Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 865 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі туралы ережеде:
мынадай мазмұндағы 9-1), 9-2), 9-3) және 9-4) тармақшалармен толықтырылсын:
"9-1) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша зерттеулердің және консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
9-2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
9-3) мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірістің бөлігін бюджетке толық және уақтылы аударуын бақылауды жүзеге асырады;
9-4) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 40-бабында белгіленген мониторинг нәтижелерін жариялауды қамтамасыз етеді;";
мынадай мазмұндағы 12-2) тармақшамен толықтырылсын:
"12-2) цифрлық трансформациялауды жүргізеді;";
68) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"68) өткізуден түскен ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуі бойынша ақылы қызмет түрлерін жүзеге асыру, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түскен, өз иелігінде қалатын ақшаны пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";
116) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"116) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдар бекітетін туристерді тасымалдау жөніндегі туристік қызметтер көрсету қағидаларын қоспағанда, туристік қызметтер көрсету қағидаларын бекітеді;";
139) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"139) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерекше мәртебеге ие облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарына күтіп-ұсталуы кезіндегі шығындардың бір бөлігі өтелетін санитариялық-гигиеналық тораптар тізбесін келіседі;";
мынадай мазмұндағы 184-1) 184-2) және 184-3) тармақшаларымен толықтырылсын:
"184-1) реттелетін қызмет салаларындағы ұйымдардың еңбек жөніндегі үлгілік нормалары мен нормативтерін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен онымен келісу бойынша бекітеді;
184-2) реттелетін қызмет салаларындағы азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекітеді;
184-3) реттелетін қызмет салаларындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді;";
мынадай мазмұндағы 185-7), 185-8), 185-9), 185-10), 185-11), 185-12), 185-13) 185-14), 185-15), 185-16), 185-17) және 185-18) тармақшалармен толықтырылсын:
"185-7) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкiлеттi органға жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру көлемдерi жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
185-8) реттелетін қызмет салаларындағы ұйымдардың жұмылдыру дайындығын жоспарлайды, ұйымдастырады және оған басшылық етеді, Қазақстан Республикасындағы жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру қағидаларында белгіленген тәртіппен жұмылдыру тапсырыстары бар ұйымдардың жұмылдыру әзірлігін бағалауды жүргізеді;
185-9) ұйымдармен жұмылдыру тапсырыстарын орындауға арналған шарттар жасасады, жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұмылдыру тапсырыстары бар ұйымдар банкрот болған, қайта ұйымдастырылған, таратылған, олардың жұмыс бейіні өзгертілген кезде белгіленген жұмылдыру тапсырыстарын алып тастау және басқаға беру туралы ұсыныстар енгізеді;
185-10) әскери міндеттілерді бекітіп қою бойынша жұмысты ұйымдастырады және жүргізеді;
185-11) жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласында Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң орындалуын қамтамасыз етедi;
185-12) жұмылдыру жоспарларын әзірлейді, жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органмен келіседі және бекітеді;
185-13) Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарымен өзара iс-қимыл жасай отырып, жұмылдыру жоспарларын орындауға дайындық жөнiндегi шараларды жүргiзедi;
185-14) жұмылдыру тапсырыстарын белгілеу үшін ұйымдардың өндірістік, қаржылық, қоймалық мүмкіндіктері туралы ақпаратты жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға береді;
185-15) Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдарымен өзара iс-қимыл жасай отырып, ұйымдарды соғыс жағдайы режимiне көшiру жөнiндегi шаралар кешенiн жүргiзудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
185-16) реттелетін қызмет салаларындағы жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
185-17) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың мүдделеріне сай міндеттерді орындау үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы экономикасының іркіліссіз жұмыс істеуін және халқының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін реттелетін қызмет салаларындағы арнайы құралымдарды ұйымдастырады және олардың қызметін қамтамасыз етеді;
185-18) реттелетін қызмет салаларындағы көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды жүзеге асырады;".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |