Алтын қазу мен өндiру жөнiндегi мәлiметтер туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 8 желтоқсан 1992 ж. N 1033

Қолданыстағы
      Қазақстан Республикасының Халықаралық валюта қорына кiруiне және оған алтын қазу мен өндiру жайында мәлiметтер беру қажеттiлiгiне байланысты Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасының кәсiпорындары мен ұйымдарында, олардың меншiк және ведомстволық иелiгiне қарамастан, алтын қазу мен өндiру жөнiндегi мәлiметтерден құпиялық грифi алып тасталсын.
      2. Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi Қазақстан Республикасында алтын қазу мен өндiру жөнiндегi мемлекеттiк статистикалық мәлiметтi әзiрлеп, жиналуын қамтамасыз етсiн, оны меншiк және ведомстволық иелiгiне қарамастан барлық кәсiпорындар мен ұйымдарға қолданатын болсын.
      3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасының Мемэкономкомымен, Қазақстан Республикасы Өнеркәсiп министрлiгiмен, Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен бiрлесiп Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi мен Халықаралық валюта қорына Қазақстандағы жыл сайынға алтын өндiрiсi туралы есептi деректердi табыс етсiн.
      ЕСКЕРТУ. 3-тармаққа түзету енгiзiлдi - ҚРМК-нiң 1993 ж. 17 тамыз,
               N 708 Қаулысымен.
      4. Қазақстан Республикасының Мемэкономкомы, Қазақстан

Республикасының Өнеркәсiп министрлiгi, Қазақстан Республикасының
Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгi Қазақстан 
Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк
комитетiнiң қатысуымен Қазақстанда алтын қазу мен өндiрудiң
жай-күйi және бұл жөнiндегi болжамдар туралы жыл сайын Қазақстан
Республикасының Министрлер Кабинетiне талдаулық шолу табыс етсiн.
     Бұл шолудың құпиялық дәрежесi белгiленген тәртiп бойынша 
анықталады.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-министрi