Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және "Болашақ" халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларында:
4-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) академиялық оқуға өз бетінше түскен немесе тізімге қосылған шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында оқитын бакалавр, магистр, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алуға, резидентурада оқуға үміткерлер;";
7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"7. "Болашақ" стипендиясы тағылымдамадан өту, әрбір дәреже (бакалавр, магистр, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) алу, резидентурада оқу үшін бір рет тағайындалады, ал бұған дейін тағайындалған стипендияны пайдаланбаған және олардың әкімші алдында берешегінің болмауы шартымен оқуға немесе тағылымдамаға кіріспеген адамдарға "Болашақ" стипендиясын тағайындау үшін конкурстық іріктеуге қатысуға қайтадан бір мәрте мүмкіндік қайта беріледі.
8. Конкурстық іріктеуге қатысуға бакалавр дәрежесін алу үшін орта білім туралы құжаты, жоғары білімі не бакалавр дәрежесі бар және осы Қағидалардың шарттары мен талаптарына сәйкес құжаттар тапсырған, тіл оқыту курсында оқуға, академиялық оқуға/тағылымдамаға және кейіннен жұмыспен өтеуге кететін жиынтық мерзімді ескергенде, құжаттар тапсырған кезде заңнамада жалпы белгіленген зейнеткерлік жас шегінен шықпайтын Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі.
Үміткерлер үшін мемлекеттік тілді меңгерудің қажетті ең төмен деңгейін жұмыс органы бекітеді. Үміткерлер үшін шет тілін білудің қажетті ең төмен деңгейін жұмыс органы шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік әріптестердің талаптарын ескере отырып айқындайды және бекітеді.
"Болашақ" стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша шарттық міндеттемелерді орындамаған адамдар, ғылыми тағылымдамадан өту шеңберінде тағылымдамадан өткен және жұмыспен өтеу бойынша шарттық міндеттемелерді орындамаған адамдар, сондай-ақ әкімші алдында оқуға/тағылымдамадан өтуге жұмсалған бюджет қаражатын қайтаруға байланысты берешегі бар адамдар "Болашақ" стипендиясын тағайындау үшін конкурстық іріктеуге қатысуға жіберілмейді.";
мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:
"9-1. "Болашақ" стипендиясын тағайындау үшін үміткерлердің бакалавр дәрежесін алуға конкурстық іріктеуге қатысуының шарттары:
1) тізімге енгізілген жетекші шетелдік жоғары оқу орнына академиялық оқуға сөзсіз қабылдануы (қаржылық талаптарды қоспағанда).
Тізімге қосылған шетелдік жетекші жоғары оқу орны, сондай-ақ шетелдік және/немесе қазақстандық өзге ұйымдар бакалавр дәрежесін беруге арналған академиялық бүкіл оқу кезеңіне академиялық оқу ақысын қамтитын шығыстарды толық өтей отырып бакалавр дәрежесін беруге өтеусіз негізде академиялық оқуға сөзсіз шақыртқан (қабылдаған) үміткердің конкурстық іріктеуге қатысуына жол беріледі;
2) белгіленген ең төмен талаптарға сәйкес мемлекеттік тілді білуі деңгейі;
3) өздері таңдаған мамандық олимпиаданың немесе конкурстың пәніне сәйкес келген жағдайда соңғы 3 (үш) жылда алған, тізбесін Республикалық комиссия айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының және орындаушылардың халықаралық конкурстарының бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломның болуы;
4) осы Қағидалардың ережелерімен танысқаны туралы растама болып табылады.";
мынадай мазмұндағы 10-1-тармақпен толықтырылсын:
"10-1. Үміткерлер бакалавр дәрежесін алуға конкурстық іріктеуге қатысу үшін әкімшіге портал арқылы мынадай құжаттарды:
1) толтырылған сауалнаманы;
2) қосымшасымен бірге жалпы орта білім немесе техникалық және кәсіптік білім немесе орта білімнен кейінгі білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттың электрондық көшірмесін;
3) өздері таңдаған мамандық олимпиаданың немесе конкурстың пәніне сәйкес келген жағдайда соңғы 3 (үш) жылда алған, тізбесін Республикалық комиссия айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының және орындаушылардың халықаралық конкурстарының бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломның электрондық көшірмесін;
4) белгіленген ең төмен талаптарға сәйкес келетін нәтижемен бірге қазақ тілінен емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификаттың электрондық көшірмесін;
5) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша медициналық анықтаманың (шетелге шығатындар үшін) электрондық көшірмесін;
6) оқу бағдарламасы, мамандығы, оқу кезеңі көрсетілген, мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариат куәландырған аудармасы бар, академиялық оқуға сөзсіз қабылданғанын растайтын құжаттардың (қаржылық талаптарды қоспағанда) электрондық көшірмелерін;
7) шетелге оқуға жіберілетін үміткердің заңды өкiлінің (ата-аналар (ата-ана), бала асырап алушылар, қорғаншы немесе қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-ана (ата-аналар), патронат тәрбиешi және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын олардың орнындағы басқа да адамдар) нотариаттық келісімінің электрондық көшірмесін (18 жасқа толмаған тұлғалар үшін);
8) тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орны, сондай-ақ өзге де шетелдік және/немесе қазақстандық ұйымдар академиялық оқудың бүкіл кезеңі үшін академиялық оқу ақысын қамтитын шығыстарды толық өтей отырып ұсынатын, бар болса, мемлекеттік немесе орыс тілдеріне нотариат куәландырған аудармалармен бірге үміткердің академиялық оқуға өтеусіз негізде қабылданғанын растайтын құжаттардың электрондық көшірмелерін;
9) уәждемелік хаттың электрондық көшірмесін ұсынады.";
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"25. "Болашақ" стипендиясы шеңберінде алған мамандық бойынша үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асырудың осы Қағидалардың 24-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген мерзімі конкурстық іріктеу жеңімпазының шартта көзделген оқу үлгерімін сөзсіз қамтамасыз етуі және тізімге қосылған шетелдік жетекші жоғары оқу орнының, сондай-ақ шетелдік және/немесе қазақстандық өзге ұйымдардың өтеусіз оқытуы шеңберінде бакалавр, магистр, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін алып, резидентурада оқып, академиялық оқудың толық кезеңін аяқтауы шартымен күнтізбелік бір жылға қысқартылады.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |