"Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 10 қазандағы № 807 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларында:

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Уақытша тұруға рұқсат:

      1) отбасын біріктіру мақсатында өздеріне көшіп келушілер келген жеке тұлғалардың;

      2) көшіп келушімен заңнамада белгіленген тәртіппен еңбек шартын жасасқан жеке және заңды тұлғалардың;

      3) көшіп келушілерді күндізгі оқу нысанына қабылдаған, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын, оның ішінде білім алушылармен алмасудың және дайындық курстарынан өтудің ұйымдастырылған бағдарламалары бойынша іске асыратын білім беру ұйымдарының;

      4) көшіп келушілер стационарлық емдеуде жатқан денсаулық сақтау ұйымдарының;

      5) көшіп келушілер заңнамада белгіленген тәртіппен миссионерлік қызметті жүзеге асыратын діни ұйымдардың;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер (бизнес-көшіп келушілер) бойынша – жергілікті атқарушы органдардың өтініштері негізінде ресімделеді.

      Уақытша тұруға рұқсат көшіп келушінің ұлттық паспортының қолданылу мерзімінен аспайтын кезеңге ресімделеді.

      Уақытша тұруға рұқсат көшіп келушінің уақытша тұруына рұқсат беріліп КҚП АЖ-да ресімделеді, кейіннен ақпарат "Бүркіт" бірыңғай ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі – "Бүркіт" БАЖ) беріледі.

      Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат, еңбекші көшіп келушіге рұқсаты бар көшіп келушілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне уақытша тұруға рұқсат осы рұқсаттың қолданылу мерзіміне ресімделеді.

      Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген рұқсаттарды алу талап етілмейтін көшіп келушілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне уақытша тұруға рұқсат жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен бір жылға ресімделеді, бірақ еңбек шартының немесе жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) жөніндегі азаматтық-құқықтық шарттың қолданылу мерзімінен аспауға тиіс.

      Қызметін "Астана" халықаралық қаржы орталығында (бұдан әрі – АХҚО) жүзеге асыру мақсатында визасыз келу және болу тәртібі туралы ратификацияланған халықаралық шарттар бар елдерден Қазақстан Республикасына келген көшіп келушілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне уақытша тұруға рұқсат жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен бір жылға ресімделеді, бірақ еңбек шартының немесе жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) жөніндегі азаматтық-құқықтық шарттың қолданылу мерзімінен аспауға тиіс.

      Кірудің және болудың визасыз тәртібі туралы ратификацияланған халықаралық шарттар бар мемлекеттерден келген АХҚО инвестициялық резиденттеріне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне уақытша тұруға рұқсат АХҚО әкімшілігінің өтінішхаты бойынша жыл сайын, бірақ бес жылдан асырмай ұзарту мүмкіндігімен бір жылға ресімделеді. Бұл ретте инвестициялық резидентінің отбасы мүшелерінің уақытша тұруға рұқсатының қолданылу мерзімі инвестициялық резидентінің уақытша тұруға рұқсатының қолданылу мерзімінен аспауға тиіс.

      Білім алу, кәсіптік даярлық және (немесе) тағылымдамадан өту мақсатында келген көшіп келушілерге уақытша тұруға рұқсат бір жылға ресімделеді, бірақ оқу, оқу практикасының немесе тағылымдаманың мерзімінен аспауға тиіс.

      Отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына келген көшіп келушілерге уақытша тұруға рұқсат шақырушы адамдардың өтінішхаты бойынша "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімге ресімделеді.

      Медициналық мекемелерде стационарлық емдеуде жатқан көшіп келушілерге уақытша тұруға рұқсат денсаулық сақтау ұйымының өтінішхаты (медициналық анықтамасы) бойынша емделу үшін қажетті кезеңге ресімделеді.

      Пана іздеген адамдарды және босқындарды есепке алу Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделеді.

      Қазақстан Республикасымен келу мен болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар жасасқан мемлекеттерден келген бизнес-көшіп келушілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне уақытша тұруға рұқсат жергілікті атқарушы органның өтінішхаты бойынша жыл сайын, бірақ үш жылдан асырмай ұзарту мүмкіндігімен бір жылға ресімделеді.

      Заңнамада белгіленген тәртіппен миссионерлік қызметті жүзеге асыратын көшіп келушілерге уақытша тұруға рұқсат Қазақстан Республикасында тіркелген діни ұйымдардың өтінішхаттары бойынша өтінішхатта көрсетілген, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге ресімделеді.

      Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген көшіп келушілерге уақытша тұруға рұқсат жергілікті атқарушы органның өтінішхаты бойынша үш айдан аспайтын мерзімге ұзарту мүмкіндігімен алты айға ресімделеді.

      Мыналар:

      Қазақстан Республикасына Қазақстан Республикасының визасымен келген;

      дипломатиялық немесе қызметтік паспорты бар;

      16 жасқа толмаған көшіп келушілер уақытша тұруға рұқсат алудан босатылады.

      Көшіп келуші Қазақстан Республикасында уақытша тұратын жерін ауыстырған кезде қабылдаушы тұлға үш жұмыс күні ішінде бұл туралы ішкі істер органдарына хабарлайды.";

      мынадай мазмұндағы 32-тармақпен толықтырылсын:

      "32. Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген көшіп келушілер Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсыну процесі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасының шегінен тыс өздерінің шыққан мемлекетіне (шетелдік азаматы болып табылатын елге) шығарып жіберілмейді, бұл кезде олар құқық қорғау органдарына жүгіну және олармен ынтымақтастық жасау туралы шешім қабылдайды.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов