"Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысына толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 3 сәуірдегі № 252 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысына мынадай толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ережеде:

      15-тармақ мынадай мазмұндағы 37-2), 37-3) және 37-4) тармақшалармен толықтырылсын:

      "37-2) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі қызметінің жекелеген түрлерін жүзеге асыру шарттарын келісу;

      37-3) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ резервтер қалыптастыру және олар бойынша актуарлық есеп-қисаптар жүргізу қағидаларын келісу;

      37-4) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігі бар Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің мемлекет кепілдік берген экспортты қолдау жөніндегі міндеттемесіне және қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу қағидаларын келісу;".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов