Қазақстан Республикасындағы рационализаторлық қызмет туралы Үлгi Ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 27 қараша 1992 ж. N 996

Қолданыстағы
      Азаматтардың техникалық тапқырлығын жандандыру, өндiрiс тиiмдiлiгiн арттыру мүддесiнде рационализаторлардың тапқырлық әлеуетiн неғұрлым толық пайдалану, республикада рационализаторлық қызмет үшiн қолайлы жағдайлар туғызу мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасындағы рационализаторлық қызмет туралы осыған қосылған Үлгi ереже бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының министрлiктерi мен ведомстволары, меншiктiң барлық нысандарындағы корпорациялар, концерндер, қауымдастықтар, бiрлестiктер, кәсiпорындар, ұйымдар мен мекемелер:
      рационализаторлық қызметтi дамыту үшiн жұмыс жүргiзiп, қажеттi жағдайлар туғызсын;
      1993 жылдың 1-қаңтарына дейiн Үлгi ереженi ескерiп, Қазақстан Республикасы Өнертапқыштар мен рационализаторлар қоғамының бастауыш (жергiлiктi) ұйымдары кеңестерiмен және тиiстi кәсiподақ ұйымдарымен бiрлесе отырып, рационализаторлармен азаматтық-хұқықтық шарттар жасау үшiн негiз болып табылатын өз ережелерiн әзiрлейтiн болсын.
      Кәсiпорындарда рационализаторлық қызмет туралы ережелер болмаған жағдайда Үлгi ереженi қолдану ұсынылады.
     Қазақстан Республикасы
     Премьер-министрiнiң
     бiрiншi орынбасары


                                       Қазақстан Республикасы

Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 27 қарашадағы N 996 қаулысымен Бекiтiлген Q920996_


                      Қазақстан Республикасындағы
                    рационализаторлық қызмет туралы
                             Үлгi Ереже

      1. Бұйымның конструкциясын, өндiрiс технологиясын, материалдың (заттың) құрамын жасауды немесе өзгертудi көздейтiн, ұсынылатын кәсiпорын үшiн жаңа әрi пайдалы болып табылатын техникалық шешiм, сондай-ақ кәсiпорын (ұйым) үшiн еңбек, шикiзат, отын-энергетикалық және басқа материалдық, қаржы ресурстарын үнемдейтiн жаңа ұйымдық шешiм немесе өзге де оң тиiмдiлiк рационализаторлық ұсыныс деп танылады.
      Кәсiпорын үшiн жаңа алгоритмдерi, ЭВМ үшiн бағдарламасы бар ұсыныс та, егер оны пайдалану нақты мiндеттi шешуде ЭВМ-нiң мәшине уақытын үнемдейтiн, сондай-ақ ЭВМ-мен бiр кешенде жұмыс жасайтын жабдықтардың өнiмдiлiгiн арттыратын болса, рационализаторлық деп танылады.
      Егер белгiленген нысан бойынша өтiнiм берiлгенге дейiн бұл шешiм немесе оған теңдес шешiм кәсiпорынға (ұйымға) оны жүзеге асыру үшiн жеткiлiктi дәрежеде өзiнiң қолындағы деректерден мәлiм болмаса, ол шешiм өтiнiм берiлгенге дейiн автордың инициативасы бойынша 3 айдан аспайтын мерзiмде пайдаланылғаннан басқа жағдайда, кәсiпорын (ұйым) үшiн жаңа деп танылады.
      2. Мыналар рационализаторлық ұсыныстар деп танылмайды:
      шартты белгiлер, ережелер, нормативтiк-әдiстемелiк материалдар;
      өнiм сапасының мәлiм сенiмдiлiгiн, төзiмдiлiгiн және басқа көрсеткiштерiн кемiтетiн немесе еңбек жағдайын нашарлататын шешiмдер;
      ғылыми-зерттеу, жобалау, конструкторлық, технологиялық бұйымдардың және кәсiпорындардың осыларға ұқсас бөлiмшелерiнiң инженер-техник, ғылыми қызметкерлерi қызметтiк тапсырмаларды немесе шарттық жұмыстарды орындау барысында жасаған шешiмдер.
      3. Рационализаторлық ұсыныстың авторлығы хұқына өзiнiң шығармашылық еңбегiмен рационализаторлық ұсынысты жасаған азамат ие болады.
      Егер рационализаторлық ұсынысты жасауға бiрнеше азамат бiрлесiп қатысса, олардың бәрi де мұндай рационализаторлық ұсыныстың тең авторлары деп саналады.
      Рационализаторлық ұсыныстың авторына тек техникалық, ұйымдық немесе материалдық көмек көрсеткен, не рационализаторлық ұсыныс жөнiндегi хұқын ресiмдеуге және оның өндiрiсте пайдаланылуына жәрдемдескен азаматтар тең авторлар деп танылмайды.
      Рационализаторлық ұсыныстың тең авторлары хұқын пайдалану тәртiбi олардың арасындағы келiсiмдермен анықталады.
      4. Рационализаторлық ұсыныстың авторына кәсiпорын (ұйым) белгiлеген рационализатор куәлiгi берiледi, ол рационализаторлық ұсынысқа авторлықты, рационализаторлық ұсыныстың басымдығын куәландырады.
      Авторға рационализатор куәлiгi оның алғашқы ұсынысы рационализаторлық деп танылған күннен бастап бiр айлық мерзiмде берiледi. Осы автордың келесi рационализаторлық ұсыныстары туралы мәлiметтер бұларды рационализаторлық деп таныған күннен бастап бiр айлық мерзiм iшiнде сол куәлiкке жазылады.
      Автордың хұқы шешiмдi рационализаторлық ұсыныс деп таныған кәсiпорын (ұйым) шегiнде қолданылады.
      5. Ұсыныстың рационализаторлық деп танылуы үшiн автор кәсiпорын белгiлеген нысанда жазбаша түрде қарыз бередi.
      Рационализаторлық ұсыныс жөнiндегi арыз сол ұсыныс қызметiне қатысты кәсiпорынға (ұйымға) берiледi.
      Автор бiр рационализаторлық ұсыныстың өзiн бiрнеше кәсiпорынға (ұйымға) беруге хұқылы.
      Рационализаторлық ұсыныс жөнiндегi арыз бiр шешiмге ғана қатысты болуға тиiс.
      Рационализаторлық ұсыныс жөнiндегi арызда шешiмнiң мәнiсi, оның iшiнде оны жүзеге асыру үшiн жеткiлiктi деректер сипатталуға тиiс.
      6. Рационализаторлық ұсыныстың басымдылығы рационализаторлық ұсыныс жөнiндегi арыздың кәсiпорынға келiп түскен айы мен күнiне қарай анықталады.
      Басымдық белгiленген тәртiппен осы ұсыныс жөнiнде бiрiншi болып арыз берген авторға танылады.
      7. Рационализаторлық ұсыныс жөнiндегi арызды қарау, сондай-ақ сол бойынша шешiм қабылдау тәртiбiн кәсiпорын (ұйым) басшысы белгiлейдi.
      Рационализаторлық ұсыныс жөнiндегi арыз бiр айлық мерзiмде қарауға және қаралған соң 5 күннiң iшiнде қабылданған шешiм туралы авторға хабарлануға тиiс.
      Ұсынысқа тәжiрибелiк тексерiс жүргiзу немесе тиiстi ұйымнан бекiтiлген нормативтiк, техникалық немесе конструкциялық құжаттамаға өзгерiс жасауға рұқсат алу қажет болған жағдайда оны қарау тәжiрибелiк тексерiс жүргiзуге немесе рұқсат алуға қажеттi уақыт бойына тоқтатыла тұрады.
      Ұсынысты рационализаторлық емес деп тану туралы шешiмде бастарту себептерi көрсетiлуге тиiс.
      8. Рационализаторлар мен кәсiпорын (ұйым) басшылығының сол кәсiпорында (ұйымда), сондай-ақ басқа кәсiпорындарға (ұйымдарға) техникалық құжаттама құрамында шаруашылық есеп негiзiнде берiлген рационализаторлық ұсыныстарды пайдалану, еңбекақы және авторлық сыйақы төлеу мәселелерi жөнiндегi өзара қарым-қатынасы азаматтық-хұқылық шарттармен анықталады.
      Авторлық сыйақының ең аз мөлшерiн сол кәсiпорындағы (ұйымдағы) орташа айлық ақының 25 процентiне дейiн белгiлеу ұсынылады.
      9. Кәсiпорынның (ұйымның) рационализаторлық ұсыныстарды пайдалануға жәрдемдескен адамдарға, басқа төлем түрлерiне қарамастан, сыйлық төлеуiне болады. Ынталандыру төлемдерiн кәсiпорын (ұйым) қолда бар қаржы шегiнде дербес анықтайды.
      Кәсiпорын (ұйым) сондай-ақ рационализаторлар мен рационализаторлық қызметке жәрдемдескен басқа да адамдарға қосымша әлеуметтiк, материалдық және моральдық көтермелеу шараларын белгiлей алады. Төлемдер мен басқа да көтермелеу түрлерiнiң мөлшерi мен шарттары ұжымдық шартқа енгiзiледi.
      10. Қолданылып жүрген ережелерге сәйкес рационализаторлыққа байланысты шығындар, оның iшiнде рационализаторлық ұсыныстар бойынша тәжiрибелiк-эксперименттiк жұмысты атқару үшiн модельдер мен үлгiлердi жасау мен сынауға, рационализаторлық жөнiндегi көрмелер мен байқауларды, конкурстарды өткiзуге және басқа шараларды жүргiзуге, авторлық сыйақы төлеуге, өзге де шараларға жұмсалған шығындар өнiмнiң (жұмыстың, көрсетiлген қызметтiң) өзiндiк құнына қосылады.
      Бюджеттегi ұйымдар рационализаторлық қызметтi қаржыландыруды осы ұйымды ұстауға арналып бөлiнген қаржыны үнемдеу, сондай-ақ рұқсат етiлген өзге де қызметтен алынған қаражат есебiнен жүзеге асырады.