Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерін шығарудың, орналастырудың, айналысқа қосудың, қызмет көрсетудің және өтеудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 3 сәуірдегі № 466 қаулысына мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерін шығарудың, орналастырудың, айналысқа қосудың, қызмет көрсетудің және өтеудің ережесінде:
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"12. Эмитент қазынашылық міндеттемелердің мынадай түрлерін:
1) қысқа мерзімді қазынашылық міндеттемелерді;
2) орта мерзімді қазынашылық міндеттемелерді;
3) ұзақ мерзімді қазынашылық міндеттемелерді;
4) орта мерзімді индекстелген қазынашылық міндеттемелерді;
5) ұзақ мерзімді индекстелген қазынашылық міндеттемелерді;
6) ұзақ мерзімді жинақтаушы қазынашылық міндеттемелерді;
7) арнайы орта мерзімді қазынашылық міндеттемелерді;
8) TONIA (Tenge Over Night Index Average) мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелерді шығаруды, орналастыруды, айналысқа қосуды, қызмет көрсетуді және өтеуді жүзеге асырады.";
мынадай мазмұндағы 11-тараумен толықтырылсын:
"11-тарау. TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелер
118. TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелер купондық эмиссиялық бағалы қағаздар болып табылады.
119. TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелердің номиналдық құны – 1000 теңге.
120. "TONIA мөлшерлемесіне индекстелген мемлекеттік қазынашылық міндеттемелер" (МЕТИКАМ) атауы орыс тілінде "Казначейские обязательства, индексированные к ставке TONIA" деп аталады.
121. TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелер бір жылдан астам айналыс мерзімімен шығарылады.
122. TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелерді орналастыру және өтеу атаулы құны бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте айналыс мерзімі ішінде индекстелген купон деп аталатын сыйақы төленеді.
123. TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелер бойынша купонның сомасын есептеу үшін есеп айырысу базасы – есеп айырысу айында 30 күн/есеп айырысу жылында 360 күн.
124. TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелер бойынша купон төлемі қазынашылық міндеттемелер айналысының тиісті жылы екі рет эмитент белгілеген күндерде жүзеге асырылады.
Купон төленетін алты айға арналған TONIA Compounded мөлшерлемесі (TCR_6M) купондық кезең аяқталатын күнге дейін 10 жұмыс күні бұрын айқындалады, бұл мөлшерлеме төлем жүзеге асырылатын купондық кезеңнің соңына дейін өзгермейді.
125. Индекстелген купонның сомасы мынадай формуламен айқындалады:
S=N*T/2+C,
мұнда
S, теңге − кезекті төлеуге жататын, TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелердің индекстелген купонының сомасы;
N, теңге − кезекті төлеуге жататын TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелердің тиісті санының номиналдық құнының сомасы;
T, % − төлеуге жататын өткен купондық кезең үшін алты айға арналған TONIA Compounded мөлшерлемесі (TCR_6M), T мәні үтірден кейінгі үшінші (қоса алғанда) цифрға дейін дөңгелектенеді;
С, теңге – тіркелген купон сомасы,
бұл ретте, C=N*K*180/360,
мұнда
K, % − орналастыру кезінде айқындалған тіркелген жылдық купонның мәні.
126. TONIA мөлшерлемесі − қаржы агентінің ішкі құжаттарына сәйкес есептелетін, қор биржасында жасалған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарымен автоматты репо секторында 1 (бір) жұмыс күні мерзіміне репо ашу мәмілелері бойынша орташа алынған пайыздық мөлшерлеме.
Алты айға арналған TONIA Compounded мөлшерлемесі (TCR_6M) − қаржы агентінің ішкі құжаттарына сәйкес есептелетін, TONIA мөлшерлемесінің мәндері негізінде алты ай мерзімге әрбір күнтізбелік күні есептелетін TONIA құраушы мөлшерлемесі.
Алты айға арналған TONIA Compounded мөлшерлемесі (TCR_6M) күн сайын қаржы агентінің сайтында жарияланады.
Купон мөлшерлемесінің ауыспалы бөлігі (Т, % − алты айға арналған TONIA Compounded мөлшерлемесі (TCR_6M) қағаз айналысы мерзімі ішінде күн сайын өзгеріп отырады, бұл мөлшерлеме қаржы агенті есептеген соңғы TCR_6M мәніне тең болады.
127. Егер өткен купондық кезең үшін алты айға арналған TONIA Compounded мөлшерлемесі (TCR_6M) теріс мәнге тең болса, онда алты айға арналған TONIA Compounded мөлшерлемесінің (TCR_6M) мәні нөлге тең деп қабылданады.
128. TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелердің иелері заңнамалық актілерде белгіленген шектеулерді қоспағанда, TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелермен кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелерді жүзеге асыра алады. Бұл ретте инвестор TONIA мөлшерлемесіне индекстелген қазынашылық міндеттемелермен барлық операцияларды бастапқы дилер арқылы ресімдейді.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |