Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есепке жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 525 қаулысы.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 11-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есепке жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 30 маусымдағы
№ 525 қаулысымен
бекітілген

Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есепке жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есепке жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 11-бабының 6) тармақшасына сәйкес әзірленді және міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есепке жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі – БЖЗҚ) аудару және олар бойынша өндіріп алу тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.

      2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – БЖЗҚ) – зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметті, сондай-ақ Әлеуметтік кодексте айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2-1) интернет-платформаның операторы (бұдан әрі – оператор) –интернет-платформада тіркелген орындаушылар мен тапсырыс берушілер арасында қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау бойынша байланыстар орнату және мәмілелер жасасу үшін ақпараттық технологиялар мен жүйелерді қолдана отырып, техникалық, ұйымдастырушылық (оның ішінде жұмыстарды немесе қызметтерді көрсету үшін үшінші тұлғаларды тарта отырып көрсетілетін қызметтерді), ақпараттық және өзге де мүмкіндіктерді ұсыну жөніндегі қызметтерді интернет-платформаны пайдалана отырып көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

      3) міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент (бұдан әрі – агент) – Қазақстан Республикасындағы қызметін шетелдік заңды тұлғалардың тұрақты мекемесі, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаны қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептейтін, ұстап қалатын (есепке жазатын) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударатын жеке немесе заңды тұлға.

      Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған салық агенттері (бұдан әрі – салық агенттері) жұмыстарды орындауды (қызметтер көрсетуді) көздейтін азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент ретінде қарастырылады.

      Әлеуметтік кодекстің 243-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агент ретінде оператор қарастырылады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 27.03.2024 № 228 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.11.2024 № 945 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      3. Заңды тұлғалар, жеке практикамен айналысатын тұлғалар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер өздерінің орналасқан (тұратын) жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарында агент ретінде есепке алынуға тиіс.

      4. Агенттер жұмыскерлерге төленетін кірістерден, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипатта шарт жасасқан жеке тұлғалардың кірісінен ай сайын міндетті зейнетақы жарналарын есептеп, ұстап қалады және оларды БЖЗҚ-ға аударады.

      Кәсіптері еңбек жағдайлары зиянды өндірістердің, жұмыстардың, ондағы жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген, пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары өз қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын агенттер жұмыскердің кірісінен ай сайын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке жазады және БЖЗҚ-ға аударады.

      Жеке практикамен айналысатын тұлғалар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер міндетті зейнетақы жарналарын салық кезеңінің әрбір айы үшін есептейді және оларды өзінің пайдасына БЖЗҚ-ға аударады.

      Шаруа немесе фермер қожалықтары міндетті зейнетақы жарналарын салық кезеңінің әрбір айы үшін есептейді және оларды шаруа немесе фермер қожалығының кәмелетке толған мүшесінің (қатысушысының) және басшысының пайдасына БЖЗҚ-ға аударады. Шаруа немесе фермер қожалығының кәмелетке толған мүшелерінің (қатысушыларының) пайдасына міндетті зейнетақы жарналары олар кәмелетке толған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың басынан есептелуге және төленуге тиіс.

      Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттіліктен айырылу және (немесе) жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларына берілетін әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарналарын, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен субсидияланатын міндетті зейнетақы жарналарын ай сайын есептеуді және ұстап қалуды Мемлекеттік корпорация міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне (бұдан әрі – жеке тұлғалардың бірыңғай тізімі) сәйкес жүзеге асырады.

      Әлеуметтік кодекстің 248-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген азаматтар үшін міндетті зейнетақы жарналары алынатын кірістің 10 пайызы мөлшерінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 50 еселенген мөлшерінің 10 пайызынан жоғары болмайтын мөлшерде кейіннен БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына аудару үшін қолма-қол ақшамен жарна салу арқылы банктерге және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға төленуге тиіс.

      Агенттер, егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар тұлғалардың кірістерінен салымшының ай сайын БЖЗҚ-ға аударылатын міндетті зейнетақы жарналарын осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес өтініш бойынша есептейді және ұстап қалады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Заңды тұлға – агенттер ұстап қалған және аударылған міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, оның ішінде қате төлемдерді қайтару туралы мәліметтерді электрондық немесе қағаз жеткізгіштерде заңнамада белгіленген тәртіппен сақтайды.

      Заңды тұлға – агент таратылған кезде міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын ұстап қалу және аудару туралы құжаттар агенттің орналасқан жеріндегі мемлекеттік архивке беріледі.

2-тарау. Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есепке жазу) тәртібі мен мерзімдері

      6. БЖЗҚ-ға төленуге жататын міндетті зейнетақы жарналары осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген мерзімде Әлеуметтік кодекстің 102-1-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, міндетті зейнетақы жарналарын есептеу объектісіне Әлеуметтік кодекстің 249-бабында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы есептеледі.

      Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын ең жоғары жиынтық жылдық кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының елу еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

      Мыналар міндетті зейнетақы жарналарын есептеу объектілері болып табылады:

      1) заңды тұлғалар үшін – жалдамалы жұмыскерлердің, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар жасалған жеке тұлғалардың, ақы төленетін өзге жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген) тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының елу еселенген мөлшерінен аспайтын ай сайынғы кірісі;

      2) жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын жеке практикамен айналысатын тұлғалар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер үшін – жалдамалы жұмыскердің және ақы төленетін өзге жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген) тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының елу еселенген мөлшерінен аспайтын ай сайынғы кірісі;

      3) жеке практикамен айналысатын тұлғалар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер үшін – алатын кірісі.

      Бұл ретте жеке практикамен айналысатын тұлғалар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер үшін міндетті зейнетақы жарналарын есептеу мақсаттары үшін алынатын кіріс Әлеуметтік кодекстің 249-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мөлшер шегінде, бірақ "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі – Салық кодексі) сәйкес салық салу мақсаттары үшін айқындалатын кірісінен аспайтын, өздері дербес айқындайтын сома болып табылады.

      Кірісі болмаған жағдайда жеке практикамен айналысатын тұлғалар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер БЖЗҚ-ға өзінің пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен 10 пайыз есебінен төлеуге құқылы;

      4) Мемлекеттік корпорация үшін – еңбекке қабілеттіліктен айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырып алуға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер;

      5) Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінде жұмыс істейтін дипломатиялық қызмет персоналы бөлігінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі үшін:

      дипломатиялық қызмет қызметкерлері – белгіленген ақшалай төлемдермен еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес бөлу негізінде айлықақының 100 пайыз мөлшері;

      дипломатиялық қызмет жұмыскерлері – Министрліктің дипломатиялық қызмет персоналына теңестірілген лауазымы бойынша белгіленген ақшалай төлемдермен еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес бөлу негізінде айлықақының 100 пайыз мөлшері;

      6) сақтандыру ұйымы үшін – жалақысынан (кірісінен) айырылуына байланысты залалды өтеу ретіндегі сақтандыру төлемі;

      7) салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар үшін – жұмыстарды орындауды (қызметтер көрсетуді) көздейтін азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша алған кірісі;

      8) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 08.11.2024 № 945 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9) Салық кодексінің 89-1-тарауында көрсетілген бірыңғай төлем төлеушілер үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі міндетті зейнетақы жарналарының үлесі:

      2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 50,0 пайызды;

      2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 46,5 пайызды;

      2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 42,0 пайызды;

      2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 40,3 пайызды;

      2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 38,8 пайызды;

      2028 жылғы 1 қаңтардан бастап 38,0 пайызды құрайды.

      Бұл ретте салық салу объектісіне қолданылатын бірыңғай төлем мөлшерлемесі:

      2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 20,0 пайызды;

      2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 21,5 пайызды;

      2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 23,8 пайызды;

      2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 24,8 пайызды;

      2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 25,8 пайызды;

      2028 жылғы 1 қаңтардан бастап 26,3 пайызды құрайды.

      10) арнаулы мобильдік қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер болып табылатын орындаушылар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асыратын операторлар үшін – орындаушылар алған кіріс немесе Әлеуметтік кодекстің 249-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында айқындалған тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын кіріс.

      Міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын кіріс деп міндетті зейнетақы жарналары төленбейтін, бірақ Салық кодексіне сәйкес салық салу мақсаттары үшін айқындалатын кірістен аспайтын кірістерді қоспағанда, дара кәсіпкер алатын, әлеуметтік аударымдарды төлеу үшін өзі дербес айқындайтын кіріс түсініледі.

      Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын кіріс айына республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.11.2024 № 945 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      7. БЖЗҚ-ға аударылатын міндетті зейнетақы жарналары:

      1) Салық кодексінің 319-бабы 2-тармағының 31) тармақшасының тоғызыншы абзацында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда, 319-бабының 2-тармағында көрсетілген;

      2) Салық кодексінің 329-бабында, 330-бабының 1-тармағында көрсетілген;

      3) Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағының 12), 26), 27) және 50) тармақшаларында, сондай-ақ 341-бабының 1-тармағының 42) және 43) тармақшаларында (жоғалтылған жалақы (кіріс) бөлігінде) белгіленгендерден басқа, Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістер мен төлемдерден ұсталмайды (бұл ретте БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағы 17) тармақшасының алтыншы абзацында көзделген кірістерден ұсталмайды);

      4) мүгедектігі бар тұлғалар және Салық кодексінің 346-бабының 1-тармағы 2) тармақшасында көрсетілген өзге де тұлғалар заттай нысанда немесе материалдық пайда түрінде алған кірістер мен төлемдерден ұсталмайды.

      Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағының 26) тармақшасында көрсетілген әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары Әлеуметтік кодекстің 76-бабының 1-тармағына, 117-бабының 1-тармағына және 174-бабының 3-тармағына сәйкес осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген мерзімде ұсталады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. БЖЗҚ-ға төленуге жататын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке жазуды агенттер Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 24 мамырдағы № 170 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32568 болып тіркелген) бекітілген кәсіптері өндірістердің, жұмыстардың, жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің пайдасына меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырады және ол Әлеуметтік кодекстің 250-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы есептеледі.

3-тарау. Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын БЖЗҚ-ға аудару

      9. Егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше көзделмесе, агент міндетті зейнетақы жарналарын аударуды қолма-қол ақшасыз төлемдер арқылы жүргізеді.

      Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда (бұдан әрі – банктер) шоттары жоқ жеке практикамен айналысатын тұлғалар, дара кәсіпкерлер, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар осы Қағидалардың 9-тармағында айқындалған тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарын кейіннен БЖЗҚ-ға аудару үшін оларды банкке қолма-қол ақшамен енгізеді.

      Міндетті зейнетақы жарналарын қолма-қол ақшамен не қолма-қол емес тәсілмен төлеу банктер арқылы "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      10. Ұсталған (есепке жазылған) міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын Мемлекеттік корпорацияға:

      1) дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар (осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген тұлғалардан басқа), жеке практикамен айналысатын тұлғалар жұмыскерлерге төлеген кірісінен және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасқан жеке тұлғалар кіріс төленген айдан кейінгі айдың 25-і күнінен кешіктірмей;

      2) дара кәсіпкерлер (осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген дара кәсіпкерлерден басқа), шаруа немесе фермер қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар өз пайдасына есепті айдан кейінгі айдың 25-і күнінен кешіктірмей;

      3) патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер Қазақстан Республикасының салық заңнамасында патент құнын төлеу үшін көзделген мерзімде;

      4) Мемлекеттік корпорация әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылатын айдан кейінгі айдың 15-і күнінен кешіктірмей;

      5) сақтандыру ұйымы жалақысынан (кірісінен) айырылу жағдайына байланысты залалды өтеу ретінде сақтандыру төлемі жүзеге асырылған айдан кейінгі айдың 25-і күнінен кешіктірмей;

      6) егер Салық кодексінде өзгеше көзделмесе, Әлеуметтік кодекстің 248-бабының 4-тармағында көрсетілген тұлғалар кіріс төленетін айдан кейінгі айдың 25-і күнінен кешіктірмей;

      7) арнаулы мобильдік қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер болып табылатын орындаушылар үшін Оператор кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей аударады.

      Әлеуметтік кодекстің 248-бабының 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген жағдайда міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кіріс алған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей Мемлекеттік корпорацияға аударылады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.11.2024 № 945 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Міндетті зейнетақы жарналары, оның ішінде берешек Мемлекеттік корпорацияға аударылады, ол міндетті зейнетақы жарналарын БЖЗҚ-ға жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне сәйкес аударады.

      12. Міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомалары Мемлекеттік корпорацияның шотына түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 208 қаулысымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 107861 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларында (бұдан әрі – Қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру қағидалары) айқындалған тәртіппен төлем жүйелерінің операторы немесе операциялық орталығы бекіткен хабарлар форматтарында электрондық төлем тапсырмаларымен аударылады.

      Мемлекеттік корпорация БЖЗҚ мен Мемлекеттік корпорация арасында жасалған келісімде (бұдан әрі – келісім) белгіленген тәртіппен БЖЗҚ-ға осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген төлем тапсырмаларына сәйкес пайдасына міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылатын жеке тұлғалар жөніндегі ақпаратты жібереді.

      Мемлекеттік корпорация үш жұмыс күні ішінде деректемелерінде қате жіберілген міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлға үшін, сондай-ақ Әлеуметтік кодекстің 248-бабының 3 және 5-тармақтарында көрсетілген бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылған тұлғалар үшін қайтару себебін көрсете отырып, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын агенттің шотына қайтаруды жүзеге асырады.

      Алдыңғы операциялық күні жүргізілген төлемдер (сомасы мен міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың саны) туралы үзінді көшірмені Мемлекеттік корпорация БЖЗҚ-ға күн сайын береді.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) қаулысымен.

      13. Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді агент "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын ескере отырып, Мемлекеттік корпорацияның банктік шотына қолма-қол ақшамен не қолма-қол емес тәсілмен екінші деңгейдегі банктер және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүзеге асырады, бұл ретте жарналарды аудару Қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен, төлем жүйелерінің операторы немесе операциялық орталығы бекіткен хабарлар форматтарында, сондай-ақ төлем құжаттарында Мемлекеттік корпорация деректемелері, пайдасына жарналар аударылатын жеке тұлғалардың деректемелері (жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН), тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жарналар сомалары мен жарналар төленетін кезең ("ААЖЖЖЖ" форматында ай және жыл) көрсетіліп, жиынтық төлем тапсырмасы қалыптастырылып, әрбір ай үшін бөлек жүргізіледі.

      Агенттер міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын уақтылы аудармаған жағдайда аудару осы тармақтың бірінші абзацында белгіленген тәртіппен жиынтық төлем тапсырмасын қалыптастыра отырып, әрбір ай үшін бөлек жүргізіледі.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Жеке практикамен айналысатын тұлғалар, дара кәсіпкерлер, сондай-ақ Әлеуметтік кодекстің 248-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларының бірінші бөлігінде көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары міндетті зейнетақы жарналарының сомаларын өз пайдасына және өз жұмыскерлерінің және жұмыстарды орындауды (қызметтер көрсетуді) көздейтін азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасқан жеке тұлғалардың кірістерінен ұстап қалынған сомаларды аудару (қолма-қол ақшамен енгізу) кезінде төлем құжаттарында Мемлекеттік корпорацияның деректемелерін, осы Қағидалардың 13-тармағында белгіленген тәртіппен өзі, жұмыскерлер және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасқан жеке тұлғалар туралы деректемелер мен мәліметтерді көрсетеді.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      15. Банктер міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомаларын агенттердің банктік шоттарынан осы сомалар есептен шығарылған күні Мемлекеттік корпорацияға аударады.

      Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары қолма-қол ақшамен банктердің кассаларына енгізілген кезде төлем немесе ақшаны аудару бойынша нұсқау сомаларын аудару қолма-қол ақша енгізілген күннен кейінгі операциялық күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Банктер Мемлекеттік корпорацияға ақшаны Қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен электронды түрде жиынтық төлем тапсырмаларымен, төлем жүйелерінің операторы немесе операциялық орталығы бекіткен хабарлар форматтарында аударады.

      Жұмыскерлерінің саны елу адамнан асатын агент осы Қағидалардың 14-тармағының талаптарын орындаудан басқа банкке осы Қағидалардың 13-тармағында белгіленген форматтағы электрондық жеткізгіштерде жиынтық төлем тапсырмасын ұсынады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) қаулысымен.

      16. Әлеуметтік кодекстің 207-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғаның алдында міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек болған жағдайда бұл берешекті агент оның банктік шотына ақша аудару арқылы төлейді.

      16-1. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару кезінде қателер анықталған жағдайда міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың, агенттердің, Мемлекеттік корпорацияның, банктің және БЖЗҚ әрекеттері, сондай-ақ міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын БЖЗҚ-ға уақтылы аудармаған кезде өсімпұл төлеу және берешекті өндіріп алу БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын аударуға арналған тараудың 1 және 2-параграфында көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүргізіледі.

      Ескерту. 3-тарау 16-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-параграф. Міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезінде қателер анықталған жағдайда міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, агенттердің және БЖЗҚ-ның іс-қимылы

      17. Міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы зейнетақы төлемдерін немесе жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарының сомалары туралы мәліметтерді алу кезінде төленген міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсімпұлдың жекелеген сомалары жоқ екенін анықтаған кезде тиісті мәліметтерді алу және жол берілген қателерді түзету шараларын қабылдау үшін агентке қателердің анықталғаны және БЖЗҚ-ға немесе Мемлекеттік корпорацияға міндетті зейнетақы жарналарының (немесе) өсiмпұлдың аударылғаны туралы кез келген уақыттағы төлем құжаттарының көшірмелерін өзіне беру туралы жазбаша өтініш береді және осы салымшы (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жарналар сомасы және кезеңі ("ААЖЖЖЖ" форматында айы мен жылы) бойынша ақпарат қамтылған төлем құжатын қоса береді.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      18. Агент заңнамада белгіленген тәртіппен таратылған және тарату процесі аяқталған жағдайларда міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы агенттің орналасқан жеріндегі мемлекеттік архив мекемелеріне, ал тарату өндірісі барысында тарату комиссиясына жүгінеді, олар оған төлем құжаттарының куәландырылған көшірмелерін ұсынады. Міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы алған төлем құжаттарының көшірмелерін өтінішпен қоса Мемлекеттік корпорацияға жібереді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      19. Міндетті зейнетақы жарналары салымшысының деректемелерінде міндетті зейнетақы жарналарын және (немесе) өсiмпұлды аудару кезінде жіберілген қателер анықталған жағдайда міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы Мемлекеттік корпорацияға қателерді түзету туралы өтінішпен жүгінеді. Міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы өтініш жасаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша агент беретін растау-анықтама немесе міндетті зейнетақы жарналары салымшысының (алушының) деректемелерінде орын алған өзгерістерді растайтын жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі өтінішке қоса беріледі.

      Міндетті зейнетақы жарналары банктік шот пайдаланылмай аударылған кезде растау-анықтаманың орнына қолма-қол ақшаның міндетті зейнетақы жарналарын төлеу есебіне енгізілгенін растайтын түбіртек-хабарламалардың көшірмелері қоса беріледі.

      Мемлекеттік корпорация ұсынылған құжаттардың негізінде міндетті зейнетақы жарналарының есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта және міндетті зейнетақы жарналары салымшысының жеке зейнетақы шотында көрсетілген міндетті зейнетақы жарналары салымшысының деректемелеріне өзгерістер енгізу үшін осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша міндетті зейнетақы жарналары салымшысы өтінішінің электрондық көшірмесімен қоса БЖЗҚ-ға электрондық өтінімді ресімдейді.

      20. Агент міндетті зейнетақы жарналарын және (немесе) өсiмпұлды есептеу, аудару кезінде жіберілген қателерді анықтаған немесе міндетті зейнетақы жарналары салымшысының қателердің анықталғаны туралы жазбаша өтінішін алған жағдайларда қателерді міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсімпұлдың кейінгі аударымдарын реттеу жолымен түзетеді.

      Міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсiмпұлдың кейінгі аударымдарын реттеу жолымен қателерді түзету мүмкін болмаған кезде агент осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қате аударылған міндетті зейнетақы жарналарын және (немесе) өсiмпұлды қайтару туралы өтінішпен Мемлекеттік корпорацияға жүгінеді. Қате аударылған міндетті зейнетақы жарналарын және (немесе) өсiмпұлды қайтару туралы өтінішке осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша міндетті зейнетақы жарналары салымшысының жеке зейнетақы шотынан қате есептелген сомаларды есептен шығаруға келісетіні туралы нотариат куәландырған өтініші қоса беріледі.

      21. Қате есептелген міндетті зейнетақы жарналарын және (немесе) өсiмпұлды қайтаруға берілген өтініште: агенттің атауы мен деректемелері (бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – БСН), ЖСН, банктік сәйкестендіру коды (бұдан әрі – БСК), жеке сәйкестендіру коды (бұдан әрі – ЖСК), қайтару себебі, қателер жіберілген төлем құжаттарының деректемелері (нөмірі, күні мен сомасы), сондай-ақ жеке зейнетақы шотынан қайтару жүргізілетін міндетті зейнетақы жарналары салымшысының деректемелері мен қайтарылуға жататын жеке сомалар көрсетіледі. Өтінішке басшы және бас бухгалтер қол қоюға тиіс. Егер бас бухгалтердің лауазымы көзделмеген болса, қайтаруға берілген өтініште тиісті белгі жасалады.

      22. Қате аударылған міндетті зейнетақы жарналарын және (немесе) өсiмпұлды қайтаруға агенттер мен банктерден алынған құжаттардың негізінде Мемлекеттік корпорация көрсетілген зейнетақы жарналарының түсу фактісін және олар бойынша бұған дейін қайтару жүзеге асырылмағанын тексергеннен кейін бес жұмыс күні ішінде қате есептелген міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсiмпұлдың сомаларын қайтаруға электрондық түрде өтінім қалыптастырады.

      Электрондық түрдегі өтінімде міндетті зейнетақы жарналары салымшысының деректемелері: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ЖСН, міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсімпұлдың қайтарылатын сомалары, қайтару себебі көрсетіледі.

      Электрондық түрдегі өтінім БЖЗҚ мен Мемлекеттік корпорация арасында жасалған келісімге сәйкес БЖЗҚ-ға жіберіледі.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациядан жазылған міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсімпұлдың қате есептелген сомаларын қайтаруға арналған электрондық түрдегі өтінімді алысымен оны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорация өтінімінің нөмірі мен күнін көрсетіп, қате есепке жазылған міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсімпұлдың сомаларын Мемлекеттік корпорацияға қайтаруды жүзеге асырады не Мемлекеттік корпорацияға БЖЗҚ мен Мемлекеттік корпорация арасында жасалған келісімде көрсетілген себептер бойынша қайтарудан бас тарту туралы хабарлама жібереді.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.11.2024 № 945 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      24. Қателер банктің кінәсінан жіберілген жағдайда банк қате аударылған соманы қайтару туралы өтінішпен Мемлекеттік корпорацияға хат жібереді.

      Банктің кінәсінан қате аударылған сомаларды қайтаруға арналған өтініште: атауы, БСН, ЖСК, БСК, қате жіберілген төлем құжаттарының референстері және қайтарудың себебі көрсетіледі. Банктің уәкілетті тұлғалары қол қойған хат пен өтініш осы тұлғалардың қате нұсқауды қайтаруға арналған хаттар мен өтініштерге қол қоюға өкілеттігін растайтын құжаттың көшірмесімен қоса беріледі.

      25. Мемлекеттік корпорацияның облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы филиалдары (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорацияның филиалы) және Мемлекеттік корпорация Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттіліктен айырылу және (немесе) жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларына берілетін әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсімпұлдың сомаларын есептеу, ұстап қалу және аудару кезінде жіберілген қателерді анықтаған жағдайда Мемлекеттік корпорацияның филиалы қате аударылған міндетті зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлды қайтаруға электрондық түрдегі өтінімді Мемлекеттік корпорацияға жібереді.

      26. Қате есептелген міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсімпұлдың сомаларын қайтаруды БЖЗҚ Мемлекеттік корпорацияның электрондық түрдегі өтінімінде көрсетілген міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсімпұлдың БЖЗҚ-ға нақты енгізілген номиналды сомасы бойынша Мемлекеттік корпорацияның банктік шотына жиынтық төлем тапсырмасымен жүргізіп, жеке тұлғалардың деректемелерін көрсетеді.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      27. Әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде қатысу өтіліне қабылданған кезең үшін аударылған міндетті зейнетақы жарналарының сомалары қайтарылуға жатпайды.

      28. БЖЗҚ-да тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлеміне, зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға өтініш болып, ол орындалмаған болса, сондай-ақ жеке табыс салығын төлеу жөніндегі салық міндеттемелерін орындау үшін міндетті зейнетақы жарналары салымшысының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдері кезінде есептелген жеке табыс салығын төлеу бойынша салық міндеттемелерін орындау үшін жеткіліксіз болған кезде міндетті зейнетақы жарналарының сомасы қайтарылмайды.

      Базалық зейнетақы төлемінің сомасын есептеу кезінде ескерілген міндетті зейнетақы жарналарының сомасы қайтарылмайды.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      29. Қате есептелген міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсiмпұлдың сомалары БЖЗҚ-дан түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорация оларды агенттің өтінішінде көрсетілген деректемелерге сәйкес жиынтық төлем тапсырмасымен аударуды жүргізіп, жеке тұлғалардың деректемелерін көрсетеді.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      30. Банк қате аударылған міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсiмпұлдың сомалары Мемлекеттік корпорациядан түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде агентті міндетті зейнетақы жарналарының қайтарылғаны туралы хабардар етеді.

2-параграф. БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары уақтылы аударылмаған кезде өсімпұл төлеу және берешекті өндіріп алу

      31. Кіріс нақты төленген және оны жұмыскер алған жағдайда агент уақтылы ұстап қалмаған (есепке жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының сомаларын мемлекеттік кірістер органдары өндіріп алады немесе агент міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының пайдасына, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленетін жұмыскерлердің пайдасына мерзімі өткен әрбір күн үшін (Мемлекеттік корпорацияға жарналарды төлеу күнін қоса алғанда) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде есептелген өсімпұлмен аударуға тиіс.

      Агенттер міндетті зейнетақы жарналарын БЖЗҚ-ға уақтылы есептейді, ұстап қалады (есепке жазады) және төлейді.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      32. Міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы ұстамағаны (есепке жазбағаны) және аудармағаны үшін өсімпұлды агенттер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының актісімен бекітілетін экономика секторларының кодтарын қолдану және төлемдерді тағайындау тәртібіне сәйкес айқындалатын төлемдерді тағайындау кодтарын көрсете отырып, Мемлекеттік корпорацияның банктік шотына төлейді.

      33. БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы аудармағаны үшін өсімпұл төлеуді агенттер осы Қағидалардың 13-тармағының бірінші абзацында белгіленген тәртіппен жүргізеді.

      Әрбір төлем құжаты, оған қоса берілетін жеке тұлғалардың тізімдері даналарының саны, сондай-ақ оларды беру тәртібі мен мерзімдері осы Қағидалардың 13-тармағында міндетті зейнетақы жарналарын аудару үшін белгіленген шарттарға ұқсас.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      34. Жұмыскерлерінің саны елу адамнан асатын агент өсiмпұл төлеген кезде осы Қағидалардың 14-тармағында айқындалған тәртіппен банкке жеке тұлғалардың деректемелерін көрсете отырып, қағаз және электрондық жеткізгіштердегі жиынтық төлем құжатын ұсынады.

      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      35. Төлем құжатына қоса берілетін жеке тұлғалардың деректемелері көрсетілген жиынтық төлем тапсырмаларында осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген "жарна сомасы" деген бағанды қоспағанда, міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезіндегі әрбір жеке тұлға бойынша деректемелер қамтылады. Жарна сомасының орнына өсiмпұлдың тиісті сомасы көрсетіледі.

      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      36. Агенттер төлем құжаттарын алған кезде банктер өсiмпұлды Қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен төлем жүйелерінің операторы немесе операциялық орталығы бекіткен хабарлар форматтарында Мемлекеттік корпорацияның банктік шотына аударады.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      37. БЖЗҚ-ға ақшаны уақтылы аудармағаны үшін Мемлекеттік корпорация Әлеуметтік кодексте белгіленген мөлшерде өсiмпұл төлейді.

      Өсімпұлды төлеу үшін төлем тапсырмаларын Мемлекеттік корпорация агенттің төлем тапсырмасы негізінде Қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен төлем жүйелерінің операторы немесе операциялық орталығы бекіткен хабарлар форматтарында қалыптастырады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген төлем тапсырмасына сәйкес пайдасына өсімпұл аударылатын жеке тұлғалар жөніндегі ақпаратты Мемлекеттік корпорация келісімде белгіленген тәртіппен осы Қағидалардың 13-тармағында белгіленген тәртіппен жеке тұлғалардың деректемелерін көрсете отырып, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жібереді, бұл ретте жарна сомасының орнына әрбір жеке тұлға бойынша бөлінген өсімпұлдың тиісті сомасы көрсетіледі.

      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      38. БЖЗҚ алынған өсiмпұлды міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына аударады.

      Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      39. Осы Қағидалардың 37-тармағының талаптары бұзылып аударылған өсiмпұл Мемлекеттік корпорацияға қайтарылуға тиіс, келесі аударғанда өсiмпұл сомасы көрсетілген тізімді ұсыну кезінде кешіктірілген күндер санына ұлғаяды.

      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.09.2024 № 749 (11.11.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      40. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің жоғары немесе орташа деңгейі санатына жатқызылған агентте міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек пайда болған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік кірістер органы агентке кейіннен БЖЗҚ-ға аудару үшін Мемлекеттік корпорацияға аударылатын міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы туралы хабарлама (бұдан әрі – хабарлама) жібереді.

      Хабарламаның нысанын салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітеді.

      41. Хабарлама агентке жеке қолын қойғызып немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс. Бұл ретте төменде көрсетілген тәсілдердің бірімен жіберілген хабарлама мынадай жағдайларда:

      1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы – пошта немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасында агент белгі қойған күннен бастап агентке тапсырылды деп есептеледі.

      Бұл ретте мұндай хабарлама пошта немесе өзге де байланыс ұйымы қабылдағаны туралы белгі қойған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде пошта немесе өзге де байланыс ұйымы арқылы жеткізілуге тиіс.

      Пошта немесе өзге де байланыс ұйымы осы тармақта көзделген, мемлекеттік кірістер органдары хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы агентке жіберген хабарламаны қайтарған жағдайда Салық кодексінде белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша куәгерлерді тартып, салықтық тексеру жүргізу күні осындай хабарлама табыс етілген күн болып табылады;

      2) электрондық тәсілмен (бұл тәсіл электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық тәсілмен мемлекеттік кірістер органдарымен өзара іс-қимыл жасайтын агентке қолданылады) – хабарлама "Салық төлеушінің кабинеті" веб-қосымшасына жеткізілген күннен бастап немесе "электрондық үкімет" веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне хабарлама жеткізілген күннен бастап агентке табысталды деп есептеледі (аталған тәсіл "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген агентке қолданылады);

      3) Мемлекеттік корпорация арқылы – оны өзі келіп алған күннен бастап агентке табысталды деп есептеледі.

      42. Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өтелмеген жағдайда мемлекеттік кірістер органы:

      1) өзіне хабарлама табыс етілген күннен бастап бір жұмыс күні өткен соң Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің жоғары деңгейі санатына жатқызылған агенттің;

      2) өзіне хабарлама табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің орташа деңгейі санатына жатқызылған агенттің банктік шоттары мен кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады.

      Мемлекеттік кірістер органдарының өкімі бойынша банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мыналардан:

      Салық кодексінің 189-бабында көзделген салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кедендік төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді, оларды уақтылы төлемегені үшін есепке жазылған өсімпұлды, сондай-ақ бюджетке енгізілуге тиіс айыппұлдарды төлеу жөніндегі операциялардан;

      мынадай:

      өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттерді өндіріп алу жөніндегі талаптарды қанағаттандыруды көздейтін атқарушылық құжаттар бойынша;

      еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін тұлғалармен есеп айырысу үшін ақша алуды көздейтін атқарушылық құжаттар бойынша, қызметтен босарда алатын жәрдемақыларды және еңбекақы төлеу бойынша, авторлық шарт бойынша сыйақы төлеу бойынша, клиенттің әлеуметтік төлемдерді аудару жөніндегі міндеттемелері бойынша, сондай-ақ мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен салық берешегін, кедендік төлемдер, салықтар бойынша берешекті және өсімпұлды, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өтеу бойынша ақша алудан басқа агенттердің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға міндетті.

      Мемлекеттік кірістер органының агенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түсімдерін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен нысан бойынша шығарылады.

      Агенттің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру:

      кейіннен Салық кодексінің 189-бабында көзделген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кедендік төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді, оларды уақтылы төлемегені үшін есептелген өсімпұлды, сондай-ақ бюджетке енгізілуге жататын айыппұлдарды төлеу есебіне аудару үшін банктерге ақша тапсыру;

      егер касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім екінші деңгейдегі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға қатысты шығарылса, екінші деңгейдегі банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның клиенттердің қолма-қол ақшасын беруі бойынша операциялардан басқа кассадағы қолма-қол ақшаның барлық шығыс операцияларына қолданылады.

      Мемлекеттік кірістер органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімін агент түсетін қолма-қол ақшаны түскен күнінен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей Мемлекеттік корпорацияға аудару арқылы мүлтіксіз орындауға тиіс.

      Агенттің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімнің нысанын салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітеді.

      Агенттің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім берешек сомасы туралы хабарлама жіберу және ұсыну үшін осы Қағидалардың 40-тармағында көзделген тәсілдермен агентке жіберіледі және ұсынылады.

      Агенттің банк шоттары мен кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы мемлекеттік кірістер органы өкімдерінің күшін осындай өкімдерді шығарған мемлекеттік кірістер органы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өтелген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жояды.

      43. Міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өтелмеген жағдайда пайдасына міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өндіріп алынатын жеке тұлғалардың тізімдерін хабарлама жіберген мемлекеттік кірістер органына:

      1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің жоғары деңгейі санатына жатқызылған агент өзіне хабарлама табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;

      2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекелдің орташа деңгейі санатына жатқызылған агент өзіне хабарлама табыс етілген күннен бастап он бес жұмыс күні өткеннен кейін ұсынады.

      44. Осы Қағидалардың 42-тармағына сәйкес агент ұсынған тізімдер негізінде мемлекеттік кірістер органы тізімдерді алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек сомасын агенттердің банктік шоттарынан мәжбүрлеп өндіріп алады.

      Агенттердің банктік шоттарынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешекті өндіріп алу агент ұсынған тізімдер қоса берілген мемлекеттік кірістер органының инкассалық өкімі негізінде жүргізіледі.

      Клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшін банктік шотта (шоттарда) ақша болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда банк клиенттің ақшасын алып қоюды Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген кезектілік тәртібімен жүргізеді.

      Агенттің банк шотында ұлттық валютада ақша болмаған жағдайда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешекті өндіріп алу мемлекеттік кірістер органдары ұлттық валютада берген инкассалық өкімдер негізінде агенттің шетел валютасындағы банк шоттарынан жүргізіледі.

      45. Мемлекеттік кірістер органы инкассалық өкімдерді бенефициарды – Мемлекеттік корпорацияны көрсете отырып, агенттің банк шотына (шоттарына) қояды.

      46. Міндетті зейнетақы жарналары банктік шот ашылмай төленген кезде банктердің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге байланысты шығыстар агенттің қаражаты есебінен жүргізіледі.

      47. Агенттердің міндетті зейнетақы жарналарын аударуын, белгіленген жағдайларда өсiмпұл төлеуін, БЖЗҚ жүргізетін міндетті зейнетақы жарналарының қате есептелген сомаларын қайтаруын бақылауды қамтамасыз ету үшін Мемлекеттік корпорация күн сайын (өткен күн үшін) мемлекеттік кірістер органдарына түскен, сондай-ақ қате аударылған міндетті зейнетақы жарналарының қайтарылған тізілімдерін және электрондық төлем тапсырмаларын ұсынады.

      Мыналар:

      1) адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер банкке қолма-қол ақшамен енгізген қате есептелген міндетті зейнетақы жарналарының түскен, қайтарылған сомаларының тізілімдері;

      2) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттіліктен айырылу және (немесе) жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларына берілетін әлеуметтік төлемдерді алушыларға бюджет қаражаты есебінен субсидияланатын, қосымша белгіленген міндетті зейнетақы жарналары есепке алынған аударылған міндетті зейнетақы жарналарының тізілімдері жеке ұсынылады.

      Мемлекеттік корпорация жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының келіп түскен, қате аударылған сомаларының тізілімдері бойынша ай сайынғы есепті мемлекеттік кірістер органдарына ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 5-і күнінен кешіктірмей ұсынады.

  Міндетті зейнетақы
жарналарын, міндетті кәсіптік
зейнетақы жарналарын есептеу,
ұстап қалу (есепке жазу) және
бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорына аудару және
олар бойынша өндіріп алу
қағидалары мен мерзімдеріне
1-қосымша

Міндетті зейнетақы жарналары салымшысының міндетті зейнетақы жарналарын ұстап қалу туралы өтініші

      Мен, ______________________________________________________________

      (Т.А.Ә. (бар болса), туған күні)

      Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 248-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын ұстап қалуға келісім беремін.

      Мына деректемелерді дұрыс деп есептеуді сұраймын:

      ЖСН (2013 жылғы 1 қаңтардан кейінгі кезең үшін) _______________________

      Т.А.Ә. (бар болса) ___________________________________________________

      Туған күні __________________________________________________________

      Міндетті зейнетақы жарналарын ұстап қалуға қажетті менің дербес деректерімді жинауға және өңдеуге келісім беремін.

