ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі 89-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Режимдік аумақтардың аймақтарын және оларға іргелес жатқан аумақтарды пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 12 наурыздағы № 166 қаулысымен бекітілген |
Режимдік аумақтардың аймақтарын және оларға іргелес жатқан аумақтарды пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Режимдік аумақтардың аймақтарын және оларға іргелес жатқан аумақтарды пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі 89-бабының 2-тармағына, мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес әзірленді және режимдiк аумақтардың аймақтарын және оларға іргелес жатқан аумақтарды пайдалану тәртiбiн айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) күзетілетін объектілер – күзетілетін адамдардың болуына арналған ғимараттар, құрылыстар мен құрылысжайлар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі күзететін өзге де ғимараттар, құрылыстар мен құрылысжайлар, сондай-ақ оларға іргелес жатқан аумақ пен су айдыны;
2) қорғаныс объектілері – Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың мемлекеттік мекемелеріне жедел басқару құқығымен бекітіп берілген жылжымайтын мүлік;
3) мемлекеттік күзетілетін маңызды объектiлер – ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан күзететін объектілер;
4) режимдік аумақтардың аймақтары – елді мекендердің шегіндегі ерекше режим белгiленетiн әскери және басқа объектiлердi орналастыруға арналған аумақтар;
5) режимдік аумақтардың аймақтарына іргелес жатқан аумақтар – осы Қағидалардың талаптарына сәйкес режимдік аумақтар аймақтарының шекарасымен тікелей түйісіп жатқан аумақтар.
3. Осы Қағидалардың талаптары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген режимдiк аумақтар мен оған іргелес жатқан аумақтардың шекаралары шегіндегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық субъектілеріне қолданылады.
2-тарау. Режимдік аумақтардың аймақтарын және оларға іргелес жатқан аумақтарды пайдалану тәртiбi
4. Режимдік аумақтардың аймақтарын және оларға іргелес жатқан аумақтарда әскери және басқа да объектілерді орналастыруға арналған, заңнамада оларды пайдаланудың ерекше режимi мен тәртiбi белгiленген, шекараларына халықтың өмір сүру қауіпсіздігі мен денсаулығына қатер төндiруi мүмкiн арнайы мақсаттағы объектiлерден санитариялық қорғау аумақтары (аймақтары) енгізілген елді мекендер шегіндегі аумақтар кіреді.
5. Режимдік аумақтардың аймақтары қорғаныс, қорғалатын объектілерді және мемлекеттік қорғалатын маңызды объектілерді орналастыру үшін ерекше реттеудің және қала құрылысын регламенттеудің аумақтық объектілері болып табылады.
6. Елді мекендерде периметр бойынша 100 (бір жүз) метр, ал елді мекендерден тыс жерлерде аумақтың сыртқы шекараларынан 1 (бір) километр қашықтықпен шектелген аумақтар күзетілетін объектілерді орналастыруға арналған режимдiк аумақтардың аймақтары болып табылады.
7. Режимдік аумақтардың аймақтарына іргелес жатқан аумақтарда орналастырылатын жаңа объектілерді салған кезде арақашықтық, биіктік және қабат саны бойынша нормалар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтерде айқындалады.
8. Режимдік аумақтардың (объектілердің) іргелес жатқан аймағында орналастырылатын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі күзететін құрылыс объектілерін жобалау және салу кезінде мынадай параметрлер сақталуы қажет:
500 метр радиуста – биіктігі 7 метрден аспайды;
1000 метр радиуста – биіктігі 16 метрден аспайды;
1500 метр радиуста биіктігі 28 метрден аспайды.
9. Режимдік аумақтардың аймақтарын және оларға іргелес жатқан аумақтарды пайдалану, сондай-ақ режимдiк аумақтардың аймақтарында орналастырылатын құрылыс объектілерін салу және пайдалану Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес бекітілген қала құрылысы жобаларына (бас жоспарлар және егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) сәйкес жүзеге асырылады.
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 12 наурыздағы № 166 қаулысына қосымша |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. "Режимдік аумақтардың аймақтарын пайдалану тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 қаңтар № 45 қаулысы.
2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 қаңтардағы № 45 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 шілдедегі № 725 қаулысы.
3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 16 қазандағы № 1098 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағы.
4. "Режимдік аумақтардың аймақтарын пайдалану тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 қаңтардағы № 45 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 27 қаңтардағы № 26 қаулысы.