Қазақстан Республикасында жүргiзiлетiн ашық ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және жобалау-технологиялық жұмыстарды мемлекеттiк тiркеу және олар бойынша есептiк құжаттарды табыс ету тәртiбiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 19 қараша 1993 ж. N 1161. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы N 124 қаулысымен

Күшін жойған

      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Қазақстан Республикасында жүргiзiлетiн ашық ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және жобалау-технологиялық жұмыстарды мемлекеттiк тiркеудiң және олар бойынша есептiк құжаттарды табыс етудiң осыған қосылған тәртiбi бекiтiлсiн. 
      2. Республиканың министрлiктерi мен ведомстволары, кәсiпорындары мен ұйымдары аталған тәртiпке сәйкес 1994 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi жанындағы Қазақ мемлекеттiк ғылыми-техникалық ақпарат ғылыми-зерттеу институтында ашық ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және жобалау-технологиялық жұмыстардың (бұдан былай - ҒЗТКЖ) тiркелуiн қамтамасыз етсiн. 
      3. Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi: 
      ҒЗТКЖ туралы ақпарат материалдарының мемлекеттiк қорын құрауды қамтамасыз етсiн және 2 айлық мерзiмде осы Қор туралы ереженi әзiрлеп, бекiтсiн; 
      аталған қордың негiзiнде республиканың ғылыми-техникалық әлеуетiнiң жай-күйi мен оның даму үрдiстерiне, Қазақстанның технологиялық құлшынысының Ұлттық мемлекеттiк бағдарламасы мен республикалық нысаналы ғылыми-техникалық бағдарламаларды жүзеге асырудың барысына талдау жасап, ақпараттық-талдама материалдарды Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттiк басқару органдарына жыл сайын табыс етудi ұйымдастырсын.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрi

Қазақстан Республикасы       
Министрлер Кабинетiнiң       
1993 жылғы 19 қарашадағы      
N 1161 қаулысымен         
Бекiтiлген             

Қазақстан Республикасында жүргiзiлетiн ашық
ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және жобалау-технологиялық жұмыстарды мемлекеттiк тiркеу 
      және олар бойынша есептiк құжаттарды табыс ету
Тәртiбi 

                          Жалпы ережелер 

       1. Осы Тәртiп ашық және "Қызмет бабында пайдалану үшiн" деген белгiсi бар ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және жобалай-технологиялық жұмыстарды (бұдан былай - ҒЗТКЖ) тiркеу жұмысын ұйымдастыруға, олар бойынша есептiк құжаттарды табыс етуге және Қазақстан Республикасында жүргiзiлетiн ҒЗТКЖ туралы ақпарат әзiрлеуге қойылатын бiрыңғай талаптарды белгiлейдi. 
      2. Бюджет қаражаты мен бюджеттен тыс қаржыны пайдалану арқылы қаржыландырылатын, ведомстволық бағынысы мен меншiк нысанына қарамастан, Қазақстан Республикасының барлық ұйымдары, кәсiпорындары мен мекемелерi, олардың дербес баланстағы филиалдары мен бөлiмшелерi (бұдан былай - ұйымдары) орындайтын ҒЗТКЖ мiндеттi түрде мемлекеттiк тiркеуге жатады. 
      Қазақстан Республикасының аумағында жүргiзiлетiн басқа ҒЗТКЖ-ны тiркеу осы жұмыстарды жарнамалау және олар туралы ақпарат тарату мақсатында ерiктi түрде жүзеге асырылады. 
      3. ҒЗТКЖ-ны мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi жанындағы Қазақ мемлекеттiк ғылыми-техникалық ақпарат ғылыми-зерттеу институтына (бұдан былай - ҚазмемҒАҒЗИ) жүктеледi. 
      4. Осы Тәртiпте көзделген тiркеу және есептiк құжаттар ҚазмемҒАҒЗИ-ға тегiн табыс етiледi. Оларды әзiрлеу мен жөнелтуге байланысты шығындарды атқарушы ұйымдар ҒЗТКЖ-ны жүргiзуге бөлiнетiн қаржы есебiнен көтередi. 
      5. Есептiк құжаттарды тiркеу және жинау негiзiнде ҚазмемҒАҒЗИ ҒЗТКЖ туралы ақпараттар материалдарының мемлекеттiк қорын құрайды. Қазақстан Республикасында жүргiзiлетiн жұмыстар туралы автоматтандырылған деректер жиынтығын жүргiзедi, республиканың заңды және жеке тұлғаларына жүргiзiлiп жатқан және аяқталған ҒЗТКЖ туралы, сондай-ақ орындаушы ұйымдар туралы ақпарат белгiленген тәртiп бойынша ашық болуын қамтамасыз етедi. 
      Белгiленген үлгiдегi тiркеу және ақпарат карталарын жасауды ҚазмемҒАҒЗИ орталықтандырылған түрде жүзеге асырады. 
      6. ҒЗТКЖ-ны тiркеу және олар бойынша есептiк құжаттарды табыс ету жөнiндегi жұмыста ҚазмемҒАҒЗИ ұйымдар мен кәсiпорындарға әдiстемелiк көмек көрсетедi. 
      7. Тiркеу және ақпарат карталарының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыруға және есептiк құжаттарды ресiмдеуге қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi бекiтедi. 
 

                     ҒЗТКЖ-ны тiркеу 
 

        8. Тiкелей орындаушы ұйым ҒЗТКЖ-ны тiркеу үшiн белгiленген үлгiдегi тiркеу картасын жұмысты қаржыландыру қолға алынған сәттен бастап әрi кеткенде 30 күн iшiнде ҚазмемҒАҒЗИ-ға жiбередi. 
      ҒЗТКЖ-ны бiрнеше ұйым жүргiзген ретте (кешендi жұмыстар) әрбiр орындаушы ұйым өзi дербес атқаратын жұмыс бөлiгiне қатысты тiркеу картасын ҚазмемҒАҒЗИ-ға жiбередi. 
      ҚазмемҒАҒЗИ тiркеу картасы бойынша жұмысқа тiркеу нөмiрiн бередi және 20 күндiк мерзiмде тiркеу картасының бiр данасын орындаушы ұйымға жiбередi. 
      Орындаушы ұйым тiркелген жұмыстағы өзгерiстер туралы төмендегi жағдайларда ҚазмемҒАҒЗИ-ға 30 күндiк мерзiмде хабарлауға мiндеттi: 
      жұмыс тоқтатылған немесе оны аяқтау мерзiмi өзгергенде (жазбаша хабар жiберiледi); 
      жұмыстың атауы өзгергенде (орындаушы жаңадан рәсiмдеген тiркеу картасы жiберiледi). ҚазмемҒАҒЗИ мұндай жұмысқа жаңа тiркеу нөмiрiн бередi, сонымен бiр мезгiлде бұрынғы нөмiрдi де жояды. 
      9. Егер тiркелген жұмысты орындау барысында оны құпияландыру қажеттiлiгi анықталса, орындаушы ұйым бұл жөнiнде ҚазмемҒАҒЗИ-ға белгiленген тәртiп бойынша хабарлауы тиiс. 
 

                    Есептiк құжаттарды табыс ету 
 

        10. Тiркелген ҒЗТКЖ-ны орындаушы ұйым жұмыс (немесе оның кезеңi) аяқталған сәттен бастап әрi кеткенде 30 күн iшiнде: 
      белгiленген үлгiдегi ақпарат картасын; 
      тiркелген ҒЗТКЖ туралы орындаушы ұйымның басшысы бекiткен ғылыми-техникалық есептi ҚазмемҒАҒЗИ-ға жiбередi. 
      Жұмыс бюджет қаражаты немесе бюджеттен тыс қорлар есебiнен қаржыландырылған жағдайда тiркелген жұмыс туралы қорытынды есеп тапсыру мiндеттi болып табылады. 
      Мұндай жағдайда, егер ҒЗТКЖ-ны жүргiзу жоспарында (бағдарламасында) көзделген болса, жұмыс кезеңi бойынша есеп тапсыру да мiндеттi болып табылады. 
      11. Аяқталған, ерiктi түрде тiркелген ҒЗТКЖ бойынша ҚазмемҒАҒЗИ-ға ақпарат қартасымен бiрге жұмыс туралы ғылыми-техникалық есеп немесе жарнамалық-техникалық сипаттама табыс етiледi. Есептi табыс ету кезiнде орындаушы ұйым ҚазмемҒАҒЗИ-ға есептi тарату жөнiнде шарттар қоюы мүмкiн. 
      12. Дұрыс ресiмделмеген құжаттарды түзету үшiн ҚазмемҒАҒЗИ керi қайтарудың объективтi себептерiн көрсете отырып, оларды орындаушы ұйымға қайтарады. Орындаушы ұйым керi қайтарылған құжаттар алынған күннен бастап әрi кеткенде 20 күн аралығында оларға түзетулер енгiзiп, ҚазмемҒАҒЗИ-ға жөнелтуге мiндеттi. 
      ҚазмемҒАҒЗИ-ға табыс етiлетiн құжаттардағы деректердiң толымдылығы мен дұрыстығына және оларды рәсiмдеудiң сапасына орындаушы ұйым жауап бередi. 
      13. Кешендi жұмыс аяқталған соң барлық орындаушы ұйымдар (бас ұйым мен серiктес орындаушы ұйымдар) осы Тәртiптiң 10 және 11 тармақтарында баяндалған талаптарға сәйкес қажеттi есептiк құжаттарды табыс етедi. 
      14. Есептiк құжаттарды алған соң ҚазмемҒАҒЗИ оларға түгендеме нөмiрiн бередi және 20 күндiк мерзiмде ақпарат картасының бiр данасын орындаушы ұйымға жiбередi. 
      ҒЗТКЖ туралы есептер микрофильмге түсiрiлген соң орындаушы ұйымға қайтарылады. 
      ҒЗТКЖ есептерiнiң микрокөшiрмелерiн ҚазмемҒАҒЗИ Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi жанындағы Республикалық ғылыми-техникалық кiтапханаға мемлекеттiк сақтауға бередi. 
      15. Қазақстан Республикасының Ғылымминi орындаушы ұйымдардың аяқталған ҒЗТКЖ бойынша ғылыми-техникалық құжаттама дер кезiнде табыс етiлуiне бақылау жасауды ұйымдастырады. 
 

                ҒЗТКЖ туралы құжаттарды тарату шарттары 
 

        16. ҒЗТКЖ туралы ақпарат материалдарының мемлекеттiк қорына кiретiн ақпарат құжаттарының көшiрмелерiн, сондай-ақ тiркелген жұмыстар туралы деректердi ҚазмемҒАҒЗИ жұмыстарды орындаушы ұйымдар ақпарат карталарында көрсеткен шарттар негiзiнде Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғаларына табыс етедi. 
      17. ҚазмемҒАҒЗИ ғылыми-техникалық құжаттамасы мемлекеттiк сақтауға тапсыруға жататын аяқталған ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және жобалау-технологиялық жұмыстардың тiзбелерiн Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттiк ғылыми-техникалық құжаттама архивiне табыс етедi.