      ______________ ___________

      (қолы) (күні)

  Міндетті зейнетақы
жарналарын, міндетті кәсіптік
зейнетақы жарналарын есептеу,
ұстап қалу (есепке жазу) және
бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорына аудару және
олар бойынша өндіріп алу
қағидалары мен мерзімдеріне
2-қосымша

Растау-анықтама _________________________________________________________ (төлеушінің атауы)

      міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару кезінде мынадай төлем тапсырмаларында міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған адамдардың деректемелерінде қателер жіберілгенін растайды:

Төлем тапсырмасының нөмірі

Төлем тапсырмасының күні

Төлем тапсырмасының референсі

Міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған тұлғалардың жеке сомасы

Т.А.Ә. (бар болса) және туған күні (міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған адамдардың дұрыс емес деректемелері)

1

2

3

4

5






      ЖСН жарамды деп есептелсін __________________________________________

      Т.А.Ә. (бар болса) ____________________________________________________

      Туған күні ___________________________________________________________

      Бірінші басшы _______________________________________________________

      (Т.А.Ә. (бар болса) (қолы)

      Бас бухгалтер ________________________________________________________

      (Т.А.Ә. (бар болса) (қолы)

  Міндетті зейнетақы
жарналарын, міндетті кәсіптік
зейнетақы жарналарын есептеу,
ұстап қалу (есепке жазу) және
бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорына аудару және
олар бойынша өндіріп алу
қағидалары мен мерзімдеріне
3-қосымша

Міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған адамдардың міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың деректемелеріне өзгерістер енгізу туралы өтініші

      Мен, _________________________________________________________

      (Т.А.Ә. (бар болса), туған күні)

      міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару кезінде менің деректемелерімде қателер жіберілгенін хабарлаймын, атап айтқанда:

      ______________________________________________________________

      (қателер жіберілген деректемелер көрсетіледі)

      Мынадай деректемелерді жарамды деп есептеуді сұраймын:

      Әлеуметтік жеке код (2013 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең үшін)

      ______________________________________________________________

      ЖСН (2013 жылғы 1 қаңтардан кейінгі кезең үшін) __________________

      Т.А.Ә. (бар болса)_______________________________________________

      Туған күні _____________________________________________________

      Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың деректемелеріне өзгерістер енгізу үшін қажетті менің дербес деректерімді жинауға және өңдеуге келісім беремін.

      ______________ _____________

      (қолы) (күні)

  Міндетті зейнетақы
жарналарын, міндетті кәсіптік
зейнетақы жарналарын есептеу,
ұстап қалу (есепке жазу) және
бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорына аудару және
олар бойынша өндіріп алу
қағидалары мен мерзімдеріне
4-қосымша

Агенттің қате аударылған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының және (немесе) өсімпұлдың сомасын қайтаруға өтініші

      _____________________________________________________________

      "Азаматтарға арналған үкімет"

      мемлекеттік корпорациясы

      _____________________________________________________________

      1. Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлды төлеушінің (агенттің) деректемелері

      Атауы

      __________________________________________________________________

      БСН (01.01.2013 ж. кейінгі төлемдер бойынша)

      __________________________________________________________________

      Салық төлеушінің тіркеу нөмірі (01.01.2013 ж. дейінгі төлемдер бойынша)

      __________________________________________________________________

      БСК ______________________________________________________________

      ЖСК _____________________________________________________________

      2. Қате жіберілген төлем тапсырмасының деректемелері

      № ____________

      күні 20__ жылғы "___"__________________

      Төлем тапсырмасының жалпы сомасы

      _________________________________________________________________

      3. Міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған адамдардың деректемелері

      _________________________________________________________________

      (Т.А.Ә. (бар болса), туған күні)

      Салымшының ЖСН __________________________________________

      Міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған адамдардың жарнасының сомасы

      _________________________________________________________________

      Қайтарылуға тиіс сома ________________________________________

      4. __________________________________________________________

      (қайтару талап етілетін себеп көрсетіледі, мысалы, жұмыскер жұмыстан босатылды, кезең, агенттің банктік деректемелері, міндетті зейнетақы жарналары салымшысының міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған адамдардың деректемелері қате көрсетілген, резидент емес және т.б.)

      Қайтаруды мынадай деректемелер бойынша жүргізуді сұраймыз

      ____________________________________________________________

      (кәсіпорынның толық деректері, барлық банктік деректемелер көрсетіледі)

      ____________________ ________________________________________

      (басшының қолы) (бас бухгалтердің қолы)

      ____________________

      (күні)

  Міндетті зейнетақы
жарналарын, міндетті кәсіптік
зейнетақы жарналарын есептеу,
ұстап қалу (есепке жазу) және
бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорына аудару және
олар бойынша өндіріп алу
қағидалары мен мерзімдеріне
5-қосымша

Міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған адамдардың қате есептелген сомаларды өзінің жеке зейнетақы шотынан есептен шығаруға келісетіні туралы өтініші

      Мен, _________________________________________________________

      (Т.А.Ә. (бар болса), туған күні)

      ЖСН _________________________________________________________

      Менің жеке зейнетақы шотыма қате аударылған

      _____________________________________________________________

      (сомасы жазбаша)

      _____________________________________________________________

      сомасындағы міндетті зейнетақы жарналарының/міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлды қайтаруға келісім беремін.

      (Қате есептелген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының және (немесе) өсімпұлдың сомасын бірнеше төлем тапсырмалары бойынша қайтару қажет болған жағдайда, қайтарылуға тиіс сома әрбір төлем тапсырмасына жеке-жеке көрсетіледі)

      Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың деректемелеріне өзгерістер енгізу үшін қажетті менің дербес деректерімді жинауға және өңдеуге келісім беремін.

      _____________ _________

      (қолы) (күні)