"Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 25 тамыздағы № 678 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларында:

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Егер Қазақстан Республикасында болу кезеңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік отыз күннен аспаса, Аустралия Одағының, Америка Құрама Штаттарының, Аустрия Республикасының, Бахрейн Корольдігінің, Бельгия Корольдігінің, Болгария Республикасының, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Ватикан Қасиетті Тағының, Вьетнам Социалистік Республикасының, Германия Федеративтік Республикасының, Грек Республикасының, Дания Корольдігінің, Жаңа Зеландияның, Жапонияның, Израиль Мемлекетінің, Ирландия Республикасының, Исландия Республикасының, Испания Корольдігінің, Индонезия Республикасының, Италия Республикасының, Канаданың, Қатар Мемлекетінің, Кипр Республикасының, Колумбия Республикасының, Корея Республикасының, Кувейт Мемлекетінің, Латвия Республикасының, Литва Республикасының, Лихтенштейн Князьдігінің, Люксембург Ұлы Герцогтігінің, Мажарстанның, Малайзияның, Мальта Республикасының, Мексика Құрама Штаттарының, Монако Князьдігінің, Нидерланд Корольдігінің, Норвегия Корольдігінің, Оман Сұлтандығының, Польша Республикасының, Португалия Республикасының, Румынияның, Сауд Арабиясы Корольдігінің, Сингапур Республикасының, Словак Республикасының, Словения Республикасының, Таиланд Корольдігінің, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің, Филиппиндер Республикасының, Финляндия Республикасының, Француз Республикасының, Хорватия Республикасының, Чех Республикасының, Чили Республикасының, Швейцария Конфедерациясының, Швеция Корольдігінің және Эстония Республикасының азаматтары күнтізбелік жүз сексен күннен тұратын әр кезең ішінде жиынтығында күнтізбелік тоқсан күн визасыз Қазақстан Республикасына келеді және Қазақстан Республикасынан кетеді.

      Егер Қазақстан Республикасында болу кезеңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік он төрт күннен аспаса, Иран Ислам Республикасының және Үндістан Республикасының азаматтары, күнтізбелік жүз сексен күннен тұратын әр кезең ішінде жиынтығында күнтізбелік қырық екі күн визасыз Қазақстан Республикасына келеді және Қазақстан Республикасынан кетеді.

      Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген, сапарларының ұзақтығы осы тармақтың екінші бөлігінде көзделгенге сәйкес келмейтін көшіп келушілер Қазақстан Республикасының аумағына кірер алдында тиісті виза алуға өтініш беруге тиіс.

      Егер Қазақстан Республикасында болу кезеңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік тоқсан күннен аспаса, Түркия Республикасының азаматтары күнтізбелік жүз сексен күннен тұратын әр кезең ішінде визасыз Қазақстан Республикасына келеді және Қазақстан Республикасынан кетеді.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов