Ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлерге кредит беру жүйесi туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 24 желтоқсан 1994 ж. N 1461. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы N 124 қаулысымен

Күшін жойған

      Республиканың ауыл шаруашылығындағы жағдай өте күрделi болып отыр. Нарықтық қатынастарға кiру және өндiрiс құрал-жабдықтары мен ауыл шаруашылығы шикiзатына баға теңдестiгiн қамтамасыз етудiң қиындығы ауыл шаруашылығының алдына бiрқатар объективтi проблемалар қойып отыр. Олардың ең бастыларының бiрi - қаржы ресурстарының үнемi жетiспеуi және селоға кредит беру жүйесiнiң жөнге келтiрiлмегендiгi. 
      Аграрлық сектордағы экономиканы тұрақтандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Қаржы министрлiгi мен Экономика министрлiгi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келiсе отырып: 
      республика халқын азық-түлiкпен және өнеркәсiптi шикiзатпен қамтамасыз ету үшiн жыл сайын 1 желтоқсанға дейiн тиiстi министрлiктердiң, ведомстволар мен облыстық әкiмшiлiктердiң өтiнiмдерi негiзiнде дайындаушы, ұқсатушы, сатушы ұйымдар мен кәсiпорындардың қажеттi кредит ресурстарына деген мұқтажын анықтап отырсын. Осы кредиттер үшiн проценттер төлеу жөнiндегi шығыстар дайындаушы, ұқсатушы, сатушы кәсiпорындар мен ұйымдардың шығындарына жатқызылсын; 
      Қазақстан Республикасының iшкi жалпы өнiмiндегi агроөнеркәсiп кешенiнiң үлесiне сәйкес оған берiлетiн кредит ресурстарының жалпы сомасын тоқсан сайын анықтап отырсын; 
      ауыл шаруашылығының тауар өндiрушiлерiне Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 22 шiлдедегi N 826 қаулысымен және қолданылып жүрген заңдармен белгiленген тәртiппен келесi жылға ауысатын айналым қаражатының жыл iшiндегi жетiспеуiне қарай және технологияға байланысты өндiрiс шығындары мен материалдық құндылықтар қоры үшiн сараланған ставкалар бойынша кредиттер берсiн. 
      2. Агроөнеркәсiп кешенiнiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлерiне орташа мерзiмдiк кредиттер жаңа техника мен технология негiзiнде өнiм өндiрудi тұрақтандыру, оны ұқсатуды, сақтауды, сату мен агросервистiк қызмет көрсетудi қамтамасыз ететiн жергiлiктi әкiмшiлiктердiң Мемлекеттiк ұлттық бағдарламаларында көзделген шараларды қаржыландыруға Қазақстанның мемлекеттiк Даму банкi арқылы 5 жылға дейiнгi мерзiмге берiлсiн. 
      3. Дайындаушы, ұқсатушы және сатушы ұйымдар мен кәсiпорындар ауыл шаруашылығының тауар өндiрушiлерiмен форвардтық-фьючерлiк және басқа да негiзде келесi жылы ауыл шаруашылығы өнiмдерi мен шикiзат берiп тұруға жыл сайын 30 желтоқсанға дейiн контрактiлер жасайтын болсын. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн сатып алу мен берiп тұрудың нақты шарттары тiкелей келiсiм-шартта баяндалсын. 
      4. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi Қаржы министрлiгiмен, Экономика министрлiгiмен, облыс әкiмдерiмен бiрлесе отырып, банктiң орталықтандырылған кредиттерi бойынша ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының берешегiн өтеу көздерiмен қамтамасыз етiлмеген, Ауыл шаруашылығын қаржымен қолдаудың мемлекеттiк қорына берiлуге тиiстi соманы анықтайтын болсын. 

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-министрi