"Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 859 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-1-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін айқындайды.";

      2-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) қызметтік тұрғын үй – мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан берілетін және өздерінің еңбек қатынастарының сипатына байланысты міндеттерін орындау кезеңінде, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерді ротациялау жүзеге асырылған кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын қоныстандыруға арналған айрықша құқықтық режимі бар тұрғын үй;";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері мен судьялар мемлекеттік қызметте, бюджеттік ұйымдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда немесе судья лауазымында (мемлекеттік сайланбалы қызметте болу мерзімін қоса алғанда) кемінде он жыл (жиынтығында) жұмыс істесе, сондай-ақ егер еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша:

      1) ұйымның таратылуы, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқартылуы;

      2) одан әрі жұмыс істеуге кедергі келтіретін сырқатына байланысты;

      3) зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатылса, жұмыс істеген мерзіміне қарамастан, өздері тұратын қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.

      Қызметтік тұрғын жай берілген жұмыскер қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс істеген мерзіміне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.

      Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы ретінде қызметтік тұрғын үйлер берілген Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастар, егер олар қызметтік тұрғын үйде кемінде бес жыл тұрған болса, өздері тұратын қызметтік тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.

      2013 жылғы 1 қаңтарға дейін күнтізбемен есептегенде он және одан да көп жыл әскери қызметте болған әскери қызметшілер мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген қызметтік тұрғын үйді осы Қағидаларда көзделген шарттарда және тәртіппен (жабық және оқшауландырылған әскери қалашықтарда, шекара бөлімшелерінде және өзге де жабық объектілерде орналасқан тұрғын үйлерді қоспағанда) жекешелендіруге құқылы.

      2013 жылғы 1 қаңтарға дейін күнтізбемен есептегенде он бес және одан да көп жыл әскери қызметте болған әскери қызметшілер күнтізбемен есептегенде әскери қызметтің жиырма жылы өткеннен кейін қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіруге құқылы.";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Жекешелендіру туралы шешім шығарылғаннан кейін тұрғын үйді мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан коммуналдық меншікке беруі "Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 85 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32641 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидаларына (бұдан әрі – Беру қағидалары) сәйкес шешім шығарылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жүзеге асырылады.

      Жекешелендіру туралы шешім шығарылғаннан кейін коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын мен коммуналдық мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан коммуналдық тұрғын үй қорына тұрғын үйді беру он бес күн күнтізбелік ішінде жүргізіледі.".

      2. Осы қаулы ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов