ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Cыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген қаулымен бекітілген Cыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасында:
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Ақша түріндегі мүлік бюджеттің кірісіне немесе Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес Арнаулы мемлекеттік қорға есепке жатқызылады. Шетел валютасы осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген шешім қабылданған күні айқындалған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми валюта айырбастау бағамы бойынша не меншік иесінің болашақта мүлік құқықтарын мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартында белгіленген беру күніне Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес тиісті бюджеттің кірісіне немесе Арнаулы мемлекеттік қорға есепке жатқызылады.
Меншік иесі осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік жиырма күн ішінде бюджетке салықтық емес түсімдер болып табылатын көрсетілген ақшалай қаражатты тиісті бюджетке аударуды "Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 151 бұйрығымен бекітілген Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың тиісті кодтарына жүргізеді. Меншік иесінің болашақта мүлік құқықтарын мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шарты бойынша ақшалай қаражатты аудару сыйға тарту шартында белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.";
көрсетілген қаулымен бекітілген Cыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасы осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы 2026 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармақтың оныншы абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 28 қаңтардағы № 46 қаулысына қосымша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысымен бекітілген |
Мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 27-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) − облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;
2) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган – жергілікті мемлекеттік басқарудың және өзін-өзі басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыруға әкімдік уәкілеттік берген, тиісті жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме;
3) құқық белгілейтін құжаттар – солардың негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) туындайтын, өзгеретін және (немесе) тоқтатылатын құжаттар;
4) мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті органы) – мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқаруды жүзеге асыратын және Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген шарттарда республикалық мүлікке қатысты құқықтарды иеленетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған орталық атқарушы орган немесе орталық атқарушы органның ведомствосы;
5) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға бекітіліп берілген мүлікті қоспағанда, өз құзыреті шегінде республикалық мүлікті басқару, мемлекеттің республикалық мүлікке құқықтарын іске асыру, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншікті және стратегиялық объектілерді жекешелендіру мен мемлекеттік мониторинг жүргізу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) мүлікке арналған сәйкестендіру құжаты – мүліктің техникалық, сәйкестендіру сипаттамалары қамтылған құжат;
7) объектіні пайдалануға қабылдау актісі – объект құрылысының бекітілген жобаға және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтерге сәйкес аяқталғанын және объектінің пайдалануға толық әзірлігін растайтын құжат;
8) сәйкестік туралы декларация – мердігер (бас мердігер) құрылысы аяқталған объектінің орындалған жұмыстарының бекітілген жобаға және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтердің талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
9) тізілімнің веб-порталы – Интернет желісінде www.e-Qazyna.kz электрондық мекенжайында орналастырылған, мемлекеттік мүлік тізілімінің сыйға тарту объектілері туралы электрондық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;
10) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.
3. Сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарын мемлекетке беру туралы шешімді мүліктің меншік иесі қабылдайды және ол заңнамада белгіленген тәртіппен ресімделуге тиіс.
Жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар сыйға тарту шарты бойынша мемлекетке берілетін мүліктің меншік иелері болып табылады.
Құны заңнамалық актiлерде белгiленген он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен аспайтын әдеттегі сыйлықтарды қоспағанда, жас балалар мен әрекетке қабiлетсiз деп танылған азаматтардың атынан, олардың заңды өкiлдерiнiң сыйға тартуына жол берілмейді.
2-тарау. Сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарын мемлекетке беру тәртібі
4. Мемлекеттік меншікке берілетін мүліктің меншік иесі сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарын мемлекетке беру туралы ұсыныспен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға не оның аумақтық бөлімшесіне (бұдан әрі – аумақтық бөлімше), не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарына, не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппаратына (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) тізілімнің веб-порталы арқылы жүгінеді.
Сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарын мемлекетке беру туралы ұсыныспен жүгінген кезде мүліктің меншік иесі, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, ақпараттық жүйелерде қамтылған дербес деректер мен заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісім береді.
Сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарын мемлекетке беру туралы ұсынысты қарау үшін мүлік иесінен:
құқық белгілейтін құжаттардың;
мүлікке арналған сәйкестендіру құжаттарының;
мүлікке ауыртпалықтардың бар-жоғын растайтын құжаттың;
теңгерімнен үзінді көшірменің немесе "Бағалау туралы есептің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 3 мамырдағы № 501 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16900 болып тіркелген) бекітілген нысан мен мазмұн бойынша мүлікті бағалау туралы есептің (бұдан әрі – бағалау туралы есеп);
заңды тұлғалар үшін: заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің не анықтаманың, құрылтай құжаттарының, заңды тұлға өкілінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттың, сондай-ақ заңды тұлға өкілі паспортының немесе жеке басын куәландыратын құжатының, сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарын мемлекетке беру туралы шешімнің (шетелдік заңды тұлғалар құрылтай құжаттарының нотариат растаған көшірмелерін қазақ және/немесе орыс тілдерінде нотариат растаған аудармасымен бірге ұсынады);
жеке тұлғалар үшін: жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжатының, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі болып табылатын жылжымайтын мүлікке билік ету жөніндегі мәмілені және заңнамада белгіленген тәртіппен нотариатта куәландыруды және (немесе) тіркеуді талап ететін мәмілені жасауға жұбайының (зайыбының) нотариат куәландырған келісімінің, не мүліктің меншік иесінің некеде тұрмайтыны туралы нотариат куәландырған өтініштің электрондық (сканерленген) көшірмелері сұратылады.
Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын және ауыртпалықтардың жоқтығын растайтын, тіркеуді растайтын құқық белгілейтін құжаттар мен қадастрлық паспорттар туралы, сондай-ақ көлік құралдарына ауыртпалықтардың жоқтығын растайтын мәліметтерді тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады.
Сыйға тарту шарты бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне құқықтарды мемлекетке беру туралы ұсыныс болған жағдайда меншік иелері мүлікті беру туралы шешімде сметада айқындалған құнды көрсетеді және тізілімнің веб-порталында:
"Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестігі туралы қорытындылардың, сәйкестік туралы декларацияның нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі № 235 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15150 болып тіркелген) 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сәйкестік туралы декларацияның;
объектіні пайдалануға қабылдау актісінің;
инженерлік желілердің атқарушы геодезиялық түсірілімінің электрондық (сканерленген) көшірмелерін қосымша тіркейді.
Аумақтық бөлімше мүліктің меншік иесінің жолданымы түскен кезде үш жұмыс күні ішінде аталған жолданымды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға тізілімнің веб-порталы арқылы жібереді.
5. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мүліктің меншік иесінің жолданымын алған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде тізілімнің веб-порталында тиісті салалардың уәкілетті органдарының немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың (бұдан әрі – мемлекеттік органдар) мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу қажеттігі туралы қорытындыны ұсынуы үшін сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарын мемлекетке беру жөніндегі қолда бар ұсыныс туралы хабархатты жариялайды.
Сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарын мемлекетке беру жөніндегі қолда бар ұсыныс туралы хабархатта:
1) мүлік туралы (сандық және (немесе) сапалық жағынан өлшенетін және салыстырылатын);
2) мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу қажеттігі туралы қорытындыларды қабылдаудың аяқталған күні мен уақыты туралы мәліметтер;
3) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша қосымша ақпарат қамтылады.
Хабархат тізілімнің веб-порталында кемінде күнтізбелік отыз күн мерзімге жарияланады.
6. Сыйға тарту шарты бойынша ақпараттандыру объектілеріне құқықтарды мемлекетке беру туралы ұсыныс түскен жағдайда мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мүліктің меншік иесінің жолданымын алған күннен бастап міндетті түрде күнтізбелік жеті күн ішінде ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға ұсыныс жібереді.
Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган күнтізбелік он бес күн ішінде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға немесе жергілікті атқарушы органға тізілімнің веб-порталы арқылы ақпараттандыру объектісі бойынша қорытынды жібереді.
Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттандыру объектісі бойынша теріс қорытындысы оны сыйға қабылдаудан бас тартуға негіз болады.
7. Мемлекеттік органдар мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган тізілімнің веб-порталында хабархатты орналастырған күннен бастап сол арқылы мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу қажеттігі туралы қорытындылар береді.
8. Мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу қажеттігі мәселесін қарау кезінде экономикалық орындылықтың негізгі өлшемшарттары:
1) мемлекеттік заңды тұлғалардың берілетін мүлікке мүлік тиесілігінің заттай нормалары шегіндегі қажеттілігі;
2) мүліктің мемлекеттік меншікке қабылдағаннан кейінгі мақсаты және оны пайдалану;
3) берілетін мүліктің қаржылық қамтамасыз етілуі болып табылады.
Мемлекеттік органдар мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу қажеттігі туралы қорытындыда Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес белгіленген мүлік тиесілігінің белгіленген заттай нормалары ескеріле отырып, мүлікті бекітіп беру болжанатын мемлекеттік мекемені немесе мемлекеттік кәсіпорынды (бұдан әрі – мемлекеттік заңды тұлға), сондай-ақ қабылданатын мүлікті ұстау және пайдалану бойынша қаржылық шығындарды көрсетеді.
Мемлекеттік органдар мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу қажеттігі туралы қорытындыда ақпараттандыру объектілері бойынша "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді құру, дамыту, пайдалану, сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 129 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13282 болып тіркелген) сәйкес мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдаудың экономикалық орындылығының көрсеткіштерін қосымша көрсетеді.
Құқығы сыйға тарту шарты бойынша мемлекетке берілетін, аталған мүлікті беру үшін нақты мемлекеттік заңды тұлғаны мүліктің меншік иесі ретінде айқындау мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органдардың орындауы үшін міндетті болып табылмайды.
9. Мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болуының қажеттігі туралы қорытындыларды ашу хабархатта көрсетілген қорытындыларды қабылдау күні мен уақытының аяқталуы басталған кезде тізілімнің веб-порталында автоматты түрде жүргізіледі.
10. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болуының қажеттігі туралы қорытындылардың осы Қағидалардың 8-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келуі тұрғысынан қарайды.
Мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болуының қажеттігі туралы бірнеше қорытынды келіп түскен жағдайда мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік заңды тұлғаның мүлікті алуға басым құқығын осы Қағидалардың 8-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келуін және мемлекеттік органдардың қорытындыларды беру мерзімдерін негізге ала отырып айқындайды.
11. Мүлік республикалық немесе коммуналдық меншікке қабылданады.
Акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін қоспағанда, мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғалардың республикалық меншікке берілетін мүлкі бойынша сыйға тарту шартын жасасу туралы шешім орынды болған жағдайда оны мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қабылдайды.
Мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғаларға тиесілі, сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке берілетін акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне ие болу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғалардың коммуналдық меншікке берілетін мүлкі бойынша сыйға тарту шартын жасасу туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.
Мүлікті болашақта сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттік меншікке қабылдау туралы шешім осы Қағидалардың 3-тарауында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып қабылданады.
12. Мүлікті бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Ақша мен бағалы қағаздар бағалаушыны тартпай, номиналы бойынша бағаланады.
13. Меншік иесі мүліктің құнын теңгерімнен үзінді көшірмемен немесе Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы жасайтын бағалау туралы есеппен растайды.
14. Осы Қағидалардың 11 және 23-тармақтарында көзделген шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік жиырма күннен аспайтын мерзімде мемлекеттік меншікке берілетін мүліктің меншік иесі мен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не оның аумақтық бөлімшесі немесе жергілікті атқарушы органдар арасында сыйға тарту шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес электрондық форматта тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдаланыла отырып жасалады.
Сыйға тарту шарты қазақ және орыс тілдерінде жасалады.
15. Сыйға тарту шартында белгіленген мерзімде мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдау кезінде тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдаланыла отырып, мүлікті қабылдап алу-беру актісі (беру актісі) ресімделеді.
16. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңнамаға сәйкес жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көрсетiлген жағдайлардан басқа, жылжымалы мүлiкке құқықтарды тiркеу талап етiлмейдi.
17. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мемлекет сыйға тарту шарты бойынша құқықтарына ие болған мүлік туралы мәліметтерді мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізіп, есепке алады.
18. Бағалы қағаздар нарығының объектілерін беру және тіркеу осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген шешім қабылданғаннан кейін не меншік иесінің болашақта мүлік құқықтарын мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартында белгіленген күн басталғаннан кейін бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамаға сәйкес жүргізіледі.
19. Ақша түріндегі мүлік бюджеттің кірісіне немесе Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес Арнаулы мемлекеттік қорға есепке жатқызылады. Шетел валютасы осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген шешім қабылданған күні айқындалған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми валюта айырбастау бағамы бойынша не меншік иесінің болашақта мүлік құқықтарын мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартында белгіленген беру күніне Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес тиісті бюджеттің кірісіне немесе Арнаулы мемлекеттік қорға есепке жатқызылады.
Меншік иесі осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік жиырма күн ішінде бюджетке салықтық емес түсімдер болып табылатын көрсетілген ақшалай қаражатты тиісті бюджетке аударуды "Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 151 бұйрығымен бекітілген Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың тиісті кодтарына жүргізеді. Меншік иесінің болашақта мүлік құқықтарын мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шарты бойынша ақшалай қаражатты аудару сыйға тарту шартында белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.
20. Жер учаскелерін сыйға тарту шартының негізінде жеке меншіктен мемлекеттік меншікке беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген ерекшеліктер ескеріліп жүргізіледі.
21. Мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік мүлік құрамына жалпы пайдалы мақсаттарда (қайырмалдық) беру Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 516-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
22. Мемлекеттік органдар мемлекеттің сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие болу қажеттігі туралы қорытындыларды ұсынбаған не мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдау экономикалық тұрғыдан орынды болмаған жағдайда мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мүліктің меншік иесіне тізілімнің веб-порталы арқылы мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдаудан бас тарту жібереді.
3-тарау. Мүлік құқықтарын болашақта сыйға тарту шарты бойынша мемлекетке беру тәртібінің ерекшеліктері
23. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган орынды болған жағдайда акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін қоспағанда, меншік иесінің мүлік құқықтарын болашақта республикалық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартын жасасу туралы шешім қабылдайды.
Меншік иесінің мүлік құқықтарын болашақта республикалық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шарты бойынша акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне ие болу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Меншік иесінің мүлік құқықтарын болашақта коммуналдық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартын жасасу туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.
24. Меншік иесінің мүлік құқықтарын болашақта мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шарты осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес жасалады.
Меншік иесінің мүлік құқықтарын болашақта мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартында мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не оның аумақтық бөлімшесінің немесе жергілікті атқарушы органның сый мемлекетке берілгенге дейін кез келген уақытта одан бас тарту құқығы көрсетіледі.
25. Меншік иесінің мүлік құқықтарын болашақта мемлекеттік меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шартында белгіленген меншік иесінің мүлік құқықтарын мемлекетке іс жүзінде берген күнге дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар тізілімнің веб-порталы арқылы мүліктің меншік иесінен мүліктің құны және үшінші тұлғалардың мүлікке құқықтарының жоқ екендігі туралы мәліметтерді сұратады.
26. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мүліктің құны және үшінші тұлғалардың мүлікке құқықтарының жоқ екендігі туралы мәліметтерді алған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде оларды мемлекеттің аталған мүлік құқықтарына ие болу қажеттігі туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растау үшін тізілімнің веб-порталы арқылы мемлекеттік органға жібереді.
27. Мемлекеттік орган мүліктің құны және үшінші тұлғалардың мүлікке құқықтарының жоқ екендігі туралы мәліметтерді алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде тізілімнің веб-порталы арқылы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға немесе жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттің мүлік құқықтарына ие болу қажеттігі туралы бұрын ұсынылған қорытындыға растауды жібереді.
28. Мемлекеттік органнан мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдаудың қажеттігі туралы бұрын ұсынылған қорытындыға растауды алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдаланыла отырып, мүлікті қабылдап алу-беру актісі (беру актісі) ресімделеді.
Мемлекеттік орган мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдаудың қажеттігі туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растамаған жағдайда мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не оның аумақтық бөлімшесі немесе жергілікті атқарушы орган сыйдан бас тартады және тізілімнің веб-порталында бас тартуды ресімдейді. Егер сыйға тарту шарты тіркелген болса, сыйды қабылдаудан бас тарту да мемлекеттік тіркелуге тиіс.
Егер меншік иесінің мүлік құқықтарын болашақта республикалық меншікке өтеусіз беру уәдесін қамтитын сыйға тарту шарты Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жасалса, мүлікті республикалық меншікке қабылдаудың қажеттігі туралы бұрын ұсынылған қорытындыны растамаған мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімінің күші жойылды деп тану жөніндегі шаралар қабылдайды.