Қазақстан Республикасының Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ХААҰ) кiруiне байланысты және әуе кеңiстiгi пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету, ұшу қауiпсiздiгiн арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1. Аэронавигациялық қызмет көрсету ақысы (ставкалары мен алымдары) және оларды Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушылардан төлеттiру тәртiбi туралы осыған қосылған ереже бекiтiлсiн.
1994 жылдан бастап Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде аэронавигациялық қызмет көрсету басқа мемлекеттiгiне, ведомстволық бағыныстылығына және меншiк нысандарына қарамастан, барлық пайдаланушыларға Аэронавигациялық қызмет көрсету ақысы (ставкалары мен алымдары) және оларды Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушылардан төлеттiру тәртiбi туралы осы ережеге сәйкес ақылы жүзеге асырылады деп белгiленсiн.
2. "Қазақстан әуе жолы" ұлттық акционерлiк авиакомпаниясының құрамында дербес құрылымы - Аэронавигация дирекциясының құрылуы мақұлдансын және оған әуе кеңiстiгi пайдаланылуын бақылау, азаматтық авиацияның әуе қозғалысын басқару және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде аэронавигациялық қызмет көрсетiлгенi үшiн ақы төлеттiру функциялары жүктелсiн.
Қазақстан Республикасының Көлiк министрлiгi "Қазақстан әуе жолы" ұлттық акционерлiк авиакомпаниясымен бiрлесе отырып Аэронавигация дирекциясы туралы ереженi және оны дамыту бағдарламасын бекiтсiн, онда 1994 жылғы 1 шiлдеге дейiн мемлекеттiк дербес кәсiпорын құру болсын.
3. Қазақстан Республикасының Көлiк министрлiгi, Қорғаныс министрлiгi, "Қазақстан әуе жолы" ұлттық акционерлiк авиакомпаниясы 1994 - 1995 жылдары аэронавигация жүйесiн жетiлдiру және оны техникалық жасақтау жөнiнде тиiстi шараларды жүзеге асыру арқылы республиканың әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiне бақылау жасалуын қамтамасыз етсiн.
4. Қазақстан Республикасының министрлiгi;
- шектес мемлекеттердiң әуе кеңiстiгiнде әуе қозғалысын басқару iсiндегi өзара iс-қимыл туралы iргелес мемлекеттермен екiжақты келiсiмдер;
- Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде аэронавигациялық қызмет көрсетiлуiне мүдделi мемлекеттермен әуе қатынасы туралы үкiметаралық келiсiмдер жасасатын болсын. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде аэронавигациялық қызмет көрсетiлгенi үшiн мiндеттi түрде ақы төленетiнi туралы авиация органдарын, мемлекеттiк және жеке авиакомпанияларды хабардар етiп отырсын.
Жасалатын келiсiмдер егемен мемлекеттердiң әуе кеңiстiгiнде қозғалысты реттеудiң халықаралық практикасына, сондай-ақ Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ХААҰ) белгiлеген нормалар мен ережелерге қайшы келмеуге тиiс.
5. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде аэронавигациялық қызмет көрсетiлгенi үшiн ақы төлеуден мыналар босатылсын:
құрамынан Аэронавигация дирекциясы бөлiнiп шыққанға дейiн республиканың аэронавигациялық жүйесiн пайдаланушы және оның күтiп ұсталуына қаржы жұмсап отырған "Қазақстан әуе жолы" ұлттық акционерлiк авиакомпаниясы;
орындалатын коммерциялық рейстердi қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң авиациясы, Шекара әскерлерiнiң авиациясы, Iшкi iстер министрлiгiнiң Iшкi әскерлер авиациясы.
6. "Қазақстан әуе жолы" ұлттық акционерлiк авиакомпаниясы Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде аэронавигациялық қызмет көрсетiлгенi үшiн шетелдiк валютамен ақы төлеуден түскен кiрiстi түсiмнiң 50 процентiн уәкiлдiк алған банктер арқылы Қазақ банкаралық валюта биржасында мiндеттi түрде сатқаннан кейiн тек Қазақстан Республикасының аэронавигация жүйесiн дамытуға жұмсайтын болсын.
Аталған қаржының нысаналы мақсатқа жұмсалуына бақылау жасау Қазақстан Республикасының Көлiк министрлiгi мен Қаржы министрлiгiне жүктелсiн.
7. СССР Министрлер Советiнiң 1983 жылғы 1 желтоқсандағы N 1126 қаулысымен бекiтiлген СССР-де әуе қозғалысын басқарудың бiрыңғай жүйесi туралы ережеде көзделген Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын басқарудың бiрыңғай жүйесi органдарының жұмыс iстеуiнiң қолданылып жүрген тәртiбi сақталсын.
Қазақстан республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң
1994 жылғы 10 мамырдағы
N 489 қаулысына
ҚОСЫМША
Аэронавигациялық қызмет көрсету ақысы (ставкалары мен алымдары) және оларды Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушылардан төлеттiру тәртiбi туралы
ЕРЕЖЕ
1. "Қазақстан әуе жолы" ұлттық акционерлiк авиакомпаниясы қызметiнiң табыс көзi әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға көрсетiлетiн аэронавигациялық қызмет үшiн төленетiн ақы түрiндегi түсiмдер болып табылады.
2. Осы Ереже қызметтiң мынадай бағыттары:
жолаушыларды, қол жүгiн, поштаны және жүктердi тұрақты және тұрақты емес рейстердегi iшкi мемлекеттiк көлiк тасымалында әуе қозғалысын басқару;
халық шаруашылығында авиацияны қолдану жөнiндегi жұмыс кезiнде әуе қозғалысын басқару;
жолаушыларды, қол жүгiн, поштаны, жүктердi тұрақты және тұрақты емес рейстердi көлiк тасымалы, авиациялық жұмыстар мен көрсетiлетiн қызмет кезiнде шетелдiк авиакомпаниялардың және ТМД елдерiнiң авиакомпаниялары әуе кемелерiнiң әуе қозғалысын басқару бойынша аэронавигациялық қызмет көрсетiлгенi үшiн ақы төлеудiң бiрыңғай тәртiбiн белгiлейдi.
3. Әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға көрсетiлетiн аэронавигациялық қызметке:
Қазақстан Республикасының әуе жолымен ұшуды орындау кезiнде әуе қозғалысын, ұшуды және байланысты радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарын басқаруды қамтамасыз ету;
әуе кемелерiнiң ұшуы мен қонуы кезiнде ұшақ тұрағы ауданында әуе қозғалысын, ұшуды және байланысты радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарын басқаруды қамтамасыз ету;
белгiленген аймақтар мен жауапкершiлiк аудандарында әуе қозғалысын жоспарлап және оны үйлестiрiп отыру жатады.
4. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға:
"Қазақстан әуе жолы" ұлттық акционерлiк авиакомпаниясының кәсiпорындары, бiрлестiктерi мен ұйымдары;
басқа министрлiктер мен ведомстволардың кәсiпорындары мен ұйымдары;
ведомстводан тыс кәсiпорындар мен ұйымдар;
шетелдiк авиакомпаниялар;
әуе кемелерiнiң басқа иелерi жатады.
5. Ақы төлеуге жататын қамтамасыз ету түрлерi:
Қазақстан Республикасының әуе жолымен, оның iшiнде халықаралық, 1 санаттағы жергiлiктi әуе жолымен және әуе қозғалысын басқару орталықтарының аймағындағы ұшу жолдарымен әуе кемелерiнiң ұшуына аэронавигациялық қызмет көрсету;
ұшақ тұрағы ауданында әуе кемелерiнiң ұшақ-ұшуына (ұшу-қону) аэронавигациялық қызмет көрсету.
6. "Қазақстан әуе жолы" ұлттық акционерлiк авиакомпаниясы дирекциясының оқу-жаттығу, сынау, зерттеу және басқа ұшуларды орындайтын, сондай-ақ халық шаруашылығында авиацияны қолдану жөнiндегi ұшу жұмыстарын атқаратын әуе кемелерiне аэронавигациялық қызмет көрсетiлгенi үшiн төленетiн уағдаластық ақыны белгiлеу мен қолдануға құқығы бар.
7. "Қазақстан әуе жолы" ұлттық акционерлiк авиакомпаниясының дирекциясы негiзгi қызметке жататын басқа да жұмыстар мен көрсетiлетiн қызмет түрлерiнiң уағдаластық бағалары мен тарифтерiн дербес әзiрлейдi және қолданады.
8. Аэронавигациялық қызмет көрсетудiң белгiленген ставкалары әуе кеңiстiгiн пайдаланушылардың бәрiне бiрдей дәрежеде қолданылады.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде аэронавигациялық қызмет көрсетiлгенi үшiн алым төлеуден:
Аэронавигациялық дирекциясының құрамынан бөлiнiп шыққанға дейiн Қазақстан Республикасының аэронавигация жүйесiн пайдаланушы және оны күтiп ұстауға қаржы жұмсап отырған "Қазақстан әуе жолы" ұлттық акционерлiк авиакомпаниясы;
орындалатын коммерциялық рейстердi қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң авиациясы, Шекара әскерлерiнiң авиациясы, Iшкi iстер министрлiгiнiң Iшкi әскерлер авиациясы босатылады.
9. Ұшуға аэронавигациялық қызмет көрсету ставкасының мөлшерiн "Қазақстан әуе жолы" ұлттық акционерлiк авиакомпаниясы дирекциясының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бекiтедi.