Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының жарғысын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 1418 қаулысында:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "Самұрық-Қазына" АҚ) жарғысында:
36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"36. Жылдың қорытындысы бойынша жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімді Жалғыз акционер қабылдайды.
Жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер Жалғыз акционер дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған кезде белгілеген мерзімде төленеді.
Бұл ретте Жалғыз акционердің шешімі бойынша жай акциялар бойынша дивидендтерді Жалғыз акционердің дивидендтер төлеу туралы шешімінде белгіленген мерзімдерде және мөлшерде жартыжылдықтың қорытындысы бойынша төлеуге жол беріледі.
Осы тармақта көрсетілген дивидендтерді төлеу Қордың тиісті кезеңдегі қаржылық есептілігіне аудит жүргізілгеннен кейін жүзеге асырылады.";
104-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"104. Жалғыз акционердің талабы бойынша Қор оған "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген құжаттардың көшірмелерін Қорға осындай талап келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей беруге міндетті, бұл ретте қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты беруге шектеулер енгізуге жол беріледі.
Құжаттардың көшірмелерін бергені үшін төлем мөлшерін Қор белгілейді және ол құжаттардың көшірмелерін дайындауға жұмсалған шығыстардың құнынан және Жалғыз акционерге құжаттарды жеткізуге байланысты шығыстар төлемінен аспайды.
Қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қамтитын, Қордың бағалы қағаздарын шығарудың, орналастырудың, айналымға жіберудің және айырбастаудың жекелеген мәселелерін регламенттейтін құжаттар танысу үшін Жалғыз акционерге оның талабы бойынша берілуге тиіс.";
2) "Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдердің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 4 маусымдағы № 323 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдердің қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдердің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 22-бабы 2-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1141 және 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулыларымен бекітілген тізбелер (бұдан әрі – тізбе) бойынша ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына (бұдан әрі – Ұлттық қор) түсетін түсімдердің тәртібін белгілейді.";
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Мемлекет тікелей қатысатын компаниялардың активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін қаражатты Ұлттық қорға жіберу мемлекет тікелей қатысатын компания акционерінің шешімі негізінде "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор) тобының активтерін бәсекелес ортаға беруден және (немесе) жария орналастыру шеңберінде компаниялар акцияларының қосымша эмиссиясы нәтижесінде түскен қаражатты қоспағанда, мемлекет тікелей қатысатын компаниялардың таза кірісін бөлу түрінде және 100 % (жүз пайыз) мөлшерде жүзеге асырылады.";
4-тармақ алып тасталсын;
5 және 5-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Қор тобы борыштық міндеттемелерді өтеуге (Ұлттық қор алдындағы міндеттемелерді өтеуді есепке алмағанда) және (немесе) "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 2-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген міндеттерді іске асыруға жіберетін, Қорға келіп түскен қаражаттың 50 % (елу пайызынан) аспауға тиіс қаражатты қоспағанда, Қор тобының активтерін бәсекелес ортаға беруден түскен қаражат 100 % (жүз пайыз) мөлшерде таза кірісті бөлу түрінде Ұлттық қорға аударылады.
Бәсекелес ортаға беруден түскен және борыштық міндеттемелерді өтеуге және (немесе) "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 2-тармағының 7) тармақшасына көрсетілген міндеттерді іске асыруға жұмсалатын қаражаттың мөлшері мен нысаналы пайдаланылуы Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес айқындалады.
"Қазақстан инжиниринг" (Kazakhstan Еngineering) ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін қаражат есебінен Ұлттық қорға аударылатын қаражат мөлшері Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссиясының шешіміне сәйкес ішкі борышты өтеу үшін қажетті сомаға түзетіледі.
5-1. Ұлттық қорға Қор тобы жіберетін қаражат акционерлердің жалпы жиналысы қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдаған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде аударылады.
Активтерді бәсекелес ортаға беруден түскен, ұлттық басқарушы холдингтер (Қорды қоспағанда), ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар Ұлттық қорға жіберетін қаражат сатушының шотына түскен күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде аударылады.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |