"Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына активтерді есептеу және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы жылдық есепті жасау нысандары мен қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 267 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 11 сәуірдегі № 210 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына активтерді есептеу және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы жылдық есепті жасау нысандары мен қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 267 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына активтерді есептеу және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану қағидаларында:

      19-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19-1. Өткен қаржы жылының қорытындысы бойынша Ұлттық қордан кепілдендірілген және/немесе нысаналы трансферттерді толық пайдаланбаған кезде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган:

      1) кезекті қаржы жылына Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің тартылатын сомасын өткен жылғы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің пайдаланылмаған сомасына азайтуды;

      Бұл ретте, өткен жылғы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің пайдаланылмаған сомасы кезекті жылдың Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферттің бір бөлігі ретінде пайдаланылады;

      2) республикалық бюджет қаражатының қалдықтары есебінен бюджетті түзету жолымен Ұлттық қордан республикалық бюджетке нысаналы трансферт түрінде тартылған, пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) қаражаттың бір бөлігін қайтаруды;

      3) республикалық бюджет қаражатының қалдықтары есебінен бюджетті түзету жолымен республикалық бюджетке тартылған кепілдендірілген трансферттің бір бөлігін қайтаруды жүзеге асырады.

      Ағымдағы қаржы жылында күтілетін кірістер түсімі (Ұлттық қордан берілетін трансферттер түсімін есепке алмағанда) жоспарланған кірістерден (Ұлттық қордан берілетін трансферттер түсімін есепке алмағанда) асып түскен кезде, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Ұлттық қордан тартылған кепілдендірілген трансферттің бір бөлігін Ұлттық қорға қайтаруды жүзеге асырады.

      Ұлттық қордан тартылған кепілдендірілген трансферттің бір бөлігін республикалық бюджеттен қайтару бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов