Мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық даму институттарының және өзге де ұйымдардың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 9 қарашадағы № 795 қаулысы

Қолданыстағы

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 20-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық даму институттарының және өзге де ұйымдардың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17 және 18-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 9 қарашадағы
№ 795 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық даму институттарының және өзге де ұйымдардың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық даму институттарының және өзге де ұйымдардың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 20-бабына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық даму институттарының және өзге де ұйымдардың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуметтік кәсіпкерлік – азаматтар мен қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге ықпал ететін, Кодекстің 79-3-бабында көзделген шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіпкерлік қызметі;

      2) әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамасы – Кодекстің 79-3-бабында көзделген шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтар мен қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге бағытталған кәсіпкерлік бастамасы;

      3) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда);

      4) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар туралы мәліметтер, атап айтқанда:

      дара кәсіпкердің атауы не заңды тұлғаның атауы және тіркелген күні;

      сәйкестендіру нөмірі;

      заңды мекенжайы (орналасқан жері);

      тізіліміне енгізілген күні;

      әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісінің санаты қамтылатын электрондық дерекқор;

      5) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган – жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      6) ұлттық даму институттары – Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен акционерлiк қоғамдардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, қызметiнiң басты мақсаты индустриялық-инновациялық даму және кәсiпкерлiктi қолдау саласындағы жобаларды iске асыру болып табылатын қаржылық, консалтингтiк, инновациялық, сервистiк ұйымдар;

      7) ұлттық холдинг – егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, ұлттық компаниялардың және өзге де акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін тиімді басқару үшін құрылған, құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам;

      8) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – ҰКП) – Қазақстан Республикасының бизнес қоғамдастығы мен мемлекеттік билік органдары арасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру және өзара тиімді әріптестікті дамыту үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауды қамтамасыз ету, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестіктерінің қызметін ынталандыру және қолдау мақсатында құрылған, кәсіпкерлік субъектілері одағын білдіретін коммерциялық емес ұйым;

      9) кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қоры – қызметінің негізгі мақсаты жеке кәсіпкерлікті қаржылай және қаржылай емес қолдауды ұсыну арқылы Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлікті сапалы дамытуға жәрдемдесу болып табылатын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлға.

2-тарау. Мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, ұлттық даму институттарының және өзге де ұйымдардың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру тәртібі

1-параграф. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды жүзеге асыру

      3. Мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттары және өзге де ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдаудың қолжетімді шаралары туралы, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес тиісті ақпаратты өздерінің интернет-ресурстарында орналастыру арқылы хабардар ету жөнінде шаралар қабылдайды.

      4. Жергілікті атқарушы орган әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі тізілімге енгізілгеннен кейін бір ай мерзімде оны мемлекеттік қолдаудың қолжетімді шаралары туралы хабардар етеді.

      Мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері не оларға өзгерістер енгізілген кезде де әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісіне осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде тиісті хабарлама жіберіледі.

      5. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік органдарға, ұлттық холдингтерге, ұлттық даму институттарына және өзге де ұйымдарға әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамасымен өтініш жасаған жағдайда мұндай субъектіге Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың қолжетімді шаралары және оны алу нысандары туралы жауап беріледі.

2-параграф. Әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау түрлері

      6. Кәсіпкерлік субъектілерінің өз қызметіне әлеуметтік жауапкершілікті енгізуіне мемлекет кепілдік береді және оны көтермелейді.

      7. Әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау:

      1) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау инфрақұрылымының болуын қамтамасыз ету;

      2) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салықтық жеңілдіктер беру;

      3) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылай қолдау көрсету (оның ішінде екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ұсыну шеңберінде және мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) төлеуге);

      4) "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік мүлікті сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру;

      5) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне ақпараттық қолдау көрсету;

      6) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне консультациялық және әдістемелік қолдау көрсету, акселерациялық бағдарламалар арқылы дамыту (оның ішінде қаражат тарту, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысу мәселелері бойынша) түрінде жүзеге асырылады.

      Акселерациялық бағдарламалар деп оқыту және сараптамалық қолдау арқылы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қарқынды дамыту және ілгерілету бағдарламалары түсініледі;

      7) іскерлік әріптестерді іздеуде өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу (оның ішінде іскерлік іс-шаралар өткізу арқылы, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің көрсетілген іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету);

      8) кәсіптік білім беруді және қосымша білім беруді ұйымдастыру;

      9) экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру түрінде жүзеге асырылады.

      8. Әлеуметтік кәсіпкерлікті инфрақұрылымдық қолдау жеке кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымын құру және дамыту арқылы қамтамасыз етіледі, бұл өз ісін ұйымдастыруға жәрдемдесуді, құқық, маркетинг, инжиниринг және менеджмент саласында ақпарат беруді, коммерциялық негізде материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдауды қоса алғанда, жеке кәсіпкерліктің жұмыс істеуі мен дамуының жалпы жағдайларын қамтамасыз ететін құрылатын немесе жұмыс істейтін ұйымдар кешені деп түсініледі.

      Жеке кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымына кәсіпкерлікті қолдау орталықтары, бизнес-инкубаторлар және индустриялық-инновациялық инфрақұрылым элементтері жатады.

      9. Тізілімге енгізілген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің мүгедек; мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана және басқа да заңды өкілдер; зейнеткерлер мен зейнеткерлік жас алдындағы азаматтар (жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне құқық беретін жасқа келгенге дейін бес жыл ішінде); жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар ауылдарының тәрбиеленушілері және балалар үйлерінің, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектері; босатылғаннан кейін он екі ай ішінде қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінен жазасын өтеуден босатылған адамдар; қандас болып табылатын жұмыскерлерді кәсібін игеру бойынша оқытуға, кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға немесе олардың біліктілігін арттыруға ақы төлеуге жұмсалған шығыстарын, бірақ салықтық кезең үшін бір жұмыскерге республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 120 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде азайтуға құқығы бар.

      Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінде көзделген жұмыскердің мәртебесі өзгерген кезде салық салынатын кіріс мөлшерінің азаюы жұмыскер мүгедек; мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана және басқа заңды өкіл; зейнеткер мен зейнеткерлік жас алдындағы азамат (жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне құқық беретін жасқа келгенге дейін бес жыл ішінде); жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар ауылдарының тәрбиеленушісі және балалар үйлерінің, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлегі; босатылғаннан кейін он екі ай ішінде қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінен жазасын өтеуден босатылған адам; қандас болған салықтық кезеңдегі айлардың үлес салмағы негізге алына отырып жүргізіледі.

      Жұмыскерге қатысты салықтық кезеңде салық салынатын кірісті азайту қолданылған кезде келесі салықтық кезеңдерге мұндай азайту қолданылмайды.

      10. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылық қолдау көрсету (оның ішінде екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ұсыну шеңберінде және мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) төлеуге) Кодекстің 94-бабына және "Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулысына (бұдан әрі – қаулы) сәйкес жүзеге асырылады.

      11. Мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 8 қазандағы № 91 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2021 жылғы 14 қазанда № 24750 болып тіркелген) Мемлекеттік мүлікті әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларына сәйкес әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүліктік жалдауға (жалға алуға) беріледі.

      12. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне ақпараттық қолдау көрсету мынадай жолдармен жүзеге асырылады:

      1) жеке кәсіпкерлікті дамыту бойынша оқу семинар-тренингтерін және ғылыми-практикалық конференцияларды ұйымдастыру;

      2) шетелдік тағылымдамаларды ұйымдастыру;

      3) жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру практикасы, жаңа технологиялар нарығы туралы әдістемелік құралдарды, ақпараттық бюллетеньдерді тарату;

      4) өңірлерде ақпараттық, консалтингтік орталықтар желісін құру;

      5) консультациялық, ақпараттық, заңдық және маркетингтік және өзге де қызметтер көрсету;

      6) озық шетелдік технологиялар трансфертіне жәрдемдесу;

      7) отандық тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) экспортқа ілгерілету кезінде сервистік-ақпараттық қолдау көрсету;

      8) өңірлерде шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқытуды ұйымдастыру үшін менеджерлер даярлау арқылы жүзеге асырылады.

      13. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне консультациялық және әдістемелік қолдау көрсету, акселерациялық бағдарламалар арқылы дамыту (оның ішінде қаражат тарту, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысу мәселелері бойынша) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 968 қаулысымен бекітілген "Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының төртінші бағытына (кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шараларын ұсыну) сәйкес жүзеге асырылады.

      14. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кәсіпкерлер палаталары іскер әріптестер іздеуде өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде іскерлік іс-шаралар өткізу, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің көрсетілген іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету арқылы жәрдем көрсетеді.

      15. Жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қоры жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру, оның ішінде жеке кәсіпкерлікті қаржылай және мүліктік қолдау мәселелері бойынша оқыту мен консалтингті жүзеге асырады.

      Жергілікті атқарушы органдар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады.

      16. Экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар қаулыға сәйкес беріледі.

      17. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне Кодекстің 93 және 232-баптарында көзделген мемлекеттік қолдау шаралары да көрсетілуі мүмкін.

      18. Ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға мемлекеттік қолдау шаралары оларды әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізгеннен кейін көрсетіледі.

      19. Тізілімді қалыптастыруды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган арнайы комиссияның қарау қорытындылары бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған мәліметтер негізінде жүзеге асырады.