"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының Қоғамдық кеңесі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 22 қарашадағы № 828 қаулысы.

Жаңартылған

      "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" 2012 жылғы 1 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 15-3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының Қоғамдық кеңесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 22 қарашадағы
№ 828 қаулысымен
бекітілген

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының Қоғамдық кеңесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының Қоғамдық кеңесі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 15-3) тармақшасына, сондай-ақ "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 5-1-бабының 3-тармағына және 8-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының Қоғамдық кеңесі (бұдан әрі – Қордың Қоғамдық кеңесі) азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, Қордың және Қор тобына кіретін ұлттық компаниялар (бұдан әрі – ұлттық компаниялар) қызметінің есептілігі мен бүкпесіздігін арттыру мақсатында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор) құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы орган болып табылады.

      3. Қордың Қоғамдық кеңесі өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді және осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Қордың Қоғамдық кеңесін қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын құру тәртібі, оның өкілеттіктері

1-параграф. Қордың Қоғамдық кеңесін қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу

      4. Қордың Қоғамдық кеңесін құру жөніндегі жұмыс тобының құрамы (бұдан әрі – жұмыс тобы) Қордың жұмыскерлері қатарынан және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері мен азаматтар қатарынан конкурстық негізде қалыптастырылады.

      5. Жұмыс тобының құрамында Қордан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының үштен бірінен аспайды. Осы өкілдіктің дербес құрамын Қордың басқарма төрағасы айқындайды.

      Жұмыс тобының құрамында азаматтық қоғамнан өкілдік ету жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісін құрайды.

      6. Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған азаматы жұмыс тобының мүшелігіне кандидат бола алады.

      Жұмыс тобының мүшелігіне кандидат:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталған болмауға;

      2) сот арқылы заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танылған болмауға;

      3) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтардың (аурулардың) себебі бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрмауға тиіс.

      7. Қор бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) өзінің интернет-ресурсында коммерциялық ұйымдар мен азаматтардың өкілдері қатарынан жұмыс тобы мүшелерінің сандық құрамын, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, сондай-ақ құжаттар жіберілетін пошталық және электрондық мекенжайларды көрсете отырып, жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөніндегі конкурсты өткізу туралы хабарландыру жариялайды.

      8. Конкурсты өткізу мерзімі конкурс туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін 10 (он) жұмыс күнін құрайды.

      9. Конкурсқа қатысуға тілек білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері жұмыс тобының мүшелерін іріктеу жөніндегі конкурс жарияланған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде хабарландыруда көрсетілген Қордың электрондық мекенжайына мынадай құжаттарды:

      1) осы ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша азаматтың кандидатураны жұмыс тобына ұсыну туралы өтініші; немесе коммерциялық емес ұйымның кандидатураны (бар болса) жұмыс тобының мүшелігіне ұсыну туралы жазбаша ұсынысын;

      2) кандидаттың кәсіби және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтерді;

      3) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің көшірмесін жібереді.

      10. Құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде Қордың жауапты құрылымдық бөлімшесі Қордың мүдделі құрылымдық бөлімшелерімен бірлесіп, осы Ереженің 6-тармағында көзделген өлшемшарттарға сәйкес келетін жұмыс тобы кандидаттарының тізімін қалыптастырады.

      11. Кандидаттардың тізімі қалыптастырылғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде жұмыс тобына кандидаттардың қатысуымен жұмыс тобының бірінші отырысы өткізіледі.

      12. Жұмыс тобының отырысын Қордың осы мәселеге жетекшілік ететін басқарушы директоры жүргізеді.

      Жұмыс тобының отырысын өткізудің уақыты мен орны туралы жұмыс тобының мүшелігіне кандидаттарға Қор отырыс өткізілгенге дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын электрондық пошта арқылы хабарлайды.

      13. Жұмыс тобының бірінші отырысында көпшілік дауыспен азаматтық қоғам өкілдері арасынан жұмыс тобының жетекшісі сайланады.

      14. Жұмыс тобының дербес және сандық құрамын Қор басқармасының төрағасы бекітеді.

      15. Бірінші отырыста жұмыс тобы Қордың Қоғамдық кеңесі мүшелерінің сандық құрамын айқындайды.

      16. Жұмыс тобының шешімі отырыс аяқталғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде Қордың ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      17. Жұмыс тобының отырысында хаттама жүргізіледі, оған жұмыс тобының жетекшісі қол қояды. Жұмыс тобы мүшелерінің жұмыс тобының отырысына бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуына жол беріледі.

2-параграф. Жұмыс тобының өкілеттіктері

      18. Жұмыс тобы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

      1) Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы жұртшылықты хабардар етеді;

      2) Қордың Қоғамдық кеңесі мүшелерінің сандық құрамын айқындайды – 10 (оннан) 15 (он бес) мүшеге дейін;

      3) Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелерін сайлау рәсімін өткізеді;

      4) Қордың Қоғамдық кеңесіне кандидаттардың резервтік тізімін қалыптастырады.

      Жұмыс тобының отырысы оған жұмыс тобының жетекшісін ескере отырып, жұмыс тобы мүшелерінің жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі.

      19. Жұмыс тобының өкілеттіктері Қордың Қоғамдық кеңесі сайланғаннан кейін тоқтатылады.

3-тарау. Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамын қалыптастыру

1-параграф. Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамын қалыптастыру

      20. Қордың Қоғамдық кеңесін Қордың басқарушы директорларынан және конкурстық негізде коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері мен азаматтар арасынан құралған жұмыс тобы конкурс өткізбей қалыптастырады.

      Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелігіне кандидатураларды коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтар ұсына, оның ішінде өзін-өзі ұсыну арқылы ұсына алады. Қоғамдық кеңестің сайланған құрамының өкілеттік мерзімі 3 (үш) жылды құрайды.

      Қордың Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамын қалыптастыру рәсімі осы Ережеде айқындалған тәртіпке сәйкес Қордың Қоғамдық кеңесінің қазіргі құрамының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 2 (екі) ай бұрын басталады.

      21. Жұмыс тобы Қордың интернет-ресурсына Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелерін сайлау жөніндегі конкурс туралы хабарландыруды орналастырады.

      22. Хабарландыруда мыналар:

      1) Қордың атауы;

      2) осы Ереженің 32 және 33-тармақтарына сәйкес құжаттар жіберілетін пошталық және электрондық мекенжайлар, тапсыру мерзімдері, конкурсқа қатысу үшін құжаттар тізбесі және кандидаттарға қойылатын талаптар;

      3) Қордың өкілдері, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтар арасынан Қордың Қоғамдық кеңесінің сандық құрамы көрсетіледі.

      23. Конкурсқа қатысуға тілек білдірген азаматтар мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелігіне кандидатуралар бойынша ұсыныстарды осы Ереженің 33-тармағына сәйкес хабарландыруда көрсетілген қажетті құжаттарды қоса бере отырып, қолма-қол береді немесе Қордың электрондық мекенжайына жібереді.

      24. Жұмыс тобы құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелігіне кандидаттар бойынша келіп түскен құжаттардан Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамына кандидаттардың тізімін қалыптастырады және кандидаттардан алынған мәліметтерді Қордың қауіпсіздікке және комплаенске жауапты құрылымдық бөлімшелеріне мәліметтерге тексеру жүргізу үшін жолдайды.

      25. Қордың қауіпсіздікке және комплаенске жауапты құрылымдық бөлімшелері Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамына кандидаттар туралы мәліметтерді алған кезден бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде осы Ереженің 33-тармағына сәйкес көзделген кандидаттар туралы мәліметтерді, сондай-ақ Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде сайлану үшін кандидаттар тізіміне кандидатты енгізу кезінде мүдделер қақтығысының болуы тұрғысынан тексеруді (бұдан әрі – тексеру) жүзеге асырады.

      26. Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамына кандидаттың Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшесі лауазымын қоспағанда, Қормен және (немесе) Қордың ұлттық компаниясымен өзара қарым-қатынасына қандай да бір материалдық мүддесінің болуына жол берілмейді.

      Мүдделер қақтығысының туындауына жол бермеу мақсатында кандидаттардың кейіннен өздерінің функционалдық міндеттерін бейтарап орындауына ықпал етуі мүмкін ықтимал жеке коммерциялық мүдделілігі (тікелей немесе жанама), оның ішінде:

      1) еңбек қызметін, көрсеткен консалтингтік қызметтерін, кеңесші немесе сенім білдірілген адам/делдал ретінде жұмыс істеуін, директорлар кеңесінің мүшесі немесе өзге ұйымның атқарушы органының мүшесі лауазымын атқаруды қоса алғанда, кандидаттың Қормен және (немесе) Қордың ұлттық компанияларымен жұмыс істейтін өзге де ұйымдардағы немесе квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі қызметі;

      2) кандидаттың, оның жақын туыстарының Қордың ұлттық компанияларында, Қордың ұлттық компанияларының тәуелді және еншілес ұйымдарында, сондай-ақ Қордың ұлттық компанияларымен жұмыс істейтін (немесе жұмыс істеуіне ықтимал жол берілетін) өзге де ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының бар-жоғы;

      3) кандидатта Қордың және (немесе) Қордың ұлттық компанияларының қызметін реттейтін және (немесе) олардың қызметіне әсер ететін мемлекеттік органдарда жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын жақын туыстарының бар-жоғы тексеріледі.

      27. Қордың Қоғамдық кеңесінің жұмыс істейтін мүшелері осы Ережеде көзделген жалпы негіздерде Қордың Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамын сайлау кезінде конкурсқа қатысу үшін өз өтініштерін береді.

      28. Тексеру жүргізілгеннен кейін жұмыс тобы Қордың Қоғамдық кеңесіне тексеруден өткен кандидаттар арасынан кандидаттардың алдын ала тізімін қалыптастырады және 5 (бес) жұмыс күні ішінде кандидаттардың әрқайсысы бойынша талқылау жүргізетін отырысты ұйымдастырады. Талқылау қорытындылары бойынша жұмыс тобы Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелігіне кандидаттардың түпкілікті тізімін қалыптастырады және бюллетеньдерді толтыру арқылы әрбір кандидатураны дауыс беруге шығарады. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамына сайланды деп есептеледі. Бірдей дауыс санын жинаған кандидаттар бойынша жұмыс тобының жетекшісі шешуші дауыс құқығын өзіне қалдырады.

      29. Жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамына кірмеген оған мүшелікке кандидаттар арасынан Қордың Қоғамдық кеңесіне кандидаттардың резервтік тізімі қалыптастырылады.

      30. Қордың Қоғамдық кеңесінің қалыптастырылған құрамы Қордың Басқарма төрағасының бұйрығымен бекітіледі және Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамы бекітілгеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде Қордың интернет-ресурсына орналастырылуға тиіс.

      31. Қордың Қоғамдық кеңесі мүшесінің өкілеттіктері тоқтатылған кезде өкілеттігі тоқтатылған мүшенің орнына Қордың Қоғамдық кеңесінің жаңа мүшесін қосу туралы шешімді осы тараудың 3-параграфында көзделген тәртіппен Қордың Қоғамдық кеңесі қабылдайды.

      Қор қайта ұйымдастырылған жағдайда, Қордың Қоғамдық кеңесін қалыптастыру осы Ережеде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

2-праграф. Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелігіне кандидаттарға қойылатын талаптар


      32. Он сегіз жасқа толған және Заңның 10-бабының 1-тармағында көзделген талаптарға, сондай-ақ мынадай талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматы Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелігіне кандидат бола алады:

      1) жұмыс өтілі – кемінде 10 (он) жыл, оның ішінде басшы лауазымдарда – кемінде 5 (бес) жыл;

      2) жоғары білімі және (немесе) Қор және (немесе) Қордың ұлттық компаниялары қызметінің бағыттары мен салалары бойынша халықаралық сертификаттарының болуы;

      3) Қор және (немесе) Қордың ұлттық компаниялары қызметінің бағыттары мен салалары бойынша, сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу саласында жұмыс тәжірибесінің болуы;

      4) Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамына сайланған жағдайда, тікелей немесе ықтимал мүдделер қақтығысының болмауы (кандидаттың және Қордың Қоғамдық кеңесі мүшесінің өкілеттіктері арасындағы қайшылық, бұл жағдайда көрсетілген адамдардың жеке мүдделері олардың өз лауазымдық міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына алып келуі мүмкін).

      Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бір заңды тұлғадан Қордың Қоғамдық кеңесіне бір ғана өкіл сайлануы мүмкін.

      Бір адам қатарынан 2 (екі) реттен артық Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшесі болып сайлана алмайды.

      33. Конкурсқа қатысу үшін:

      1) кандидатураны Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамына ұсыну туралы коммерциялық емес ұйымның жазбаша ұсынысы және (немесе) азаматтың өтініші;

      2) өмірбаян деректері көрсетіле отырып, кандидаттың кәсіптік және (немесе) қоғамдық қызметі туралы мәліметтер;

      3) сотталғандығының болуы не болмауы туралы анықтама;

      4) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтардың (аурулардың) болуы не болмауы туралы анықтама;

      5) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің көшірмесі;

      6) кандидаттың түйіндемесі;

      7) білімі, сондай-ақ ғылыми дәрежесі туралы құжаттардың, лицензиялардың және/немесе патенттердің, куәліктердің, сертификаттардың (бар болса) нотариат куәландырған көшірмелер ұсынылады.

      Қордың Қоғамдық кеңесін қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелігіне сайлану үшін конкурсқа жіберілмейді.

      34. Кандидаттар мынадай:

      1) осы Ереженің 32-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;

      2) осы Ереженің 33-тармағында көрсетілген құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынбаған;

      3) анық емес ақпаратты қамтитын құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынған жағдайда, сайлану үшін конкурсқа жіберілмейді.

      35. Конкурсқа қатысуға жіберілмеген кандидаттарға 5 (бес) жұмыс күні ішінде Қордың ресми хатымен (электрондық пошта мекенжайына көшірмесін жібере отырып) себебін көрсете отырып, дәлелді бас тарту ұсынылады.

3-параграф. Қордың Қоғамдық кеңесіне кандидаттардың резервтік тізімін қалыптастыру

      36. Қоғамдық кеңестің құрамына кірмеген азаматтық қоғамның өкілдері арасынан Қордың Қоғамдық кеңесіне кандидаттардың резервтік тізімі Қордың Қоғамдық кеңесінің шығып қалған мүшелерін кейіннен алмастыру мақсатында жұмыс тобының шешімімен қалыптастырылады.

      37. Резервтік тізімдегі Қордың Қоғамдық кеңесіне кандидаттардың саны Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелері жалпы санының үштен бірінен аспауға тиіс.

      38. Жұмыс тобы резервтік тізімді қалыптастырғаннан кейін оны одан әрі жүргізуді Қордың Қоғамдық кеңесі жүзеге асырады.

      39. Қордың Қоғамдық кеңесі мынадай:

      1) азаматтық қоғамнан өкілдік ететін Қордың Қоғамдық кеңес мүшесінің өкілеттіктері тоқтатылған;

      2) осы Ереженің 18-тармағы 2) тармақшасының ережелерін ескере отырып, Қордың Қоғамдық кеңесінің санын ұлғайту қажет болған жағдайларда, оның құрамына кандидатты резервтік тізімнен іріктеу туралы шешімді дауыс беру арқылы қабылдайды.

      Шешім бюллетеньдерді толтыру жолымен көпшілік дауыспен қабылданады.

      40. Кандидат резервтік тізімнен Қордың Қоғамдық кеңесіне мүшелігіне қатысудан бас тартқан және Қордың Қоғамдық кеңесіне кандидаттардың резервтік тізімінде басқа кандидаттар болмаған жағдайларда, Қордың Қоғамдық кеңесі осы Ережеде көзделген тәртіппен Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамына қосымша конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды.

      41. Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелері Қордың Қоғамдық кеңесінің өкілеттіктерін тоқтатқан мүшелерінің қалған өкілеттік мерзіміне сайланады (тағайындалады).

4-параграф. Қордың Қоғамдық кеңесіне қосымша конкурс өткізу

      42. Резервтік тізімде Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамына кандидаттар болмаған жағдайда, Қордың Қоғамдық кеңесі қосымша конкурс өткізеді.

      43. Қордың Қоғамдық кеңесі қосымша конкурс өткізу үшін Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелерін сайлау туралы конкурс жөнінде хабарландыруды Қордың интернет-ресурсына орналастырады.

      44. Хабарландыруда:

      1) Қордың атауы;

      2) осы Ереженің 32 және 33-тармақтарына сәйкес құжаттар жіберілетін пошталық және электрондық мекенжайлар, тапсыру мерзімдері, конкурсқа қатысу үшін құжаттар тізбесі және кандидаттарға қойылатын талаптар;

      3) бос позициялар санын көрсете отырып, Қордың басқарушы директорлары және коммерциялық емес ұйымдар, азаматтар арасынан Қордың Қоғамдық кеңесінің сандық құрамы көрсетіледі.

      45. Қосымша конкурсқа қатысуға тілек білдірген азаматтар, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері қосымша конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде қажетті құжаттарды қоса бере отырып, осы Ереженің 33-тармағына сәйкес пошталық немесе электрондық мекенжайға ұсыныстар жолдайды.

      46. Қордың Қоғамдық кеңесі құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде отырыста Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелігіне кандидаттар бойынша келіп түскен құжаттарға талқылау және әрбір кандидат бойынша бюллетеньдерді толтыру арқылы дауыс беруді жүргізеді. Ең көп дауыс жинаған кандидаттар Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамына сайланды деп есептеледі. Бірдей дауыс санын жинаған кандидаттар бойынша Қордың Қоғамдық кеңесінің төрағасы шешуші дауыс құқығын өзіне қалдырады.

4-тарау. Қордың Қоғамдық кеңесінің қызметін ұйымдастыру

1-параграф. Қордың Қоғамдық кеңесінің қызметін жүзеге асыру

      47. Қордың Қоғамдық кеңесінің бірінші отырысын жұмыс тобының жетекшісі ашады.

      48. Бірінші отырыста ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен азаматтық қоғамның атынан өкілдік ететін мүшелері арасынан Қордың Қоғамдық кеңесінің төрағасы сайланады.

      49. Қордың Қоғамдық кеңесі жұмысының негізгі нысаны отырыстар болып табылады. Қордың Қоғамдық кеңесінің отырысы оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі. Қордың Қоғамдық кеңесі мүшелерінің бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуына жол беріледі.

      50. Қордың Қоғамдық кеңесінің отырыстары ашық болып табылады.

      51. Қордың Қоғамдық кеңесінің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына 1 (бір) реттен сиретпей Қордың Қоғамдық кеңесінің төрағасы айқындайтын мерзімдерде өткізіледі.

      52. Қордың Қоғамдық кеңесі жұртшылықты:

      1) азаматтық қоғаммен, Қормен және Қордың ұлттық компанияларымен өзара іс-қимылының нәтижелері;

      2) Қордың Қоғамдық кеңесінің құрамы;

      3) отырыстардың күн тәртібі;

      4) қабылданған шешімдер;

      5) қоғамдық маңызы бар басқа мәселелер туралы хабардар етеді.

      Осы ақпарат Қордың интернет-ресурсында орналастырылады.

      53. Өз өкілеттіктері шеңберінде Қордың Қоғамдық кеңесінің төрағасы:

      1) Қордың Қоғамдық кеңесінің қызметін ұйымдастырады;

      2) осы Ережеге және отырыстың бекітілген күн тәртібіне сәйкес отырыстарда төрағалық етеді;

      3) кезектілік тәртібімен Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелеріне олардан ұсыныстардың келіп түсуіне қарай, Қордың Қоғамдық кеңесінің шешімімен айқындалған тәртіппен сөз береді;

      4) Қордың Қоғамдық кеңесі мүшелерінің ұсыныстарын келіп түсу тәртібімен дауыс беруге қояды;

      5) дауыс беруді өткізеді және оның нәтижелерін жария етеді;

      6) Қордың Қоғамдық кеңесі отырыстарының хаттамаларын жүргізуді бақылайды;

      7) Қордың Қоғамдық кеңесінің атынан құжаттарға қол қояды;

      8) Қордың Қоғамдық кеңесінің шешімдерін іске асыру қызметін үйлестіреді;

      9) өзі болмаған уақытта төрағаның міндеттерін атқаруды азаматтық қоғамның атынан өкілдік ететін Қордың Қоғамдық кеңесі мүшелерінің біріне береді.

      54. Қордың Басқарма төрағасы Қордың Қоғамдық кеңесінің төрағасымен келісу бойынша Қордың Қоғамдық кеңесі хатшысының міндеттерін Қор жұмыскерлерінің біріне жүктейді.

      55. Қордың Қоғамдық кеңесінің хатшысы Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшесі болып табылмайды.

      56. Ұйымдастыру мәселелерін шешуді қамтамасыз ету, Қордың Қоғамдық кеңесінің отырыстарын дайындау мен өткізу, Қордың Қоғамдық кеңесінде іс жүргізуді ұйымдастыру және жүргізу мақсатында Қордың Қоғамдық кеңесінің хатшысы:

      1) Қордың Қоғамдық кеңесінің отырысы өткізілетін күнге дейін
3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей, оның мүшелерін отырыстың өткізілетін уақыты мен орны, қарауға шығарылатын мәселелердің тізбесі туралы электрондық пошта арқылы хабардар етеді;

      2) Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелерін шешімдер қабылдау үшін қажетті материалдармен, құжаттармен және ақпаратпен қамтамасыз етеді;

      3) Қордың Қоғамдық кеңесінің отырыстарын өткізуді ұйымдастырады;

      4) шешім жобаларына қол қойылған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Қордың Қоғамдық кеңесі шешімдерінің жобаларын дайындайды және оларды Қордың интернет-ресурсы немесе электрондық пошта арқылы не
қолма-қол Қордың Қоғамдық кеңесінің барлық мүшелерінің назарына жеткізеді;

      5) Қордың Қоғамдық кеңесінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі басқа функцияларды жүзеге асырады.

      57. Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшесі Қордың Басқарма төрағасының атына жазбаша нысанда өтініш беру арқылы өз қалауы бойынша оның құрамынан шыға алады.

      58. Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшесі денсаулық жағдайына байланысты оның жұмысына қатысуға мүмкіндігі болмаған жағдайда не мынадай негіздер бойынша:

      1) ол қайтыс болған;

      2) сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған;

      3) сот қайтыс болды деп жариялаған;

      4) сот Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

      5) Қордың Қоғамдық кеңесінің отырысына дәлелсіз себептермен
1 (бір) жыл ішінде 3 (үш) реттен артық келмеген;

      6) Қордың Қоғамдық кеңесіне өкіл болып сайланған коммерциялық емес ұйым таратылған;

      7) Қоғамдық кеңестің азаматтық қоғамнан сайланған мүшесі мемлекеттік қызметке кірген;

      8) осы Ереженің 32 және 34-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, Қордың Қоғамдық кеңесінің шешімімен оның құрамынан мерзімінен бұрын шығарылуы мүмкін.

      59. Қордың Қоғамдық кеңесі шығып қалған мүшесінің орнына оның өкілеттіктерінің қалған мерзіміне осы Ережеде көзделген тәртіппен Қоғамдық кеңестің құрамына жаңа мүшені енгізу туралы шешім қабылдайды.

      60. Қордың Қоғамдық кеңесінің қызметін ұйымдық қамтамасыз етуді Қор жүзеге асырады. Ұйымдық қамтамасыз ету Қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрғылықты жерінен тыс жерде өткізілетін отырыстарына Қордың Қоғамдық кеңесі мүшелерінің баруына байланысты шығыстар: жол жүру, оның ішінде трансфер, тұру, кеңсе тауарларын сатып алу, сканерлеу, ксерокөшірме, факс, басып шығару, құжаттарды басу, Қазақстан Республикасындағы интернет желісіне қол жеткізу қызметтері, сондай-ақ курьерлік және пошта жұмысының көрсетілетін қызметтері өтемақысын қамтиды. Шығыстар өтемақысын жасауды Қор растаушы құжаттар ұсынылған кезде нақты шығыстар бойынша жүргізеді. Тұру шығыстарының, оның ішінде брондау шығыстарының өтемақысы нақты, бірақ стандарттар жіктеуіші бойынша бір орындық нөмірдің құнынан аспайтын шығындар бойынша растаушы құжаттар көрсетілген кезде жүргізіледі.

2-параграф. Қордың Қоғамдық кеңесінің отырыстарын өткізу

      61. Қордың Қоғамдық кеңесінің отырыстары мынадай мәселелер бойынша өткізіледі:

      1) Қордың және Қор тобы ұлттық компанияларының даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарларының іске асырылу есептері мен мониторингін талқылау;

      2) Қордың және Қордың ұлттық компаниялары қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелерін талқылау;

      3) осы Ережеде көзделген қоғамдық бақылауды жүзеге асыру;

      4) Қордың және Қор тобының ұлттық компаниялары жұмыскерлерін конкурстық іріктеуге қадағалаушылар ретінде қатысу;

      5) Қордың және Қор тобы ұлттық компанияларының сатып алу жөніндегі конкурстық комиссияларына байқаушылар ретінде қатысу;

      6) Қордың және (немесе) Қордың ұлттық компанияларының қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар/ұсынымдар енгізу;

      7) Қордың шақыруы бойынша Қордың және (немесе) Қордың ұлттық компанияларының қызметі бойынша мәселелерді талқылауға сарапшылар ретінде қатысу;

      8) Қордың шақыруы бойынша әлеуметтік тұрақтылық рейтингін өлшеу жұмысына қатысу;

      9) Қордың шақыруы бойынша Қордың және (немесе) Қордың ұлттық компаниялары еңбек ұжымының тартылу деңгейін анықтау жөніндегі сұрау жүргізуге қатысу;

      10) Қордың шақыруы бойынша жас мамандарды дамыту жөніндегі бағдарламаларды іске асыруға қатысу;

      11) Қордың шақыруы бойынша Қордың және (немесе) Қордың ұлттық компанияларының жұмыскерлерін аттестаттау және олардың біліктілігін арттыру мәселелеріне қатысу;

      12) Қорды әлеуметтік шиеленісті шешуге тарту, Қордың шақыруы бойынша медиативтік рәсімдер арқылы еңбек ұжымдарымен келіссөздерге қатысу;

      13) Қордың шақыруы бойынша еңбек жанжалдары мен даулары мәселелері бойынша Қор Омбудсменімен өзара іс-қимыл жасау.

      Ескерту. 61-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 20.07.2022 № 509 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      62. Қордың Қоғамдық кеңесінің отырысында хаттама жүргізіледі, онда:

      1) отырыс өткізілетін күні мен орны;

      2) қатысушылардың саны;

      3) сөз сөйлеген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      4) күн тәртібі, есептің және сөйлеген сөздердің мазмұны тіркеледі.

      63. Мәселелерді қарау нәтижелері бойынша Қордың Қоғамдық кеңесі Қордың және (немесе) Қордың ұлттық компанияларының қарауы үшін міндетті болып табылатын ұсынымдар қабылдайды.

      64. Қордың Қоғамдық кеңесінің шешімдері Қордың Қоғамдық кеңесінің отырысына қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Шешімдер хаттамамен ресімделеді, оған Қордың Қоғамдық кеңесінің төрағасы қол қояды.

      65. Қордың Қоғамдық кеңесінің отырысында қаралатын мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде Қордың Қоғамдық кеңесінің әрбір мүшесі бір дауысқа ие болады. Дауыстар тең болған жағдайда, Қордың Қоғамдық кеңесінің төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      66. Қордың Қоғамдық кеңесінің қызметіне байланысты құжаттар оның өкілеттік мерзімі ішінде Қорда электрондық және (немесе) қағаз түрінде сақталады.

      Қордың Қоғамдық кеңесінің өкілеттік мерзімі өткеннен кейін Қордың Қоғамдық кеңесінің қызметіне байланысты құжаттар Қордың архивіне сақтауға беріледі.

3-параграф. Қордың Қоғамдық кеңесі туралы ережені бекіту

      67. Қордың Қоғамдық кеңесі туралы ережені Қордың Жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және ол Қордың Қоғамдық кеңесі мүшелерінің танысуы үшін оның бірінші отырысында шығарылады.

      68. Қажет болған жағдайда, Қордың Қоғамдық кеңесі Қордың Қоғамдық кеңесі туралы ережеге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу жөніндегі өз ұсыныстарын қарау және одан әрі шешімдер қабылдау үшін Қорға жібере алады.

5-тарау. Қордың Қоғамдық кеңесінің қоғамдық бақылау саласындағы өкілеттіктерін іске асыру

      69. Қордың Қоғамдық кеңесі Заңға және осы Ережеге сәйкес айқындалған тәртіппен және нысандарда қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.

1-параграф. Қоғамдық мониторингті ұйымдастыру және жүргізу

      70. Қордың Қоғамдық кеңесі тарапынан Қордың және (немесе) Қордың ұлттық компанияларының қызметін байқауын білдіретін қоғамдық бақылау рәсімі қоғамдық мониторинг болып табылады.

      71. Қоғамдық мониторинг Қордың және (немесе) Қордың ұлттық компанияларының даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарларын іске асыруы нәтижесінде азаматтар үшін теріс салдардың және қоғамдық мүдделерге қысым жасалуын анықтау мақсатында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 71-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 20.07.2022 № 509 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      72. Қоғамдық мониторингті Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сондай-ақ Қордың Қоғамдық кеңесінің тапсырмасы бойынша коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері және азаматтар жүзеге асырады.

      73. Қоғамдық мониторингті жүргізу кезінде Қордың Қоғамдық кеңесінің мүшелері Қордан және (немесе) Қордың ұлттық компанияларынан Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша мониторинг нысанасына қатысты қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.

      74. Қоғамдық мониторингтің нәтижелері бойынша оны жүзеге асырған адамдар қорытынды жасайды. Қоғамдық мониторингтің қорытындысы Қордың және (немесе) Қордың ұлттық компанияларының нормативтік құқықтық актілеріне, ішкі құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарды қамтиды.

      75. Қоғамдық мониторинг қорытындысының негізінде Қордың Қоғамдық кеңесі ұсынымдар қабылдап, Қорға және (немесе) Қордың ұлттық компанияларына жібереді.

2-параграф. Қордың және Қордың ұлттық компаниялардың жұмыс нәтижелері туралы есептерді тыңдауды ұйымдастыру және өткізу

      76. Қордың және (немесе) Қордың ұлттық компанияларының жұмыс нәтижелері туралы есепті тыңдау қоғамдық бақылау рәсімі болып табылады және Қордың Қоғамдық кеңесінің отырысында осы Ереженің 61-тармағының
1) және 2) тармақшаларында көзделген мәселелер бойынша Қор және (немесе) Қордың ұлттық компаниялары қызметінің нәтижелерін жария талқылауды білдіреді.

      77. Жұмыс нәтижелері туралы есепті тыңдау осы мәселеге жетекшілік ететін басқарушы директордың баяндамасын және Қордың Қоғамдық кеңесі төрағасының қосымша баяндамасын қамтиды.

      78. Жұмыс нәтижелері туралы есепті тыңдау барысында хаттама жүргізіледі, онда:

      1) есеп тыңдалатын күні мен орны;

      2) қатысушылардың саны;

      3) сөз сөйлеген лауазымды адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      4) күн тәртібі, есептің және сөйлеген сөздердің мазмұны тіркеледі.

      79. Есепті тыңдау нәтижелері бойынша Қордың және (немесе) Қордың ұлттық компанияларының қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қамтылатын қарар қабылданады.

      80. Есеп, егер оған отырысқа қатысып отырған қатысушылардың жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

  "Самрұқ-Қазына" ұлттық
әл-ауқат қоры" акционерлік
қоғамының Қоғамдық
кеңесі туралы ережеге
  Қосымша
  "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-на ___________________________
  ___________________________
  ___________________________
  (Өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)
  Жеке куәлік № _________,
  _______________________
берді (қашан, кім)
тұрғылықты жері:
  _________________________
  (елді мекен, көше, үй, пәтер)
  Электрондық пошта мекенжайы_______________
Байланыс телефоны________

Өтініш

      Қоғамдық кеңес құру жөніндегі жұмыс тобының құрамына енгізу үшін өз кандидатурамды ұсынамын ______________________________________________

      Осы өтініш арқылы "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының ережелерімен танысқанымды растаймын және оның талаптарын орындауға міндеттенемін.

      Мынадай құжаттарды қоса беремін:

      1) _____________________________________________________________

      2) _____________________________________________________________

      3) _____________________________________________________________

      4) _____________________________________________________________

      5) _____________________________________________________________

      6) _____________________________________________________________

      7) _____________________________________________________________


      20___жылғы "____" _____ Өтініш берушінің қолы ______________

      ______________________