Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымындағы кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 11 шiлдедегi № 549 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 132-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 қазандағы № 1142 қаулысы;

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 27 қыркүйектегі № 757 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 2-тармағы.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 11 шілдедегі
№ 549 қаулысымен
бекітілген

Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымындағы кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидаларын бекіту туралы 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымындағы кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 132-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 14-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында ерекше тәрбиелеу, оқыту жағдайларын қажет ететін және арнаулы педагогикалық тәсілді талап ететін он бір жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібін белгілейді.

      2. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымы арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъект болып табылады.

      3. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынуға байланысты шығындар жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтеледі.

2-тарау. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібі

      4. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына кәмелетке толмағандарды қабылдау күнтізбелік жыл бойы жүзеге асырылады.

      5. "Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымы қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29329 болып тіркелген) бекітілген тізбеге сәйкес құжаттар қоса берілген сот шешімі кәмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберу үшін негіз болып табылады.

      6. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына кәмелетке толмаған баланы қабылдаған кезде білім беру ұйымының директоры оны қабылдау туралы бұйрық шығарады.

      7. Медицина жұмыскері кәмелетке толмаған баланың денсаулық жағдайы туралы құжаттарды зерделейді, оны алғашқы медициналық қарап-тексеруден, санитариялық-гигиеналық рәсімдерден өткізеді және әлеуметтік-медициналық көрсететін қызметтердің көлемі мен түрлерін айқындайды.

      8. Әлеуметтік педагог кәмелетке толмаған баланың ұсынылған құжаттарын зерделеу қорытындысы бойынша оның жеке ісін қалыптастырады, әлеуметтік мәртебесін, сондай-ақ әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық көрсетілетін қызметтердің көлемі мен түрлерін айқындайды.

      9. Педагог-психолог ұйымға қабылданған кезінен бастап бір жұмыс күні ішінде кәмелетке толмаған балаға психологиялық диагностика жүргізеді, түзету-дамыту жұмысының бағытын айқындайды және педагогтер мен тәрбиешілерге әлеуметтік-психологиялық көрсетілетін қызметтер жөнінде ұсынымдар шығарады.

      10. Директордың құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасары әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсету шеңберінде кәмелетке толмаған баланы күн тәртібімен таныстырады, профилактикалық әңгімелесу жүргізеді және оны жасы мен оқыту тіліне сәйкес келетін топқа бөледі.

      11. Кәмелетке толмаған балаларға көрсетілетін әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени қызметтерді ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымының педагогтері мен персоналы олардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып қамтамасыз етеді.

      12. Директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті бағалау қорытындысы бойынша орындау мерзімдері мен жауапты тұлғаларды көрсетіп, кәмелетке толмаған әр балаға профилактикалық жеке жұмыс жоспарын жасайды.

      13. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің сапасын қамтамасыз етуді бақылау ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымының директорына жүктеледі.

      14. Ұсынылатын арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлеміне қойылатын талаптар "Білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 165 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №32760 болып тіркелген) сәйкес белгіленеді.