"Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысына толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 4 қазандағы № 782 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 21 шiлдедегi № 551 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 21.07.2025 № 551 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысына мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидалары мынадай мазмұндағы 24-3-тармақпен толықтырылсын:

      "24-3. Жаңа облыстар мен жаңадан құрылған облыстардың аудандары құрылған, сондай-ақ қазіргі облыстың әкімшілік орталығы ауыстырылған кезде тиісті орталық мемлекеттік орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға мынадай:

      автомобильдер сатып алу;

      көшірілген мемлекеттік қызметшілерді қызметтік орналастыру үшін коммуналдық меншікке тұрғын үй сатып алу;

      жергілікті өкілді, атқарушы органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері үшін тұрғын үйді жалға алу;

      жергілікті атқарушы, орталық, өкілді органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдарды орналастыру үшін ғимараттарды ағымдағы және күрделі жөндеу;

      орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерін, жергілікті өкілді, атқарушы органдарды және ведомстволық бағынысты ұйымдарды орналастыру үшін ғимараттар сатып алу;

      жаңадан құрылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың және тұрақтандыру қорларының жарғылық капиталын қалыптастыру;

      әлеуметтік салада және денсаулық сақтау саласында жаңадан құрылған облыстық мекемелерді ұстау жағдайларына арналған негіздемелермен және есеп-қисаптармен бірге Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы өтінішхат ұсынады.

      Әрбір мақсат (шығыстар) бойынша есеп-қисаптар мен негіздемелер шығыстардың лимиттеріне, заттай нормаларға және тиесілік нормативтерiне сәйкес қаралады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов