Фабрикалық қант қызылшасын өндiрудi ұлғайтуға және оны мемлекет мұқтажының есебiне барынша мол тартуға колхоздардың, совхоздардың, басқа шаруашылықтар мен көлiк ұйымдарының материалдық ынталылығын арттыру жөнiндегi шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 30 маусым 1993 ж. N 560

Қолданыстағы
      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Республиканың қант зауыттарына кейiн колхозшыларға (совхоз жұмысшыларына) және басқа қызметкерлерге сату үшiн 1993 жылдың өнiмiнен бастап колхоздарға, совхоздарға және басқа шаруашылықтарға мемлекет мұқтажына олар сатқан әрбiр центнер фабрикалық қант қызылшасына 500 грамм есебiмен еркiн көтерме-босату бағасы бойынша, сондай-ақ қант қызылшасын колхоздар мен совхоздардың алқаптарынан қызылша қабылдау пункттерiне тасыған көлiк ұйымдары мен шаруашылықтардың қызметкерлерiне әрбiр тонна-километр үшiн 6 грамнан қант сатуға рұқсат етiлсiн.
      2. Өткiзушiлердiң меншiгiндегi сырттан берiлетiн шикiзаттан өндiрiлетiн қанттың жалпы көлемiнiң 15 проценттен аспайтынын қант заводы көтерме бағамен, сондай-ақ шаруашылықтар мен қант заводтары арасындағы шартпен белгiленген сығынды мен сiрне мөлшерiн шартты бағамен сатады деп белгiленсiн.
      3. 1993 жылдың өнiмiнен бастап қант зауыттарына қант қызылшасын сақтау және өңдеу барысында болатын шығын мөлшерiн азайту, қантты сiрнеде ұстау уақытын қысқарту, сондай-ақ тазартылмаған қантты өңдеу кезiнде жоспарланғаннан тыс нақты қант алуды ұлғайту есебiнен алынған қантты өз қызметкерлерiне сатуға және кәсiпорынның басқа да мұқтаждарына (көтерме-босату бағасымен) пайдалануға рұқсат етiлсiн.
      4. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi "Қазтамақөнiмi" тамақ өнеркәсiбi мемлекеттiк-кооперативтiк бiрлестiгiмен бiрлесiп қызылша шаруашылығында қолданылып жүрген нормативтердi ескере отырып, бiр апта мерзiмде сырттан берiлетiн негiздегi қант қызылшасын қабылдау және ол үшiн өзара есеп айырысу шарттарын әзiрлесiн және Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен келiсетiн болсын.
     Қазақстан Республикасының 
        Премьер-министрi