"Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 210 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 27 шiлдедегi № 615 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 210 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидаларында:

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Қор "Мемлекеттік органдарға қажетті есептілікті Ұлттық әл-ауқат қорының интернет-ресурсына орналастыру қағидаларын, сондай-ақ есептіліктің тізбесін, нысандарын және орналастыру кезеңділігін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 87 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32612 болып тіркелген) бекітілген 1-нысанға сәйкес алдағы бесжылдық кезеңге арналған қарыз тарту жоспары көрсетілген қарыздар бойынша ақпаратты тоқсан сайынғы негізде есепті айдан кейін 25-і күніне дейін қордың интернет-ресурсына орналастырады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов