      көшi-қон iсiн тәртiпке келтiру мен реттеудi ұйымдастыруға өкiмет пен басқару органдарының барлығының қатысуы;
      мемлекеттiң қолдауымен өздерiнiң бастамасымен және iс-әрекетiмен жаңа тұратын орындарын жайластыруға көшiп келушiлердiң, бiрiншi кезекте экологиялық және табиғи зiлзала аймақтарынан көшiп келгендердiң, сондай-ақ отанына қайтып оралғандардың жеке қатысуы;
      заңсыз көшiп-қонуды төмендету, бiлiмiн көтеру, кәсiби даярлық және басқа да тұрғыдағы уақытша көшiп-қонуды ынталандыру саласында басқа, әсiресе көшiп барушыларды қабылдаушы елдермен ынтымақтастық.

             2. Қазақстан Республикасындағы көшi-қон жағдайының
                              сипаттамасы

      Қазақстанның көшi-қон саласындағы ерекшелiгi адамдардың көп ұлтты қауымдастығына (мемлекет дамуының тарихи ерекшелiктерiне байланысты) және бұрынғы КСРО аумағындағы мемлекеттiк тәуелсiздiк алған елдердiң қазiргi кезеңiне байланысты.
      Соңғы уақытта Қазақстан көшi-қон салдарынан өз халқы тұрақты түрде азайып келе жатқан елдердiң қатарына жатады.
      90-жылдардан бастап көшi-қон қозғалысына республика халқы қосымша қуатты фактор ретiнде даму деңгейi әртүрлi елдермен халықаралық экономикалық, саяси және өзара мәдени байланыстардың кеңеюi мен жандануына ықпал ете бастады.
      Аталған құбылыстарға орай Қазақстанда, мұның iшiнде халықаралық ауқымда да соңғы жылдары көшi-қон процесi елеулi дәрежеде күшейiп, жандана түстi. Бүгiнгi күнi дүние жүзiндегi халықаралық көшiп қонушылардың (БҰҰ бағалауы бойынша олардың жалпы саны жылына 125 млн. адамнан асады) жалпы санының 0,4 процентке жуығы бiздiң мемлекетiмiздiң үлесiне тиедi. Қазақстан халқының саны шамамен бүкiл әлем халқының 0,003 процентiн құрайды.
      Көшi-қон салдарынан Қазақстан: 1990 жылы - республика халқы табиғи өсiмiнiң 55,87 процентiн, 1991 жылы- 22,2 процентiн, 1992 жылы - 89,3 процентiн жоғалтты. 1993 жылы халықтың көшi-қон шығындары халық санының табиғи өсiмiн толық жалмап қана қоймай, одан 1,4 есе асып түстi.
      Республиканың көшi-қон жағдайына жасалған талдау 1993 жылы сыртқы көшi-қон (халықтың өз елiнен басқа мемлекеттерге кетуi және керiсiнше басқа мемлекеттерден келу) жалпы көшi-қон айналымының 60 процентiн құрағанын көрсетiп отыр. Iшкi көшi-қон үлесi (халықтың Қазақстан шегiнде көшiп-қонуы) 40 процент болды.
      Сыртқы көшi-қонның ең үлкенi жақын шетелдерде болып отыр. Барлық қоныс аударушылардың 90 процентi оларға кетiп жатса, республикаға олардан келушiлердiң саны 70% болып отыр. Қазақстандағы негiзгi көшi-қон алмасуы жақын шет елдермен - Россия, Украина, Беларусь, Өзбекстан және Қырғыстанмен, алыс шет елден - Германиямен арада жүрiп жатыр.
      Елдер арасындағы адамдардың қозғалыс легiнiң соңғы жылдары Қазақстанда халықтың келуiне қарағанда, кету қарқының мейлiнше жоғары сипаты байқалады. Соңғы екi жылда республика халқының көшi-қон шығыны жарты миллион адамнан асты. Бұл шығындардың күшею қарқыны қолайсыз бағыт алып отыр. Мысалы, 1991 жылы кету себебiнен республикада әр мың кiсiден 3, 1992 жылы 10-нан астам, 1993 жылы 13 адам азайды. 1994 жылдың 6 айында мың тұрғыннан азайған адам саны 11-ге жеттi.
      Iшкi көшi-қонға қатысушы халықтардың ұлттық құрамында көбiне орыс, қазақ, немiс украиндар басым. 1993 жылы республикадан кеткен қоныс аударушылардың жартысынан астамы орыстар, 26,5% - немiстер, 7%- украиндар, 3,8% - қазақтар болды. Келгендердiң iшiнде орыстар басым 41,7 процентi, қазақтардың үлес салмағы - 32,4 процент, украиндар - 6 процент, немiстер - 3,7 процент. Негiзiнен, орыстардың, украиндардың келiп, кетуi жақын шет елдермен көшi-қон алмасуының шеңберiнде жүрiп жатыр. Алыс шет елге кетушiлердiң арасындағы негiзгi үлестi немiстер - 78,5 процентiн құрайды. Мұнда келген немiстерден гөрi, кеткендерi едәуiр басым. Осының нәтижесiнде, немiс халқының көшi-қон шығынының қарқыны республикадағы басқа ұлттармен салыстырғанда ең елеулiсi.
      Қазақстанға келушiлер санының жалпы төмендеуi тұрғысынан қарағанда жақын және алыс шетелден келген қазақтардың үлес салмағының өскенi байқалады. Қазақтардың өз отанына ерiктi түрде қайтып оралуына, олардың ар-ұжданын қауiпсiздендiру мен құрметтеуде мемлекеттiң рөлi айтарлықтай. Қазақстанда жүргiзiлген саясаттың нәтижесiнде осы этностың екi жарым жыл iшiнде көшi-қон өсiмi 76 мың адам болды.
      Қазiр халықтардың көшiп-қону процесiнiң шығындары барлық облыстарға тән, Маңғыстау, Қарағанды, Жамбыл, Ақмола облыстары мен Ленинск қаласынан кету мейлiнше қарқынды. Көшi-қондық орын ауыстырулардың нәтижесiнде бiлiмi мен кәсiби даярлығы мейлiнше жоғары деңгейдегi адамдардан айырылу елеулi орын алып отыр, мұны қайта қалпына келмейтiн шығын деп бағалауға болады. Мұндай шығындар республиканың еңбек әлеуметiнiң сапалық құрамының өзгерiске ұшырауын күшейтiп, нәтижесiнде экономикалық дағдарыстың тереңдеуiне апаратын терiс зардаптары болуы мүмкiн.
      Iшкi республикалық көшi-қон негiзiнен жекелеген аудандардың экологиялық құлдырауға ұшырап, халықтың iрi қалаларға шоғырлану процесi мен тұрғындардың тұрмыс деңгейiнiң облысаралық айырмашылықтарына байланысты жүрiп жатыр. Қазақстан бойынша iшкi республикалық көшi-қон айналымының төмендеуi тұрғысынан қарағанда, экологиялық апат аймақтарынан - Қызылорда мен Семей облыстарынан тұрғындардың кетуi өте көп болып отыр. Облысаралық ауысымды Атырау, Жамбыл, Жезқазған, Торғай, Оңтүстiк Қазақстан облыстары тұрғындарынан айрылып жатыр. Облысаралық көшi-қонда қала тұрғындары село тұрғындарына қарағанда белсендi. Дегенмен, әсiресе Жезқазған, Қызылорда, Қарағанды, Алматы, Семей және Жамбыл облыстарында село тұрғындарының көшi-қон шығындарының қарқыны мейлiнше жоғары күйде қалып отыр.

             3. Халықтың көшi-қон факторлары

      Қазақстанның қазiргi жағдайының ерекшелiгi көшi-қон легi тұрғысында тек бiр ғана топтағы факторлармен байланысты емес. Тұрғындардың көшi-қон көңiл-күйiне факторлардың бiрнеше тобының бiр-бiрiмен сабақтас келуi мейлiнше күштi ықпал етiп отыр. Сыртқы көшi-қонда әлеуметтiк-экономикалық және саяси факторлардың, iшкi республикалық көшi-қонда әлеуметтiк-экономикалық және экологиялық факторлардың үндесуi басым болып тұр.
      Халықтың көшi-қон көңiл-күйiне ықпал етуде ең елеулiсi - әлеуметтiк-экономикалық факторлар болып табылады. Өндiрiстiң құлдырауы, инфляцияның күшеюi, жұмыссыздықтың өсуiмен (әсiресе жасырын түрi) сипатталатын экономикадағы дағдарыстық құбылыстардың дамуы өз кезегiнде әлеуметтiк салада дағдарыстық құбылыстардың дамуына әкелiп, бұл бiрiншi кезекте халықтың тұрмыс деңгейiнiң төмендеуiнен көрiнедi. Республикада төменгi азық-түлiк кәрзеңкесiнiң мөлшерi мен жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысының арасындағы айырмашылық алшақтай түсуде, тамақтану құрылымы едәуiр нашарлады; халықтың төлем қабiлетiнiң аясы тартылып, мейлiнше арзан тамақ өнiмдерi мен ең қарапайым тiршiлiкке қажеттi тауарлардың төңiрегiнде қалды: тұрғын үй, денсаулық сақтау, әлеуметтiк-тұрмыстық мақсат, мәдени объектiлерi құрылысының көлемi азайды.
      Тұрғындардың тұрмыс-тiршiлiк деңгейiнiң төмендеуi ТМД-дағы басқа мемлекеттердiң кейбiр негiзгi өлшемдерiнiң деңгейiнен артта қалуынан да болып отыр, бұл тұрғындардың республикадан кетуiне жол бередi. Бұл процесс бұрынғы Одақтық республикалармен байланыстардың күрделенiп: көлiктiң барлық түрiмен жол жүру, байланыс кәсiпорындары қызметi бағасының күрт өсуi олардың Қазақстаннан тыс жерлерде тұратын туыстарымен қарым-қатынас жасауды қиындатуда.
      Соңғы жылдары ақылы бiлiм беру жүйесiн дамытуға байланысты бiлiм алудағы, кәсiби даярлықтағы қиыншылықтардың, шетте тұратын көптеген отбасыларының өз балаларының орталық оқу орындарында қалаған мамандықтары бойынша бiлiм алуына жағдай жасай алмауы салдарынан республикадан кету тенденциясы байқалады. Дәрiгерлiк қызмет көрсету сапасы, дәрiмен қамтамасыз ету едәуiр нашарлап, тегiн дәрiгерлiк қызмет көрсету аясы тарылды.
      Өндiрiс көлемi күрт төмен түсiп, жұмыс орындары қысқарып, жасырын жұмыссыздық өсiп, халықтың табысы азайған конверсиялық кәсiпорындар шоғырланған аймақтарда ауыр жағдай қалыптасты, нәтижесiнде халықтың кетуiнен жоғары бiлiктi жұмыс күшiнен айрылып жатырмыз. Бұл аймақтарды әлеуметтiк апат аймақтары деп санауға болады (мысалы, Маңғыстау облысы, Ленинск қаласы).
      Халықтың республика iшiндегi көшi-қон қозғалысы аймақтардың әлеуметтiк-экономикалық дамуының бiртектi еместiгiнiң, тұрғындардың тұрмыс деңгейiнiң елеулi айырмашылықтарының әсерiнен күшейе түсуде. Мәселен, облыстар арасында орташа еңбекақыны саралау көрсеткiшi 2,7 есе болып отыр. Республиканың аймақтарында экономиканы және әлеуметтiк инфрақұрылымды дамытуда үлкен айырмашылықтар бар. Әсiресе өндiрiстiң күрт құлдырауы, материалдық-техникалық жабдықтау жүйесiнiң күйреуi, өндiрiлген өнiмдердi өткiзудiң елеулi қиыншылығы, селолық аудандардың әлеуметтiк инфрақұрылымының күрт артта қалуы байқалып отырған ауыл шаруашылығында қауiптi жағдай қалыптасты. Мұның нәтижесiнде село тұрғындарының көшi-қон шығыны ұлғаюда.
      Республиканың экологиялық жағдайының нашарлауы халықтың көшi-қон легiнiң жандануының елеулi факторы болып саналады. Соңғы жылдары Семей полигоны мен Арал өңiрi секiлдi белгiлi экологиялық апат аймақтарынан басқа, мейлiнше қолайсыз экологиялық өлшемдердегi жаңа аудандар пайда болуда. Бұл бiрiншi кезекте жекелеген аудандарда өнеркәсiп қуаттарының шамадан тыс орын тебуi мен халықтың өте тығыз тұруына байланысты, бұл қоршаған ортаның қолайсыз факторларының әсерiн күшейте түседi. Бұл адам денсаулығының нашарлауынан, орташа өмiр сүру жасының төмендеуiнен, еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты жұмыс уақытының жоғалуынан байқалады.
      Бұрынғы кездерi бұл секiлдi ластанған қоршаған орта мен ауыр табиғи-климаттық аймақтарда жұмыс iстейтiндерге жағдайларын түзеу үшiн әлеуметтiк тәртiпке өтемдер берiлдi (жалақыға коэффициенттер мен үстеме қосу, тұрғын үй жағдайларын жақсарту, балалар мекемелерi мен санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету, азық-түлiк және өнеркәсiп тауарларымен жабдықтау). Экономикалық дағдарыс жағдайында бұл төлем шаралары жүзеге асудан қалды. Экономикалық жағдайдың нашарлау бағытының сақталуы мен бұл жөнiндегi халықтың хабардар болуының күшеюi барысында өзiнiң және балаларының денсаулығын ойлаудан туған үрейден экологиялық жағдайға байланысты көшi-қонның өсуiн күтуге болады.
      Қазақстанның егемендi ел болып қалыптасуында жалпыға мәлiм оң фактор саяси тұрғылық болып табылады. Қазiр iс жүзiнде тек қана саяси себептерге байланысты қоныс аударушылардың елдi тастап кету жәйттерi жоқ.
      Алайда заң органдарының, үкiметтiң, жергiлiктi басқару органдары деңгейiнде қабылданған бiрқатар шешiмдер республика азаматтарының әлеуметтiк мазасыздығын, саяси тұрғылықтың сақталуына деген сенiмсiздiгi мен осының салдарынан көшi-қон көңiл күйiнiң күшеюiн тудыруда. Азаматтардың бiлiм алуы, ана тiлi мен мәдениетiн дамытуы, кәсiби өсуi үшiн тең құқықтары мен мүмкiншiлiктердiң жасалуы мен сақталуына деген сенiмсiздiгi пайда болуда. Бұған тұрмыс деңгейiнiң төмендеуi қосылып, елдi тастап кету ниетi тууда.
      Бiрқатар жағдайларда халықтарды бұрынғы жылдардағы зорлықпен жер аудару зардаптарына қатысты факторлар да әсер етiп отыр. Жоғарыда аталған факторлардың әсерiнен тарихи отанына оралу тiлегi күшейе түсуде, бұл республикадан сыртқа қоныс аударуды жандандырады.

             4. Қазақстанда халықтың көшi-қонын ретке

                      келтiрудiң негiзгi бағыттары

     Халықтың көшi-қон iсiнде мемлекеттiң ұтымды саясаты саяси
тұрғылыққа жағдай жасауға негiзделген және елдiң
әлеуметтiк-экономикалық дамуына  көшi-қонның оң ықпал етуiне 
және керiсiнше елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы көшi-қонға оң
ықпал етуiне жетудi көздейдi.
     Қазақстан Республикасындағы көшi-қон саясатын жүзеге асыру
тетiгi мынадай басымдықтарға негiзделген:
     халықтың  көшi-қонының негiзгi себептерiн ашу мен әлеуметтiк
экономикалық зардаптарын айқындау;


      Қазақстан халқының бiрлiгiн нығайту, көшi-қон процестерiн реттеудiң демократиялық принциптерiн қалыптастыру және енгiзу;
      көшi-қонның барлық түрлерi мен нысандарының құқықтық негiзiн қалыптастыру, құқықтық және демократиялық институттарды дамыту;
      барлық аймақтарды кешендi дамыту жолымен халықты iшкi республикалық тепе-тең бөлуде барлық жұртты экономикалық, құқықтық және әлеуметтiк әдiлдiкпен қамтамасыз ету;
      көшi-қон саласында өзара тиiмдi негiзде еларалық ынтымақтастық пен диалогтың кеңеюiне жәрдем көрсету;
      Халықтың мемлекеттiк көшi-қон бағдарламасын жүзеге асыру мемлекеттiк, қоғамдық ұйымдар мен басқа да мүдделi адамдардың қызметiн мынадай негiзгi бағыттар бойынша ойластырады:
      демократияны нығайту, тұрақты дамуға, барлық халықтың өз елiнде лайықты өмiр сүруiн қамтамасыз ету мақсатында әр отбасында әлеуметтiк және азық-түлiк қауiпсiздiгiне қол жеткiзу;
     халықаралық құқық нормаларына сәйкес көшiп келушiлердiң әлеуметтiк қорғалуын қамтамасыз етудi;
      республика аумағында көшiп-қонушылардың әлеуметтiк-экономикалық, тiлдiк және мәдени бейiмделуiне жәрдем берудi;
      көшiп-қонудың тиiмдiлiгiне қол жеткiзу, мұның iшiнде еңбек көшi-қонына негiз жасауды қарастыратын халықтың көшi-қон саласындағы заңдарды жетiлдiрудi, көшi-қон процестерiн реттеудi құқықтық жағынан қамтамасыз етудi;
      республика азаматтарының құқын мүлтiксiз сақтау жолымен Қазақстан халқының белсендi топтасу саясатын жүргiзу, жұмыспен қамту, кәсiби және қызметтiк өсуде, бiлiм алу, әлеуметтiк қорғау, дiни нанымын бостандығы, мәдени қажеттерiн қанағаттандыру, ұлттық дәстүрлердi сақтау iстерiнде ұлтына қарамастан, тең мүмкiндiктер беру;
      қоныс аударушылардың, сондай-ақ босқындардың ерiктi негiзiнде республикаға оралуына әлеуметтiк қорғалуды қамтамасыз ететiн (зейнетақымен қамтамасыз ету, жәрдемақылар және басқа) қажеттi мемлекетаралық келiсiмдер негiзiнде олардың республика өмiрiне сiңiсуiне жәрдем беру, сондай-ақ мамандықтардың бiрыңғай жiктемелерiн жасау мен енгiзудi жеделдету; қажет болған жағдайда қайта оралған қоныс аударушыларға азаматтық және саяси құқықтар беру; олардың бейiмделуiне жәрдем көрсету;
      көшiп келушiлердiң ауқымын өз мүмкiншiлiгiнiң, әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейiнiң, саяси жағдайының негiзiнде мемлекет реттейдi.
      босқындарды қорғаудың құқықтық және ұйымдық негiздерiн жетiлдiру, мемлекет мүмкiншiлiгiнiң негiзiнде оларды ақтау мен экономикалық дербестiкке қол жеткiзуге көмектесу;
      еңбек әлеуетiнiң сапасын көтеру құралы және республиканың валюта балансын жақсарту көзi ретiнде нарықтық экономика дамыған елдерге уақытша еңбек ету үшiн көшiп баруды дамыту. Бiрiншiден, уақытша көшiп-қонуды мамандарды оқыту және даярлау, кәсiби тәжiрибе алу немесе, екiншiден, ақшалай түсiм алу мақсатында қолдау;
      аймақтардың экономикасын дамыту үшiн және халықтың тепе-теңдiктегi iшкi республикалық бөлiнiсiне қол жеткiзу мақсатында онда халықтың өмiр сүру жағдайының тиiмдi болуы үшiн қолайлы алғышарттар жасау. Селолық жерлерден халықтың қоныс аударуын қысқартуға ерекше назар аудару талап етiледi, бұл экономиканың аграрлық секторында нарықтық жаңғыртуларды жылдамдатуды, инвестицияларды көтермелеудi, село инфрақұрылымын жетiлдiрудi қажет етедi;
      көшi-қон процестерiн ұйымдастырылған түрде жоспарлау, мемлекеттiң көшi-қон саясатын әзiрлеу және оны дәйектi түрде iс жүзiне асыру мақсатында көшi-қон қызметiн, оны техникалық жабдықтауды және қаржылық қамтамасыз етудi нығайту, Қазақстан Республикасының көшi-қон қызметiн кеңейту, халықтың көшi-қон проблемаларын кешендi шешу. Осыған байланысты бағдарламаны ұйымдық жағынан қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстарды әзiрлеу қажеттiлiгi туады;
      көшi-қон легiн оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының халқы үшiн тиiмдi ақпараттық және жарнамалық бағдарламалар әзiрлеу; жеке басының қауiпсiздiгiнен, үрейлi көңiл-күйден және қауiптенуден туған ойластырылмаған, күтпеген қоныс аударуларды болдырмау;
      мемлекеттердiң арасындағы байланыстардың үзiлуiне қарай халықтың көшi-қонын қысқарту мақсатында көлiк, почта, ақпарат қызметтерiн ретке келтiру, ақша қаражатының, зейнетақылардың, жәрдемақылардың, мерзiмдiк басылымдардың, хат-хабарлардың дер уақытында аударылуын қамтамасыз ету негiзiнде республика тұрғындарының ТМД елдерiмен тұрақты кепiлдi байланыстарына қол жеткiзу.
      Халықтық көшi-қоны реттеу бағыттары мемлекеттiң, қоғамдық ұйымдардың, барлық мүдделi адамдардың күш-жiгерiн бiрiктiру негiзiнде ғана жүзеге асады. Көшi-қон бағдарламасын қаржыландыру бюджет, қоғамдық ұйымдар қаражаттарынан көзделген.