Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 қарашадағы № 1063 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларында:
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) туристік маршрут (бұдан әрi – маршрут) – туристің қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін жүру жолы, оны туристік оператор әзірлейді және ол туристік қызмет объектілеріне баруы егжей-тегжейлі регламенттелген (пайдаланылатын көлік, тоқтайтын орындар, бару объектілері, түнейтін жерлер, шұғыл жағдайлардағы медициналық көмек және басқа да жағдайлар) осындай баруды қамтиды;";
мынадай редакциядағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
"5) экологиялық туризм – табиғи объектілермен және дәстүрлі мәдениеттермен олардың копоненттерін жоймай және алып қоймай танысу мақсатында және жақын маңдағы елді мекендерде тұратын азаматтардың Кәсіпкерлік қызметін дамытуға ықпал ететін табиғи жерлерге саяхат.";
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Ұлттық парктерде туристік және рекреациялық қызмет әкiмшiлiк-шаруашылық мақсаттағы объектiлерді орналастыру, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктiң қорғалуын және жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету үшін қажетті шаруашылық қызмет жүргiзу, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды, жануарлар дүниесін жалпы пайдалануды ұйымдастыруды қоса алғанда, оған келушiлерге қызмет көрсету, рекреациялық орталықтар, жабайы жануарларды өсіруге және күтіп-бағуға арналған вольерлер, қонақ үйлер, кемпингтер, музейлер мен туристерге қызмет көрсетудiң басқа да объектiлерiн салуды және пайдалануды жүзеге асыру, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызмет аймақтарында рекреациялық жүктемелердің нормаларын ескере отырып, дем алу алаңқайлары мен тамашалау алаңдарын, жағажайларды, қайық станцияларын, суда жүзетін көлік түрлері мен жағажай құрал-жабдығын жалға беру пункттерін орнату жолымен жүзеге асырылады.";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Ұлттық парктердегі туристік және рекреациялық қызметті туристік операторлық қызметке арналған лицензиясы болса, ұлттық парк тікелей, сондай-ақ туристік қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
Ұлттық парк туристік және рекреациялық қызметті ұйымдастыруды "ҚР СТ ISO 18065-2017. Табиғат қорғау аумақтарының әкімшілігі ұсынатын қоғамдық пайдалануға арналған туристік қызметтер" ұлттық стандартына сәйкес қамтамасыз етеді.
Туристік қызмет көрсететін тұлғалар және туристер "СТ РК 2993-2017. Туристік қызметтер. Экологиялық туризм. Жалпы талаптар" ұлттық стандартының талаптарын ұстанады.
Ұлттық парктер аумағында демалушы туристер үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес сервитут белгіленеді.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұлттық парктердің учаскелері (бұдан әрі – учаскелер) Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 29-бабында белгілеген шектеулермен жеке және заңды тұлғаларға жиырма бес жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді пайдалануға және бес жылға дейінгі мерзімге қысқа мерзімді пайдалануға беріледі.
Мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің учаскелері туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасқан жекеше әріптеске де қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі.
Туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыруға арналған учаскелер бас жоспарға сәйкес және қолданыстағы инфрақұрылымы бар туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызмет аймақтарында ғана және жаңа инфрақұрылым құру үшін де пайдалануға беріледі.
Аумағында автокөлік құралдарына арналған жолдар мен тұрақтар, туристік соқпақтар, маршруттар орналасқан ұлттық парктер учаскелері пайдалануға берілмейді.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұлттық парктер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) және ұлттық парктің ресми интернет-ресурстарында ұлттық парктердің туристік әлеуеті туралы ақпарат орналастырады.";
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Ұлттық парк жанындағы үйлестіру кеңесі мүшелерінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аумағында ұлттық парк орналасқан тиісті облыстағы өңірлік кеңесі мүшелерінің, сондай-ақ әлеуетті қатысушылардың тендерлік құжаттама жобасын алдын ала талқылауы тендерлік құжаттаманы бекітудің міндетті шарты болып табылады.
Тендерлік құжаттаманың жобасы тендерді тендер өткізу туралы хабарландыру орналастырылғанға дейін күнтізбелік отыз күн бұрын ұйымдастырушының және уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады. Тендерлік құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау мерзімі күнтізбелік жиырма күнді құрайды.
Тендерлік құжаттамаға сұрақтар туындаған жағдайда, тендерлік құжаттаманы талқылауға қатысатын адамдар тендерлік құжаттаманың жобасы орналастырылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде тендерді ұйымдастырушыға тендерлік құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұрау салумен жүгінуге және тендерлік құжаттаманың жобасына негізделген ұсыныстар енгізуге құқылы.
Тендерлік құжаттаманың жобасына ескертулер болмаған жағдайда оны бекіту туралы шешім қабылданады.
Ескертулер болған жағдайда, тендерді ұйымдастырушы тендерлік құжаттаманы алдын ала талқылау мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) тендерлік құжаттаманың жобасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді;
2) тендерлік құжаттаманың жобасына ескертулерді қабылдамау себептерінің негіздемелерін көрсетіп, оларды қабылдамайды;
3) тендерлік құжаттаманың ережелеріне түсініктеме береді.
Көрсетілген шешімдер қабылданған күннен бастап тендерлік құжаттама бекітілген болып есептеледі.
Тендерді ұйымдастырушы осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін қабылдағаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей ұлттық парктің ресми интернет-ресурсында тендерлік құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау хаттамасын, сондай-ақ бекітілген тендерлік құжаттаманың мәтінін орналастырады.
Тендерлік құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау хаттамасында тендерлік құжаттаманың жобасына келіп түскен ескертулер мен олар бойынша қабылданған шешімдер туралы ақпарат қамтылуға тиіс.";
23-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"6) объектілерді салуға жеткілікті қаржы қаражатының болуы немесе қарыз қаражатына қолжетімділік не тиісті материалдық және еңбек ресурстарының болуы туралы құжаттар. Қаржы қаражатының болуы тендерге қатысу үшін ұсынылған сәтке дейін күнтізбелік үш айдан кешіктірмей екінші деңгейдегі банк берген анықтамамен расталады. Тендерге қатысушы жобаның қаржы-экономикалық моделіне қоса, жобаның бизнес-жоспарын қоса береді;";
37-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"37. Ұлттық паркпен келісілген ЖСҚ-ны күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей пайдаланушы "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-1-бабына сәйкес ведомстводан тыс кешенді сараптамаға жібереді.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |