"Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағы туралы ереже;
2) "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеуінің нысаналы индикаторлары бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 277 қаулысымен бекітілген |
"Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағы туралы
ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі – АЭА) қоса беріліп отырған жоспарға сәйкес Қарағанды қаласының аумағында және Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданының іргелес жатқан жерінде орналасқан.
АЭА аумағы 940,51 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады. АЭА аумағының құрамына ауданы 880,4 гектар болатын "Металлургия-металл өңдеу" индустриялық паркі және ауданы 60,11 гектар болатын № 1 "Кремний жазығы" қосалқы аймағы кіреді.
2. АЭА:
1) металлургия өнеркәсібін және металл өңдеу саласын, атап айтқанда әлемдік сауда таңбаларын өндірушілерді тарту жолымен дайын бұйымдар өндірісін дамыту;
2) шикізатты тереңдете өңдеу және қосылған құны жоғары, жан-жақты бәсекеге қабілетті өнімдерді шығару бойынша әлемдік деңгейдегі металлургия өнеркәсібі мен металл өңдеу саласын құру мен дамыту жөніндегі серпінді инвестициялық жобаларды әзірлеу және іске асыру;
3) өндірілетін өнім ассортиментін кеңейту және сапасын жақсарту;
4) қазақстандық өнімнің жалпы әлемдік өндіру мен өткізу жүйесіне кірігуін жүзеге асыру, халықаралық стандарттарға сәйкес инновациялық, бәсекеге қабілетті отандық өнімді жасау;
5) тиімділігі жоғары және инновациялық өндірістерді, оның ішінде жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістерді құру, жаңа өнім түрлерін шығаруды игеру;
6) шикізатты тереңдете өңдеу жөніндегі өндірістерді және технологияларды құру мен жетілдіру бойынша ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық инновациялық жобаларды әзірлеу және іске асыру;
7) қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік инвестицияларды тарту;
8) құрылысқа инвестициялар тарту және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерінің негізінде металлургия өнеркәсібін кешенді дамыту;
9) республика экономикасының әлемдік шаруашылық байланыстары жүйесіне енуін жандандыру үшін өңірді жедел дамыту;
10) нарықтық қатынастардың құқықтық нормаларын жетілдіру, басқару мен шаруашылық жүргізудің қазіргі заманғы әдістерін енгізу;
11) әлеуметтік проблемаларды шешу және халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру;
12) көмір және мұнай өңдеу өнеркәсібін дамыту;
13) электр және жылу энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
3. АЭА-ның қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, "Арнайы экономикалық аймақтар және индустриялық аймақтар туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Заң) осы Ережемен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
4. АЭА қызметінің оны құру мақсаттарына сәйкес келетін басым түрлерінің тізбесін, сондай-ақ көрсетілген тізбеге қызметтің басым түрлерін енгізу тәртібін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, оның жұмыс істеуі және оны тарату саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.
2-тарау. АЭА-ны басқару
5. АЭА-ны басқару Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3-тарау. АЭА-ның аумағында салық салу
6. АЭА аумағында салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттеледі.
4-тарау. Кедендік реттеу
7. АЭА аумағындағы кедендік реттеу Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. Шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың АЭА аумағында болу тәртібі
8. АЭА аумағында шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлік құралдарының келуінің, кетуінің, транзитінің және болуының Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімдерде белгіленген тәртібі қолданылады.
6-тарау. Қоршаған ортаны қорғау
9. Экологиялық реттеу бөлігінде АЭА қызметін жүзеге асыру Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және өмір сүру сапасын арттырудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерінің теңгерімі негізінде орнықты дамуға және қоршаған ортаны қорғауға көшу үшін жағдайлар жасау арқылы табиғи ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалануға негізделген.
8-тарау. Қорытынды ережелер
10. Осы Ережеде белгіленген шарттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен өзгертілуі мүмкін.
11. АЭА-ны мерзімінен бұрын тарату Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
12. Осы Ережемен реттелмеген АЭА қызметі Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
"Сарыарқа" арнайы экономикалық аймақ туралы ережеге қосымша |
"Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағы шекарасының жоспары
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 277 қаулысымен бекітілген |