Жаза тағайындағанда соттардың заңдарды дұрыс қолдануы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының қаулысы 1993 жылғы 24 маусым N 2. Пленумның 1994-жылғы 23-желтоқсандағы N 4 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен бірге. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1999.04.30. N 1 қаулысымен. ~P99001s.

Күшін жойған

      Республика соттарының қылмыстық жаза шараларын тағайындау тәжірибесі туралы мәселені қарай келіп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы

      ҚАУЛЫ ЕТТІ:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық адам заң мен сот алдында тең, адамды соттан басқа ешкім де қылмыстық жазаға тарта да алмайды деген қағидаларын басшылыққа ала отырып, қылмыстың түрі мен ауырлығына айыптының қызметтегі және қоғамдағы орнына қарамастан, соттар әрбір қылмысты істі қарағанда, қылмыстық және іс жүргізу туралы талаптарының бұлжымай орындалуына жете назар аударуға тиіс. Заңның бұзылуын ештеңе де ақтай алмайды. Жасалған қылмыстың түрі мен қоғамға қауіптілігінің дәрежесін, істің мән-жайын, кінәлінің жеке басын және оның жауаптылығын жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларын ескере отырып, жаза тағайындау кезінде соттар оған жеке тұрғыдан қарау жөніндегі заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс. Жаза заңды, негізді және әділ болу керек және жасалған қылмыс үшін жауаптылықтың болмай қоймайтындығын білдіру керек.

      2. Заң талаптарына сәйкес соттар жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларды анықтап, кінәліге жаза тағайындаған кезде үкімде оларды ескеруге және көрсетуге міндетті. Егер заңда көрсетілген жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын жағдай қылмыстың бір белгісі ретінде қылмыстық кодекстің айрықша бөлігіндегі заңның диспозициясында көрсетілген болса, онда ол сол қылмыс үшін жаза тағайындаған кезде жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын жағдай ретінде қосымша алынбайды.

      Жасалған қылмыстың қауіптілігінің дәрежесін анықтағанда, нақты қылмыстық әрекет (кінәнің түрі, себебі, тәсілі, жасаған қылмыстық жағдай мен кезеңі, одан болған ауыртпалық, әрбір сыбайластың қылмысқа қатыстылығының дәрежесі мен сипаты т.б.) жағдайының барлығы ескерілуі тиіс.

      Соттардың назары ауыр қылмыс, әсіресе қылмысты топталып жасаған, бұрын сотталған, бірақ түзелгісі келмейтін адамдарға заңда көрсетілген жазалаудың қатаң шараларын қолданылуы керектігіне аударылады. Сонымен қатар ауыр емес қылмыс жасаған, қоғамнан оқшаулаусыз-ақ түзелуге қабілетті айыпты адамдарға жаза тағайындағанда бас бостандығынан айырмайтын заңда көрсетілген басқа жаза түрлерін қолданған да жөн.

      3. Соттар сотталушының жеке басының мәліметтерін жан-жақты, толық және объективті түрде тексеруі керек, себебі бұл мәліметтердің жазаның түрі мен мөлшерін белгілеу үшін елеулі мәні бар. Атап айтқанда, сотталушының денсаулығын, отбасы жағдайын, еңбекке қабілеттілігі мен оған деген көзқарасын, білімі, сотталғандығы туралы мәліметтерді анықтау керек.

      Қылмыстың сипатына қарай, заңға сәйкес сот мас күйінде істелген қылмысты ауырлататын жағдай деп танымауға қақылы болғандықтан, бұл мәселені шешкенде қылмыстық әрекеттің айыптының мастығына қатысы бар-жоғын, адамның бұл жағдайға тап болған жайын (кәмелетке толмағандарды ересек адамдардың мас күйге жеткізуі т.б.) анықтап, ескеруі керек.

      4. Бұрын жасаған қылмысы сот үкімінде анықталғаны және сол қылмысы үшін сотталғандығы жойылмаған немесе одан арылмаған, болмаса бұрын жасалған қылмыстың кейінгі іс бойынша оған негізді түрде айып етіп тағайындалғандығын сот анықтаған жағдайда ғана, бұрын қылмыс жасаған адамның қылмыс жасағандығы заңға сәйкес қылмысқа тән белгі немесе жауаптылықты ауырлататын жағдай ретінде қаралуы мүмкін екендігін соттарға түсіндіру керек.

      5. Үкімнің баяндайтын бөлігінде жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларды, атап айтқанда: сотталушыны жазадан құтқарудың дәлелін, үкімнің кейінге қалдырылуы туралы мәселенің шешімдерін, шартты жазаны қолданудың заңда көрсетілгендегіден неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, сондай-ақ жазаның қай түрі мен мөлшерін соттың таңдап алғандығының дәлелдерін көрсету керек екенін белгілейтін ҚІЖК-інің 300-бабының талаптарын соттар қатаң орындауға міндетті.

      Егер адамды айыпты деп таныған санкциясында жазаның әр түрі (баламалары) көрсетілген болса, онда сот үкім шығарар кезде белгілі бір жазаның таңдалып алынғандығы жөнінде қабылдаған шешімнің дәлелдерін үкімде міндетті түрде келтіріп, жазаның қай түрі қолданылуы керек екендігі туралы мәселені талқылап алуға тиіс.

      Егер жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілігінің дәрежесі, сондай-ақ айыптының жеке басының мәліметтері сотталушыға неғұрлым жеңілірек жазаны таңдап алуға мүмкіндік беретін болса, қылмыс жасаған маскүнемдер мен нашақорларға дәрігерлік сипаттағы күштеу шараларын қолдану қажеттігі, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға өз-өзінен негіз бола алмайтындығын соттар ескеруі тиіс.

      6. Жасаған әрекетінде қылмыстың белгілері бір, бірақ онысы қоғамға елеулі қауіп туғызбайтын адамдарға келсе, онда соттар қылмысты жаза қолданбай-ақ олардың түзелу және қайта тәрбиелеу мүмкіндігі жөніндегі мәселені қарап, ондай адамдарды ҚК-тің 45-бабының 3-бөлігіне сай қылмыстық жауаптылықтан босататын негіз бар болса, босатуы керек.

      Соттар мынаны да ескеруге тиіс: формальдық жағынан қылмыстың белгілері бар болғанымен, маңызы шамалы болғандықтан, қоғамға онша қауіп келтірмейтін әрекет ҚК-тің 7-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмысты әрекет деп саналмайды.

      7. Соттар бас бостандығынан айырмай-ақ түзеу жұмыстары жазасын тағайындаған кезде, жазаның бұл түрін дұрыс қолдану үшін елеулі мәні бар жағдайларды (еңбекке қабілеттілігін, отбасы жағдайын, қолындағы балаларын, еңбекке қатыстылығын, айыптының жұмыс істемеу себептерін, т.б) мұқият анықтап алуы керек. Сотталушының түзеу жұмыстарын өтеуге кедергі болатын мәліметтері анықталған жағдайда, сот мұндай адамға жазаның басқа түрін тағайындауы керек.

      Жұмыс орнында өтейтін түзеу жұмыстары жазасын тағайындағанда, қызмет бабын немесе кәсіптік міндетін орындауға қатысты қылмыс жасаған адамдарға жазаның бұл түрін қолдану оның беделін түсіретіндігін соттардың ескеруі тиіс.

      8. Түзеу жұмыстарынан жалтару деп мәселен, орынсыз себептермен жұмысты тастап кетуді, жұмысқа ішіп келуді тануға болатындығын түсіндіру керек.

      ҚК-тің 25-бабының 4-бөлігінің мәні бойынша, егер бұндай әрекет түзеу жұмыстарының орындалуын басқаратын органдардың жазбаша ескертуінен кейін де жалғаса берсе немесе қайталанса, яғни ол қасақана істелсе, яки сотталған адамның жазаны өтеуден жалтару мақсатымен жасырынғаны анықталған болса, сотталушыны айыпты деп тапқан ҚК-тің баптарының санкцияларына қарамастан, жазаны өтеп жүрген жердегі сот сотталушының өтелмеген түзеу жұмыстары уақытын сондай мерзімдегі бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстыра алады.

      9. Шартты жазаның, әдетте, жеңіл қылмыс жасаған, бұрын сотталмаған адамдарға қолданылатындығын соттар ескеруге тиіс. Шартты жаза ауыр қылмыс жасауға қатысқандардың кейбіріне,егер олар негізгі қылмыскер болған, сонымен қатар қылмыс жасаған кездегі жайлар мен оның жеке басына берілген мәліметтер сотталушыны көпшіліктен оқшаулауға негіз бола алмайтын жағдайда ғана қолданылады.

      10. Алғаш рет үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға кесілген адамдарға жаза тағайындағанда, міндетті түрде еңбекке қатыстыра отырып, шартты түрде соттауға немесе үкімді орындауды кейінге қалдыруға, ҚК-тің баптарында көрсетілген негіз болған жағдайда, сот қылмыстық жазаның мұндай түрлерін тағайындай алады, бірақ көрсетілген баптарды бір мезгілде қолдануға қақысы жоқ.

      Бұрын бас бостандығынан айырылған, соның ішінде бас бостандығынан шартты түрде айырылған немесе үкімнің орындалуы кейінге қалдырылған, және де заңда көрсетілген тәртіп бойынша сотталғандығы жойылмаған немесе одан арылмаған адамға соттың үкімінің орындалуын кейінге қалдыруға қақысы жоқ.

      11. Егер айыптының ісінің мән-жайлары мен жеке басын ескере отырып бас бостандығынан айыруға қатысы жоқ жаза тағайындауға негіз бар болса және қылмыстық заң санкциясында мұндай жазаның түрлері бас бостандығынан айырудың шартты түрде еңбекке қатыстыруды міндеттеу түрін, үкімді орындауды кейінге қалдыруды қолдану түрін заңның санкциясында көрсетілген жазалау, әйтеуір бір негіздер бойынша бұл адамға қолдану мүмкін емес болғанда ғана тағайындай алады. Оның дәлелдері үкімде көрсетілуі тиіс.

      12. Заңға сәйкес бас бостандығынан айырылған және бір мезгілде қосымша жаза берілген адам жөніндегі үкімнің орындалуы толығымен немесе негізгі жаза жағынан кейінге қалдырылуы мүмкін, бірақ үкімнің қорытынды бөлімінде бұл міндетті түрде көрсетіледі. Егер сот қосымша жазаны орындауды кейінге қалдырмаса, онда үкім заңды күшіне енісімен орындала бастайды.

      Шартты түрде жазаны тағайындағанда, еңбекке міндетті түрде қатыстыра отырып шартты түрде сотталғанда, үкімнің орындалуын кейінге қалдырған жағдайларда, үкімде еңбекпен түзеу мекемесінің түрі көрсетілмейді.

      13. Шартты жазаны қолданғанда немесе үкімді орындауды кейінге қалдырғанда төрағалық етуші сотталған адамға, оның заңды өкілдеріне жазаның мән-мағынасын түсіндіреді, сынау мерзімі кезеңінде, яки кейінге қалдырылған мерзімінде жүргенде заң талаптарын бұзудың соңы неге апарып соқтыратынын ескертеді.

      Үкімді орындауды кейінге қалдыру мерзімі мен сынау мерзімі соттың қай сатысында қолданылатындығына қарамастан, үкім жарияланған күннен бастап есептеледі.

      14. Кейінге қалдырылған мерзім біткеннен кейін сотталған адамның еңбекке немесе оқуға қатысына, кейінге қалдырылған мерзім ішіндегі оның тәртібіне, үкімнің жүктеген міндеттерін орындағанына қарап, сот сотталушыны жазадан босату жөнінде немесе оны үкім белгілеген бас бостандығынан айыру жазасын өтеуге жіберу жөнінде ұйғарым шығарады.

      Егер үкімді орындауы кейінге қалдырылған адамға жазасын өтеуге босату туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін оның кейінге қалдырылған мерзімі ішінде жаңадан қылмыс жасағаны анықтала қалса, ҚІЖК-нің 383-бабында көрсетілген мерзім өтпеген жағдайда, ол ұйғарым істің жаңадан ашылған мән-жайларына байланысты қайта қаралуы мүмкін.

      15. Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес, өлім жазасы ерекше жағдайда тағайындалатыны ескеріліп, жазаның мұндай мөлшері оны тағайындаудың қажеттілігіне жауапты ауырлататын төтенше жағдайлар негіз болғанда және аса ауыр қылмыс жасаған адам айрықша қауіпті болғанда ғана қолданылады. Өлім жазасын қолдану барлық жағдайда жасалған қылмыстың анықталған мән-жайларына және сотталушыны мейлінше толық сипаттайтын мәліметтерге сүйене отырып, үкімде дәлелденген болуы керек.

      16. Соттардың қосымша жаза тағайындау мәселелеріне баса назар аударғаны жөн, өйткені негізгі және қосымша жазаларды дұрыс үйлестіре білу, оны даралап көрсету принципін дәйекті түрде жүзеге асыруға, жазаның мақсатына жетуге көмектеседі.

      17. Қылмыстық заңның баптарының санкцияларында қосымша шаралар қолдану немесе қолданбау мүмкіндігі айтылған болса, онда соттардың оны тағайындау туралы мәселені қарап, қабылданған шешімнің дәлелдерін үкімде міндетті түрде көрсетуге тиіс. Ал қосымша жаза қолданылмаған жағдайда үкімнің қорытынды бөлімінде ондай шешімнің қабылдануына сілтеме жасалмайды.

      Айыптыны соттаған кезде қылмыстық заңның баптарында қосымша жаза қолдану міндетті деп табылса, сот оны ҚК-тің 39-бабында көрсетілген шарттар болған жағдайда ғана бапқа сілтеме жасай отырып қабылдаған шешімнің дәлелдерін үкімде міндетті түрде келтіре отырып, оны қолданбауы мүмкін.

      18. Сотталушыны айыпты деп таныған қылмыстық заң баптарының жазалау шараларында жер аудару, жерінен қуу, мүлкін тәркілеу, айып салу секілді қосымша шаралар көрсетілген жағдайда ғана соттардың мұндай жазаны тағайындай алатындығына назар аударылсын.

      Қылмыстық заңда көрсетілген қосымша жаза ретінде қолданылатын басқа да жаза түрлері санкцияларында көрсетілмесе немесе жазаның негізгі шараларының бірі ретінде аталған болса, бірақ сол түрде сотталушыға таңдалып алынбаса да, соттың мұндай жазаны тағайындауға қақысы бар. Мұндайда қосымша жазаның тағайындалғандығы туралы үкімнің қорытынды бөліміндегі шешімде ҚК-тің 26-бабына деген сілтеме болу керек. Қосымша жазалар сотталушыны айыпты деп таныған қылмыстық заң баптарында көрсетілген шекте тағайындалады.

      Егер қосымша жаза ҚК-тің 26-бабы негізінде қолданылса, оның мерзімі заңның жазаның осы түріне белгілеген шегінде тағайындалады.

      19. Мүліктің тәркілеген кезде оның мөлшерінің үкімде нақты көрсетілуін соттар есінен шығармауға тиіс, ал тәркілеу сотталған адамның жеке басына тиесілі мүлікке немесе үкім шығарылған кездегі жалпы ортақ меншіктегі оның үлесіне ғана жүргізілуі мүмкін.

      Сотталушының үкім шығарған кезде мүлкінің жоқ болуы оның мүлкін тәркілемеуге негіз бола алмайды.

      Бұл жерде Республика Жоғарғы Кеңесі Төрағасының 1962-жылғы 13-маусымдағы Жарлығы бекіткен тізбедегі мүліктердің тәркілеуге жатпайтынын ескере кеткен жөн.

      20. Лауазымы бойынша міндетті жұмысын атқаруы немесе белгілі бір қызметпен айналысуына (қолы босамауына) байланысты қылмыс жасаған жағдайда ҚК-тің 26-бабына сәйкес сот жасаған қылмыстың сипатын ескеріп, сотталушының белгілі бір лауазымды орында отыруы немесе нақтылы қызметпен айналысуы құқығынан айыру жөнінде мәселені қарауға міндетті. Бұл жазаны тағайындағанда үкімнің қорытынды бөлімінде лауазым яки қызмет түрі нақты көрсетілуге тиіс. Бірақ болуға қақысы жоқ қызмет аясын анықтамай тұрып, сотталушыны халық шаруашылығының қандай да бір саласында жұмыс істеу құқығынан айыруға болмайды. Үкім шыққан кезде сотталушы адам лауазымды орында болмаса да, немесе жасаған қылмысқа қатысты қызметпен айналыспаса да, бұл жағдай аталған қосымша жазаны қолдануға кедергі бола алмайды.

      Адамның көлік құралдарын жүргізу құқығы о бастан болмаса да, яки әкімшілік жаза ретінде ондай құқықтан айырылған болса да, қылмыстық заңның санкцияларына сәйкес сот оған қосымша жаза ретінде көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыруды тағайындауы мүмкін.

      21. ҚК-тің 39-бабында көрсетілген жағдайлардың жоқтығына қарамай, қосымша жазаның тағайындалуы міндетті бола тұра қолданылмауын, үкімде жер аудару, жерінен қуу яки белгілі бір лауазымды қызметте болу немесе нақтылы қызметпен айналысу құқығынан айыру сияқты қосымша жазалар тағайындау мерзімінің көрсетілмеуін, қосымша жазаның тек қана қылмыстардың жиынтығы бойынша тағайындалуын, сондай-ақ өтелмеген қосымша жазаның (немесе оның бөлігінің) заң бойынша тағайындалған жаңа жазаға қосылмауын қосымша жазаны дұрыс қолданбау деп ұғыну керек, ал бұл үкімді бұзуға негіз бола алады.

      Кассация (қадағалау) сатысы үкімге тиісті нақтылаулар енгізе алады, егер бұл сотталушының жағдайын ауырлатып жібермесе (мысалы, сотталушының лауазымды болу немесе қызметпен айналысу және басқа да құқығынан айырылғанын көрсету керек).

      22. Соттар әкімшілік жаза шараларын қолданудың тәртібі мен қылмыстың белгілері бар әрекет жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босатуға және әкімшілік жауапқа тартуға негіз беретін заң талаптарын сақтауға тиіс.

      Қылмыстық белгілері бар әрекет жасаған, бірақ қоғамға елеулі қауіп келтірмейтін адамға қылмыстық жаза қолданбай-ақ оның түзелетіндігі мен қайта тәрбиелеуге келетіндігі туралы ұйғарым іс жағдайын жан-жақты, толық және объективті түрде қарағаннан кейін және заңды бұзушының жеке басы туралы мәліметтерге негізделуге тиіс.

      Қылмыстық белгілері бар әрекет жасаған адам әкімшілік жолымен жауапқа тартыла отырып, оған қылмыстық жаза қолданылмай-ақ оның түзелетіндігі мен қайта тәрбиеленетіндігі көз жеткізерлік дәлелдер жеткілікті болғанда ғана, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Ондай шешімді қабылдауға кедергі болатын жағдайларға істің мән-жайын ескере отырып, мәселен айыптының арылмаған және жойылмаған сотталғандығын немесе маскүнем яки нашақор деп танылуын т.б. жатқызуға болады.

      23. Қылмыс жасалған кезге дейін 16-ға толмағандарды әкімшілік жолмен жауапқа тартуға болмайтындығын ескере отырып, қылмыстық белгілері бар әрекет жасаған, сол үшін заң бойынша бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе одан да жеңіл жаза белгіленген кәмелетке толмағандар жөнінде әрбір нақты жағдайға байланысты істі және оның жеке басының мән-жайларын ескеріп, соттарға, қылмыстық істі қысқарту және заңда көрсетілгеніндей (ҚК-тің 49-6-бабы) тәрбиелік шара қолдану туралы мәселені қарау ұсынылсын.

      24. Сотқа келіп түскен заң бойынша бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе одан гөрі жеңілірек жаза белгіленген қылмыстық іс бойынша ҚК-тің 45-бабының 3-бөлігі бірінші тармағын қолдануға негіз болған жағдайда, іс соттың тәртіптеуші мәжілісіне енгізіледі. Адам қылмыстық жауаптылықтан босатылғанда, сот қылмыстық істі қысқарту туралы дәлелді ұйғарым шығарады, ал ұйғарым заңды күшіне енгенде, судья кінәлі адамға әкімшілік жаза белгілейді.

      Әкімшілік жаза қолданылуына байланысты қылмыстық істі қысқарту туралы мәселе сот мәжілісінде шешілген жағдайда, әкімшілік жаза қылмыстық істі қысқарту туралы ұйғарым шығаруымен бір мезгілде қолданылады. Бұнымен қатар іске қатысты және қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған басқа адамдарға үкім шығарылады.

      25. Соттардың мынаны есте тұтқаны жөн: белгілі бір қылмыс үшін заңда көрсетілген жазаның төменгі шегінен де төмен жаза немесе заңда көрсетілгендегіден (ҚК-тің 39-бабы) жеңіліректеу жаза тағайындау ерекше іс жағдайында және кінәлі адамның жеке басын сипаттайтын деректер анықталғанда ғана қолданылуы мүмкін.

      Бұл жерде ерекше мән-жайлар деп жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесін кемітетін жағдайлар да (оның ішінде заңда көрсетілген жауаптылықты жеңілдететін жағдайлар да) танылуы мүмкін.

      Қандай жағдайларды ерекше деп танитынын және мұндай жеңіл жазаны айыпкердің жеке басының қандай мәліметтерімен байланыстыруға болатынын сот үкімінің баяндайтын бөлімінде көрсетуі міндетті. Мұндай жағдайларда ауыр қылмыс жасағандығы айыпкерге жазаның ең төменгі шегінен де төмен жаза тағайындауға кедергі бола алмайды.

      Заңда көрсетілген жазадан гөрі әлдеқайда жеңілдеу жазаны бірнеше қылмыс жасаған айыпкерге қолданғанда, сот ондай жазаны солардың біреуіне, ия болмаса әрқайсысына жеке-жеке тағайындай алады, содан кейін оны ҚК-тің 37-бабының ережелері бойынша түпкілікті түрде белгілейді.

      26. Соттардың мынаны есте тұтқаны жөн: адамның бірнеше қылмыс жасауы - әсіресе қасақана жасауы, әдетте, қылмыстың және айыпкердің жеке басының да, әрекетінің де қоғам үшін аса қауіпті екендігін көрсетеді. Осыған байланысты ҚК-тің 37,38-баптарының талаптарын бұлжытпай орындау ондай адамдарға заңды, дәлелді және әділ жаза тағайындаудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.

      27. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындағанда, соттар заңда көрсетілген жеңілірек жазаны ауырырақ жазаға сіңіру немесе тағайындалған жазаларды түгелдей ия болмаса ішінара қосу принциптерін үкімде дәлелдеуі керек.

      Үш және одан да көп қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындағанда, соттың жеке-жеке қылмысқа тағайындалған жазалардың біразын немесе ішінара қосып жіберуін, ал басқаларын сіңіртіп жіберуіне (мысалы, жазаларды бас бостандығынан айыру түрінде түгелдей немесе ішінара қосып жіберуге және түзеу жұмыстарын немесе айыпты сіңіртіп жіберуге) қақысы бар.

      28. Заңның мәні бойынша, сот қылмыстың жиынтығына кіретін әр қылмыс үшін бір тектес және әр тектес жаза түрлерін тағайындағанда, жеңілірек жазаны ауырырақ жазаға сіңіру жолымен жинақтап бір-ақ тағайындауға қақылы. Ондай кезде жаза түрлерінің қатаңдық дәрежесі ҚК-тің 21-бабында қандай ретпен көрсетілсе, сондай рет бойынша анықталатынын ескеру керек. Егер жиынтыққа кіретін қылмыстар үшін түрі және мөлшері жағынан бірдей жаза тағайындалса, онда бір жазаны басқа бір жазаға сіңіру жолымен қорытынды жаза тағайындау заңның тиісті баптарының ең жоғарғы жазалау шаралары шегінде тағайындалса ғана рұқсат етіледі.

      29. Соттар мынаны ескеруге міндетті: ҚК-тің 37-бабының 3-бөлігін қолданған жағдайда, қылмыс жиынтығы бойынша тағайындалған қорытынды жаза алғашқы үкім бойынша тағайындалған жазадан төмен болмау керек, өйткені мұндай жағдайда жазаларды сіңірткен немесе қосқан кезде сот алғашқы үкімнің өтелінбей қалған жағын емес, сол үкім бойынша тағайындалған барлық жазалардың мөлшерін басшылыққа алу керек.

      30. Егер іс бойынша үкім шығарып қойғаннан кейін сотталған адамның тағы басқа да қылмыстар үшін айыпты екені, оның біреуі шығарғанға дейін, ал басқалары үкім шығарғаннан кейін жасалғаны анықталса, екінші үкім бойынша жаза ҚК-тің 37 және 38-баптарын қолдана отырып тағайындалады:

      алдымен - алғашқы үкім шығарылғанға дейін жасалған қылмыстар жиынтығы бойынша, одан кейін ҚК-нің 37-бап 3-бөлігінің ережелері бойынша, сосын алғашқы үкім шығарылғаннан кейін жасалған қылмыстар жиынтығы бойынша, және үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындалады.

      31. Бірнеше үкім бойынша жаза тағайындалғанда, соттар бұрынғы үкім бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігінің мөлшері мен түрін белгілеуге және көрсетуге тиіс, жазаның өтелмеген бөлігі ҚК-тің 38-бабының негізінде жаңа үкім бойынша тағайындалған жазаға түгелдей немесе ішінара қосылуы керек.

      Бұрынғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігі болып мыналар саналады: шартты жазаға сотталған кездегі, сондай-ақ ҚК-тің 41-1-бабында үкімді орындауды кейінге қалдырған немесе ҚІЖК-нің 350-бабында көрсетілгендей кездегі (бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алыну немесе ұсталу уақытын есептемегенде) жазаның бүкіл мерзімі:

      міндетті түрде еңбекке қатыстыру арқылы бас бостандығынан айырып шартты жазаға сотталған және міндетті түрде еңбекке қатыстыру арқылы бас бостандығынан айырған орыннан сотталушы шартты түрде босатылған кездегі жұмыстың міндетті мерзімінің өтелмеген бөлігі, сотталған кісінің жұмыстан қашқан уақыты:

      Жазадан шын мәнінде шартты мерзімнен бұрын сотталған адамның жазасының бір бөлігі.

      32. Бұрынғы үкім бойынша тағайындаған жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосып үкімдердің жиынтығын қолданғанда, егер жазаның осы түрі үшін белгіленген қорытынды жазаның ең жоғарғы шегінде белгіленбесе, сот үкімде осындай шешімнің қабылданғанын дәлелдеу керек. Жазаларды ішінара қосқанда, қорытынды жаза қалайда мөлшері жағынан әрбір үкім бойынша жеке тағайындалған жазалардың кез келгенінен жоғары болу керек.

      33. ҚК-нің 38-бабының 2-бөліктерінің мәніне сай бұрынғы үкім бойынша тағайындалған өтелмеген қосымша жаза түгелдей немесе ішінара қорытынды негізгі жазаға қосылады, болмаса түгелдей ішінара жаңа үкім бойынша тағайындалған дәл сондай қосымша жазамен бірігеді, бұл қосымша жаза қосымша жазаның дәл осы түрі үшін белгіленген мерзім шегінде тағайындалады. Әр түрлі қосымша жазалар өз алдына бөлек орындалады.

      34. Егер сотталған адам үкімді орындауды кейінге қалдырған кезде басқа қылмыс жасап қойса,сот жаңа қылмыс жасағаны үшін тағайындаған жазаға ҚК-тің 38-бабына сүйене отырып, бұрынғы үкім бойынша өтелмеген бас бостандығынан айыру жазасын қосып береді. Ондайда үкімді орындауды кейінге қалдыруды бұзу туралы шешім қабылдаудың керегі жоқ. Үкімді орындауды кейінге қалдыру мерзімі өткен соң жасалған жаңа қылмыс туралы іс тек сотталған адамды жазадан босату туралы немесе оның алғашқы үкімі бойынша тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын өтеу үшін жіберілгендігі туралы мәліметтер бар болғанда ғана шешімін таба алады. Мұндай мәліметтер жоқ болғанда және оларды сот мәжілісі кезінде сұратып алу мүмкін болмағанда, жаңа қылмыс туралы істі қосымша тергеуге жіберу керек.

      Егер сотталған адамды орындалуы кейінге қалдырылған үкім бойынша бас бостандығынан айыру жазасын өтеу үшін жібергендігі туралы соттың заңды күшіне енген ұйғарымы бар болса, сот жаңа қылмыстың жазасын белгілеп алып, бірнеше үкім бойынша (ҚК-тің 38-бабы) жаза тағайындаудың ережелерін қолдануға міндетті.

      35. Ауыр қылмыс жасап кінәлі деп танылған адам жөнінде үкім шығарғанда, сот әлгі адамды әскери немесе арнаулы лауазымынан айырудың, сонымен қатар сотталған адамды СССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы, Одақтық және автономиялық республикалардың Жоғарғы Кеңесінің Президиумы немесе СССР Министрлер Кеңесі берген орден, медаль болмаса құрметті, әскери немесе басқа атағынан айыру туралы ұсыныс жасаудың орындылығы туралы мәселені талқылап алу керек.

      Сотталған адамды әскери лауазымынан айыру туралы мәселені мерзімді қызметте жүрген адамдар мен запаста немесе отставкада жүрген адамдар жөнінде де талқылап алу керек. Сотталған адамды әскери немесе арнаулы лауазымынан айыру немесе оны лауазымдары мен наградаларынан айыру жөнінде ұсыныс енгізу туралы соттың шешімі жөнінде үкімде айтылу керек.

      36. Істі кассация және қадағалау ретінде қарағанда, соттар үкім шығарған кездегі жазаны тағайындаудың жалпы негіздерін сақтауын, таңдап алған жазаның қылмыстың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкестігін, қылмысты іс жүргізу заңының үкімдегі жаза туралы шешімді және істің ескерілген нақты мән-жайларын жазу тәртібін реттейтін нормаларын ұстануды тексеруге тиіс. Жоғарғы тұрған соттар бірінші сатыдағы соттардың жаза тағайындаған кезде жіберген қателері мен заңды бұзған жерлерін дер кезінде анықтап, оларды болдырмаудың шараларын жасап отыру керек.

      Бірінші сатыдағы айыбының көлемі, кінәнің түрі немесе сотталған адамның қылмыс жасауға қатысу түрі, жауаптылықты ауырлататын мән-жайларының бар екендігі жөніндегі қорытындысын дұрыс емес деп танығаннан кейін және осыған байланысты үкімге өзгеріс енгізе отырып (мысалы: айыпты ауырлататын бір немесе бірнеше мән-жайды алып тастап, адамды қылмысты бірге істеуші емес, қылмысқа көмектесуші деп танып, оның іс-әрекетінен қылмыс жасауға оқталу емес, қылмысқа дайындалу белгілерін көріп), кассация немесе қадағалау сатысындағы соттар сотталған адамның жаза мөлшерін кеміту мәселесін талқылау керек және жаза мөлшерін өзгеріссіз қалдыруға қақылы, бірақ мұндай шешімнің дәлелдері келтірілу керек.

      37. Сотталған адамның немесе оның қорғаушысының арызы бойынша істі қарап отырғанда және анықтау, алдын ала тергеу немесе сот тергеуі толық емес және біржақты болғаны үшін үкімді бұза отырып, кассация сатысындағы соттың сотталған адамның жағдайын нашарлатып жіберетін нұсқауларды өзінің ұйғарымында көрсетуге қақысы жоқ.

      Сот шешімін қадағалау ретінде қайта қарау тек қана наразылық бойынша рұқсат етілетіндіктен, сотталған адамның, ақталған адамның немесе ісі қысқартылған адамның жағдайын тек наразылықта көрсетілген негізге бола ауырлататын ұйғарым (қаулы) шығаруға соттың қақысы бар. Мұндай жағдайда сотталған адамдар жөнінде наразылық түсірілмесе соттың олардың жағдайын ауырлатып жіберетін шешім қабылдауға қақысы жоқ.

      ҚІЖК-тің 362-бабына сәйкес үкім, ұйғарым, соттың қаулысы заңды күшіне кірген күннен бастап бір жыл өткенде сотталған адамның жағдайын ауырлатып жіберетін қандай негізге сүйенсе де қадағалау ретінде қайта қаралынбайды (сотталған адамды аса қауіпті рецидивист деп тану, еңбекпен түзеу мекемесінің қатаңдау түрін белгілеу, үкімді орындауды кейінге қалдыру, жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату, бас бостандығынан міндетті түрде еңбекке қатыстыру арқылы шартты түрде босату және т.б. шешімдерді бұзу). Мұндайда жылдық мерзімді тиісті үкім, ұйғарым, соттың қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап қадағалау сатысындағы соттың шешімі қабылданған күнге дейін санау керек.

      38. Егер бірінші сатыдағы сот қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындаған кезде жазаларды сіңірту принципін қолданса, кассация (қадағалау) сатысындағы соттың - тіпті бұл сатыдағы соттар жиынтыққа кіретін бір немесе бірнеше қылмыс үшін жазаны жеңілдеткенде де, жазаларды қосу ережелерін қолдануға қақысы жоқ.

      Егер бірінші сатыдағы сот бірнеше үкім бойынша жаза тағайындағанда бір жазаны басқаларға сіңіруді заңға қайшы немесе жазаның өтелмеген мерзімін қосуға мүмкіндіктің жоқтығынан қолданса, кассация немесе қадағалау сатысындағы сот соңғы үкім бойынша берілген жазаны жеңілдеткен жағдайда бұрынғы үкім бойынша берілген жазаның өтелмеген бөлігін ішінара немесе түгелдей қосып жіберуге қақылы, бірақ қорытынды жаза оған кейінгі сатыдағы соттың енгізген өзгертулерден кейін де үкім бойынша тағайындалған жазаның мөлшерінен аспауы керек.

      Қылмыстық істі қылмыстық заңның бір бабынан алып, аса ауыр емес қылмыстары үшін жауаптылық артатын бірнеше баптарына жатқызғанда, егер сотталған адамның жағдайын нашарлатпайтын және оның қорғану құқығын бұзбайтын болса, кассация немесе қадағалау сатысындағы сот жаза туралы мәселе қарап отырып, ҚК-тің 37-бабында көрсетілген ережелерді қолданады. Мұндайда қылмыс жиынтығы бойынша тағайындалатын қорытынды жаза бірінші сатыдағы сот белгілеген жазадан қатаңдау болмау керек.

      39. Қылмыскер екі немесе одан көбірек қылмыс жасап, олары қылмыстық заңның бір бабына жатқызылса, бірақ бірінші сатыдағы сот қылмыстардың бірқатарына заң жүзінде дұрыс баға беріп, ал басқа қылмыстарға одан гөрі ауыр қылмыс туралы заңның бабын дұрыс қолданбай, оларды қателесіп екі бапқа жатқызып қойған жағдайда, кассация сатысындағы сот әлгі қылмыстық әрекеттерді бұл баптан алып, ауыр еместеу қылмыс туралы бапқа жатқызу арқылы өзінің өкілетті мөлшерінде үкім бойынша белгіленген жазаның мөлшерінен аспай, осы бап бойынша бірінші сатыдағы сот белгілеген жазадан қатаңдау жаза белгілеуге қақы бар.

      40. Егер қылмыстың сипатын заңның қосымша жазаны міндетті түрде қолдану керек дейтін бабына өзгерткенде де, қосымша жаза бойынша белгіленбесе, кассация (қадағалау) сатысындағы соттың ондай жазаны белгілеуге қатысы жоқ.

      41. Кассация немесе қадағалау сатысындағы соттың міндетті түрде еңбекке қатыстыру арқылы шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасының орнына үкімнің орындалуын кейінге қалдыруға және сондай-ақ үкімнің орындалуын кейінге қалдыру арқылы бас бостандығынан айыру жазасын шартты жазаға ауыстыруға қақысы бар. Үкімнің орындалуын кейінге қалдыру арқылы бас бостандығынан айыру жазасын шартты жазаға ауыстырған жағдайда сот белгілеген сынау мерзімі үкімде көрсетілген үкімнің орындалуын кейінге қалдырған мерзімнен аспау керек.

      42. Соттар мынаны есте тұту керек: үкім шығарғанда сотталған адамға ерекше қатаң жаза тағайындалғанын білдіретін, іс бойынша анықталған мән-жайлар ғана жазаны жеңілдетуге немесе сотталған адамды жазаны ары қарай өтей беруден босатуға негіз бола алады. Ал үкім шығарылғаннан кейін пайда болған мән-жайлар, сонымен қатар жазаны өтеп жүрген кездегі сотталған адамның мінезі істі қадағалау ретінде қарау үшін басқа негіздер бар болғанда ғана ескеріледі, олар өзгертуге негіз бола алмайды.

      43. Кассация сатысындағы соттар бірінші сатыдағы соттардың жаза тағайындауға байланысты жіберген қателерін істі кассация ретінде қарағанда жойып жіберу үшін, заңда көрсетілген барлық шараларды қолдануға тиіс.

      44. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы және Әскери алқасы, облыстық және Алматы қалалық соты, Қазақстан Республикасының территориясына орналасқан әскерлер соты бірінші сатыдағы соттардың қылмыстық жаза мөлшерін тағайындау практикасын үнемі зерттеп, қорытып, жіберген қателерді жоюдың шараларын дер кезінде қолданып отыру керек.

      45. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1979-жылғы 12-қазандағы


      Пленумының "Республика соттарының қылмыстық жазалау шараларын тағайындау

      тәжірибесі туралы" N 2 және 1989-жылғы 29-қыркүйектегі Пленумның "Қазақ

      ССР Соттарының бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындау тәжірибесі

      туралы" N 8 қаулылары күшін жойды деп танылсын.

      СССР Жоғарғы Сотының төмендегі:

      1953-жылғы 29-қыркүйектегі Пленумның "Мүлік тәркілеуді қолдану

      жөніндегі сот тәжірибесі туралы" N 7, 1980-жылғы 29-тамыздағы Пленумның

      N 7 қаулылары енгізген өзгертулерімен қоса;

      1961-жылғы 4-наурыздағы Пленумның "Шартты түрде соттау жөніндегі сот

      тәжірибесі туралы" N 1 қаулысы, 1962-жылғы 3-желтоқсандағы Пленумның N 12,

      1984-жылғы 26-сәуірдегі Пленумның N 7 қаулылары енгізген өзгертулерімен

      қоса;

      1967-жылғы 25-ақпандағы Пленумның "СССР мен одақтас республикалардың

      Қылмыстық заң негіздерінің 31-бабын соттардың қолдану тәжірибесі туралы"

      N 2 қаулысы, 1976-жылғы 25-маусымдағы N 10, 1984-жылғы 26-сәуірдегі

      Пленумның N 7 қаулылары енгізген өзгертулерімен қоса;

      1972-жылғы 11-шілдедегі Пленумның "Бас бостандығынан айырмай түзеу

      жұмыстарын соттардың қолдану тәжірибесі туралы" N 5 қаулысы, 1986-жылғы

      18-сәуірдегі Пленумның N 10 қаулысы енгізген өзгертулерімен қоса;

      1979-жылғы 29-маусымдағы Пленумның "Жаза тағайындаудың жалпы

      негіздерін соттардың қолдану тәжірибесі туралы" N 3 қаулысы, 1984-жылғы

      26-сәуірдегі Пленумның N 7 қаулысы енгізген өзгертулерімен қоса;

      1980-жылғы 29-тамыздағы Пленумның "Соттардың қосымша жаза тағайындау

      тәжірибесі туралы" N 6 қаулысы, 1984-жылғы 26-сәуірдегі Пленумның N 7

      қаулысы енгізген өзгертулерімен қоса;

      1981-жылғы 31-шілдедегі Пленумның "Бірнеше қылмыс жасаған кезде және

      бірнеше үкім бойынша жаза қолдану тәжірибесі туралы" N 3 қаулысы,

      1984-жылғы 15-қарашадағы Пленумның N 26, 1986-жылғы 16-қаңтардағы N 5

      қаулылары енгізген өзгертулерімен қоса қолданылмасын деп есептелсін.

      Оқыған:

      (Қасымбеков Б.А.)