Балалар тәрбиесіне қатысты дауларды шешкенде соттардың заңды қолдану тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1993 жылғы 28 маусымдағы N 3 қаулысы

Қолданыстағы

      Балалар тәрбиесіне қатысты даулар жөніндегі сот жұмысы тәжірибесін зерттеу барысында бұл саладағы істер кейде дұрыс қарала тұра, Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы Кодексін қолдану кезінде кейбір мәселелерді шешуде біркелкіліктің жоқтығы байқалды. Осыған байланысты Жоғарғы сот Пленумы соттарға төмендегідей түсініктер беруге қаулы етті:
      1. Балалар тәрбиесіне қатысты даулар ішінде сот қарауына мыналар жатады: балалар бөлек тұратын ата-аналардың қайсысымен бірге тұратындығы; балалардан бөлек тұратын ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысуындағы кедергілерді жою; басқа адамның қолындағы балаларды ата-аналарына қайтарып беру; ата-ана құқығынан айыру және ата-ана құқығын қайтарып беру; балаларды ата-анасының құқығынан айырмай-ақ алу; баланы асырап алғандығынан айыру және оны заңды емес деп табу; қамқоршы және қараушы органдар шешіміне шағым арыз беру және тағы басқа даулар.
      Балаларға қатысты дауларды қараған кезде соттар Неке және отбасы туралы Кодексті басшылыққа алуға тиіс. Қазақстан Республикасы таныған халықаралық шарттарда кей мәселелер Неке және отбасы Кодексіндегіден басқаша шешілсе, халықаралық шарттардағы ережелер басшылыққа алынады.
      2. Бөлек тұратын ата-аналардың қайсысына баланың қалатындығы жайлы екеуара дауды шешкен кезде, сот Қазақстан Республикасы Неке және отбасы туралы Кодексінің 57 бабында көрсетілген әке мен шешенің құқығы мен міндеттерінің бірдей екендігін ескеріп, кәмелетке толмағандардың мүдделері мен талап-тілегіне сай келетіндей шешім шығаруы тиіс. Мұндайда сот қай ата-ананың балаларға мейлінше қамқорлық жасап, көңіл бөлетіндігін, баланың жасын, өсіп-жетілу ерекшелігін және қай ата-ананың оған жақындығын, ата-ананың жеке басының қадір-қасиетін, балаға оң немесе теріс ықпал ететіндігін, тиісті тәрбие беруге қаншалықты жағдай туғыза алатынын, дене бітімі, рухани және адамгершілік жағынан дамуын, ата-аналардың өзара қарым-қатынасының ерекшелігін, сондай-ақ істі қарау үстінде анықталған басқа да жағдайларды ескеруі тиіс, бірақ ата-ананың бірінің материалдық-тұрмыстық артықшылығы баланы берудің басты шарты бола алмайды.
      Он жасқа толған бала ата-ананың бірімен тұрғысы келсе, егер бұл тілегі баланың мүддесіне қайшы келмейтін болса, сот оның да тілегін ескеруі мүмкін.
      3. Егер некені бұзу туралы талаппен бір мезгілде ата-ана балаларын қайтарып алуға кедергі болып отырған, басқа адамның тәрбиесінде жүрген, кәмелетке толмаған балаларының бірінің қолында қалатындығын талап етсе, соттың бұл дауды жеке іс ретінде болу туралы мәселені талқылауы керек.
      4. Заң бойынша ата-анаға басқа адамнан гөрі балаларын өздерінің жеке тәрбиесіне алуына басымырақ құқық беріледі және заңға немесе сот шешіміне сүйенбей бергісі келмей отырған кез келген адамнан балаларын қайтарып алуды талап етуге олар қақылы.
      Сонымен бірге сот кәмелетке толмаған баланың мүддесіне қайшы келеді деген қорытынды жасаса, онда басқа біреулерден баланы қайтару жөніндегі ата-ана талабын қанағаттандырмауға қақылы.
      Егер ата-ананың да, басқа адамның да қолындағы балаға тиісті тәрбие беруге халі келмейтіндігі анықталса, қамқоршы немесе қараушы органның яки прокурордың талап етуі бойынша сот баланы қамқоршы не қараушы органдардың қолында қалдырады. Егер мұндай талап қойылмаса, сот өзінің жеке ұйғарымы бойынша ондай талап қою қажеттігіне бұл органдардың назарын аударады.
      5. Заң немесе сот шешімі бойынша басқа адамға берілген (қамқоршы, қараушы, балалар мекемелері т.б.) балаларын қайтарып алу туралы ата-аналардың талаптарын қараған кезде соттар аталған адамдарға немесе балалар мекемелеріне қайтарып беруге негіз болған дауға дейінгі жағдайдың өзгерген-өзгермегенін, балаларды ата-анасына қайтару олардың мүддесіне сай келер-келмесін анықтауға тиіс.
      6. Баладан бөлек тұратын ата-ананың бала тәрбиесіне араласу тәртібін ата-аналар өзара келісе отырып шешеді, егер олар келісе алмаған жағдайда бала мүддесін ескеріп, қамқоршы немесе қараушы органдар дауды ата-аналарды қатыстыра отырып шешеді.
      Ата-аналар қамқоршы немесе қараушы органдардың шешіміне риза болмаса, онда соңғысының да, ата-ананың әрқайсысының да дауды шешу үшін сотқа арыз беруіне құқығы бар.
      Балалармен бірге тұрмайтын ата-ананың бала тәрбиесіне араласу тәртібін сот белгілейді және балалармен бірге тұратын ата-ананың екіншісіне кедергі жасамауын жүктейді.
      Заң немесе сот шешімі бойынша басқа адамның қолындағы балалар тәрбиесіне ата-аналық құқығынан айырмаған ата-аналардың араласуына кедергі жасалмауын жою туралы мәселені де сот сол сияқты шешеді.
      7. Сот арқылы айыруға жататын ата-аналық құқықты мыналар ұғыну керек: ата-аналардың кәмелетке толмағанға дейін баласын тәрбиелеу өкілеттігі мен оның мүддесін қорғау, басқа адамнан талап ету, асырап алуға келісім беру және т.б.
      8. НжОК 69 бабына сәйкес, ата-ананың құқығынан айыру туралы істі соттар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, ата-ананың бірінің, бала қамқоршысының (қараушысының), прокурордың арызы бойынша қарайды.
      Соттар талап арыздарды қабылдаған кезде бұл іс жөнінде тек баланың тууы туралы акт жазбаларында көрсетілген ата-ананың бірінің немесе қамқоршының (қараушының) ғана талапкер бола алатындығын ескеруі тиіс. Заңды құқығы бар жақтар ретіндегі мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдар да, егер оларға қолданып жүрген заңдар кәмелетке толмағандардың құқығы мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді (қамқоршы және қараушы органдар, балалар үйі, сәбилер үйі, кәсіподақ комитеттері мен т.б.) жүктеген болса, бұл іс жөнінде талапкер бола алады.
      9. Баланың тууы туралы жазбаларында ата-анасы ретінде көрсетілмеген, шын мәнінде оны тәрбиелеп отырған адамдарға және асыраушыларға ата-аналық құқықтан айыру жөнінде талап қойылмайды, себебі олардың құқығы мен міндеттерінің өздерінен тумаған балаларға еш қатысы жоқ.
      Асыраушы өзінің міндеттерін орындаудан жалтарып немесе құқығын пайдаланып қиянат жасаса ата-аналық құқығынан емес, оны асыраушылығынан айыру жөнінде мәселе қойылуы тиіс (НжОК 115 бап).
      Бала мүддесін қойылуы талап еткен басқа да жағдайларда соттың тиіс адамды асырап алушылықтан айыруы мүмкін.
      Бала асырап алу кезінде заңның бұзылуына байланысты асыраушылығынан айыруы жөніндегі талапты қараған уақытта сот барлық нақты жағдайларды, атап айтқанда, талапты қанағаттандыру бала мүддесіне қарсы келер-келмесін анықтауы міндетті.
      10. Бала тәрбиесіне адал қарамағындағы үшін қамқоршыны (қараушыны) өз міндетін орындаудан шеттету мәселесін сот емес, қамқоршы (қараушы) органдар шешеді. Қамқорлық (қараушы) ету жөнінде міндеттен шеттетілген жақ баланы қайтарғысы келмесе, оны алу жөнінде сот алдына талап қойылуы мүмкін.
      11. Ата-ананың бірін ата-аналық құқығынан айыру туралы талапты қараған кезде баланың бұдан былайғы тәрбиесіне қажетті жағдайларды туғызу және ата-аналардың құқығын қорғау үшін сот нақтылы бір жағдайға байланысты екінші ата-ананың тұратын жерін анықтап алуға, оны іске араластыруға, ал өтініш жасай қалған күнде оған берудің мүмкіндігі мәселесін қарауға міндетті.
      12. Істің жайын және ата-аналардың балаларға қалай қарайтындығын жан-жақты анықтап алу мақсатымен сот мәжілісінде ата-аналық құқықтан айыру жөніндегі талап, әдетте, жауапкерлердің қатысуымен қаралуға тиіс.
      13. Ата-аналық құқықтан айыру жөніндегі талаптармен бір мезгілде сот АІЖК 128 бабына сәйкес, балалардың мүддесі үшін Тұрғын үй Кодексінің 90 бабының 3 және 5 тармақтары негізінде мүдделі адамдардың жауапкерді үйінен шығару немесе өздері көрсеткен үйге айырбастау туралы талабын қарауға қақылы.
      14. НжОК 68 бабында көрсетілген негіздер бойынша ата-ана тәртібі жөнінен жазықты болғанда, сондай-ақ балаларын тәрбиелеу мен бағудан жалтарған, балаларға қатыгездікпен қарап немесе өздерінің адамгершілікке, қоғамға жат қылықтарымен оларға зиянды ықпал еткен, перзентханадан (бөлімнен) және басқа да балалардың емдеу-профилактикалық және оқу-тәрбие мекемелерінен орынсыз себептермен сәбиін алудан бас тартқан жағдайда олар ата-аналық құқығынан айырылуы мүмкін екенін соттарға түсіндіру керек.
      Егер ата-ана маскүнемдік немесе нашақорлыққа үнемі салынған болса, бұл жағдай да оларды ата-аналық құқықтан айыруға негіз болады.
      Баланың адамгершілік, дене бітімі және рухани жағынан дамуы, оны пайдалы іске үйрету мен даярлау жөніндегі өзінің ата-аналық парызын ұдайы өтемеген жағдайда ата-ана өз міндеттерінен жалтарды деп есептелінеді.
      Ата-ананың құқығына қиянат келтірілетін жайлар деп, балалардың мүддесіне зиян тигізетін, мәселен, балалардың оқуына кедергі жасайтын, қайыр сұрауға итермелейтін әрекеттерді ұғыну керек.
      Балаларға күш көрсету немесе оларға психикалық қысым жасау, тәрбие ісінде жол беруге болмайтын тәсілдерді қолдану адамгершілік ар-намысын таптау секілділер балаларға қатыгездікпен қарау болып табылады.
      Ата-аналардың ұдайы маскүнемдікке салынғандығы немесе нашақорлық ауруымен ауыратындығы тиісті дәрігерлік қорытындысымен расталуға тиісті. Ата-аналық құқықтан айыруға мұндай адамдардың әрекет қабілеттігіне шек қою кедергі бола алмайды.
      15. Ескі маскүнемдік немесе нашақорлық ауруы барларды қоспағанда (НжОК 68 бабы), әр-түрлі, өздеріне қатысы жоқ себептермен есі ауысқан, жарым ес емес басқа да ескі ауруына байланысты өздерінің ата-аналық міндеттерін орындай алмайтын адамдарды ата-аналық құқықтан айыруға болмайды. Мұндай жағдайда, тіпті ата-аналық құқығынан айыру туралы талаптың негізсіз болғанының өзінде, баланы ата-анасының қолында қалдыру оған қауіпті деп табылса, соттың баланы олардан алып, қамқоршы және қараушы органдарға беруге шешім шығаруға қақылы (НжОК 74 бабы).
      16. Соттардың назарын ата-аналық құқықтан айыру ең соңғы шара болып табылатындығына аудару керек. Ата-ананың кінәсі дәлелденген төтенше жағдайдың өзінде де оның мінез-құқының, жеке басының ерекшелігін және басқа да нақты жағдайларды есепке ала отырып, ата-аналықтан айыру жөніндегі талапты қанағаттандырусыз қалдыруға және жауапкерге оның бала тәрбиесіне қарым-қатынасын өзгертуі қажеттігін ескеріп, ата-аналық міндеттерді орындау жөніндегі бақылауды қамқоршы және қараушы органдарға жүктеуге соттың қақысы бар. Ата-аналық құқықтан айыру жөніндегі талабын қанағаттандырусыз қалдыра отырып, сот қолда бар жағдайларды ескеріп, бала мүддесі талап етсе, баланы ата-анасынан алып, оны қамқоршы яки қараушы органдарға беру жөніндегі мәселені де шешуге қақылы.
      17. Баланың екінші ата-ананың, қамқоршы яки қараушы органның, немесе заңды түрде тағайындалған қамқоршы (қараушы) адамның тәрбиесіне берілетіндігі сот шешімдерінде нақты көрсетілуге тиіс.
      Баланы басқа ата-аналарға беруге болмайтын немесе ата-ананың екеуі де құқығынан айрылған жағдайда (егер қамқоршы әлі тағайындалмаса), бала қамқоршы және қараушы органдардың қарауына берілуге тиіс.
      Егер баланың туысқандарының бірі әлде басқа адам оның қамқоршысы немесе қараушысы боп тағайындалса, онда оны соларға тәрбиелеуге беруге болады.
      Баланы қамқоршы және қараушы органдардың бағып-қағуына бере отырып, сот баланы орналастырудың нақты тәртібін (балалар мекемесі үйіне, мектеп-интернатқа, қамқоршы тағайындауға және с.с.) анықтап беруге тиісті емес, өйткені бұл мәселе тек аталған мекемелердің міндетіне жатады.
      Ата-аналық құқықтан айыру жөніндегі шешімнің көшірмесін сот қамқоршы яки қараушы органға және бала туғанда тіркелген жердегі азаматтық хал актісін жазатын органға жіберуге тиіс.
      18. НжОК 72 бабына сәйкес, ата-аналық құқықтан айыру ата-ананы балаларды асырау міндетінен босатпайды. Осыған байланысты сот АІЖК-нің 192 бабындағы ережелерге сүйене отырып, ата-аналық құқығынан айрылған жауапкерден талап етілген-етілмегеніне қарамастан одан алимент өндіріп алу жөніндегі мәселені де қоса шешу керек.
      Ата-ананың бірін ата-аналық құқықтан айырған және баланы басқа ата-анаға, қамқоршы немесе қараушыға берген кезде алимент солардың пайдасына өндіріледі. Балалар қамқоршы яки қараушы органдардың бағып-қағуына берілсе, алимент балаларды алған адамның немесе балалар мекемесінің пайдасына шешіледі.
      Ата-аналық құқығынан айрылған ата-аналардан алимент арыз берілген күннен бастап өндіріледі. Ата-аналық құқықтан айырылған адамнан алимент өндіру туралы сот шешімін орындау барысында туындайтын, атап айтқанда, нақты өндірушіні атап көрсету, өндірудің мерзімін белгілеу туралы мәселелер, егер бала ата-аналық құқығынан айыру жөніндегі шешім шығарылғаннан соң да сол ата-анасының қолында тұрып жатса, АІЖК-нің 204-бабында көрсетілген тәртіппен шешіледі.
      19. Ата-аналық құқығынан айрылған адамдарға балаларға тағайындалған зейнетақы, жәрдем, басқа да төлемдер, сондай-ақ олардың пайдасына шешілген алименттер төлеу тоқтатылады. Осыған байланысты істі қараған кезде соттар бұл мәселелерді анықтап алуға тиіс, ал ата-аналық құқығынан айыру жөніндегі шешім заңды күшіне енісімен, оның көшірмесін көрсетілген төлемдерді жүргізетін тиісті органдарға немесе бала тәрбиелеуге берілген балалар мекемелері немесе баланы тәрбиесіне алған адамның пайдасына аудару мәселесін қарау үшін жергілікті жердегі сотқа жіберу қажет.
      20. Ата-аналық құқықты қайтару жөніндегі талаптарды НжОК 73 бабына сәйкес қараған кезде, соттың ата-аналардың өмір сүру салты өзгерген-өзгермегенін, олар балаларын дұрыс тәрбиелей алар-алмасын анықтауы тиіс. Егер ол балалардың мүддесіне сай келсе, ата-аналық құқықты қайтарып беруге болады.
      Егер балаларды басқа адам асырап алса оның асырап алғандығы бұзылмаса, немесе күшінде емес деп танылса онда ата-аналық құқық қайтарылып берілмейді.
      21. Ата-аналық құқықтан азаматтық немесе қылмыстық іс бойынша айрылғанына қарамастан, оны қалпына келтіру мәселесін сот азаматтық іс жүргізу тәртібімен шешеді.
      Бала кімнің бағып-қағуында жүргеніне байланысты, ата-аналық құқықты қалпына келтіру жөніндегі талап екінші ата-анаға болмаса қамқоршыға (қараушыға) немесе балалар мекемелеріне қойылады.
      Бұл істі соттар қамқоршы мен қараушы органдарды қатыстыра отырып қарайды.
      Ата-аналық құқықты қайтарып беру жөніндегі талаппен бір мезгілде сол адамның баланы өзіне қайтарып беру жөніндегі талабы да қаралуы мүмкін.
      Ата-аналық құқықты қайтарып беру жөніндегі шешімнің көшірмесін сот қамқоршы және қараушы, бала қараушы, бала туғанда тіркелген жердегі азаматтық хал актісі жазатын органдарға жіберуі керек.
      22. Объективті себептермен (ата-ананың, қамқоршының ауру халі, ауыр жағдайлар салдары т.б.) баланы ата-анасында қалдыру қауіпті, немесе оның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнетін жағдай анықталса, сот НжОК 74 бабы және осы баптың 1 бөлігінде көрсетілгеніндей, адамдар мен органдардың талабы бойынша олардан ата-аналық құқығын жоймай-ақ баланы алып, оны қамқоршы және қараушы органдардың бағып-қағуына беру жөнінде шешім шығаруға тиіс.
      Асыраушылықтан айыру заңды түрде негізделмеген жағдайда асырап алғандардан баланы алудың мәселесі де осындай тәртіппен шешілуі мүмкін.
      Ата-аналарынан немесе асыраушылардан баланы алу кезінде сот олардан балаға алимент өндіріп беру мәселесін де қарауы тиіс.
      Баланы алып қоюдың негізгі себептері жоққа тән болғанда, оның өзі дәлелденсе, ол бала мүддесіне сай келсе, сот ата-ана мен асырап алушыға баланы қайтарып беруі мүмкін.
      23. Балаларды қорғау талабы кімнің тарапынан қойылмасын, бала тәрбиесіне қатысты барлық сот дауларын қарауға білім беру органдары қатыстырылады. Егер аталған орган іс жағында болмаған күнде, сот мәжілісіне ол өзіне жүктелген міндеттерді орындау мақсатымен қорытынды беру үшін мемлекеттік басқару органы ретінде қатысады.
      АІЖК-нің 221 бабында көрсетілген талаптардан басқа сот тексеру мен қорытынды жасауды тағайындау ұйғарымында мына жайларды да атап көрсетеді:
      1. Баланың жәй-күйі, оны тәрбиелеудің жайы бала мүдделеріне сәйкес келе ме?
      2. Ата-аналардың балаға қарым-қатынасы, олар өздерінің ата-аналық міндеттерін дұрыс түсіне ме?
      3. Ата-аналардың (тәрбиешілердің) мінез-құлқы, тұрмыстағы, жұмыстағы тәртібі, баланы тәрбиелеуге дәмелі адамның жеке басының қасиеттері т.б.
      24. Бала тәрбиесіне қатысты істерді дер кезінде және дұрыс шешу үшін соттар даудың өзіндік ерекшеліктерін есепке ала отырып, оған мұқият дайындалуы тиіс. Бұл істер баланың оның ата-анасының, қамқоршының, қараушы мен басқа да адамдардың тұрмыс жағдайы белгіленген тәртіп бойынша тексеру актілері жасалып, бекітіліп және соның негізінде қорытынды жасалып, ол білім беру органдарынан келіп түскеннен соң ғана қарауға тиіс.
      25. Талап етуге қатысты білім беру органы жасаған қорытындыны сот басқа да іс материалдарымен бірге қарап бағалайды. Оның өзі істің мән-жайына қарсы келетін, тексеру мен қорытынды жете білгірлікпен кәсіби жағынан жүргізілмеген, оны орындаған адамның әділдігі тексеруді қажет еткен жағдайда, соттың тексеруді қайта жүргізуге ұйғарым жасауына құқығы бар. Білім беру органының қорытындысымен келіспесе, оны сот іс бойынша жасаған билігінде жан-жақты дәлелдеуі тиіс.
      26. Баланың ойындағысын, оның соттасушы жақтарға көзқарасын білім беру органдары тексеру жүргізген кезде анықтауға тиіс. Егер жағдайға байланысты сот баланы қайтадан сұрау қажет деп тапса, баланың жасы мен өсіп жетілуі ескеріле, оған педагог, класс жетекшісі, бала бақша тәрбиешісі және с.с. қатыстырыла отырып сот мәжілісі залынан тыс жерде жүргізіледі.
      27. АІЖК-нің 208 бабына сәйкес, сот қажет болған жағдайда баланы ата-анасы мен басқа да адамдардан алу жөніндегі билігін дереу орындатып та жібере алады.
      Соттар бала тәрбиесіне қатысты істер жөніндегі шешімдердің орындалуына айрықша көңіл бөлуге тиіс. Дауды шешудің ерекшеліктерін ескере отырып, соттар қажет болған жағдайда АІЖК-нің 204 бабына сәйкес, бұл шешімдердің орындау тәсілдері мен тәртібін белгілеу мәселесін де қарайды. АІЖК-нің 352 бабы негізінде баланы күшпен алу және оны басқа адамдарға беру жөніндегі шешімді міндетті түрде оны орындауға тиіс адамнан оның тұрған жерінде сот орындаушысы жүзеге асырады. Ерекше жағдайда ғана билік шығарушы сот шешімнің баланың жүрген жерінде орындалуын да жөн деп таба алады. Мұндай шешімді орындау қамқоршы мен қараушы органдар өкілдерінің оған міндетті түрде қатысуымен жүзеге асырылады, егер мұны нақты жағдай талап етсе, онда оған ішкі істер органдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері де қатыстырылады.
      Ата-аналық құқықтан айыру жөніндегі сот шешімі заңды күшіне кірген күннен соңғы үш жылдың ішінде орындалады.
      28. Қамқоршы мен қараушы органдар тарапынан балаларды қорғау құқығын дер кезінде орындаудың тиісті шаралары жүзеге асырылмаған болса, оқу орындары мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдар мен ата-аналар тарапынан балаларға дұрыс қарым-қатынас жасалмаса, онда соттар жеке ұйғарым шығару арқылы тиісті мекемелердің назарын бұл мәселеге аударуы керек.
      Ата-аналары немесе басқа да адамдар тарапынан балаға қарсы қылмыстық әрекеттер жасалғаны анықталса, сот оны прокурорға хабарлауы немесе олардың үстінен қылмыстық іс қозғауы (АІЖК-222 бап) тиіс.
      29. Осы қаулының қабылдануына байланысты 1964 ж. 16 маусымдағы Пленумның N 2 қаулысы, 1967 жылғы 26 қыркүйектегі Пленумның N 11, 1968 жылғы 12 маусымдағы Пленумның N 6 және 1973 жылғы 8 маусымдағы Пленумның N 4 қаулылары енгізген өзгертулермен қоса күшін жойды деп табылсын, ал СССР Жоғарғы сотының 1979 жылғы 7 желтоқсандағы Пленумының "Бала тәрбиесіне қатысты дауларды шешудегі заңды қолдану, тәжірибесі туралы" N 9 қаулысы қолданылмасын деп танылсын.