Қауіпті және басқа да қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 наурыздағы № 135 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Экология кодексі 346-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қауіпті және басқа да қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттеу қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Қалдықтарды әкелу, әкету және транзиттеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 шілдедегі № 594 қаулысы;

      2) "Қалдықтарды әкелу, әкету және транзиттеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 шілдедегі № 594 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1535 қаулысы.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 17 наурыздағы
№ 135 қаулысымен
бекітілген

Қауіпті және басқа да қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қауіпті және басқа да қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Экология кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 346-бабының 2-тармағына, Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясына (бұдан әрі – Базель конвенциясы) сәйкес әзірленді және қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету, сондай-ақ оның аумағы бойынша транзиттеу тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) бөлінген орталық – Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органы;

      2) қауіпті қалдықтар – Кодекстің 342-бабының 1-тармағында көзделген бір немесе бірнеше қасиеттері бар қалдықтар;

      3) қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау – мұндай тасымалдау ең болмағанда екі мемлекетке қатысты болған кезде бір мемлекеттің ұлттық юрисдикциясындағы бір ауданнан басқа мемлекеттің ұлттық юрисдикциясындағы ауданға немесе аудан арқылы не қандай да болмасын мемлекеттің ұлттық юрисдикциясына жатпайтын ауданға немесе аудан арқылы қауіпті немесе басқа да қалдықтардың кез келген орнын ауыстыру;

      4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган – қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары;

      5) құзыреттi орган – орынды деп тапқан географиялық аудандар шегінде қауіпті немесе басқа қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау туралы хабарламаны және оған байланысты кез келген ақпаратты алғаны үшін және осындай хабарламаға жауапты қамтамасыз еткені үшін жауапты болуға тағайындалған орган.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Қауіпті және басқа да қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттеу тәртібі

      3. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау Кодекстің 346-бабының 3-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қорытындысы (бұдан әрі – қорытынды) негізінде жүзеге асырылады.

      Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қорытындысын бері тәртібі Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауға қорытынды шығару қағидаларына (бұдан әрі – Қорытынды шығару қағидалары) және қорытынды нысанына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Қауіпті қалдықтарды келешекте қалпына келтіру мақсатында оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкету Кодекстің 346-бабының 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген орган беретін лицензияның негізінде жүзеге асырылады.

      5. Қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкетуге лицензия беру тәртібі "Тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 30 шешімімен бекітілген Қауіпті қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету тәртібі туралы ережемен (бұдан әрі – Алқа шешімі) реттеледі.

      6. Алқаның шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге тыйым салу белгіленген тауарлардың бірыңғай тізбесінің (бұдан әрі – бірыңғай тізбе) 1.2-бөлімінде келтірілген қауіпті қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына (аумағы бойынша) әкелу немесе сол елдерге әкету жүзеге асырылмайды.

      Алқаның шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелудің және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетудің рұқсат беру тәртібі белгіленген тауарлардың бірыңғай тізбесінің 2.3-бөлімінде келтірілген қауіпті қалдықтарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына (аумағы бойынша) әкелу немесе сол елдерге әкету жүзеге асырылуы мүмкін.

      7. Қауіпті қалдықтарды әкелу, әкету, транзиттеу Базель конвенциясына және бірыңғай тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.

      Базель конвенциясы тарапының мемлекеттеріне және өз заңнамасы шеңберінде қауіпті қалдықтар импортына тыйым салған дамушы елдерге немесе егер осы қалдықтарды пайдалану экологиялық негізделген түрде жүзеге асырылмайды деп болжауға негіз болса, сондай-ақ оңтүстік ендіктің 60 градусынан оңтүстікке қарай орналасқан аудандарға қауіпті қалдықтарды әкету жүзеге асырылмайды.

      8. Қазақстан Республикасының аумағынан (аумағы арқылы) қалдықтарды әкеткен (тасымалдаған) жағдайда Базель конвенциясының 4-бабы 1-тармағының с) тармақшасына сәйкес аумағына қалдықтар әкелінетін мемлекеттің құзыретті органының жазбаша келісімі болуы қажет.

      9. Бөлінген орталық болып табылатын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қауіпті қалдықтарды болжанатын трансшекаралық тасымалдау туралы мүдделі мемлекеттердің құзыретті органдарын жазбаша түрде хабардар етеді.

      Экспорт мемлекеті қауіпті немесе басқа да қалдықтарды кез келген болжанатын трансшекаралық тасымалдау туралы экспорт мемлекетінің құзыретті органы арқылы мүдделі мемлекеттердің құзыретті органдарын жазбаша түрде хабардар етеді не өндірушіден немесе экспорттаушыдан хабардар етуді талап етеді.