Тауарларды несиеге сату тәртiбi жөнiндегi Нұсқауды бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 24 қыркүйек 1992 ж. N 805

Қолданыстағы
      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасы бөлшек сауда кәсiпорындарының ұзақ уақыт

пайдаланылатын тауарларды несиеге сату тәртiбi туралы осыған қоса 
берiлген Нұсқау бекiтiлсiн.
     Несиеге сатылатын тауарлардың тiзбесiн облыстардың, Алматы және 
Ленинск қалаларының әкiмдерi анықтайтын болып белгiленсiн.
     2. Қоса берiлген тiзбеге сәйкес тауарларды несиеге сату мәселелерi 
жөнiндегi Қазақстан Республикасы Үкiметi шешiмiнiң күшi жойылған деп 
танылсын.

     Қазақстан Республикасының
         Премьер-министрi
                                             Қазақстан Республикасы
                                             Министрлер Кабинетiнiң
                                             1992 жылғы 24 қыркүйектегi
                                                 N 805 қаулысымен
                                                   Бекiтiлген
     
               Қазақстан Республикасының бөлшек сауда
          кәсiпорындарының азаматтарға ұзақ уақыт пайдаланылатын
                      тауарларды несиеге сату тәртiбi туралы
                                 Нұсқау



      1. Ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарларды несиеге (төлем мерзiмiн ұзартып) сату мемлекеттiк сауда және тұтыну кооперациясы дүкендерiнде жүргiзiледi, бұл дүкендердiң тiзiмiн қаланың, ауданның елдi мекенiнiң тиiстi сауда мекемесi (сауда орны, бiрлестiк, ЖЖБ, әскери сауда, тұтыну қоғамы, т. б.) анықтайды.
      Тауарларды осы Нұсқауда қарастырылған шарттар негiзiнде несиеге сату жекешелендiрiлген және мемлекеттiк емес сектор дүкендерiнде осы кәсiпорындар ұжымының келiсiмiмен жүргiзiлуi мүмкiн.
      Облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiнiң шешiмi бойынша тұрмыстық қызмет көрсету ательелерi мен шеберханалары ақысын несие түрiнде төлеу шарттарымен киiм тiгуге тапсырыс қабылдай алады.
      2. Несиеге сатылатын тауарлар тiзбесiне Қазақстан Республикасының бөлшек сауда желiсiнде жеткiлiктi мөлшерде жинақталған тауарлар (зергерлiк бұйымдардан басқа) енгiзiледi.
      Сатып алушылардың сұранысы толық қанағаттандырылмаған тауарларды несиеге сатуға болмайды.
      Тауарлардың бағасы сатылған күнгi бағалары бойынша есептеледi. Несиеге сатылған тауарлар бағасының одан әрi өзгеруiне орай қайта есептеу жүргiзiлмейдi.
      3. Тауарлар несиеге:
      тұрақты тұрғын орны бар және осы ұйымда, кәсiпорында, мекемеде немесе колхозда кемiнде 1 жыл еңбек еткен жұмысшылар мен қызметшiлерге;
      әскери бөлiмдерде, ұйымдар мен кәсiпорындарда кемiнде 6 ай қызмет етiп, жұмыс iстеп жатқан офицерлерге мерзiмiнен тыс қызметтегi әскери қызметшiлерге;
      тұрақты тұрғын орны бар зейнеткерлерге, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, хұқығы соларға теңестiрiлген адамдарға, қаза тапқан әскери қызметшiлердiң отбасыларына, егер оларға тағайындалған зейнетақы мерзiмi тауардың құнын бөлiп төлеу үшiн берiлген мерзiмнен бұрын аяқталмайтын болса, сатылады.
      Тауарларды немесе сату сатып алушы тұрақты жұмыс iстейтiн немесе қызметiн өтеп жатқан елдi мекенде (қалада, жұмысшы поселкесiнде, селода, ауылда), ал вахталық әдiспен жұмыс iстеушiлерге, зейнеткерлерге Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне және хұқығы соларға теңестiрiлген адамдарға тұрақты тұрғын жерi бойынша жүргiзiледi.
      4. Сатып алушыларға несиеге алған тауарлары олар осы тауар құнының кемiнде 25 процентiн төлеген жағдайда берiледi.
      Облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi алғашқы жарнаның мөлшерiне өзгерiс енгiзе алады; олар, сондай-ақ, тауарлар құнының қалған бөлiгiн төлеу мерзiмiн белгiлейдi.
      Төлеу мерзiмiн анықтаған кезде тауарлардың құнын және сатып алушының еңбекақысы мен ақшалай табысының мөлшерi ескерiлiп, ай сайынғы төлем оның еңбекақысының немесе ақшалай табысының 20 процентiнен аспайтындай есеппен тағайындалуы қажет.
      5. Тауарларды сатып алу кезiнде несие бергенi үшiн сатып алушылар сауда кәсiпорнына проценттiк ақы төлейдi. Бұл ақының мөлшерiн облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi белгiлейдi. Бұл ретте мүгедектер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, қаза тапқан әскери қызметшiлердiң отбасылары, негiзсiз 30-40 жылдар аралығы мен 50 жылдардың басында қылмыстық жауапкершiлiкке тартылған және әлеуметтiк-саяси себептер бойынша сотқа тартылған немесе сотсыз қуғын-сүргiнге ұшыраған азаматтар үшiн жеңiлдетiлген проценттiк ақылар қарастырылады немесе несие процентсiз берiледi.
      6. Несиеге сатылған ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарлар үшiн есеп айырысу сатып алушылардың қолма-қол ақша төлеуi немесе кезектi төлемiн республика банктерiнiң чектерiн сауда кәсiпорнының кассасына өткiзуi арқылы жүзеге асырылады.
      Сатып алушыларға қолайлы болуы үшiн олардың жазбаша тапсырымы негiзiнде кәсiпорындар, ұйымдар, мекемелер, әскери бөлiмдер, колхоздар тапсырым берген азаматтардың жалақысынан немесе ақшалай табысынан бұлар несиеге алған ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарлар үшiн төлейтiн кезектi төлемiнiң ақшасын ұстап қалып, оны тиiстi сауда кәсiпорындарына аударады.
      Несиеге сатылған тауарлар үшiн есеп айырысу, сондай-ақ, банктердегi аманаттарда сақталған қаржыдан сауда кәсiпорындарына ақша аудару арқылы жүзеге асырылуы да мүмкiн.
      7. Сатып алушының несиеге алу үшiн таңдап алған тауары дүкенде осы тауарды несиеге сатып алуға қажет, анықтама мен тапсырым мiндеттеменi ресiмдеуге берiлетiн 3 күн мерзiмнен артық сақталмайды.
      "Несие" деген таңбасы мен жазылған уақыты көрсетiлген тауарлық чек тауарды сақтауға негiз болып табылады.
      8. Тауарды несиеге сатып алу кезiнде сатып алушылар төлқұжатын немесе оны алмастыра алатын құжатын көрсетiп, жұмыс немесе қызмет орнынан алған соңғы үш ай iшiндегi орташа айлық жалақысы немесе ақшалай табысы туралы N 1 қосымшада көрсетiлген нысандағыдай анықтама тапсырады, ал зейнеткерлер төлқұжатын, зейнеткерлiк куәлiгiн және N 2 қосымшаға сәйкес нысандағыдай куәлiкке жапсырмасын көрсетедi.
      9. Сатып алушының жұмыс немесе қызмет орнында табысынан ұсталатын төлемдерiнiң жалпы сомасы оның жалақысының немесе ақшалай табысының 50 процентiнен асқан жағдайда оған тауарларды несиеге сатып алуға қажеттi анықтама берiлмейдi.
      Бұрын несиеге тауар сатып алған адамдарға олар берешегiн толық өтегенше жалақысы немесе ақшалай табысы туралы анықтама беруге тыйым салынады.
      10. Бағасы қымбат тауарларды несиеге сатып алу кезiнде бiр зат (жиынтық) екi немесе одан да көп адамға (сатып алушыларға) олар осы Нұсқаудың 8 тармағында көрсетiлген құжаттарды тапсырған (көрсеткен) жағдайда сатылуы мүмкiн (отбасылық несие).
      11. Тауарларды несиеге сатып алу кезiнде азаматтар дүкенде екi данадан N 3 қосымшада көрсетiлетiн нысандағыдай жалақысынан немесе ақшалай табысынан несиеге сатып алған тауары үшiн кезектi төлемдерiнiң сомасын ұстау туралы төлемдiк тапсырым-мiндеттеме толтырады.
      Тапсырым-мiндеттеменiң бiрiншi данасын сатып алушы жұмыс орнының әкiмшiлiгiне екiншi данасына қол қойдырып алып табыс етедi.
      Ұйымның, кәсiпорынның, мекеменiң, әскери бөлiмнiң, колхоздың мөрiмен куәландырылған төлемдiк тапсырым-мiндеттеменiң екiншi данасын (есепке алу үшiн) сатып алушы несиеге алған тауарын алар кезде дүкенге тапсырады.
      12. Несиеге тауар алушы зейнеткерлер де жоғарыда көрсетiлген нысан бойынша екi дана тапсырым-мiндеттеме толтырады.
      Тапсырым-мiндеттеменiң бiрiншi данасы дүкенге тапсырылады, ал екiншi данасы сатып алушы зейнеткердiң өзiнде қалдырылады.
      Сатып алушы зейнеткерлерге берiлген несие сомасын дүкен мiндеттi түрде зейнеткерлiк куәлiктегi жапсырмаға түсiредi, бұл сома тапсырым-мiндеттемеде көрсетiлген мерзiмге сәйкес қолма-қол ақша өткiзу немесе республика банктерiнiң чектерiн дүкен кассасына жарна төлеу арқылы өтеледi.
      Кезектi жарнаны алған кезде дүкен жарнаның төленгенi туралы сатып алушы-зейнеткердiң қолындағы талап-мiндеттемеге белгi соғады, сонымен бiрге зейнеткерге осы сомада кiрiс ордерiнiң түбiртек қағазын бередi.
      Зейнеткерге берiлген несие сомасы толық өтелгенi туралы дүкен зейнеткерлiк куәлiктегi жапсырмаға белгi соғады, осы белгi арқылы зейнеткер екiншi рет несиеге тауар алу хұқына ие болады.
      Төлем мерзiмi тауардың құны мен зейнетақы мөлшерi ескерiлiп, ай сайынғы төлем зейнетақының 50 процентiнен аспайтындай есеппен белгiлендi.
      13. Ұйымдар, кәсiпорындар, мекемелер, әскери бөлiмдер, колхоздар несиеге сатып алынған тауарлар үшiн алынатын кезектi төлемдi жалақыдан немесе ақшалай табыстан айына 1 рет ұстап отырады. Төлем жалақының барлық түрiнен, оның iшiнде кезектi еңбек демалысы үшiн төленетiн ақыдан, сондай-ақ, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша берiлетiн жәрдемақыдан да ұсталады.
      Ұйымдардың, кәсiпорындардың, мекемелердiң, әскери бөлiмдер мен колхоздардың басшылары мен бас (аға) бухгалтерлерiне азаматтардың несиеге сатып алған тауарлары үшiн төлейтiн кезектi төлемдерiн олардан уақтылы және толық ұстап отыру, ұсталған ақшаны дүкендерге аудару, сатып алушыларға берiлген төлемдiк тапсырым-мiндеттемелер мен осы құжаттар бойынша ұсталған ақшаларға есеп жүргiзу жұмыстары бойынша заңда көзделген жауапкершiлiк жүктеледi.
      Несиеге сатылған тауарлар үшiн азаматтардың жалақысынан немесе ақшалай табысынан ұсталатын төлем осы азаматтардың өз қалаулары бойынша мерзiмiнен бұрын ұсталуы мүмкiн.
      14. Дүкендерге немесе сауда мекемелерiне ұсталған соманы аудару тиiстi банк мекемесi арқылы төлемдiк тапсырым қағазын жаздырып алу жолымен жалақыдан ұсталған салықтарды аударумен бiр мезгiлде жүргiзiледi; Төлемдiк тапсырым қағазда немесе оған тiркелген тiзiмде әрбiр төлеушiнiң фамилиясымен бiрге (мiндеттi түрде) тапсырым-мiндеттемелердiң номерлерi мен олардың әрқайсысы бойынша аударылатын ақша мөлшерi көрсетiлуi қажет.
      15. Несиеге тауар сатып алған азамат басқа жұмысқа ауыстырылған, ауысқан немесе жұмыстан шыққан (әскерден босаған) жағдайда ұйым, кәсiпорын, мекеме, әскери бөлiм, колхоз одан несиенiң қалған ақшасын қолма-қол өндiрiп алуға немесе бұл қызметкермен уағдаластық шарты жасалған жағдайда қалған ақшаны бiр ай мерзiм iшiнде өз қаржысы есебiнен өтеуге мiндеттi.
      Сатып алушылардың жазбаша тапсырым-мiндеттемелерi негiзiнде олар несиеге алған тауарлары үшiн ұсталатын кезектi төлемдер ұйым, кәсiпорын, мекеме, әскери бөлiм, колхоз кiнәсынан толық ұсталмаған немесе ақша сауда кәсiпорындарына дер кезiнде аударылмаған жағдайда, сондай-ақ жұмыстан шығып кеткен адамдар алған несиенiң қалған сомасын өтеу үшiн аударым жасау мерзiмi бұзылған жағдайда ұйым, кәсiпорын, мекеме, әскери бөлiм, колхоз тиiстi сауда кәсiпорындарына кешiккен әрбiр күнi үшiн ұстамаған (аударылмаған) ақшаның 0,1 процентi мөлшерiнде өсiм төлейдi.
      16. Сатып алушылар, зейнеткерлердi қоса, кезектi төлемдерiн уақтылы төлемеген жағдайда дүкенге әрбiр кешiккен күнi үшiн мерзiмi өткен төлем сомасының 0,1 процентi мөлшерiнде өсiм төлейдi.
      Кейбiр жағдайларда сатып алушы несиеге алған тауары үшiн төлейтiн берешегiн тапсырым-мiндеттемеде көрсетiлген мерзiмде дәлелдi себептерге байланысты сырқаты, әскери жиында болуы, т.б. төлей алмаған болса, дүкен басшылары тапсырым-мiндеттемеде көрсетiлген мерзiм шегiнде кезектi төлемдер мөлшерiн қайта қарауы мүмкiн.
      17. Дәлелсiз себептермен несиеге алған тауар үшiн төленетiн екi кезектi жарнаны қатарынан төлемеген жағдайда дүкен сатып алушыдан берешегiнiң қалған барлық бөлiгiн, сондай-ақ, осы Нұсқаудың 16-тармағында көрсетiлген мөлшерде қосымша өсiм өндiрiп алуға хұқылы.
      Өндiрiп алу нотариалдық кеңсенiң атқару құжаттары бойынша жүзеге асырылады.
      18. Бөлшек сауда желiсiнен қолма-қол ақшаға немесе банк чегi бойынша сатып алынған осындай тауарларға белгiленген пайдаланудың кепiлдi мерзiмi мен оларды ауыстырып алу тәртiбi несиеге сатылып алынған тауарларға да қолданылады.
      Кепiлдiк мерзiмi тауарлар сатып алушыға берiлген сәттен бастап есептеледi.
      19. Дүкендерде халыққа несиеге тауар сату операциялары мен есеп айырысудың бухгалтерлiк есебiн жүргiзу, Қазақстан Республикасы Сауда министрлiгiнiң, Қазтұтынуодағының, сауда желiлерi бар басқа да министрлiктер мен ведомстволардың Нұсқауларына сәйкес жүзеге асырылады.
                                          Қазақстан Республикасы

Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 24 қыркүйектегi N 805 қаулысымен бекiтiлген Нұсқауына N 1, 2, 3 Қосымша