"Сот шешімі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі № 5 Нормативтік қаулысы.

Қолданыстағы

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда көрсетілген нормативтік қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы";

      2) мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "1-1. АПК-нің 267-4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған іс бойынша сот кіріспе және қарар бөліктерінен тұратын шешім шығарады.

      Соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін тараптың мәлімделген жазбаша өтінішхаты бойынша сот кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын шешімді дайындауға міндетті.

      Сот осындай шешімді өз бастамасымен де дайындауға құқылы.

      АПК-нің 267-4-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот шешімнің күшін жоюдан бас тарту туралы ұйғарыммен бірге, егер бұрын мұндай шешім берілмеген болса, тараптарға кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерден тұратын шешімді дайындап беруге міндетті.

      Уәждеу бөлігі бар шешім сотқа өтінішхат келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде дайындалуы тиіс.

      Дәлелді себептермен шешімнің уәждеу бөлігін дайындау мүмкін болмаған жағдайда, судья қол қойған кіріспе және қарар бөліктерінен тұратын шешімге АПК-де белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      1-2. АПК-нің 27-1 және 28-1-баптарында облыстық және оған теңестірілген соттың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төменгі тұрған соттардың іс жүргізуіндегі біртекті істердің бірін (талап қоюдың нысанасы мен негіздері бойынша, субъектілік құрамы бойынша ұқсас) талап ету, өзінің іс жүргізуіне қабылдау, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарау және шешу құқығы бекітілген.

      Жоғары тұрған соттың істі талап етіп, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарауы үшін іс жүргізуінде іс жатқан сот тараптардың жазбаша келісімін алуға міндетті.

      Егер тараптардың бірінің келісімі болмаса, сот істі талап ете алмайды, өйткені Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды.

      Бір текті істердің бірін талап ету және оны қарау туралы мәселеге жоғары сатыда тұрған сот, іс жүргізуінде іс жатқан сот, сонымен қатар тараптар не тараптардың бірі бастамашылық етуі мүмкін.

      Бір текті істердің бірі бойынша шығарылған шешімді соттар АПК-нің 226-бабы 5-1-бөлігіне сәйкес пайдалануы мүмкін.";

      3) 2-тармақтағы "борышкердiң" деген сөз "жауапкердің" деген сөзбен ауыстырылсын;

      4) 3-тармақта:

      бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Шешім бөгде адамдардың қатысуын және кеңес құпиясын жария етуді болдырмайтын жағдайларда шығарылады. Шешім жазбаша нысанда жазылады және қолмен жазу, машинкада жазу немесе компьютерлік тәсілмен бір данада жасалуы мүмкін.";

      жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Соттың шешімі қабылданғаннан және оған қол қойылғаннан кейін судья шешімді толық не оның қарар бөлігін жария етеді. Шешімнің жарияланған қарар бөлігіне судья қол қоюы және ол іске қоса тіркелуі тиіс.";

      мынадай мазмұндағы сегізінші, тоғызыншы және оныншы абзацтармен толықтырылсын:

      "АПК-нің 223-бабының 4-1-бөлігіне сәйкес жария етілген шешімді түпкілікті нысанда дәлелді себептермен дайындау мүмкін болмаған кезде судья қол қойған шешімнің қарар бөлігіне АПК-де белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Іске қатысатын адамдар мен олардың өкілдері келмеген жағдайда шешім сот отырысында жария етілмейді, бұл туралы сот отырысының хаттамасында белгі қойылады.

      Сот шешімді жария етуді АПК-нің 183-бабының екінші бөлігінде көзделген мерзім шегінде, бірақ бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай жағдайда түпкілікті нысандағы шешім ол жарияланғанға дейін дайындалуы тиіс.";

      сегізінші, тоғызыншы және оныншы абзацтар тиісінше он бірінші, он екінші және он үшінші абзацтар болып есептелсін;

      5) 7-тармақта:

      үшінші және төртінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "АПК-нің 222-бабының екінші бөлігіне сәйкес төрағалық етуші сот шешімі жария етілгеннен кейін оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарларын ауызша түсіндіреді. Осы түсіндірме түсініксіз болған жағдайда тараптарға нақтылаушы сұрақтар қою мүмкіндігі беріледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында тиісті белгі қойылады.

      Іске қатысатын адамдар келмеген жағдайда, шешімді түсіндіру жүргізілмейді.";

      6) 10-тармақтағы "кеңесу бөлмесінде" деген сөздер алып тасталсын;

      7) 11-тармақта:

      мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:

      "Жоғары тұрған сатыдағы сот - сот актісінің (сот актілерінің) күшін жойған және істі жаңадан қарауға жіберген жағдайда, сот апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы соттың қаулысында жазылған ережелерді орындау мүмкін еместігіне уәждер келтіруге міндетті.";

      төртінші, бесінші және алтыншы абзацтар тиісінше бесінші, алтыншы және жетінші абзацтар болып саналсын;

      бесінші абзац мынадай мазмұндағы үшінші сөйлеммен толықтырылсын:

      "Сот шешімді әрбір тараптың тең негіздерде дәлелдемелерді зерттеуге қатысуы қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді.";

      мынадай мазмұндағы сегізінші абзацпен толықтырылсын:

      "АПК-нің 46-бабының бірінші бөлігіне сәйкес іске қатысатын адамдардың оның ішінде: сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; айтылған сөздердің мәтіндері мен сот шешімі редакциясын (жобасын) ұсына отырып, сот жарыссөздеріне қатысуға; бұзылған немесе дау айтылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында басқа да процестік құқықтарды пайдалануға құқығы бар.";

      8) 17-тармақтың алтыншы абзацындағы ", талап-арыздың орындалуын қамтамасыз ету туралы мәселенiң күшiн жою не сақталуы" деген сөздер алып тасталсын;

      9) 20-тармақтың үшінші абзацындағы ""Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 маусымдағы № 57-ІІІ Заңының 13, 14, 15-баптарында" деген сөздер "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 2 шілдедегі № 167-VI Заңының 6-бабында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      10) 21-тармақ алып тасталсын;

      11) 24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Істiң жекелеген санаттары бойынша шешiмнiң қарар бөлiгiнiң мазмұны қаралып отырған қатынастарды реттейтiн материалдық және iс жүргiзу құқығының нормаларына сәйкес келуге тиiс.";

      12) 26-тармақтағы "талап-арызды" деген сөздер "талап қоюды" деген сөздермен ауыстырылсын;

      13) 27-тармақ мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Сот өз қалауы бойынша іске қатысушы адамдарды шақырмай шешімдегі қате жазулар мен анық арифметикалық қателерді түзету туралы арызды қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болмайды.";

      14) 28-тармақтың екінші абзацындағы төртінші сөйлем мынадай редакцияда жазылсын:

      "Шешімді дереу орындауға жіберу туралы ұйғарым шығарылады, ол іске қоса тіркеледі.";

      15) 31-тармақта:

      бірінші абзацтағы "қайта қаржыландыру ставкасы" деген сөздер "базалық мөлшерлемесі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші абзацта:

      бірінші сөйлем мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот алып берілген ақша сомаларын индекстеу туралы арызды өз қалауы бойынша іске қатысатын адамдарды шақырмастан қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы.";

      мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:

      "Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген адамдардың келмеуі арызды қарауға кедергі болмайды.";

      екінші сөйлем үшінші сөйлем деп есептелсін;

      16) 32-тармақтағы "ең алдымен" деген сөзден кейін "сот отырысында" деген сөздермен толықтырылсын;

      17) 33-тармақта:

      бірінші абзацтағы "іске қатысушы адамдардың арызы бойынша" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ сот орындаушысының өтінішхаты бойынша" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "Судья АПК-нің 237-бабының екінші бөлігіне сәйкес шешімді түсіндіру туралы арызды сот отырысын өткізбей шешеді. Іске қатысатын адамдар мұндай арыздың келіп түскені туралы хабардар етіледі және сотқа оған пікір жіберуге құқылы.";

      18) 35-тармақ алып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Ж. Асанов
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова