Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
1992 жылғы 26 қыркүйекте Пекин қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы Келiсiм бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрi
Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Қытай Халық Республикасы Үкiметi арасындағы халықаралық автомобиль қатынастары туралы
Келісім*
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 1 шілдедегі № 102-VIII Заңымен ратификацияланған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім күшіне енген күннен бастап осы Келісім өз қолданысын тоқтатады ҚР 01.07.2024 № 102-VIII (қолданысқа енгізу тәртібін 20-б. қараңыз).
*(1993 жылғы 15 мамырда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2003 ж., N 10, 77-құжат)
Қазақстан Республикасы Yкiметі мен Қытай Халық Республикасы Yкiметi, бұдан былай "Келiсуші Жақтар" деп аталатын болады,
екi жақтың сауда-экономикалық қатынастарының ойдағыдай дамуына көңiл аудара отырып,
екi елдiң арасында жолаушылар мен жүк тасымалдайтын автомобиль қатынасын тең және өзара тиiмдi негізде дамыту ниетiмен,
төмендегідей келiсiмге келдi:
1-бап
Осы келiсiмге сәйкес Қазақстан Республикасында немесе Қытайда тiркелген автокөлiкпен шекаралық пункттер арқылы және халықаралық автомобиль қатынастарын жасауға арналған жолдармен екi елдiң арасында жүйеленген және жүйеленбеген түрде жолаушыларды, туристерді қоса есептегенде, және жүктi автомобилiмен тасымалдау жасалып тұрады.
I. Жолаушыларды тасымалдау
2-бап
1. Жолаушыларды жүйеленген түрде автобуспен тасымалдау Келiсушi Жақтардың құзырлы органдарының өзара келiсiмiмен ұйымдастырылып отырады.
2. Келiсушi Жақтардың құзырлы органдары жолаушыларды жүйеленген негізде тасымалдау жөнiндегі ұсыныстарын бiр-бiрiне күн iлгерi берiп тұратын болады.
Бұл ұсыныстарда тасымалдаушының (фирманың) қалай аталуына, жол маршрутына, қозғалыс кестесiне, тарифiне, тасымалдаушының жол бойында жолаушыларды отырғызып түсiретiн пункттерiне қатысты мәлiметтер, сондай-ақ тасымалдың белгiленген мерзiмi мен жиілігiн айқындайтын деректер болуы қажет.
3-бап
1. Осы Келiсiмнiң 4 бабында алдын ала ескертiлген тасымалдарды қоспағанда, екi ел арасында жүйеленбеген жолаушы тасымалдарын жасау үшiн Келiсушi Жақтардың құзырлы органдардың рұқсат қағазы болуы талап етiледi.
2. Келiсушi Жақтардың құзырлы органдары рұқсат қағазын өз территориясынан өтетiн шепке дейiн ғана бередi.
3. Жолаушылардың жүйеленбеген автобус тасымалының әр рейсiне жеке рұқсат берiлуi керек, егер рұқсат қағазда басқадай ештеңе көрсетiлiп жазылмаған болса, ол рейстiң әрi барып, керi қайтуына ғана хұқы бар.
4. Келiсушi Жақтардың құзырлы органдары жолаушылардың жүйеленбеген тасымалына берiлетiн рұқсат бланкiлерiнiң өзара келiсiлген санын бiр-бiрiне жылма-жыл берiп отырады. Ол қағаздарда құзырлы органдардың мөрi мен рұқсат берушi жауапты адамның қолы қойылуы шарт.
5. Келiсушi Жақтардың құзырлы органдары рұқсат бланкiлерiмен алмасудың тәртiбiн өзара келiседi.
4-бап
Бұзылған автобусты басқа көлiкпен ауыстырғанда осы Келiсiмнiң 3-бабында көрсетiлген рұқсат қажет болмайды.
ІІ. Жүк тасымалдау
5-бап
1. Осы Келiсiмнiң 6 бабында күнi бұрын ескертiлген тасымалдарды қоспағанда, екi ел арасындағы жүк тасымалдары Келiсушi Жақтардың құзырлы органдары беретiн рұқсат негiзiнде тіркемелі не тiркемесi жоқ жүк автомобильдерiмен немесе жартылай тiркемесi бар ауыр сүйреткiштермен жасалып отырады.
2. Әрбір жүк тасымалына жеке рұқсат берілуі керек, рұқсат қағазда ештеңе жазылмаған болса, онда ол рейстiң әрi барып, керi қайтуына ғана хұқы бap.
3. Келiсушi Жақтардың құзырлы органдары жүк тасымалдауға берiлетiн рұқсат бланкiлерiнiң өзара келiсiлген санын бiр-бiрiне жыл сайын берiп отырады.
4. Келiсушi Жақтардың құзырлы органдары рұқсат бланкiлерiмен алмасудың тәртiбiн өзара келiседi.
6-бап
Төмендегi тасымалдардың атқарылуына осы Келiсiмнiң 5 бабында көрсетiлген рұқсаттардың болуы талап етiлмейдi:
а) жәрмеңкелер мен көрмелерге арналған жәдiгерлердi, құрал-жабдықтар мен материалдарды тасымалдауда;
б) спорт жарыстарын өткiзуге арналған инвентарьлар мен мүлiктердi, транспорт құралдарын, сондай-ақ жануарларды тасымалдауда;
в) кино түсiруге, радио және телевизия хабарларын ұйымдастыруға қажеттi құрал-жабдықтарды, театр декорациялары мен реквизиттерiн, музыкалық аспаптарды тасымалдауда;
г) қайтыс болған адамның мәйiтi мен табытын тасымалдауда;
д) пошта тасымалдауда;
e) iстен шыққан автокөлiк құрал-саймандарын тасымалдауда;
ж) көшiп-қонған уақытта дүние-мүлiктi тасымалдауда;
з) осы келiсiмнiң 7 бабына сәйкес тасымалдауға рұқсаты бар жүктердi тасымалдауда.
Техникалық көмек көрсететiн автомобильдердiң жүруiне де арнайы рұқсат қағаз талап етiлмейдi.
Осы бапта көрсетiлген тасымалдау жұмыстарын атқару кезiнде автокөлiктерде ұлттық жол қағаздары болуы қажет.
7-бап
1. Жүксiз немесе жүкпен келе жатқан автокөлiктiң сыртқы шектiк көлемi мен салмағы екiншi Келiсушi Жақтың территориясында белгiленген мөлшерден артық болған жағдайда, сондай-ақ қауiпi жүк тасымалдағанда тасымалдаушы екiншi Келiсушi Жақтың құзырлы органдарынан арнайы рұқсат алуы керек.
2. Егер осы баптың 1 тармағында жазылған рұқсат қағазда автокөлiктiң нақтылы бiр маршрутпен жүрiп өтуi көрсетiлсе, онда тасымалдау тек сол аталған маршрутпен жасалуы тиiстi.
III. Жалпы ережелер
8-бап
1. Осы Келiсiмде қарастырылған тасымалдарды өз елiнiң iшкi заңдары бойынша халықаралық тасымалдарды атқаруға рұқсат алған тасымалдаушылар ғана жасай алады.
2. Халықаралық тасымал жасайтын автокөлiкте өз елiнiң тiркеу және айырмашылық белгiлерi болуы шарт.
9-бап
Шекара маңындағы өзара қатынаста жүк пен жолаушы тасымалдау тәртiбiн Келiсушi Жақтардың құзырлы органдары бiрлесе отырып белгiлейдi.
10-бап
1. Тасымалдаушыға екiншi Келiсушi Жақтың территориясында орналасқан екi пункттiң арасында жолаушылар мен жүк тасымалын жасауға рұқсат берiлмейдi.
2. Егер тасымалдаушы Келiсушi Жақтың құзырлы органынан арнайы рұқсат алған болса, онда ол осы екiншi Келiсушi Жақтың территориясынан үшiншi елдiң территориясына, сондай-ақ үшiншi елдiң территориясынан екiншi Келiсушi Жақтың территориясына тасымал жасай алатын болады.
11-бап
Осы Келiсiмде көрсетiлген жүк тасымалдары халықаралық үлгiлерге сәйкес ұлттық жүк қағазы (накладная) бойынша жасалуы тиiстi.
12-бап
1. Автобустың немесе жүк автомобилiнiң жүргiзушiсiнде автокөлiктiң категориясына сәйкес келетiн ұлттық болмаса халықаралық жүргiзушi куәлiгi, сонымен бiрге автокөлiкке берiлген ұлттық тiркеу құжаттары болу қажет.
2. Осы Келiсiмнiң ережелерiне сай талап етiлетiн рұқсат қағаз бен басқа құжаттар тек сол құжаттарға қатысты автокөлiкте болуы тиiстi және құзырлы бақылау органдарының тiлегi бойынша көрсетiлетiн болады.
13-бап
Осы Келiсiмде көрсетiлген жолаушылар мен жүк тасымалдаудың практикалық мәселелерiн Келiсушi Жақтардың ұйымдары мен кәсiпорындары тiкелей реттей алады.
14-бап
Осы Келiсiмге сәйкес жүргiзiлетiн есеп айырысу жұмыстары екi елдiң арасында тиiстi мерзiм iшiнде күшiн сақтайтын үкiметаралық төлемдер жөнiндегi келiсiмдер шеңберiнде немесе Келiсушi Жақтардың тапсыруымен жасалған тиiстi келiсiмдер бойынша атқарылады.
15-бап
Осы Келiсiм негiзiнде Келiсушi Жақтың территориясы арқылы жолаушылар мен жүк тасымалдайтын екiншi Келiсушi Жақтың тасымалдаушылары және оны таситын автокөлiк Келiсiмде көрсетiлген рұқсаттарды алуға, жолдарды пайдалану және күтiп ұстауға, автокөлiктi иеленуге, оны пайдалануға байланысты салықтан және тасымалдау жұмысынан түсетiн табыс пен пайдаға салатын алым-салықтардан босатылады.
16-бап
1. Осы Келiсiм негiзiнде тасымалдау жасағанда Келiсушi Жақтардың территориясына апарылатын заттардың iшiнде мыналар екi жақта бiрдей кеден салықтарын төлеуден және рұқсат қағазын алудан босатылады:
а) әрбiр автокөлiктiң өзiне арналып, оның қозғағышын қоректендiретiн жүйемен технологиялық және конструкциялық түрде тiкелей байланысқан сыйымды ыдыстағы жанармай;
б) тасымал мерзiмiнде пайдалануға жетерлiк мөлшердегi жағармай;
в) халықаралық тасымал жасайтын автокөлiктi жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер мен керектi құрал-саймандар.
2. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер керi қайтарылып әкелiнедi, ал ауыстырылған қосалқы бөлшектер тиiстi Келiсушi Жақтың территориясында орныққан тәртiп бойынша ол елден не керi алынып кетiлуi, не белгiлi тиiстi арнайы орынға тапсырылуы керек.
17-бап
Осы Келiсiм негiзiнде атқарылатын жолаушылар мен жүк тасымалдары келтiрген залалы үшiн тасымалдаушы үшiншi жақтың алдында материалдық жауапкершiлiктен мiндеттi түрде сақтандырған жағдайда ғана жасалатын болады. Тасымалдаушы көрсетiлген тасымал жұмыстарын атқаратын әрбiр автокөлiк құралын әлгiндей жауапкершiлiктен күнi бұрын сақтандыруға мiндеттi.
18-бап
Шекаралық, кедендiк және санитарлық бақылауды жүргiзуде Келiсушi екi Жақ бiрдей мүше боп саналатын көпжақты және екiжақты халықаралық шарттар мен келiсiмдердiң ережелерi қолданылатын болады, ал ол шарттар мен келiсiмдерде айтылмаған мәселелердi шешкенде Келiсушi Жақтардың әрқайсысы өздерiнiң iшкi заңдарын қолданады.
19-бап
Ауыр науқасты адамдарды тасымалдағанда, жолаушыларды жүйелi түрде тасымалдағанда, сондай-ақ жануарлар мен тез бұзылатын жүктердi тасымалдағанда шекаралық, кедендiк және санитарлық бақылау кезексiз түрде жүргiзiлетiн болады.
20-бап
Келiсушi Жақтардың тасымалдаушылары өздерiнiң автокөлiк құралы қай аумақта (территорияда) жүрiп келе жатқан болса, сол елдiң жол қозғалысы ережелерi мен заңдарын қатаң сақтауға мiндеттi.
21-бап
Келiсушi Жақтардың құзырлы органдары осы Келiсiмнiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатымен тiкелей байланысқа шығып, Келiсушi Жақтардың бiрiнiң ұсынысы бойынша жолаушылар мен жүк тасымалына берiлетiн рұқсаттар жүйесiне байланысты мәселелердi шешу үшiн кеңестер өткiзiп, сондай-ақ берiлген рұқсаттарды пайдалану жөнiнде бiр-бiрiмен тәжiрибе және ақпарат алмасып отыратын болады.
22-бап
Осы Келiсiммен, сондай-ақ Келiсушi екi Жақ бiрдей мүше боп саналатын көпжақты және екiжақты шарттар мен келiсiмдерде реттелмеген мәселелер Келiсушi Жақтардың әрқайсысының iшкi заңдарына сәйкес шешiлетiн болады.
23-бап
Осы Келiсiмдi түсiндiру мен қолдануға байланысты шыққан барлық даулы мәселелердi Келiсушi Жақтар өзара келiссөздер мен пiкiр алысу арқылы шешетiн болады.
24-бап
Бұл Келiсiм Келiсушi Жақтардың басқадай халықаралық шарттардан шығатын хұқтары мен мiндеттерiне еш әсерiн тигiзбейдi.
25-бап
1. Бұл Келiсiм Келiсушi Жақтардың әрқайсысы дипломатиялық каналдар арқылы Келiсiмнiң күшiне енуiне қажеттi заңдылық процедуралар орындалғанын бiр-бiрiне хабарлағаннан кейiн 30 күн өткенде күшiне кiредi.
2. Бұл Келiсiм үш жылдық мерзiмге жасалды және Келiсушi Жақтардың бipeуi оның күшiн жою жөнiнде өз тiлегiн екiншi Келiсушi Жаққа Келiсiм мерзiмiнiң бiтуiнен 6 ай бұрын жазбаша түрде мәлiмдемесе, онда бұл Келiсiм келесi үш жылдық мерзiмге ұзартыла бермек.
Келiсiм Пекин қаласында 1992 жылдың 26 қыркүйек күнi екi дана болып, қазақ, қытай және орыс тiлдерiнде жасалды және барлық текстiлерi түпнұсқа болып саналумен қатар күштерi де бiрдей деп есептеледi.
(Қолдары)
Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Қытай Халық
Республикасы Yкiметi арасындағы автомобиль
қатынасы туралы келiсiмдi қолдану жөнiндегi
Хаттама
Пекин қаласында 1992 жылдың 26 қыркүйек күнi қол қойылған Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Қытай Халық Республикасы Yкiметi арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы Келiсiмдi қолдану жөнiнде төмендегiдей келiсiмге қол жеттi:
1. Аталған Келiсiмдегi құзырлы органдар ретiнде мына органдар айтылады:
Қазақстан жағынан:
3, 12 және 21 баптар бойынша - Қазақстан Республикасы Көлiк министрлiгi;
2, 5, 9 және 10 баптар бойынша - Қазақстан Республикасы Көлiк министрлiгi мен Көлiктiк құрылыс министрлiгi;
7 және 12 баптар бойынша - Қазақстан Республикасы Көлiк министрлiгi, Көлiктiк құрылыс министрлiгi және ішкi iстер министрлiгi.
Қытай жағынан:
2, 3, 5, 9, 10 және 21 баптар бойынша - ҚХР Коммуникация министрлiгi және провинциялардың, автономиялық аудандардың, орталық бағыныстағы қалалардың коммуникация басқармаларының өкiлеттiктерi (департаменттерi);
7 және 12 баптар бойынша - ҚХР Коммуникация министрлiгi, ҚХР Қоғамдық қауіпсiздiк министрлiгi және провинциялардың, автономиялық аудандардың, орталық бағыныстағы қалалардың коммуникация және қоғамдық қауiпсiздiк басқармаларының өкiлеттiктерi (департаменттерi).
2. Аталған Келiсiмдегi сөз тiркестерiнiң мағынасында мыналарды түсiну керек:
2.1. "Автокөлiк" деген атау:
жүк тасымалдау кезiнде - жүк автомобилiн, тiркемелi жүк автомобилiн, автомобиль сүйреткiшiн, немесе жартылай тiркемесi бар автомобиль сүйреткiшiн бiлдiредi;
жолаушылар тасымалдағанда - автобустарды, яғни жолаушылар тасымалдауға арналған, жүргiзушiнiң орнын қоспағанда кемi 8 отыратын орны бар, сондай-ақ жүк тасымалдауға қажет тiркемесi бар автокөлiк сүйреткішін білдіреді.
2.2. "жүйеленген тасымалдау" деген атау - Келiсушi Жақтардың автокөлiгiмен күнi бұрын келiсiлген қозғалыс кестесi сапардың бастапқы және соңғы пункттерi мен аялдамалық пункттерi көрсетiлген жүрiс маршруты бойынша жасалатын тасымалдарды бiлдiредi.
2.3. "жүйеленбеген тасымал" деген атау - жоғарыда айтылғандардан басқа барлық тасымалдарды бiлдiредi.
3. Келiсiмнiң 5 бабында ескертiлген рұқсаттар тасымалдаушылар мен жүк иелерiн әр елдiң iшкi заңдарына сәйкес жүкке қажеттi кедендiк рұқсаттар алу мiндетiнен босатпайды.
4. Келiсiмнiң 8 бабының 2 тармағындағы тiркемелер мен жартылай тiркемелер жайында - жүк автомобильдерiнде немесе автомобиль сүйреткiштерiнде Қазақстан Республикасының болмаса Қытай Халық Республикасының тiркеу және айырмашылық белгiлерi болған жағдайда ғана тiркемелер мен жартылай тiркемелерде басқа елдердiң тiркеу және айырмашылық белгiлерi болуына мүмкiндiк берiледi.
5. Келiсiмдегi 16 баптың 1 тармағындағы ереже автомобильдер мен автомобиль сүйреткiштердiң өздерiн дайындап шығарған зауытта арнайы орнатылған сыйымдылықтың iшiндегi жанармайға ғана, сондай-ақ рефрижераторлардың мұздатқыш қондырғыларының жұмысын қамтамасыз етуге арналған тiркемелер мен жартылай тiркемелердiң үстiнде орнатылған сыйымдылықтың iшiндегi жанармайға ғана таралады.
6. Келiсiмнiң 18 және 19 баптарындағы "санитарлық бақылау" деген атау санитарлық, малдәрiгерлiк және фитосанитарлық бақылау ұғымдарын бiлдiредi.
7. Келiсушi Жақтардың бiрiнiң автокөлiгiмен транзиттiк түрде екiншi Келiсушi Жақтың аумағы (территориясы) арқылы өтетiн жүк пен жолаушылар тасымалы Қазақстан Республикасы Көлiк министрлiгiнiң (Қазақстан территориясында) және ҚХР коммуникация министрлiгiнiң (ҚХР территориясында) мақұлдауымен жасалады. Әрбiр мұндай тасымал тек бiр рейстiң әрi-берi барып қайтуына хұқ беретiн арнайы рұқсат алғаннан кейiн ғана атқарылатын болады.
Келiсiмнiң ажыратылмас бөлiгi саналатын бұл хаттама Пекин қаласында 1992 жылдың 26 қыркүйек күнi екi түпнұсқа дана болып, әрқайсысы қазақ, қытай, орыс тiлдерiнде жасалды және барлық текстердiң күшi бiрдей деп есептеледi.
(Қолдары)